Блогер Шайхтың миллион теңгеге сатылған бизнес-турлары тексеріліп жатыр
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көпшілікке Шайх есімімен танылған блогер Еркежан Шайхиеваның бизнес-турларына қатысты тергеп-тексеру әрекетін бастады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде заңгер Анна Чернова хабарлады. Оның мәлімдеуінше, блогер 1-1,2 млн теңге аралығында Қытайға топтық бизнес-турлар сатқан. Сондай-ақ турлардың нақты күндері белгіленіп, бағдарламасы түзілген, ортақ чат ашылып, орын брондау, қатысушыларды алып жүру және сапардан кейін қолдау көрсету қызметі ұсынылан.
«Бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 214-бабында көзделген заңсыз кәсіпкерлік белгілері болуы мүмкін деп ойлаймыз», – деп жазады заңгер желідегі жеке парақшасында.
Чернованың пікірінше, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Шайхиевада мұндай қызметпен айналысу құқығы бар-жоғын тексеруі тиіс.
Сондай-ақ ол турға ақша алынғанын, іс материалдарында «топтық тур» деп нақты көрсетілген 200 мың теңгелік фискалдық чек бар екенін айтады. Дәл осындай сомаға рәсімделген басқа да чектер анықталған. Соның бірі, заңгердің мәлімдеуінше, «әйелдер киімі» деп рәсімделген, тағы бірі маусым айындағы турға орын брондағаннан кейін «жарнама орналастыру» ретінде көрсетілген.
Чернованың есептеуінше, егер бір адамның қатысу құны 1-1,2 миллион теңге болса, онда 15 адамнан тұратын бір топтың өзі бір сапардан 15-18 миллион теңге айналым береді. Егер мұндай турлар тұрақты түрде өткізілген болса, онда сөз қомақты қаржы турасында болуы мүмкін.
«Сондықтан Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен қанша тур ұйымдастырылғанын, қанша адам қатысу ақысын төлегенін, ақшаны кім қабылдағанын, келісімшарттардың, лицензияның бар-жоғын, толық сомаға чек берілген-берілмегенін және бұл табыстардың ресми түрде көрсетілген-көрсетілмегенін тексеруді сұраймыз», – дейді Анна Чернова.
Еркежан Шайхиева Қытай, шопинг, сұлулық және саяхат тақырыптарында блог жүргізетін қазақстандық блогер әрі инфлюенсер. Сонымен қатар ол басқа инфлюенсерлер жайлы сыни, өткір жазбаларымен танымал.
Қазір оқып жатыр
Аида Балаева Президентке халықтың тұрмыс сапасы жөнінде есеп берді
Алматыда заңгер Әділетхан Молдаханның сотында журналистерді сыртынан қамап қойған
2,6 млрд теңге субсидия заңсыз алынған: экс-депутаттың ісі сотқа жолданды
«Алтыншы күн қатарынан комада жатыр»: Алматыда жас қыздың үстіне қураған ағаш құлады