3 Қазан 12:49
...

Ресейдің Рубиконы

Фото:

Сонымен, Ресей өз Рубиконынан өтті! Яғни, Украинаға қарсы бастаған соғыстан кейін «не болса да, екі жақ бір-бірін қыра бергенін қойып, бейбіт жол табар, соның арқасында Украинаны қолдаған «ұжымдық Батыспен тіл табысар» деген үміт оты біржолата сөнді!

Бұған дейін әртүрлі идеологемалардың артына тығылып, өзін бейбітшіл күш ретінде көрсетуге тырысып келген Кремль бұл жолы өзі ұстанған неоимпериялық саясат туралы ашық мәлімдеді, бір сөзбен айтқанда, Путин маскасын шешіп, өзінің шынайы басқыншылық бет-бейнесін күллі әлемге көрсетті.

Тәуелсіз Украина құрамындағы ДНР, ЛНР, Запорож бен Херсонды Ресей құрамына қабылдауға арналған рәсімде Ресей президенті Путиннің сөйлеген сөзін өз басым 1960 жылы БҰҰ мінбесін бәтеңкесімен соққылаған КСРО басшысы Хрущевтің сөзіне теңер едім.

Ол кезде де Батыс пен КСРО арасындағы текетірес, идеологиялық құндылықтардың қарама-қайшылығы болып, сол сөздердің басты лейтмотиві болып еді. Ол кезде де КСРО НАТО-ға қарсы шыққан. Бұл жолы да солай болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталған екі дүние арасындағы «қырғиқабақ соғыстың» шарықтау шегі сол тұс болатын. Совет Одағы қару-жарақ жарысына бар күші мен қаржысын саламын деп, бәрінен айрылып қалды емес пе? Ресейді де сондай болашақ күтіп тұрған сияқты.

Фото: Коммерсантъ

Өз басым Путиннің бұл жолғы сөзінің төрт ерекшелігін атар едім.

Біріншіден, бұл – өзі діттеген мақсатына жете алмай қалған, соғыс әбден әлсіретіп, діңкелетіп шаршатқан, күллі әлемге жексұрын боп, жападан-жалғыз қалған басшының сөзі болды. «Түлкі ашуын тырнадан алады» демекші, қарап отырсаңыз, оныкі дұрыс екен, де басқалардыкі дұрыс емес екен!

Тіпті Кремльдің Георгий залына жиналған Ресейдің саяси бомондының Киплингтің «Мауглиіндегі» Каа атты питонның алдында отырған бандерлогтар секілді пошымына қарасаңыз, көсемге деген жылылық, ілтипат, оның ұстанымын қолдау деген мүлдем сезілмейді: бәрі де оның сөзіне амалсыздан мойынсұнып, қол соғып отырған сықылды. Саяси конспирология тұрғысынан алғанда, бұл өзі өте қызық әрі небір асыртын теорияларға жетелейтін көрініс.

Екіншіден, Ресей мен басқа өркениетті дүниенің арасы одан сайын ашыла түсіп, енді ешқандай да мәмілеге келе алмайтындай бағалар берілді. Путинге салсақ, НАТО Ресей жерін жаулап алмақшы екен (бірақ оның шекарасын ешкім де аттаған жоқ қой, керісінше, Украина жеріне баса-көктеп кергін өзі емес пе?). Сөзін салсақ, 24 ақпан күні Украина жерін басып алмаған сықылды. Керісінше, мобилизация жасап, өз жерін, өз құндылықтарын қорғайын деп жатыр екен. Ақты қарадай көрсететін саяси эквилибристика деп осыны айтатын шығар!

Шынтуайтына келсек, бұл соғыс Ресей мен Украина арасында емес, одан сайын тоталитарлық батпаққа белшесінен бата түскен Ресей мен жалпыадамзаттық құндылықтарды, соның ішінде, демократиялық қағидаттарды ортақ мақсат тұтқан өркениетті әлем арасындағы соғыс. Осы жолы Путин соны айғақтап берді.

Үшіншіден, өзінің неоимпериялық, басқыншылық саясатын негіздеу барысында Путин бірнеше «танымал» тезисті айтып жүргені баршаға мәлім. Осы жолы ол таяқтың бір ұшы өзіне тиіп кететіндей уәжді келтірді: онысы өз шешімін халықаралық нормалармен үйлестіргісі келгеннен болса керек – ол БҰҰ жарғысындағы «ұлттардың өз тағдырын өзі шешу» құқы туралы баса айтты.

Олай болса, осы байлам бумеранг боп Путиннің өзіне қайтып келмей ме? Ресейде 21 республика, 4 автономиялық округ, 1 автономиялық облыс бар емес пе? Ондағы ұлттық-демократиялық күштер бас көтеріп, бөлек отау тігеміз десе, не болмақ? Сан ғасырлар бойына осыншама ұлттар мен ұлыстарды қанап келген империяның ыдырауы содан басталса керек. Мұндайда атам қазақ «артық қыламын деп, тыртық қылды» деуші ме еді?

Фото: МК

Төртіншіден, өзінің осынау жеке бас өркениеттік таңдауын жасаған Путин өзімен одақтас басқа да елдерді құрдымға қарай тартып бара жатыр.

Өзім сенетін кейбір ресейлік сарапшылардың айтуынша, бүгінде Путин мен оның маңайындағы саяси және іскер топтардың алар демі бір төбеден соғып тұр жоқ. «Кремль» деген саяси құбылыстың өзі біртекті емес.

Мәселен, осы жолы Путиннің айналасындағы біраз адам оның не айтып, не қоятынын алдын-ала білмеген. Аппарат дайындаған мәтін жобасына ол өз қолымен түзетулер енгізген. Ондағы оғаш ойлардың авторы өзі екен. Мұны саясатта «волюнтаризм» мен «субъективизм» деп атайды. Өз ақырының тақалғанын сезген адамның ел күтпеген қадамдарға барып, осылайша аласұрып, жанталасуы «агония» деп бағаланады. Ондай жолға түскен басшылар алысқа бармайды.

Олай болса, өз тағдырымызды тарихи перспективасы бұлыңғыр елмен одақтас ретінде байланыстырғанымыз қалай?

Басқасын білмеймін, бірақ жедел түрде Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім шарттағы «Қазақстан мен Ресей келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген, ескіріп қана қоймай, бүгінгі және ертеңгі күніміз үшін аса қауіпті боп тұрған бапты алып тастау қажет.

Қалған қадамдар туралы өткен мақалада жазғанбыз...

Әміржан Қосан, саясаткер.

Тегтер: