12 Маусым 14:52
...

Тамара Ширмер: Қазақтар мен украиндардың ортасына достық көпір салған – Тарас Шевченко

Фото:

Елімізде қанша украин өмір сүреді? Олардың тұрмыс-тіршілігі қалай? Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, дамытуға жағдай жасалған ба? Бұл туралы «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Ширмер айтып берді.

  – «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бүгінгі атқарып отырған қызметіне тоқталсаңыз?

 – Көпұлтты Қазақстанда тұратын әрбір ұлт ортақ тарих жасауға атсалысады. Бұл тарихи шежіреге елімізде үш ғасырдан астам уақыт бойы тату-тәтті өмір сүріп, өзге ұлт өкілдерімен достық қарым-қатынаста келе жатқан украиндықтар да лайықты үлес қосуда. Қазақстандағы украин этносының да көпұлтты қоғамда өз орны бар.

Астана қаласындағы «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2003 жылы құрылған. Биыл құрылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл ел астанасында тұратын украиндықтар бас қосатын орталыққа айналды. Қазақстан халқының этникалық тұтастығын, рухани құндылығын сақтау және жалпы қазақстандық мәдениетті қалыптастыру үшін жұмыс істеп келеміз.

Қоғамдық бірлестіктің де атауы ауқымды мағынаға ие. «Оберег» деген адамдыбір нәрседен қорғау және сақтау деген түсінік береді. Біз ана тілімізді ұмытпай, украин этносының игі дәстүрі мен әдет-ғұрпын, төл мәдениетін сақтауды, жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу және ел халқының бірлігін нығайтуды мақсат еттік.  Бірлестік құрамында 11 аймақтық украин этно-мәдени орталықтары бар«Қазақстан украиндарының Радасы» республикалықзаңды тұлғалар бірлестігіне қарайды. Қоғамдық ұйым Л.Н.Гумилев атындағы университет базасы аясында құрылған «Қазақстан украиндарының Радасына» қарасты Украина ғылым және мәдениет орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Бүгінде «Оберег» елорданың белсенді этномәдени бірлестіктерінің біріне айналды. Ол еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, Қазақстан Республикасының президенті мен Қазақстан үкіметінің алға қойған міндеттерін қолдайды, халықтың барлық топтары арасында қоғамды біріктіруге және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға атсалысады. Астана қаласы ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесінің, «Жастар ассамблеясы» ҚБ Астана қаласындағы өкілдігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жұмысына белсенді түрде қатысады.

  – Қоғамдық бірлестік аясында қандай мәдени, әлеуметтік жобалар жүзеге асты?

– Этномәдени бірлестік аясында «Рідне слово» украин этнолингвистикалық бірлестігі, «Чарівни джерела» жастар қанаты, «Берегиня» қолөнершілердің клубы, Н.Литошко атындағы халық вокаль ансамблі, «Вышиванка» балалар вокаль ансамблі, «Стефания», «Василина», «Соломия» хореографиялық ұжымдары жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымдардың өнері халықаралық, республикалық және қалалық байқаулар мен фестивальдерде Гран-при дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталып жүр.

Украиндар қоғамы республикалық және халықаралық жобалардың ұйымдастырушысы. Атап айтқанда, «Біз біргеміз, біз – бір отбасымыз!» атты украин халық шығармашылығының республикалық және халықаралық фестивальдері мен көрмелері, Украина мен Қазақстанның танымал дизайнерлерінің этникалық сән марафоны, Халықаралық Шевченко оқулары, «Жастар – жаңа элиталық ұлт» республикалық жастар конференциясы, «Жастар – XXI ғасыр объективінде» республикалық фотоконкурсын, т.б. шаралардың жүзеге асуына атсалысып келді.

Сәтті жүзеге асырылған әлеуметтік жобаларға келсек, «SOS Астана балалар ауылы» балаларға және «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-да емделіп жатқан аурудың ауыр түріне шалдыққан балаларға арналған «Балаларға бақыт сыйлайық» қайырымдылық әлеуметтік жобасы, Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) халықаралық әлеуметтік-экологиялық акциясына және «Мектепке жол» қайырымдылық республикалық акциясына белсенді қатысады.

Мүгедек балаларға, ҰОС ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен қарт адамдарға атаулы қайырымдылық көмек көрсетіп, қиын жағдайға тап болған Қазақстан мен Украина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсеттік. Қайырымдылық ұйымдарының, меценаттар мен донорлардың республикалық съезінде «Оберег» украиндар қоғамы «Мейірімділіктен – бірлікке» әлеуметтік жобалар байқауы жеңімпаздарының бірі болды.  

Украин қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы жұмыс бағытының бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын, мәдени әртүрлілікті, толерантты әлеуметтік-мәдени көзқарастарды насихаттау бойынша ақпараттық-ағартушылық. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында, дәлірегінде, газеттерде, журналдарда, әлеуметтік желілерде, телерадиокомпаниялардың телерадио хабарларында саяси және әлеуметтік маңызды материалдар жарияланады. Сонымен, Қазақ радиосы Ұлттық арнасының эфирінде «Достық» бағдарламасында украин тілінде қойылымдар көрсетілді.

«Оберег» украиндар қоғамы Дүниежүзілік украиндық үйлестіру кеңесі, украиндардың дүниежүзілік конгресі, Т.Г.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті, Украинаның Білім және ғылым министрлігі және Канев   қаласындағы Шевченко ұлттық қорығымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады. Бірлесіп жүргізіп жатқан барлық іс-шаралар этникалық тұтастықты сақтауға бағытталған және этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық жағдайында ортақ қазақстандық мәдениетті қалыптастыруға толыққанды қосқан үлес деуге болады.

   – Қазір елімізде қанша украин өмір сүріп жатыр? 

   – Қазақстанда сан жағынан көп тұратын этностың бірі – украиндер. Украиндар Қазақстанның барлық аумағында қоныстанған, бірақ олардың көпшілігі тың игерілген және өнеркәсіп аудандарында шоғырланған. Олар еліміздің қоғамдық-саяси, мәдени өміріне, экономикалық саласына, белсенді қатысып, республиканың дамуына өз үлесін қосуда.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы украиндардың саны 387 мың 327 адамға жетеді. Астанада 19 мың 692 адам, Ақмола облысында 45 мың 935 адам бар. Ең көбі Қостанай облысында, мұнда – 102 070 тұрғын бар. Бұл Қазақстандағы саны жағынан төртінші этникалық топ. Дегенмен, украин текті Қазақстан Республикасының барлық азаматтарын, оның ішінде украиндық тегін жалғаушыларды ескере отырып, бұл сан ресми деректерден айтарлықтай асып, 1 миллионнан астам адамды құрайды.

   – Украин этносы Қазақстанға қалай қоныс аударды? Қазақ пен украин ұлтын не байланыстырады?

   – Ежелден украиндықтардың қазақтармен мәдени жақындығы дәлелденген. Біздің тарихи байланысымыз да ұзақ жылдар бойы жалғасып келеді. Екі халық та сонау патшалық Ресей, одан кейін Кеңес Одағы тұсында бір мемлекетте бірге өмір сүрді. Жүздеген мың украиндықтар әртүрлі уақытта және әртүрлі себептермен Қазақстанға келді. Олар бауырлас қазақ халқының ыстық ықыласына, қолдауына, түсіністігіне ие болды. Соның арқасында украиндықтар осы жерден екінші баспана тауып, өмір сүріп, Қазақстанның экономикалық және гуманитарлық әлеуетін арттыруға белсене атсалысты.

Қазақ даласына жер аударылған, қазақтардың мәдениетін әлемге паш еткен – украин халқының кемеңгер тұлғасы Тарас Григорьевич Шевченко. Қазақстанда ол өзін шығармашылық тұлға ретінде сезініп қана қоймай, жергілікті халықтың өмірін қағазға түсірді.  Ол ұстаз болып, екі елдің арасына достық көпірін салды.

Форт-Шевченко қаласында украин ақыны мен суретшісі Тарас Шевченкоға арналған үлкен мұражай ашылды. Бүгінде қазақ және украин халықтары арасындағы терең рухани және мәдени байланысты көрсететін тоғыз халықаралық Шевченко оқулары өткізілді. 

Украиндар халықтық дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты ұстанып қана қоймай, қазақ халқының бай мәдениетін, дәстүрін құрметтейді Ұлы даланың мыңжылдық тарихының қойнауынан бастау алатын ізгілік пен берекенің ең көне мерекесі – Наурыз мейрамы. Біз бұл мерекені елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерімен бірге атап өтеміз. Бұл мереке барша қазақстандықтарды бір шаңырақ астына біріктіріп, татулықты, достық пен бауырластықты нығайтуға, қоршаған ортаға деген құрметті қалыптастыруға, халықтық дәстүрлерді жаңғыртуға және жалпыадамзаттық құндылықтарды бекітуге қызмет етеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді меңгеру – украин орталығының басты назарындағы мәселе. Қоғамдық бірлестік мүшелері Тіл комитетінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы мемлекеттік тілді оқыту курстарына, «Мәміле» ауызекі пікірсайыс клубының отырыстарына қатысады.

  – Ассамблея украин этносы үшін не берді?

   – Қазақстан бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты мемлекет екенін тарих дәлелдеді. Этносаралық келісім мәселелерін шешу үшін еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім идеяларын ілгерілету бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан халық бірлігінің бірегей үлгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. ҚХА қызмет еткен жылдар ішінде жалпы мәдени және рухани құндылықтар негізінде халықты біріктіруге, қазақстандық бірегейлік пен патриотизмді нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.

Барлық аймақтарда Достық үйлері жұмыс істейді. Олар ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауда, этносаралық қатынастар саласында азаматтық қоғамның шоғырландырушы қызметін атқаруда орасан зор рөл атқарады. Толерантты ұлттық бірегейлікті және жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында республиканың жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары құрылды. ҚХА-ның тұрақты жұмыс істейтін Ғылыми-сарапшылық кеңесі этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға, азаматтық қоғам институттарына ұсынымдар әзірлейді.

Ал қоғамдық келісім кеңестері қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарына тың серпін беріп, Ассамблея қызметінің азаматтық бастаманы ынталандыру мен қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мен азаматтық қоғамды нығайтуға байланысты жаңа бағытын айқындады. Қазақстан халқы Ассамблеясының қатысуымен Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени дамуының ортақ ісіне өзіндік үлес қосып жүрген барлық этностар үшін білім беру, мәдени және тілдік орта жасалды. Ассамблея этномәдени бірлестіктерге, соның ішінде «Оберег» украин қоғамы» бірлестігінің жұмысына да тың серпін берді.

  – Қоғамда «​Ассамблея керек пе, жоқ па?» деген пікірді жиі естиміз. Бұған не айтасыз?   

  – Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының жүргізушісі, еліміздің ұлттық саясатын реттеуші, мемлекет пен азаматтық қоғам, сондай-ақ барлық қазақ этностарының достық, толеранттылық, мәдениеттері мен дәстүрлерін бірлесіп дамыту идеяларын қамтитын қоғамды үйлестірудің негізгі тетігі ретінде әрекет етеді. Ел бірлігін нығайтуға жағдай жасап, қолдауға барын салады.

Ассамблеяның арқасында елімізде этносаралық қарым-қатынас тұрақты дамып, біртұтас ұлтты қалыптастыру, сонымен бірге этникалық әртүрлілікті сақтау жемісті жалғасып келеді. Ал біздің басты міндетіміз – ортақ үйіміз Қазақстан Республикасының гүлденуі үшін ұлтаралық қатынастардағы тұрақтылықты сақтауға бар күш-жігерімізді салу.

 – Еліміздегі украин этносы өкілдерінің Қазақстан халқына айтар алғысы бар ма?

– Этностар арасындағы достық пен бірлікті сақтау мен нығайтуды ұлттық саясат дәрежесіне көтерген көпмәдениетті елде өмір сүру – зор мақтаныш, зор қуаныш. Елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этностардың бірлігі – қазақ халқының Тәуелсіздік тұсында қол жеткізген ең үлкен жетістігі мен байлығының біріне айналды. Рухани келісім – бейбітшілік пен тыныштыққа апаратын бірден-бір жол. Ата Заңымызда бекітілген ар-ождан бостандығы іс жүзінде қамтамасыз етілгені үшін елімізге алғысымыз шексіз.

Біздің азаматтар таңдаған дінін еркін ұстанады, ана тілінде сөйлейді, мәдениеті мен дәстүрін сақтайды, толыққанды өмір сүреді, өздерін егеменді Қазақстанның азаматы ретінде сезінеді және оны мақтан етеді. Елдегі жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат әрбір қазақстандықты ұлтына қарамастан өз Отанын сүюге, басқа адамдардың бостандықтарын құрметтеуге үндейді.  

Қазақ жерінде тұратын барлық этностардың жасампаздығымен дамып келе жатқан ортақ тарихымыз, ортақ мәдениетіміз, құндылықтарымыз бен тіліміз бізді мәңгілікке біріктірді. Біз кеңпейілділігі, ақкөңіл жүрегі, қонақжайлығы мен қамқорлығы үшін құтты қазақ халқына тағзым етіп, алғыс айтамыз. Әлемде тыныштық орнап, ешқашан соғыс болмасын!  

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Тегтер: