18 Қыркүйек 16:45

Тойға – 7 мың, тұсаукесерге – 5 мың доллар.... Әншілер қалай «күнелтіп» жүр?

Фото:

Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр. Бағасы өспеген дүние жоқ. Әртіс атаулының да жиын-тойға шығу ақысы өсіп кетіпті. Бір қызығы, олар да мұның себебін қымбатшылықпен байланыстырады.

NEGE тілшісі ел алдында жүрген біраз әншінің әкімшілеріне хабарласып, гонорарын сұрады.

Біз жүргізген сауалнама негізінде қаламақысы қымбат әншілердің көш басына Қайрат Нұртас шықты.

Қайрат қазір тойда ән салғаны үшін 7 мың доллар сұрайды екен. Бұдан өзге, өзіңіз тұрақтаған қалаға алдыртқаныңыз үшін ұшақтың жолкүресі мен түсетін қонақүйінің ақысын бөлек төлейсіз. Қайрат жалғыз өзі жүрмейді, қасында міндетті түрде әкімшісі болады. Оның жолы мен жатын орны да той иесінің мойынында.

«Қайдалап» жүріп қалтасын қалыңдатқан Ерке Есмаханның да тойыңызда ән салғаны 7 мың доллар тұрады. Егер оны Алматы шаһарынан бөлек қалаға алдыртсаңыз, әлбетте, жолы мен түсетін жерінің ақысын көтеріп аласыз. Ерке бірақ өзге әріптестері сияқты сыңсу айтып, қыз ұзату рәсімін жасамайды екен.

Екінші орынға Қарақат Әбілдина жайғасты. Қыдырәлі мен Қарақатты тұсаукесер тойға шақырсаңыз, қалтаңызда 5 мың доллар болуы тиіс. Әрине, ұшақтың ақысы мен келіп түсетін қонақүй бағасы бұл соманың ішіне кірмейді.

«Қарақат ханым балаңызды көпшілік алдына алып шығып, тұсауын кесіп, 3-4 әнін шырқап береді» – дейді әншінің өкілі. Егер той Астанада өтетін болса, Қарақаттың өзі сол жақта тұратындықтан, қаламақысы үш мың долларға қысқармақ. Бұл сомаға өнер иесі қонақтарыңыздың алдында үш ән айтып береді.

Алматылық Мәдина Сәдуақасованың тойыңыздаң көркін келтіргенін қаласаңыз, 600 мың теңге төлейсіз. Бұл ақыға әнші 4-5  ән айтып береді. Ал егер «қызымды ұзатып бер» десеңіз, онда бұл сома 1 млн теңгеге дейін өседі. «Қызыңызды қонақтардың алдына әсем образда әнмен алып шығады, той ортасында ән салады және соңында  ұзату әнімен шығарып салады», – дейді әкімшісі.

Ал егер Мәдинаны Астанада немесе басқа ақалада өтетін тойға шақырсаңыз 1 млн теңге төлеуге дайын болыңыз. Қасындағы көмекшісімен қосқанда, екі адамның жолақысы мен тұрақтайтын қонақүйіне шығынданасыз.      

Мөлдір Әуелбекованың да қыз ұзату тойына қатысқаны 1 млн теңгеге тұрады екен. Бұл қаламақыға Әуелбекова әуелете 4-5 ән айтады. Өзге қалаға алдыртсаңыз да осы сома сақталады. Бірақ барып-қайтар жолы мен тұрақтап түсер жеріне тағы төлейтініңізді ескеруіңіз қажет.

Кейінгі кезде Қайраттың анасы Гүлзира Айдарбекованың да қыз ұзата бастағаны белгілі. Мұның ақысына ол 2 мың доллар сұрайды және жары Нұртас Айдарбековпен қосылып 3-4 ән шырқап береді.

P.S. Қымбатшылық қысса да, әншілер бағаны көтеріп алса да, жұрт той жасауды, әнші шақыруды азайтпапты. Оған әншілердің өзі куә. Бәрінің де әкімшісі «ертерек тапсырыс беріп қою қажет» екенін, әйтпесе, «эстрада жұлдызының босамай қалуы мүмкін» екенін ескертті.

Тегтер: