6 Сәуір 16:06
...

Темірхан Медетбек, ақын: «Қан жібермейді» деп едім, ақыры солай болды

Фото:

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбекті оқырманға таныстырып жату артық болар. Ол өз үзеңгілестерінен оқшау жүргенмен, халқына жақын. Әділетсіздікке жаны қас, принципін өмірлік кредо етіп келе жатқан санаулы тұлғаның бірі. Қашанда өткір пікірімен ойыңдағыны дөп басатын ақын көптен көрінбей кеткен. Талайдан бері сұхбат алғымыз келген еді, соның сәті енді түсті.

«Біз жағымпаз елге айналып кеттік»

– Темірхан аға, соңғы жылдары әдебиеттен де, қоғамнан да тысқары жүрген сияқтысыз. Әлде, басқа себебі бар ма?  

– Мен қазір үйдемін. Әлемді, сосын біздің елді жайлаған коронавирус деген маған да келді. Қатты ауырдым. Әйелім де, өзім де. Дәрігерлердің айтуынша, коронавируспен ауырған адамдар, әсіресе жасы келгендер әртүрлі ауруға шалдыққыш келеді екен. Бірде жөтеліп қаламын, бірде дем жетпей қалады. Басқа да ауруларды қоздырып, бірінен соң бірі мазамды алды. Кейде жүре де алмай қаламын.

Қазір шамалы тәуір болдым. Содан кейін ғана жан-жағыма барлай қарап, елдегі болып жатқан әртүрлі жағдайды өзімше іштей саралап отырмын.

– Елімізге жылдың басынан оңай болған жоқ. Қаңтар қасіреті әлі күнге жанымызды жаралап келеді. Әсіресе, Алматының қас пен көздің арасында астан-кестеңі шықты. Сондай кезде жұрт сіздей қаламгерді іздегені рас. Жалпы, қоғамның зиялы қауымнан бірдеңе күтуі, өкпелеуі заңдылық па?

– Оның бәрін көрдім, естідім. Жаным ауырды. Жаңа не себепті халықтың ортасында болмағанымды айттым. Қазір жасым келді, оның үстіне ауырған соң үйде отырып қалдым. Бірақ қаңтар оқиғасы туралы жан-жақты хабардармын.

Кезінде ешқандай партияға кірмей-ақ, оппозиция өкілдерінің жанында жүрдім. Әсіресе, Жаңаөзенде қырғын болған кезде митингіге барып, сөз сөйледім. Сол кезде де бес-алты адам жүрдік. Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Ғаббас Қабышұлы, тағы да төрт-бес адам. Талайын митингіге шақырдым. Ешкім шықпады.

Одан кейін жерді сатуға қарсы өткен митингілер мен шараларды ұйымдастырушылардың бірі ретінде бел ортасынан табылдым. Сондай-ақ, тіл мәселесі, дін мәселесі болсын, тыс қалғам жоқ. Сондықтан өзімнің ұятым, арым таза.

2016 жыл. Ә.Меңдеке, Т.Медетбек, М.Құлкенов. Фото: azattyq.org

Ал басқаларды кінәлап қайтемін? Біреулер қызметімнен айрылып қаламын деп қорқады, біреулер баласының болашағына нұқсан келеді деп ойлайды. Жалпы, зиялы қауымның осындай кезде халық арасына шығып, басу айтуға әбден мүмкіндігі бар. Шықсын, айтсын, дәл қазір баяғыдай қаталдық жоқ.

 – Сол кезде «Жас Алаш» газетіне «Қан жібермейді» деген мақала жазғаныңыз есімізде...

– Жаңаөзен оқиғасы кезінде де оппозициялық күштермен бірге жүрдім. Партиясына кіргем жоқ. Бірақ айтқандары көкейіме қонды, қолдадым. Рас, Жаңаөзен оқиғасы туралы «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Қан жібермейді» атты мақала талайға ой салды. Одан кейін шынында да ақыры қан жіберген жоқ. Ол кісі тағы да осындай жағдайға алып келді.

Қазақстанды әбден діңкелетті, жеді, ішті, тонады, жекеменшігіне айналдырды. Соның бәріне жауап беру керек қой. Осындай режим орнатқаны үшін, қысым жасағаны үшін алдымен бұрынғы президент жауап беруі керек.

Біз жағымпаз елге айналып кеттік. Жалпылдап кетеміз. Зиялы қауымның 70-80 пайызы – жағымпаз. Бетіне қарап тура шындықты айтатындар жоқ. Қаншама жиналыс, кездесу, басқосуларда халықтың атынан бір ауыз сөз айтылған емес. Мұның бәрі ел-жұртты әбден титықтатып, діңкелетіп, шаршатып бітті.

– Кезінде Н.Назарбаевқа ода, поэма арнаған ақындардың біразы қазір тонын теріс киіп алғанын көрдік. Сіз де бір сөзіңізде «Көр де тұр. Айтпады деме. Ертең заман өзгерсе, олар басқаша сайрап қоя береді» депсіз. Соның кері келгендей...

– Оны жақсы білем ғой. Солардың ішінде жүрмін ғой. Құдай-ау, небір поэма, дастандар арнады дейсің. «Дүниежүзінде сіздей басшы жоқ, әлемдегі ең қиын мәселелер сіздің арқаңызда шешіледі» деп соққандарды да білемін. Біздегі жағымпаздықтың шегіне жете алмайсың. Ешкімнің атын атамай-ақ қояйын, онсыз да жұрттың бәрі біледі. Бала-шағасы, жақындары бар. Олардың айналасындағы адамдармен жақсы қарым-қатынастамын дегендей. Жасым 77-ге келгенде адами тұрғыда атын атап, түсін түстеп айтпай-ақ қояйын.

«Қаңтар қырғынын кім ұйымдастырғанын Назарбаев білмейді дегенге сенбеймін»

– Ал Қаңтар қасіреті жайында не түйдіңіз?

– Митингіге келсек, «20 мың террорист келген» деді. Ол сосын аяқ астынан жоқ болып шықты. Сондай-ақ, президент Тоқаевтың не себепті ешқандай ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін түсінбедім. Жазықсыз құрбан болғандарға жаным ауырды.

Шынында да, халыққа соншалықты зәбір көрсетуге болмайтын еді. Оның басқа бір шешімі болу керек еді. Әрине, қазір тексеріп жатырмыз дейді ғой. Жаңағы 20 мың террорист жоқ болғанымен, сол топтың ішінде бәрібір бұзақылар, арандатушылар, лаңкестер болды. Солар бейбіт халықтың кеудесін оққа төседі. Екі ортада бейбіт халық арандап қалды. Міне, соған жаным күйзеліп, көзіме жас алдым.

Бірақ митингіні, қантөгісті кімдер ұйымдастырды? Халықтың ашу-ызасын тудыратындай жағдайға алып келген кімдер? Лаңкестер ше? Олардың арнайы армиясы болған дейді. Арандатушы лаңкестер айдаладан емес, солардың ішінен шыққан. Алматыны қиратты, тонады.  Осыны ұйымдастырғандар ашық айтылуы керек.

Оған кімдердің қатысы бар екенін билік те, халық та іштей ептеп біледі. Бірақ биліктің нағыз ұйымдастырушыларды қолға түсірмегеніне әлі күнге дейін ызам келеді.

Фото: Reuters

 Өкініштісі, билік белсенді түрде жұмыс істемей жатыр. Дер кезінде қолға түсіріп, айыптау керек еді. Содан кейін тергеуге тапсыру керек еді. Сол қанды қырғынды ұйымдастырғандар бүгінге дейін бостандықта жүр. Осы қылмыстың бәрін ашуға тікелей кірісу керек еді. Алайда, биліктің бәсеңдік танытқанына мен ғана емес, бүкіл халық ренжулі.

– Халық та, билік те басты ұйымдастырушыларды біліп отыр дейсіз. Демек, сіз де біліп отырсыз ғой. Ойыңызды нақтылап айтсаңыз...

– Нақты айтсам, осының бәріне кінәлі – Назарбаевтың кландары. Жақында Қайрат Сатыбалды, одан кейін Қайрат Боранбаев ұсталды. Ал негізгі ұйымдастырушылардың басында кім отырғанын Назарбаев білмей отыр дегенге сенбеймін. Самат Әбіш, Дариға Назарбаевалар ше? Бұлардың бәрі халықты тонады. Қазақстанды жекеменшігі етіп алған. Шетінен ұстап, сұрау салып, талап ету керек еді. Неге бостандықта жүр? Олар және тек жүрмей әртүрлі лас нәрсе ұйымдастыруы мүмкін. Бізге тағы да қауіп төндірмесіне кім кепіл? Қаңтардағы жағдайдың қайталанбауы үшін қам-қарекетті бірден қолға алу керек.

– Сол митингіге шыққандардың дені – жастар. Олар еріккендіктен емес, әбден ашынған соң шықты. Көбі жұмыссыз, баспанасыз. Бір өзгеріс күткені анық. Жалпы, бүгін халықтың әлеуметтік тұрмысына қандай баға берер едіңіз?

– Бәріміздің де түп-тамырымыз –  ауылда. Қалада болсын, далада болсын, әлеуметтік жағдай өте нашар. Кешегі қаңтардағы қантөгіс, бүгінгі Украина мен Ресей арасында соғыстың шығу себебі, әлеуметтік тұрмыстың төмендеп кеткенінен. Мұның өзі экономикаға салқынын тигізеді.

Жұрт ауылдан қалаға ағылды. Кезінде Назарбаев билігі ауылдың бәрін құрдымға кетірді. Тоз-тозығы шыққан. Баяғы ауыл жоқ. Халық қала жағалап келсе де, жұмыс таба алмайды. Бәрі қордаланып жинала береді, жинала береді. Бұдан кейін адамда шарасыздық пайда болады.

Елден кетіп қалайын десе, ешқандай мүмкіндігі жоқ. Сосын амал жоқ, наразылығын білдіргісі келеді. Ал митингіге шыққандарды лаңкестер өз мақсатына пайдаланып, жымысқы жоспарын жүзеге асырды. Олар шетелден келген жоқ, өзімізден шыққан террористер. Өздері қару-жарақ дүкенін тонап, таратып, халықты одан сайын ушықтырып, қантөгіске алып келді. Сол ұйымдастырушылар ұсталмай, соның басы-қасында отырған адамдарды тергеп-тексермей қалыпты жағдайға түсе қоюымыз екіталай.

– Одан бергіде жазықсыз қамалғандардың құқық қорғау қызметкерлері тарапынан азапталғаны тағы бар. Қайтыс болған адамдардың тізімі де нақты емес дегенді естідік...

– Иә, бәрін көріп жүрек ауырды. Оған президент тоқтау салғандай болды. Ішкі істер министрін де орнынан алды. Прокуратураны да, соттарды да ауыстырып жатыр. Алайда, мұнымен жүйе түгел тазарып жатыр деп ойламаймын. Ол үшін уақыт керек шығар. Бірақ өте сылбыр қимылдап, салғырт қарап жатыр. Биліктің осы бойкүйездігіне қатты наразымын.

Фото: ғаламтордан

Ай мен күннің аманында қаза тапқандар туралы дерек те бұрмаланды десе, бұл да әбден мүмкін. Өйткені, өзім үнемі «Дат» газетін алып оқимын. Біраз дүние жазылды.

«225 адам қайтыс болды» деді. Соның өзі аз емес қой. Біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат. Ал жаппай қыруға дейін бару деген сұмдық қой. Бұған жауап беретін адамдар табылуы керек. Мәселен, Қайрат Сатыбалдыны, Қайрат Боранбаев сияқты бірлі-екілісін ғана ұстап, қамау аздық етеді. «Балық басынан шіриді» демекші, басында кім отыр, содан бастап кірісу керек. Олай болмай, ешқандай жаңа Қазақстан құрылмайды.

Президент берген екі сұхбатты да көрдім. Қайта қазақшасы дұрыстау шықты. Дегенмен, көптеген мәселе айтылмай қалды. Атап-атап айту керек еді. Бұрынғы режимді айыптаймын десе, оған нақты тоқталуы тиіс еді. Ондай әңгіме болған жоқ. Бәрін үстірт айтты.

«Парламентті тарату қажет»

– Назарбаев елімізді тура 30 жыл басқарды. Осы қаңтар оқиғасынан кейін билікті қолына алған Тоқаев «Жаңа Қазақстан құрамыз» деді. Жылымық кезеңі келді десек бола ма?

– Тоқаевты әлі бұрынғы режимнің ықпалынан шыға алмай жатыр ма деп қорқамын. Әлде бірдеңеден сескене ме? Белсенді түрде қылмыскерлерді табуға кіріспей отыр. Дегенмен, Тоқаевқа жұрттың біразы сенеді. Өз басым толық сенемін деп айта алмаймын. Сонымен бірге сенбеймін деп те айтпаймын. Оның айналасындағыларға да оншалықты көңілім толмайды. Бұрын Назарбаев әулетімен бірге жұмыс істегендер де төңіректеп жүр. Әрине, ішінде тура жүргендері де болуы мүмкін. Әзір анық-қанығын толық білмеген соң біржақты кетуге тағы да болмайды.

Билікті толығымен тазарту керек. Ең бірінші, Парламентті тарату қажет. Біз федеративті республика емеспіз ғой. Сенат, Мәжіліс демей-ақ, бір Мәжіліс қана жетеді. Билік құрылысын тазартқан соң басқа жолға түсуіміз мүмкін. Сонда ғана жаңа Қазақстанға жол ашылады. Қазіргі жағдайда бұл жай ғана ұран, бос әңгіме болып қалмақ.

Билік партиясының атын «Аманат» деп өзгертті. Аты жаман емес. Бірақ атын өзгерткенмен, заты өзгеруі керек қой. Оның ішкі мазмұны, мәні, ұраны өзгеруі керек. Алайда партияның аты ауысқанмен, заты соншалықты өзгере қоймайтын сияқты.

Фото: ғаламтордан

– Қазіргі биліктің жүргізіп отырған саясатына көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі саясаттың жалпы бағытына теріс қарамаймын. Қылмыскерлер ептеп ұсталып жатыр, айтылып жатыр. Бірақ сылбыр, белсенділік жоқ. Қимыл-қарекет жоқ. Бірден алқымнан алу керек. Қолын қайырып, аяқ-қолына кісен салып, отырғызу керек. Билікке әуелі халық сену керек. Ал қазір халық толық сенбей тұр. Өзім де әрі-сәрі күйдемін.

– 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасының қалай өрбігеніне қанықсыз. Араға 10 жыл салып мына оқиға болды. Сіздіңше, шындық ашыла ма?

 Жаңаөзендегі қантөгіс те, оның алдындағы Алтынбек пен Заманбектің өлімі де ашылған жоқ. Қылмыс қылмыс қалпында, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Оны ашу үшін билік басына басқа деңгейдегі адамдар келуі керек шығар деп ойлаймын. Мынандай жағдайда қаңтар оқиғасы да ашылмайды. Бәлкім, билік ауысуы керек пе, білмеймін. Мен көреген емеспін. Бірақ жігерлі түрде айналысатын команда керек. Мұндай мәселені жалғыз президент шешеді деп ойламау керек. Жуық арада Тоқаевтың маңайына сондай адамдар жинала ма, жиналмай ма, ол да белгісіз.

– Демек, жуық арада Қаңтар қырғынының құпиясы ашылмай ма?

– Екіталай. Енді бәрін көріп отырмыз ғой.

«Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген куәлікке Алтынбек қол қойған»

– Кезінде Жазушылар одағына қарсы да талай мақала жарияладыңыз. Одақтың пленумында да шу-шұрқан болып жататын едіңіздер. «700 дей жазушы болғанмен, оның ішінде әдебиетті жасайтын 70-і ғана» дегеніңізді білеміз. Қазір Жазушылар одағымен байланысыңыз бар ма?

– Иә, байланыстамын. Өз басым Нұрлан Оразалин төраға болған кезде қатты шеттетілдім. Өйткені, көзқарасым оппозициялық болды. Сол себептен бүкіл тізімнен алып тастады. Тіпті, «Қазақ әдебиеті» газетіне аты-жөнім кетіп бара жатса, алдыртып тастады. Сондай әрекетке дейін барды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болсам да стипендия, сыйлық дегеннің ешбіріне жолатпай қойды.

Фото: egemen.kz

Жазушылар одағына Ұлықбек Есдәулет келгелі бері әлі аралас-құралас бола алмай жатырмыз. Оның үстіне екі жылдан бері елді індет жайлады. Ал Ұлықбекті бұрыннан білемін. Жалпы, Жазушылар одағы қалыпты жұмыс істеп кетсе, дұрыс жолға түседі деп ойлаймын.

– Бұған дейінгі атақтың бәрін таза өз еңбегіңізбен алдыңыз ғой. Одақ ұсынған жоқ па?

– Саған бұрын еш жерде айтпаған шындықты айтайын. Мемлекеттік сыйлық алған кезде Мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы еді.

Сосын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген куәлікке де Алтынбек қол қойған. Негізі оған Назарбаев қол қоюы керек еді. Сондықтан мен сыйлықты Назарбаевтан алған жоқпын.

Ал омырауыма лауреат медалін сол кезде премьер-министр болған Тоқаев тақты. Әшірбек Сығай, Айман Мұсаходжаевамен бірге алдым. Алуыма ықпал еткен адам болса, ол – Алтынбек Сәрсенбайұлы.

– Кезінде «Ақ жол» партиясына кіріп, қайта шығып едіңіз. «Партияға кірсең құл болып қаласың. Ал менің құл болғым келмейді» дегенсіз...

 Мен «Ақ жол» партиясына кірген кезде партияның басы-қасында Алтынбек жүрді. Кейін Әлихан Бәйменов келген кезде шығып кеттім. Одан кейін ешқандай партияға мүше болған жоқпын.

А.Сәрсенбайұлы

– Әңгімеңіздің ауанына қарағанда, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлына деген құрметіңіз ерекше сияқты.

– Иә, ол да мені қатты құрметтеді. Мен де дәл солай сыйладым. Ағасы Рысбек Сәрсенбаймен де, Алтынбекпен бірге жүрген Болат Әбіловпен де жақсы қарым-қатынаста болдым. Бірақ бәрінен де Алтынбекті ерекше құрметтедім. Билік басына дәл сондай азаматтар керек. Солармен бірге жүргенімді әркез мақтан тұтамын.

– Әдебиетке береріңізді беріп, аларыңызды алдым деп ойлайсыз ба?

– Бәрін алдым деп ойламаймын. Бірақ алғаныма да, бергеніме де ризамын. Ол кезде де билікте Алтынбек сияқты адал азаматтар болды. Ол әдебиетке де адал қарады. Мемлекеттік сыйлыққа Алтынбек Сәрсенбайұлы қол қойғаннан кейін лайықтымын деп ойлаймын.

– Өмірлік позицияңызды өзгертпейтін, принципті ұстанатын адамсыз ба? Балаларыңыз сіздің позицияға қарсы болған жоқ па?

 Иә, сол қалпында. Басында қалай болды, сондаймын. Ауырыңқырап қалғанымды айттым. Адам болған соң әртүрлі жағдай болады ғой. Сол себептен шеттеп қалдым. Қалған өмірімді де сол принциппен өмір сүремін. Шындық жағында болғым келеді. Менің көзқарасыма балаларымның ешқайсысы да қарсы болған жоқ. Әйелім де.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– «Қайран дүние» деген мемуар жаздым. Басымнан өткен жайттарды 23 баспа табақ дүниеге сыйдырдым. Екі жылда аяқтадым. Бірақ бір жыл ауырып, қайта қарауға мүмкіндік болмады. Енді қазір соның үстінен қарап жатырмын. Ұсынып көрдім, қашан жарық көретінін білмеймін. Себебі, билікті сынаған кітап қой.

– Мерейтойыңызға да аз қалды ғой, бәлкім, мерейтой қарсаңында шығарып берер?

 Оған дейін үш жыл бар. 80 жасқа жетем бе, жетпеймін бе, кім біледі? Оны ойлап жүргем жоқ. Дәл қазір елдің тыныштығын, адамдардың ынтымақ-бірлігін ойлаймын. Іргемізде соғыс болып жатыр. Елімізде бейбітшілік болсын. Балаларымыздың болашағы жарқын болса екен деп тілеймін.

–​ Сұхбат бергеніңізге рахмет!         

Тегтер: