ТМД трагикомедиясы
Халықаралық іс-шаралардың екі түрі болады: бірі – алдын-ала жоспарланып, тиісті күнтізбеге енгендері. Ондайлардан аса көп жаңалық күтудің керегі де жоқ. Екіншісі – нақты оқиға себеп боп (яғни, постфактум), тағдыршешті мәселе талқыланып, әлемдік саясатқа сөзсіз ықпал ететіні.
Соңғы күндері Астанада өткен ТМД саммитін өз басым бірінші санатқа жатқызар ем. Шынымен де, о баста белгілі бір саяси – ішкі және сыртқы ахуалға байланысты құрылған осы екі ұйымның бүгінгі тіршілігі туралы ақпарат өзектілер қатарына жатпайды, ол құрылымдар жайында қалың жұртшылық тек олардың осындай іс-шаралар кезінде ғана біліп жатады.
Өйткені, әлемдік саясаттың басты шешімдері қабылданатын саяси ықпал орталықтары бар, олармен ТМД теңесе алмайды. Меніңше, осы ұйымның тарихи алаңнан кетпей, әлі де сақталып келуінің екі себебі бар.
Біріншіден, қайткенмен де кез келген басшы сыртқы алаңдағы имиджі туралы ойлайды да, халықаралық деңгейдегі форумдарды өзінің ел ішіндегі беделін арттыруы үшін пайдалануға тырысады. Яғни, «біздің басшы әлемнің басқа да мықтыларымен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп жатыр» деген пиарлық сипаты бар идеологема тәсілі қолданылады. Және де осындай жиындарда іс-шара өткізіп жатқан ел басшысына айтылған протоколдық тұрпаттағы сыпайы лебіздер «ол дегеніңіз, біздің басшы жүргізіп отырған сарабдал саясатты қолдауының жарқын көрінісі» деп тәпсірленеді.
Ондай ақпараттық қулықтарға ескі Қазақстан тұсында әбден қанық болғанбыз. Осы жолы да сол үрдіс қайтадан жаңғырып жатқандай. Сондықтан мұндай халықаралық жобалар әрбір көсем үшін ауадай қажет.
Екіншіден, әлем алпауыттары қазіргі аса күрделі геосаяси ахуалды өз пайдасына жаратқысы кеп, осындай ұйымдарды өзінің саяси қажеттіліктеріне пайдаланғысы келеді.
Мысалы, Астанада өз саммиті өткен АӨСШК-де Қытай, Үндістан, Ресей секілді державалар бір-бірімен таласады, сондықтан ол жақта шартты түрдегі тепе-теңдік сақталады, өйткені басқаларды мысы басып тұратын гегемон жоқ. Ал біз сөз еткелі отырған ТМД-да бір ғана басты «акционер» бар. Ол – Ресей.
ТМД – 1991 жылы тарап кеткен Совет империясының қирандысының үстіне асығыс-үсігіс салына салған, іргетасы о бастан әлсіз, әр ел өз күнін өзі көріп жатқанда ортақ стратегиясы, бәрінің басын біріктіретін бірегей идеясы жоқ, төрден гөрі көрге жақын ұйым екені бесенеден белгілі. Бүгінде ол тұтқасы жоқ шабадан секілді: тастайын десең, қимайсың, ұстап жүруге ыңғайсыз.
Меніңше, бұл ұйым о баста ыдыраған постсоветтік кеңістікте өзінің бұрынғы ықпалын сақтап қалу үшін Ресейге керек болды. Бүгінде соғысып жатқан Ресей үшін ондай қажеттілік жүз есе артып отыр.
Украина жерін аннексиялаған ол қазір ұжымдық Батыстың санкцияларының астында қалып, өркениетті әлемнен аластатылды. Бейнелеп айтсақ, Путиннің шетелде барар жері, басар тауы қалмады. Сондықтан да ол ТМД секілді ұйымды өзін сыртқы алаңды легитимді ету үшін пайдаланады. Сол себепті осы құрылымның одан әрі өмір сүруі үшін бар күшін салады.
Мәселен, Путиннің ТМД-ның ШЫҰ және ҰҚШҰ секілді өзі басты тарап боп отырған ұйымдармен ынтымақтасу қажеттігі туралы ұсыныс осы пиғылдың бір көрінісі деп санауға болады. Яғни, бірте-бірте осы ұйымдарды бір-бірімен етене жақын етіп, бәлкім, болашақта бірегей ұйымға айналдыру ниеті.
Бірақ, Кремль қанша тыраштанғанменен, оның ашықтан-ашық жария етіп жүрген, КСРО-ны қайтадан қалпына келтіруге бағытталған неоимпериялық басқыншылық саясатының көлеңкесі постсоветтік мемлекеттермен қарым-қатынасына түседі де тұрады. Ал ол империяның қойнына қайтып сүңгіп кету бұрынғы республикалардың ойында да жоқ. ТМД-ның ең басты қарама-қайышылығы, тарихи тұйығы нақ осы жайт болса керек.
Карл Маркс айтқандай, адамзат өз өткенімен күліп қоштасады екен. ТМД-ның да даму тенденциясы трагикомедиялық сипатқа ие бола бастағандай.
ТМД саммиті кезінде Лукашенконың Тоқаевтың мәжілісті жүргізуіне килігіп, осы органның атқарушы хатшысын бас хатшы етіп жоғарылату туралы шешімді жұрттың көзінше жариялауды талап етуі де сол, проресейлік вектордың бір көрінісі деп санаймын.
Атқарушы хатшы жайдан-жай бас хатшыға айналмайды. Бұл – ішкі бюрократиясын нығайтып жатқан ұйым жақын арада геосаяси алаңнан кетпеуге тырысады деген сөз.
Сонымен бірге, жаңаша тарихи жағдайлар әлем архитектурасын түбегейлі қайта өзгертіп жатқан осынау кезеңде КСРО мұрагері іспеттес ТМД нағыз саяси анахронизмге айналағы да рас. Оның дағдарысы одан сайын күшейіп, өз ішіндегі бұрын іштен тынып жүргендердің наразылығы сыртқа шыға бастаған сияқты.
Мысал ретінде Тәжікстан президенті Рахмонның Путинге қарата айтқан қатқыл сөзін келтіруге болады. Өз басым мұндай, жұрт көзінше көрсетілген демарштың өз себептері бар деп ойлаймын.
Бәлкім, Путин қырғыз бен тәжік арасындағы әскери жанжалды реттеу кезінде Душанбе жағын ренжітіп алған болар. Әлде, бұған дейін Ресейден кеп жатқан қомақты қаржылық және әскери-техникалық көмек сарқылып қалды ма? Немесе Ауғанстаннан әлемнің түкпіріне тарап жатқан есірткі трафигіне өзгерістер енгізіліп, тәжік жағының дивиденді азайды ма? Болмаса, Кремль өз ұлын мұрагерлікке әзірлеп жатқан Рахмонның билік трназиті сценарийіне өз батасын бермеді ме?
Қалай десек те, Рахмонның Путинге қарата дәл осылай, сыни сипатта сөз сөйлеуі жайдан-жай емес, наразылығын ашық көрсету секілді. Яғни, ішкі түсінбеушілік пен мүдде қақтығыстары жария алаңға шығып кетіп жатыр. Бұндай жайттың болуы – ТМД-ның ақыры алыс емес деген сөз.
Әрине, Ресей секілді монстрмен ортақ шекарасы, экономикалық аралас-құраластығы бар бізге онымен бір күнде ат құйрығын кесісу оңай болмас. Дәл бүгін ол керек те емес. Өйткені, оның себебі сан түрлі. Соның ішінде, Тәуелсіздігіме, жер тұтастығымызға келтірер залалы мен салдары бар.
Сондықтан да осы ұйымға формальды түрде мүше болсақ та, оның демі таусылуына еш кедергі жасамай, әліптің артын бағу да дипломатияның бір әдіс-тәсілі болса керек...
Әміржан Қосан, саясаткер.