4 Қазан 14:36
...

Тоқаев сайлауға қандай қоржынмен барады?

Фото:

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлауға қандай қоржын көтеріп барады? Әрине, әзірге қайшылықты тұлға ретінде қоржынының екі басы тең тұрғандай. Бірбеткей қарсыластарының тағар міні де аз емес. Балаң қоғам болса, «үмітті ақтар» деп, алдағы уақыттан жақсылық күтеді.

Көбінде, қатал диктаторлар биліктен немесе бұ дүниеден кеткен соң, «жылымық» орнап жататыны бар. Қаймана қазақ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді» деп қиялдамаса да, қазіргі президенттен бір бетбұрыс күткені анық. Әлі де күтіп отыр.

Фото: Ақорда

Қарсылықты электоратты есепке алмағанда, былайғы жұрт Қазақстанның екінші президентінің білім-білігі, тәжірибесі, қабілет-қарымы, тазалығы жайында жиі сөз етеді. Мақтаныш көреді. Сондықтан да Қазақстанның болашағына сеніммен қарай бастады. Тоқаевтың саяси реформалар туралы көтерген бастамаларын қуана қолдады. Кейбірі жүзеге асуына көңілі толмай томсырайса, кейбірі оны Кітапхананың мысынан көретін-ді.

Қаңтар оқиғасына әкеліп соққан басты фактордың бірі ­­– осы қос биліктің орнауы еді. Бұған дейінгі кезеңді «жартыкеш транзит» деп атауға болады. Бұл кезеңде Қасым-Жомарт Тоқаев дербес саясаткер ретінде көрінген жоқ. Олай болуы мүмкін де емес-ті. Сондықтан да болар, кейбір оппозиция серкелері әлі күнге дейін президентті монтаны тұлға етіп суреттеуден танбай келеді. Ал шындығында бәрі басқаша болып шықты.

Не десек те, қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылар белгілі дәрежеде діттегеніне жетті. Билікті бір деммен басып ала алмаса да, Тоқаевтың белең алып келе жатқан беделіне үлкен нұқсан келтіріп үлгерді. Саяси реформалар жөніндегі месседждерін жуып-шайып кеткендей болды. Халықтың – Тоқаевқа, Тоқаевтың халыққа деген сеніміне селкеу түсірді. 

Фото: Азаттық

Ескертусіз оқ ату, жалған мәліметке сүйеніп ҰҚШҰ әскерін шақыру, жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандардың  полиция тарапынан азаптауға ұшырауы – Тоқаевтың саяси бәсекелестерінің басты көзірі, десек көп қателеспейміз. Сондықтан да, президент әкімшілігі әлі ақталумен келеді. Бұдан кейін де ақтала бермек.

Тоқаевтың тағы бір осал тұсы – легитимділік мәселесі. Саясат технологияларын ысырып қойғанда, кезектен тыс сайлау жариялаудың тағы бір сыры – осы олқылықтың орнын толтыру. Сонда, Президент әкімшілігі неге сеніп, сайлауды ерте бастан өткізбек? Тоқаев осы уақыт ішінде қандай ұпай жинап үлгерді? Жалпы, Президент әкімшілігінің жұмысында олқылықтар бар. Сол олқылықтар президенттің абырой-беделіне аракідік селкеу түсіріп жүр.

Ақиқатын айту керек, осы қысқа мерзім ішінде Тоқаев өзін кәнігі дипломат ретінде көрсете білді. Ең алдымен, отыз жыл билікті уысынан шығармаған Назарбаев дәуіріне нүкте қойған адам ретінде тарихта қалды. Олигополияны тәубеге келтіріп, салықты бір тиынын шашау шығармай, мемлекетке төлеуді үйретті.

Ірге сөгердей ірі сілкіністерге әлі бармағанымен, сыртқы саясатта Кремльдің ығына жығылмай, ел беделін сақтап қалатын уәжді сөзін айта алды. Алпауыт Қытайдың Қазақстанның аумақтық тұтастығы жөнінде Ресейге жасаған ескертуі де – дипломатиялық жеңіс.

Қ.Тоқаев пен Си Цзинпинь. Фото: AFP

Жақауратудың жөні жоқ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – 20 қарашада өтетін сайлауда шаппай бәйге алатын үміткер. Сап құрып, сайлауға түсетін, саясатта бұрын-соңды үн қатып көрмеген «шал-шауқандар» әсте қарсылас емес. Келесі 7 жыл ел басқаратын президенттің жүгі тіпті де ауыр. Украинаны қанға бөктіріп, қылышын жалаңдатып, Қазақстанға күн құрғатпай құқай көрсетіп отырған Ресей тағы бар. Ымыртта сөз байласқан реваншистер ұрымтал сәтті құр жібермеуге ұмтылары сөзсіз. Қаңтарда түскен жарасын жалап отырған қоғам енді ғана ес жиып келеді.  

Міне, Тоқаевтың нағыз қарсыластары – осылар.

Тегтер: