15 Қаңтар 17:53
...

Ставкадан ұтты. Болат Өтемұратовтың мұрты НЕГЕ майланбақ?

Утемуратов
Фото: Фото: Nege.kz

Forte bank мажоритарлы акционері, олигарх Болат Өтемұратов 2023 жылдың қорытындысы бойынша өз банкінен рекордтық табыс алуы мүмкін. Себебі, 2023 жылы базалық ставка жоғары болды да, барлық банктер бұрын-соңды болмаған проценттік табыс көрсете бастады. Jusan, Халық, РБК сынды банк қожайындары мемлекеттік шектеуге қатысты дивиденд ала алмай отырғанда, Болат Өтемұратовқа ешқандай шектеу қойылмады.

Болат Өтемұратов – сөзсіз ең табысты олигарх. Ұлттық Банктің аудиттелмеген статистикасы бойынша 2023 жылдың 11 айында Форте банк 122,4 миллиард теңге таза кіріс көрсеткен. Банк өзі әзірге былтырғы үш тоқсан нәтижесін жариялап отыр. Онда 9 айдағы таза пайда 86,8 миллиард теңге деп берілген. Бұл 2022 жылғы 9 айдың нәтижесінен (78,9 млрд теңге) әлдеқайда артық. Біздің ойымызша, 2023 жылдың нәтижесінде Forte bank кемінде 130 миллиард теңге таза кіріс алады.

Форте
Фото: "Forte bank" АҚ 2023 жылдың 9 айындағы қаржылық көрсеткіштері

 

2023 жылдың аяғында Болат Өтемұратовтың қолында Форте банктің 81,82% акциясы болды. Ал 7,5 пайыз үлесті ол өзінің баласы Әлидар Өтемұратовқа берген еді. Сонда теория жүзінде, биыл Болат Өтемұратов банктен дивиденд түрінде 106,3 миллиард теңге шешіп ала алады. Ал Әлидарға 9,75 миллиард теңге тиіп тұр.

Бірақ былтыр Болат Өтемұратов Фортенің 2022 жылғы таза табысының тек жартысын ғана, яғни 40 миллиард теңгені дивиденд ретінде алған болатын. Қалғанын банктің өзіне қалдырды. Биыл да, барлық табысты өңгеріп кетеді дей алмаймыз. Біздің есебімізше, шамамен 80 миллиард теңге алып, 20 миллиардты банкке қалдыруы мүмкін.

Тима

 

Болат Өтемұратовқа Jusan bank акционері Ғалымжан Есенов, Bank RBK акционері Владислав Ким, Халық банк акционерлері Тимур мен Динара Құлыбаевтар қызыға қарап отыр. Себебі олар мемлекет берген ақшаны қайтармайынша өз банктерінен дивидендті толық шеше алмайды. Сол үшін де «Жаңа Қазақстанға» жыны келіп жүр.

Болат Өтемұратовтың банкіне де кезінде мемлекет қолдау көрсеткен болатын. Тек ол көмек «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жүргендіктен, таза мемлекеттік деп саналмады. Өтемұратов Самұрық-Қазына қоры алдында өзі дербес жауап береді.

Негізі, 2014 жылы ол көмекті атышулы «Альянс банк» алған. Артынан ол Болат Өтемұратовтың қолына өтіп, Темірбанкпен бірігіп, Forte деп аталды. Сол кезде банк 10 жылға 4% мөлшерлемемен 220 миллиард теңге қаржы тартты. Демек, биыл Болат Өтемұратов мемлекет алдындағы барлық қарыздарынан құтылуы тиіс.