Тасқынның тағылымы: Билік дайын болмаса да, халық дайын екен!
Еліміздің тең жартысын басып алып, қыр мен сайда еш алаңсыз, тыныш жатқан елді дүрліктіріп, әбігерге салып, айнала мен өмірдің астаң-кестеңін шығарған сұмдық су тасқыны туралы айтылатын нәрсенің бәрі айтылып болған сияқты. Бірақ...
Билік те, қоғам да (оның билікшіл, центристік, оппозициялық бөліктері) өз көзқарасын, уәждері мен сыни пікірлерін күн сайын жеткізіп-ақ жатыр. Қарап отырсаң, қосатын дәнеңе де жоқ сықылды.
Бірақ та, осы тақырыпқа қатысты жиі айтыла бермейтін бірқатар «тасқыни» тағылым бар деп санаймын.
Бірінші тағылым – ғылыми һәм гидро-метеорологиялық.
Меніңше, қыста қар жауып, ол көктемде міндетті түрде еритінін, егер де ол қар тым қалың болса, оның арты қиын болатынын білу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ.
Енді, міне, «Қазгидрогеологиялық» деген қызметті құру қолға алынбақшы? Айналайын-ау, тиісті мамандар мен мемлекеттік органдар осы күнге дейін ай қарап жүрді ме?!
Біздің билік ақсақ қой секілді ылғи да түстен кейін маңырайды. Кеше «елде 20 жаңа су қоймасы салынады» деп қалды. 30 жыл ішінде миллиардтаған долларды түкке керек емес ЭКСПО мен әртүрлі даңғаза халықаралық форумдар мен саммиттерге, жемқорлықтың символына айналған LRT-ға, жеке банктерді құтқаруға жұмсағанша, елді су тасқынынан қорғай алатын 20 су қоймасын салғанда, оған қоса су тасқыны, өрт, ескі-құсқы оқ-дәрінің жарылысы секілді төтенше жағдайларды болдырмауға және олардың салдарымен күресуге арналған күштер мен құрал-жабдықтарға жұмсағанда бәрі басқаша болар еді.
Екінші тағылым – кеңселік-бюрократиялық.
Бүгінде ашынған жұрт бар сынды кімге айтарын білмейді. Су және ирригация министрлігіне ме? Төтенше жағдай министрлігіне ме? Әлде нақты өңірдегі билікті уысында ұстап отырған облыс әкімдеріне ме?
Президент алғашында әупіріммен тиісті министрлер мен облыс әкімдеріне сөгіс жариялап, қызметіне сәйкестігіне күмәнданып, бюрократиялық жаза қолданды. Алайда, әділеттік үшін, әр шендінің жауапкершілігін жеке-жеке бағалау керек деп санаймын.
Мәселен, облыс әкімі дер кезінде дабыл қағып, өз мүмкіншіліктеріне сәйкес апатты болдырмау амалдарын қарастырып қолға алса, ал жетпейтін қаржы мен күш-құралды сұрап, тиісті хат жолдап, үкіметке жүгінсе, оның не кінәсі бар? Ондай жағдайда әкімнің хатына жөнді жауап бермеген Үкіметтің жауапкершілігі жайында сөз қозғалуы тиіс. Міне, сонда әркім өз бағасын, керек болса, өз жазасын алады.
Үшінші тағылым – қаржылық-экономикалық.
Президент: «Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», – деп, өте-мөте маңызды, салмағы ауыр мәлімдеме жасады.
Ел экономикасына келтірілген ортақ залалға өкіметтің өз үйінен, шаруашылығы мен бизнесінен, жиһазы мен көлігінен айрылған адамдарға беруі тиіс көмектің көлемін қосыңыз. Апаттың ауқымына қарасаңыз, бұл дегеніңіз миллиардтап емес, триллиондап есептелетін сома болуы мүмкін.
Осынау қомақты көмекке отыз жыл бойына талан-таражға түсіп, соңғы уақытта әлемдік дағдарыс, пандемия, Батыстың Ресейге салған санкцияларының салқыны тиген біздің онысыз да шұрқ тесік бюджет көтере ала ма?
Ертеңгі күні әрбір отбасы шеккен зардаптың көлемін анықтағанда мүдделер қарама-қайшылығының құрбаны боп қалмаймыз ба? Онсыз да ашынып, күйінген адам өзіне келтірілген зардап пен өкімет беретін көмек көлемімен келіспей қалса ше? Өйткені екі жақтың бағалауы екі түрлі болуы ғажап емес. Екеуара дауда төрелікті кім, қандай орган айтады? Бұл түсінбеушілік әлеуметтік немесе қоғамдық-саяси қақтығысқа ұласып кетпей ме?
Төртінші тағылым – саяси-интституттық.
Отыз жыл бойына тек бір адамның ғана саяси ерік-жігеріне қарап қалған оның нақты тапсырмасымен ғана қимыл-әрекет жасауға дағдыланып қалған құбыжық жүйенің «жемісін жеп» отырмыз!
Бұл жүйенің сорақылығы сол: шенділерді жергілікті деңгейде, нақты салада өз функционалы шеңберінде дербес шешім қабылдап, өзі қабылдаған шешім мен өзі атқарған істің нәтижесіне өзі жауап беру деген сияқты аса маңызды қабілет-қасиеттен жұрдай етті.
Дәл солар – премьерден бастап ауыл әкіміне дейін су тасқыны бастала бергенде Қытайда сапармен жүрген президенттің келуін күтіп, қол қусырып отыра берген жоқ па? Тек мемлекет басшысы елге оралған соң ғана оперативті штаб құрылып, әрекет басталды емес пе? Президент күн сайын талап етіп жүрген бастамашылдық, жауапкершілікті өз мойнына алу дегендер қайда сонда?
Бір нәрсе анық: Жаңа Қазақстанның шенділері ескі Қазақстанның құрсауынан әлі де шыға алмай жүр. Осындайда жылдар бойына қоғамдық пікірталастың құрбаны боп келе жатқан «Өзін-өзі басқару туралы» заңнаманың қиын тағдыры еске түседі...
Бесінші тағылымның моральдық сипаты бар.
Ел басына күн туды. Мыңдаған ағайын қиналып жатыр. Осындай шақта қалтасында қаржысы бар қауымның жанашырлық көрсетіп, қимыл танытатын кезі емес пе?
Иә, экономика алпауыттары мен қарапайым халық көмектен аянып жатқан жоқ. Бірақ, өз басым осынау сын сағатта: «Ескі Қазақстанның бар қызығын көрген, сол жүйенің арқасында халыққа тиесілі экономиканы жекешелендіріп алып, шексіз байлыққа кенелгендер неге үнсіз?», – деп сұрағым келеді.
Олар да осы елдің азаматтары емес пе? Жұрты жабырқап жатқанда, ең болмаса, «елім, сенімен біргеміз!» деп үн қатпай ма? Ұрлық-қарлықпен жинаған миллиардтарының бір бөлігін су астында қалған отандастарына бермей ме?
Меніңше, бұл сұрақты біз алдымен күні кеше ғана ел басқарудың бар тетігін қолында ұстап, телеэкраннан халық, мемлекет, отсансүйгіштік, гуманизм сияқты моральдық құндылықтар туралы елге ақыл айтып келген Назарбаевтар әулеті мүшелері мен экс-президенттің айналасына қоюымыз керек!
Алтыншы тағылымның екінің бірі ұға бермейтін манипуляциялық астары бар.
Байқайсыз ба, Тоқаев билікке келген кезде боп жатқан әртүрлі табиғи және қолдан жасалған апаттар туралы айта отырып, кейбіреулер: «Назарбаевтың тұсында мұндай болған жоқ! Бәлкім, «Шал кет!» деп айқалайғанымыз дұрыс болмаған шығар?», – деп мысқылдап, «Шал кел!» деген ұранды ортаға тастап та жіберді.
Өз басым мұндай ақпараттық әдісті таза манипулияция деп санаймын. Алайда дәл осындай құйтырқы арандатуға дер кезінде әрі ұтымды жауап беріп жатқан ресми ақпарат жоқ екенін де күнделікті көріп жүрміз.
Жетінші тағылым осы күндері бой көрсетіп жатқан саяси конъюнктура мен саяси авантюризмнің классикалық үлгілерінде.
Иә, боп жатқан оқтиғалар туралы елге шынайы да бүкпесіз ақпарат керек. Кей әкімдердің өз өңірлеріндегі жағдайды бүркемелеп отыр.
Алайда бұрын-соңды боп көрмеген апат жайында хабар беріп жатқан тәуелсіз БАҚ пен тұлғалардың ақпаратының екі дара эмоциялық реңкі бар. Олар өзінің түпкі ойынан, қоғамдық-саяси болмысынан, түптеп келгенде, өздеріне тапсырыс беруі әбден ықтимал саяси бенефициарлардың адамгершілікке еш сыйыспайтын арам ойларынан сыр беріп жатқандай.
Өйткені, бірі шынымен де апатпен бетпе-бет кезігіп, үй-күйінен, жиған-тергенінен айрылған қамкөңіл жұртқа жаны ашып, осы қиын жағдайдан төрт көзі түгел, аман-есен шығуына ниет етіп жатса, енді біреулері жайсыз ақпараттан құдды бір рахат алғандай, «осының бәрі Тоқаевтың тұсында болып жатыр, ол болмағанда...» дегенге тіреп, түпкілікті ойын білдіріп-ақ жатыр.
P.S. Иә, жұрттың мазасы жоқ. Ел әлі де алаңдаулы. Беті аулақ, дегенмен үлкен су алда келе жатыр дейді. Бірақ осынау тұтас негативтің ішінде бір мықты позитив бар! Оның мәнісі мынада: Билік және оның институттары бұл апатқа дайын болмаса да, «мың өліп, мың тірілген» халық дайын болып шықты! Осы күндері әшейінде басы біріге бермейтін жұрт ортақ апат алдында шынымен де бірікті. Жоғарыдан пәрмен не көмек күтпей-ақ халқымыз жер-жерде ұйымшылдық танытып, қолына күрек, кетпен алып, өз қамын өзі жасап жатыр. Жасы да, кәрісі де, шендісі де, олардың сыншысы да – бәрі-бәрі ауылға, өңірге, қала берді, халыққа қауіп төндірген апатты болдырмаудың амалын жасауда.
Жан даусы шығып, кісінеп, тасқын ағынынан шыға алмай, төмен қарай жөңкіп бара жатқан шарасыз жылқыларды көріп, көңілім бір босаса, үлкендер құммен толтырып жатқан қапты ұстап, өз көмегін беріп жатқан балаларды көріп, бір қуанып жатырмын.
Апаттан еліміз аман шықсын!
Әміржан ҚОСАН, саясаткер.