«Су мәселесін талқылаған жиында» судың жайы сөз болмаған ба?
Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен кездесіп, келіссөз жүргізді.
ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының жазуынша, Әлихан Смайылов пен Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанның су саласындағы ынтымақтастығын талқылады.
– Мемлекет басшыларымыздың саяси ерік-жігерінің арқасында бүгінде қазақ-қырғыз қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне шықты, – деді Ә.Смайылов.
Сонымен қатар ол екі ел арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтырғы тек 11 айда өзара сауда 12%-ға өсіп, $1,3 млрд-қа жетті. Оған қоса Қазақстан мен Қырғызстан арадағы тауар айналымының көлемін $2 млрд-қа жеткізу жұмысын жалғастыруда.
– Бұған Үкіметаралық кеңес және Өңіраралық ынтымақтастық форумы сияқты екіжақты ынтымақтастық тетіктерінің тиімді жұмысы ықпал етуде. Қазақстан Үкіметі әрі қарай да барлық бағыт бойынша қазақ-қырғыз стратегиялық әріптестігін қолдауға дайын, – деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Ақылбек Жапаров Қырғызстан мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы арадағы саяси диалогтың жоғары деңгейінің дәлелі екенін атап өтті.
– Жыл сайын өзара сауда-саттық пен инвестициялар көлемі артып, іскерлік, ғылыми және мәдени байланыстар жандануда. Үкіметаралық кеңес аясында қырғыз-қазақ ынтымақтастығының ортақ стратегиялық мақсаттары, тұжырымдамалық тәсілдері мен ұзақ мерзімді даму бағыттары талқыланып жатыр. Екі ел арасындағы белсенді өзара іс-қимыл түрлі алаңдарда жүзеге асуда, – деді ол.
Ақылбек Жапаров қырғыз тарапының өзара сенім мен түсіністікке негізделген Қазақстанмен арадағы одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Кездесу барысында үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-экономикалық және мұнай-газ салаларындағы мәселелердің кең ауқымын қарастырды.
Сонымен қатар тараптар қысқа мерзімде қазақ-қырғыз шекарасында жүк көлігі үшін қосымша өткізу бекетін ашу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.
ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы «екі елдің премьерлері су саласындағы ынтымақтастықты талқылады» деп жазғанымен су тапшылығына қатысты қандай мәселе сөз болғанын ашып жазбады. Тек «сауда-саттық пен инвестиция көлемі артқаны айтылады.
Естеріңізге салайық, өткен жылы Жамбыл облысында трансшекаралық көздерден келетін судың жеткіліксіз болуына байланысты өңірде егістік қуарып қалды. Құзырлы органдар Қырғыз Республикасы тарапынан суармалы судың жеткіліксіз келуіне байланысты егістіктерде қолайсыз жағдай қалыптасқанын растады. Ақырында шаруаларға өтемақы төлеу туралы шешім қабылданды.
– Жыл сайын су ресурстарының жетіспеушілігі барған сайын артып барады, соған орай біз жыл сайын ылғал сүйгіш дақылдарды егуді қысқартуды, ылғал үнемдейтін технологияларға көшуді, ауыспалы егістерді, суару режимдерін және басқа да мелиорациялық шараларды сақтауды ұсына отырып, бұл мәселені көтереміз, – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин өңір өкілдерімен кездесуінде.
Жамбыл облысының шаруалары су тапшылығы мен суды жосықсыз пайдалану мәселесін біраздан бері айтып келеді. Мәселен, өңірдегі іргелі шаруа қожалықтарының бірінің жетекшісі Жұмасейіт Нұрбаев шаруалардың мәселесін жиі көтеріп жүр.
– Жамбыл облысы өткен жылы пияз өндіруден республика бойынша алдыңғы қатарға шықты» деп әлеуметтік желіде жаһанға жар салды. Мал азығын дайындайтын шаруаларды судан қысып, пияз еккендерді жарылқады. Жергілікті диқандар да, сырттан келіп, жалға жер алып пияз еккендер де ақшаға қарық боламыз деп жаппай шабылды. Ал мал өсіретін шаруалар жоңышқалықтарын екі қайтара суаруға су таппай, зар иледі. Болса да шабындыққа ылғал тамбады.
Былтырғы желтоқсан айындағы алты күнгі аязда, ақ түтек боранда шаруаның көбі шөп іздеп сабылып кетті. Жоспарсыз, мақсатсыз жұмыс қашан берекесін беріп еді? Көкөніс сақтайтын қойма болмаған соң пияз шіріп жатыр. Шіріген өнім Тараз қаласының онсызда аузы-мұрнынан шығып жатқан қоқыс төгетін полигонына күніне жүз тоналап тасып жатыр. Енді пияз еккендер әкімдікке барып, «өніміміз шіріп кетті» деп өтемақы талап етіп жүрмесін. Шаруалармен кездесуге уақыт тапай жүрген облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке құлаққағыс жасаңдаршы, – деп жазды Ж.Нұрбаев.
«Қазақстан Премьер-министрі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің басшысы су мәселесін талқылады» дегенде «Бұлар не шешті екен?» деп шаруалар елеңдесіп-ақ қалған. Алайда екі елдің премьерлері шаруаларды қуантарлық ештеңе айтпаған сыңайлы.
Сонда «су мәселесін талқылаған келелі жиында» судың жайы сөз болмаған ба?