Талайдың иманын ұшырған «Талибан»: Қазақстанға қауіп қайдан?

Өткен жексенбіде «Талибан» қозғалысы Кабулдағы президент сарайына кіріп, Ауғанстанның бар аумағына бақылауы орнатқанын мәлімдеді. Тәліптер барлық шетелдікке қысқа мерзімде елден кетуді бұйырды.
Олармен бірге мыңдаған ауған елден қашуға жанталасты. Билікке екінші мәрте келген Талибан қозғалысы мен оның көздеген мақсат-мүддесі туралы әркім сан-саққа жүгіртіп жатыр. Тәліптер дегенміз кім? Олар Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға қандай қауіп төндіруі мүмкін? Олар қай елдің қолдауына сүйеніп билікке келді? Осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.
«Талибан» тарихы
Тәліптердің қас жауына айналған моджахедтер секілді «Талибан» қозғалысының пайда болуына да ауған еліне әскерін кіргізген Совет одағы тікелей себепші. Ауғанстандағы соғыс басталғанда еркектері соғысуға қалып, кей дерек бойынша 6 миллионға жуық ауған әйел мен бала-шаға негізінен көрші Пәкістанға босып кетті. Дені Пәкістан мен Ауғанстанның шекарасындағы босқындар лагерінде өмір сүрді. Уақыт өте мыңдаған бала осында пайда болған мешіт, медреселерді паналап, сонда оқи бастады.
Босқындар. Фото: ғаламтордан.
Бұл діни мекемелер Пәкістанның ведомствоаралық барлау (ISI) ұйымының бақылауында еді. Совет одағымен ауған елінің аумағында сырттай соғыс жүргізген АҚШ осы ұйым арқылы моджахедтерді, жалпы кеңес әскерімен соғысуға ниетті топтарды қаржыландырып отырды.
Бөлінген ақшаның көптігі соншалық, кей сарапшылардың пікірінше, Пәкістанның ведомствоаралық барлау ұйымы (ISI) күшейіп, уақыт өте «мемлекет ішіндегі мемлекет» деңгейіндегі қуатқа ие болады.
Бұл жағдай шекарадағы мешіт, медреселердегі балалардың дайындығына да әсер етті. Мұндағы жасөспірімдер енді Құранмен бірге, қару атуды, соғыс тактикасын үйренуге көшеді. Ал шәкірттердің санасы Пәкістанның арнайы қызмет орындарының қадағалауымен діни идеологиямен әбден өңделді. Айтпақшы «тәліп» сөзінің төркіні араб тілінен шыққан. «Шәкірт» деген мағына береді. Ауғанстандағы ең көп халық – пуштун тіліндегі «ан» деген көптік жалғау жалғанып, «Талибан» аталады.
Кеңес әскері кеткен соң, әу бастан орталық басшылығы әрі өзара саяси келісімі болмаған моджахедтер енді билікке таласып, соғыса бастайды. Міне, осы сәтте елге келген тәліптерді соғыстан әбден шаршаған ауған халқы құтқарушысындай қарсы алған еді.
1994 жылы тәліптер елдің оңтүстік-шығысындағы Қандағар қаласын басып алады. Екі жылдан соң ел астанасы Кабулға кіреді. Осы сәттен бастап «Талибан» бұдан былай өзін жай еріктілер қозғалысы емес, ресми билік институты ретінде жариялайды. Сөйтіп «Талибан» өкілдерінің түпкі миссиясы – бір кездері өмір сүрген Ауғанстан Ислам Әмірлігін құруды жүзеге асырады. Оның көшбасшысы ретінде молда Мұхаммед Омар болады. Бұл үкіметті Пәкістан, Сауд Арабиясы және БАӘ мойындады.
Исламның сүнниттік бағытының ең қатаң формасына, шариғат заңдарына бағынатын мемлекетте ұрылардың қол-аяғын шабады, зинақорлық, маскүнемдік үшін сотсыз өлім жазасы тағайындалады. Әйелдер көшеге ер адамсыз шыға алмайды. Қыз балалардың он жастан кейін мектепте оқуына тыйым салынады. Музыка, өнер, сурет, кино, телевизия атаулы елден аластатылды.
Тәліптер билікті басып алысымен ауған жерінде осындай өте қатал режим орнатты. Ауғанстанның биліктен айырылған президенті Наджибулланы өлтірді. Моджахедтер билік құрған уақытта Кабулдағы БҰҰ миссиясының қорғауында өмір сүрген Наджибуллаға оның қас жауы саналған моджахедтердің өздері тиіспеген еді. Тіпті моджахедтердің ішінде тәліптермен ең соңына дейін соғысқан «Панджер арыстаны» – Ахмад Шах Масудтың өзі бір сұхбатында Наджибуллаға Кабулдан өздерімен бірге кетуін, кейін басқа елге кетуіне көмектесуді ұсынғанын, бірақ бұрынғы президенттің бас тартқанын айтқан.
Ахмад Шах Масудтың портретін сүртіп жатқан жұмысшы. Фото: АР
Ахмад Шах Масуд «Талибанның» ең басты қарсыласы болды. Ол тәліптерді ислам заңдарын бұрмалаушы қаніпезерлер деп санады. 2001 жылдың көктемінде Шах Масуд Еуропа парламентінде сөйлеген сөзінде тәліптердің Әл-Қаидамен сыбайлас екенін, олар бірігіп үлкен теракт дайындап жатқаны туралы мәлімдеген. 2001 жылдың 9 қыркүйегінде Шах Масуд өздерін журналист ретінде таныстырып, сұхбат алуға келдік деген екі содырдың қастандығынан қаза табады. Екі күннен соң АҚШ-та әйгілі террорлық шабуыл болады. АҚШ-тың барлау қызметі Осама бен Ладен бастаған «Әл-Қаида» ұйымы бұл операцияны тәліптердің қоластындағы ауған жерінен басқарған деп санайды.
Молда Омар бен Ладенді АҚШ-қа беруден бас тартады. Оның соңы 2001 жылдың 7 қазанында АҚШ бастаған НАТО күштерінің әскери операциясы Ауғанстанға басып кіруімен, тәліптердің тауға бас сауғалауымен аяқталғаны белгілі. Осама бен Ладен де, молда Омар да америкалықтардың қолынан өлді. Ауғанстанда америкалықтар Хамит Карзайдың басқаруымен уақытша үкімет құрады. Халықаралық қауіпсіздікке жәрдемдесу күштері (ISAF) шақырылып, олар соғыстан титықтаған елді қалпына келтіруге, ауған әскерін үйретуге көмектесуі тиіс еді. Бұл мақсат-міндеттің ешбірі орындалмағанын соңғы оқиғалар әшкерелеп берді.
Ұшаққа сыймаған адам мен ақша
АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан әскерін алып кету туралы шешім қабылдасымен-ақ, америкалықтар елден шықпай жатып, тәліптер ауған провинцияларын бірінен соң бірін иемдене басады. Тәліптердің алдыңғы билігі кезіндегі тәртібінен зәрезап болған ауған халқы тағы босып кетті. Америкалықтар 20 жыл бойы дайындаған ауған әскері тәліптерге қарсылық көрсетуге қауқарсыз болып шықты. Кей өңірдің жергілікті билігі тәліптерге өздері берілді. Мұның бәрі осыншама уақыт бойы Батыс елдерінің Ауғанстанда демократиялық мемлекет құрамыз деген уәдесінің іске алғысыз болғанын анық көрсетті.
Босқындарға лық толы АҚШ-тың әскери ұшағы. Фото: Reuters.
Шілде айында ғана Ауғанстан билігі мен әскері лаңкестерге лайықты тойтарыс береді деген Джо Байденнің сөзінің құны да белгілі болып қалды.
Тағдырдың тәлкегін қарасаңызшы, 1989 жылы «Лос Анджелес Таймс» газетіндегі мақаласында сол кездегі жас Ашраф Ғани: «Кеңестер Ауғанстаннан кетті, енді Кабулдағы қуыршақ билік көп ұзамай елден қашады», – деп жазған екен. Ол меңзеген Наджибулла соңына дейін Кабулда қалды, ал президент Ашраф Ғанидің өзі ресми мәлімдеме жасауға да шамасы келмей, кей дерек бойынша төрт көлікке лықа толы ақшасымен бірге елден қашқан.
Ақшаның бір бөлігі тікұшаққа сыймай қалып, әуежайда қалғаны туралы да дерек тарады. Қазір ол Оман мемлекетін паналады деген ақпарат бар. Ең қызығы, Оманның Бас мүфтиі өзінің Твиттерінде «Алланың аманатын орындаған, басқыншыларды қуып шыққан» «Талибанды» заңды әрі таза жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.
20 жыл ішінде Ауғанстанда қандай зайырлы, жемқорлықтан ада демократиялық мемлекет құрылғанын ұшақтың шассиіне отырып елден қашып кетуге тырысқан қарапайым кедей ауғандардың шарасыздығынан, елден кеткен шенділер мен генералдардың отандастарының түсіне де кірмейтін сән-салтанаты асқан сарайларынан-ақ байқауға болады.
«Талибан» қаржыны қайдан тапты?
Сарапшылардың пікірінше, «Талибанды» негізінен Пәкістан қаржыландырады. Сонымен бірге Сауд Арабиясынан да қомақты қаржы алады деген болжам бар. Одан бөлек, тәліптер есірткі саудасынан көп пайда көріп отыр. Әлемдегі апиынның жартысынан көбі Ауғанстан аумағында өсірілетінін ескерсек, есірткі бизнесінен миллиондаған табыс табатынын болжау қиын емес. Тәліптер билікке келген соң есірткі саудасына мүлдем тыйым салуға уәде еткенімен, бұл жай ғана алдарқату екенін көпшілік жақсы біледі. Сонымен бірге «Талибанның» соңғы операциясын Қытай қаржыландыруы мүмкін деген де шындыққа жанасатын сөз бар.
Қытай саясаты: жұмсақ күш, табанды мақсат
Қытай билігі осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ «Талибан» өкілдерімен жоғары деңгейде кездескен. Соңғы оқиғалардың аз-ақ алдында, «Талибанның» ресми өкілдерін Қытайдың сыртқы істер министрінің қабылдауы да көп жағдайдан сыр аңғартады. Бұдан бұрынырақта шешендерге көмектескені үшін тәліптерге қырын қараған Ресейдің де қазіргі саясаты қызық. Бұл елде «Талибан» қозғалысына заң жүзінде тыйым салынған, бірақ РФ сыртқы істер министрі С.Лавров бұл тыйымды бұзып, тәліптермен кездеседі.
Қытай билігіне дәл қазір Ауғанстандағы тұрақтылыққа жауап бере алатын күш қажет. Себебі Қытай Азиялық инфрақұрылымдық даму Банкі арқылы Ауғанстанға миллиардтаған доллар құйды. Ауғанстанның бұл ұйымға қабылдануына да Қытайдың ықпалы мол дейді сарапшылар.
Әлемдік нарыққа «Бір жол, бір белдеу» жобасымен тауарын шығарғысы келген Қытай үшін Ауғанстанның маңызы ерекше. Өйткені бұл жоба бойынша екі басты бағыт бар: Солтүстік және оңтүстік. Солтүстік бағыт Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға шығарады. Бірақ соңғы кездері АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың ушығып кетуіне байланысты Қытай қазір басымдықты Азия және Африка елдеріне апаратын оңтүстік бағытқа ойыстырған секілді. Осы бағыттың жолында жатқан Ауғанстандағы тұрақтылық пен ондағы инфрақұрылымның дамуы көрші елге ауадай қажет. Бейжің «Талибанды» тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ететін күш ретінде қарастыратын секілді.
Тәліптер Қытайда. Фото: ғаламтордан.
Одан бөлек «Талибанды» қолдайтын Пәкістанмен арада осындай байланыс орнату арқылы Қытай өзінің аймақтағы ең басты қарсыласы – Үндістанды тұқыртып алмақшы.
Әрине, Бейжің тәліптерден Шыңжаңдағы ұйғырларды, оның ішінде «Шығыс Түркістанның Ислам қозғалысы» секілді өзі лаңкес деп таныған ұйымдарды қолдауын тоқтатуды талап етері сөзсіз. Оның қайырымына миллиардтаған доллар инвестиция уәде етуі де ғажап емес.
«Тәліптің» артын баққан қазаққа қауіп бар ма?
Біздіңше, жақын болашақта «Талибан» тарапынан Қазақстанға аса үлкен қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл қазір тәліптердің билігі алдымен елдегі билігін нығайтумен, өз тәртібін орнатумен және жаңа одақтастарымен байланыстарын күшейтумен әуреленбек. Өйткені ол «ДАИШ» секілді орталықтандырылған билік институты жоқ, аморфты құрылым емес. Олардың шамамен 70 мыңнан астам сарбазының дені сауатсыз болғанына, тіпті олардың «үңгірден шыққандарға» ұқсайтынына қарамастан, «Талибан» билігінің басында ағылшын тілін меңгерген, жоғары білім алған және халықаралық қауымдастықпен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатынын дәлелдеген адамдар тұр.
Екіншіден, Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы тұрақсыздық, көршіміз Қытайға тиімсіз екені анық. Ал «Талибан» қазір Қытайдың әскери һәм инвестициялық құшағына мықтап ене бастады.
Бірақ, қауіп қашықта деп қамсыз қалуға да болмайды. ДАИШ-тың Сириядан аман шыққан топтарының бір бөлігі «Талибанға» қосылды деген дерек бар. Кей мәліметке сенсек, негізінен пуштун, тәжік, өзбек, панджаб, хазарейлерден тұратын «Талибан» әскерінде 5-6 мыңға дейін шетелдік жалдамалы бар көрінеді. Олардың арасында Сирияға барып қайтпай қалған қазақстандық содырлар болуы да әбден мүмкін.
Егер тәліптердің билігі қоластындағы қырық рудан құралған әскери жасақтарды түгелдей өз дегенімен жүргізе алмаса, олардың бір бөлігі моджахедтер секілді бөлініп, бұрынғы басшыларына бағынбай, жаңа мақсатты көздеуі де ғажап емес.
Оның үстіне қазір әлеуметтік желілерде «Талибан» дегеніміз өзіміз секілді Ханафи мәзхабы Матуриди ақидасындағылар екен деп оларға іштарта қарайтын отандастарымыздың жазбасы көбейгені де алаңдатады. Тіпті «Талибанның» соңғы жетістігін діни-романтикалық арманына айналдырып алғысы келетіндердің де кездесуі бек мүмкін. «Іштен шыққан жау жаман» деген қазақ. Сырты бүтін, алып бәйтеректің түбіне оның өзегін үңгіген құрт жететіні секілді, шекараның мығымдығымен бірге дін мен діл мәселесіндегі бірауыздылық та аса маңызды.
Фото: 365info.kz
Осы тұрғыда ҚМДБ-ның жамағат арасындағы беделінің соңғы кезде төмендеп бара жатқаны, діни басқарма басшылығы билікпен, әсіресе, арнайы органдармен тығыз байланысты деген көзқарастың етек алуы алаңдатады.
Жақында бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желідегі белсенділер діни кадрларды тағайындау кезінде ҚМДБ басшылығы трайбализмге жол беретіні туралы материалдар жариялағаны да сенімге селкеу түсірмей қоймайды. Сондықтан іргесінде дінді радикалды формада қабылдайтын күш Ислам Әмірлігін құрып жатқан кезде Қазақстан билігіне «Талибанмен» арадағы қарым-қатынасты қалай түземіз, көмек сұраған Ауғанстандағы этникалы қазақтарды елге қалай алып келеміз деген сыртқы сұрақтармен бірге, осындай ішкі мәселелерді оң шешуге мұқият мән беру қажет-ақ.
Әділ Ұзақбай, Алматы.