Судың да сұрауы бар
Еліміздегі су тапшылығы – өте күрделі мәселе. Мұздықтар қорының азайып, өзен-көлдердің суала бастауы ауыл шаруашылығына үлкен кесірін тигізіп жатқаны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге баса мән беріп отыр. Жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы – осының айғағы.
Тіршілік нәрінің жетіспеушілігі – Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия елдеріне де ортақ ауыртпашылық. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовті қабылдаған кезде Президент су ресурстарын басқару мәселелері бойынша Орталық Азия елдерімен өзара іс-әрекетті жолға қою маңызды екенін атап өтуі осыны көрсетсе керек.
Және де Мемлекет басшысы министрлікке су шаруашылығы инфрақұрылымдарын кең көлемде жаңғырту, суды есептеу және бөлу жүйесін цифрландыру міндетін жүктеді. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімсіз пайдалануға және гидротехникалық нысандардың әбден тозуына қатысты мәселелерді шешу үшін жаңа Су кодексін уақтылы қабылдау қажеттігін де айтты.Сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құру және министрлікке қарасты ұйымдарды трансформациялау жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Су мәселесінің өзекті үш түйіні бар. Мамандар осылай дейді.
Қазақстанның су шаруашылығы ардагері Әбдіәшім Мейірманның айтуынша, ең басты мәселе – маман тапшылығы.
«Бұрын Тараз (Жамбыл – ескі атауы) қаласында Гидрометтік құрылыс институты болатын. Гидротехник, гидроэнергетик, гидромеханик су мамандарын дайындайтын еді. Қазір су ресурстары деген бір ғана мамандықпен оқитын болды. Қазіргі уақытта студенттердің қалай оқып жатқанын білесіз. Бар мамандардың өзінің біліктілігі төмен. Суды орынды, ұқыпты пайдалана алмайды. Судың алғашқы есебі болады. Бөлу деген түсініктер бар. Соларды жете меңгеріп, жүргізе алмайды. Зоотехник, мұғалім және басқа да мамандар гидротехник болып қызмет істеп жүр», – дейді маман.
Маман тапшылығы – бұл бірінші түйткіл.
Екінші мәселе әлемдік жылынуға байланысты. Су таудағы мұздықтардан пайда болады. Қардың аз түсуіне байланысты су қоры жылдан жылға азайып барады.
Үшінші мәселе – суды тиімді пайдаланбау. Ысырып мол. Судың 50-60 пайызы жоғалып кетеді. Біздегі ирригациялық жүйелердің бәрі ескі. Дені кеңес дәуірінен қалған. Рас, жаңа құрылыстар салынып, жөнделіп те жатыр. Бірақ су шығынымен күрес өз дәрежесінде емес.
«Арнайы білімі бар адамдардың өзінің біліктілігі сын көтермейді. Соңғы бес жылда облыстық мекемеде су пайдалану бөлімінің меңгерушісі болып істедім. Осындай түйткілдер бірден шешіле салмайды. Көңіл бөліп, жоспарлы түрде шешу керек», – дейді Әбдіәшім Мейірман.
Маманның айтуынша, осы уақытқа дейін дербес министрлік болмаған. Су шаруашылығын біресе ауыл шаруашылығы министрлігіне, біресе экология министрлігіне қосқан. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанға дейін бұл салаға көп көңіл бөлінбеді. Ескерусіз сала болып келді. Ауыл шаруашылығы да жетім баланың күйін кешті. Бұл екі министрлік – бір-бірімен тығыз байланысты салалар.
«Суды қалай үнемдеуге болады? Су жүйелерін жолға қойып, шығынды азайту арқылы үнемдеуге болады. Содан кейін суды көп егетін дақылдардан бас тарту ләзім. Қызылорда облысында күріш егіледі, Түркістан облысында мақта өсеріледі. Бұлар – егілгеннен жинап алғанға дейін ұдайы суды қажет ететін өсімдіктер. Бұларды суды аз қажет ететін дақылдармен алмастыру керек», – дейді ол.
Әбдіәшім Мейірман Түркістан облысындағы алқаптарды суарудың қолайлы әрі арзан тәсілдерін ұсынып келеді. Десе де, билік тарапынан қолдау болмаған.
«Түркістан облысында Шәуілдір суару жүйесі бар. Мен осы ауданда туып өстім. Арыс өзенінен су алатын 12 мың гектар жер бар. Жаздыгүні Арыс өзенінен су келмейді. 120 мың шаршы метр су алу керек болса, соның 50 пайызын ғана алады. Құлманов Дәуренбек деген маман осы жүйе арқылы Түркістан өңірін қалай сумен қамтамасыз ету жөнінде идея көтерді. Бұл туралы облыс әкімдеріне, министрлікке жаздық. Бірақ оған көңіл аударылмады», – дейді ардагер.
Оның пікірінше, Көксарай су қоймасынан су алып, келтіру арнасы арқылы суды өздігінен ағатындай етіп, Шәуілдір тоғанына құюға болады. Осы арқылы егістікті толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.
«Сырдария өзенінен су келетін Кеңес дәуірінде канал болған. Көксарайдың салынған соң, талан-таражға түсті. Метал қабылдайтын жерге өткізіп жіберді. Сырдария каналы екіге бөлініп қалды», – дейді маман.
Еуропа қайта құру және даму банкісінің траншы бойынша қомақты қаражат бөлініп, қолға алынбақ болды. Сол жобаның ішінде тоғанды тазалау мен каналды жөндеу де кірген.
«Бірақ ол орта жолда қалып қойды. Не болғаны білмеймін. Бірақ ол жерде су сорғыш станса арқылы жеткізілетіні көрсетілген. Бұл өте үлкен қаражатты талап етеді. Ол станса салынып, электр жүйесі тартылса, оны күтімі бар, басқа да шығындары бар, қымбатқа түсіп, судың тарифы өседі. Бұл – шаруалардың қалтасына салмақ салады. Біз су өздігінен ағып келетіндей идея ұсынып отырмыз», – дейді маман.
Әбдіәшім Мейірман жаңа технологиялардың суды үнемдеуге сеп болатынын айтады. Десе де, жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясын пайдалану көп шаруалардың қолынан келмейді.
«Бұған қомақты қаражат жұмсау қажет. Тамшылатып суару үшін үлкен резервуар қажет. Түтік бітеліп қалмасы үшін су оған сүзгі арқылы жіберіледі. Шығыны көп нәрсе. Жаңбырлатып суаруға, агрофирмалар болмаса, көп шаруаның мүмкіндігі жоқ. Қазір шаруалардың дені еккен егісін зорға жинап алып жатыр. Кредитке егеді. Дихандар – әупірімдеп жан бағып жүрген халық», – дейді ардагер.