«Алтыншы күн қатарынан комада жатыр»: Алматыда жас қыздың үстіне қураған ағаш құлады
Қыздың туыстары қала билігінен аумақты тексеріп, апатты жағдайдағы ағаштарды анықтап, кесуді сұрайды. Сондай-ақ оқыс оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болғаны анықталған жағдайда, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.
Астана, NEGE. Алматыдағы оқыс жағдай 27 маусым күндізгі уақытта Баум тоғайында болған.
Қыздың әпкесі Ясмин Абитова Instagram желісінде оқиғаның мән-жайын баяндап, жазба жариялады. Оның мәлімдеуінше, 19 жастағы сіңілісі тоғайда отбасымен серуендеп жүрген кезде үстіне үлкен қураған ағаш құлаған. Оқиға анасы мен екі сіңлісінің көз алдында болған. Айта кетерлігі, ол уақытта тоғайда қатты жел де, жаңбыр да болмаған.
«Міне, сіңілімнің комада жатқанына алтыншы күн болды. Ол аса ауыр жарақаттар алды: бас сүйегі жарылған, жамбас сүйегі, аяғы сынған және басқа да көптеген жарақаты бар. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Мамандар қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, ауыр бас-ми жарақатына байланысты мидың ісіну қаупі әлі де жоғары болып отыр», – деп жазады қыздың әпкесі.
Айтуынша, қыздың үстіне құлаған ағаш әлдеқашан қурап қалған. Сондай-ақ ол тоғайда әлі де қураған ағаштардың көп екенін, олар тоғайда серуендеп жүрген балаларға қауіп төндіретінін айтады.
«Құзырлы органдар аумақты мүмкіндігінше тез арада тексеріп, апатты жағдайда тұрған барлық ағашты анықтап, оларды кесуі қажет. Бұл осындай қайғылы жайттардың қайталануына жол бермеу үшін маңызды», – дейді Ясмин Абитова.
Бұған қоса қыздың туыстары оқыс жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болғаны дәлелденсе, барлық кінәлі адамдарды жауапқа тартуды талап етеді.