«Қола дәуірі»: Токио Олимпиадасының айтылмаған жыры

Бұл мақаланы Олимпиада біткен күні-ақ жазуға болар еді. Бірақ, көппен таласып, бір айтқанды қайталағымыз келмеді. Осылайша назардан тыс қалған жайттарды тарқатуға, сараптауға мүмкіндік туып отыр.
Қазақстан үшін Токио Олимпиадасы 15 миллиард теңгеге түсті. Риодағы жазғы Олимпиада ойындарына небәрі 6-7 млрд теңге жұмсалған-ды. Ақша табылып, әлі талай жүлде алармыз, бірақ, осы жолы кеткен есе мен абыройдың салмағы кімнің мойнында?!
Фото: REUTERS
Олимпиадаға дейін Белорусия президенті Александр Лукашенконың айтқандары желіде жиі талқыланды. Спорт саласындағы жауапты мамандарға жекіп: «Егер турист секілді барып келсеңдер, аямаймын. Бәрің түгел қызметтен кетесіңдер. Сол үшін Олимпиадаға бару-бармау керегін жақсылап ойланыңдар. Алтын алмасаңдар елге қайтып келмеңдер. Бұл сөзді Мемлекет басшысы ретінде айтып отырмын», – деген-ді.
Абырой болғанда Белорусь қоржынына бір алтын түсті. Әйтпесе «Батька» үшін сын болғалы тұрған-ды. Кейде біздің елдегі сала мамандарына да осылай ауыр-ауыр сөйлеп, қатаң тапсырма берілсе дейсің.
Бақаның бағы сұңқардың сорынан артық па?
Әлемді қайдам, әйтеуір, «Қазақстандағы спорт саласының төңірегінде көлеңкелі істер баршылық» дегенді жиі естиміз. Олай болмаған күннің өзінде Токиодағы аяқ алысымызға қарап реформа керек екенін кім де болса түсінеді. Реформаны неден бастаймыз? Ең әуелі, қай салада болсын қара басының қамын күйттеп жүргендерден құтылу керек.
Біз айтып отырған спорттан мысал етіп алайық. Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай ел чемпионатын ұтып алса да, Олимпиадаға жолдама ойнатылатын халықаралық жарысқа үшінші нөмірлі спортшы барғанын айтқан еді. Назымнан жеңілген боксшымыздан не үміт, не қайыр? Ол жолдама ойнатылған сайысқа барып, жеңіліп қайтқан.
Фото: olympic.kz
Спорт төңірегіндегі менеджерлер магниттің кері қатынасы іспетті неге өздерін қинап әлек? Қазақстанда талай әлем, олимпиада чемпиондарына дес бермес спортшылар бағаланбай жүргенін бәріміздің ішіміз сезеді. Бақаның бағы үшін сұңқарды сорлатып қойып не ұтпақпыз?
Бұл бір ғана бокс, спорт төңірегінде болып жатқан жайт емес тіршіліктің қай саласы болсын көзсіз батырлықтың зардабын тартып отыр. Олимпиадаға баратындар қатарында іштей Қазақстанда №1 емес екенін сезсе де, сәттілікке сеніп, «жеңіп кетсем абыройым асқақтайды» деп жолдаманы алу үшін «тер» төгетіндер бар. Физикалық дайындығы жетпей жатса аға жағалап, дегеніне жетеді. Олар ағаларының сөзі Олимпиада комитетіне де өтеді деп ойласа керек, ел абыройын, намысын қорықпай бәйгеге тігеді. Шын туайтына келгенде ел намысын аяқасты етуден қорықпайтындардан қорқу керек.
Қазақ намысы сынға түскен осындай бәсекеде туымызды жықпай жанкештілік танытар талай спортшы, маман баршылық. Бұрынғылар «ел іші – өнер кеніші» деп текке айтқан жоқ қой. Бізге қалғаны – талантты тауып, танып, оларға мүмкіндік жарату.
Президент НЕГЕ екі сөйледі? Немесе Тоқаетың көрегендігі
Осы Олимпиадада Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шынайы һәм шексіз қуанышына куә болдық. Тікелей эфирде премьер-министрдің орынбасары есеп беріп жатқанда оны тоқтатып қойып: «Жаңа Өзбекстан Токио Олимпиадасындағы екінші алтын медалін алды. Барлықтарыңызды құттықтаймын. Бұл бізге күш-құдырет береді», – деп жақсы жаңалықты жеткізді. Айтпақшы, оңтүстіктегі көршілеріміз үш алтын, екі қола жүлдемен командалық есепте 32-орын алды.
Біз де Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының твиттердегі парақшасына алаңдаумен болдық. Алтын алып жатсақ, Мемлекет басшысы қуанышын солай жеткізер деп күтіп жүргенде Олимпиада аяқталды.
Фото: akorda.kz
Президент ертесі күні «Ұлттық құрамның Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет» деп жазды. Ақорда басшысының осы жазбасынан кейін жауапты мамандар кеш те болса қозғала бастағандай.
Негізгі айтпағымыз – Қасым-Жомарт Кемелұлының көрегендігі. Президент 2019 жылы халыққа жолдауында: «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», – деді. Жолдау сол жылдан жүзеге асырыла бастағанда Токио етегінде емес, төрінде жүруіміз әбден мүмкін-ді. Президентті екі рет сөйлеткендердің не ойлап жүргені түсініксіз.
Реформаның «көкесі» – бәс!
Боксшы Абылайхан Жүсіпов екі бірдей олимпиадаға барып, жүлдесіз қайтты. Бокстан Ұлттық құрама Азия біріншілігінде де, Олимпиада ойындарында да сәтті өнер көрсете алмады. Министр Ақтоты Райымқұлова әлеуетін көрсете алмай келеді. Біздіңше, әр қателіктің бір беделі болуы керек. Әйтпесе кеңге салынған арқа шалқа түсіп, шалқалап жатқандар терең ұйқыға кетпей ме?
Сырт көз сыншы десек, жұрт бәрін көріп отырғаны белгілі. Біздің «бәс» деп отырғанымызды қарапайым тілмен түсіндірейін.
Мектеп мұғалімі емтиханда оқушының дұрыс шығарған есебіне – 5, қате шығарса 2 деген баға қоймай ма?! Бізде сол бес бар, екі жоқтың қасы. Емтиханнан 2 алған оқушы сыныптан-сыныпқа көшпейді. Олимпиадан жүлдесіз қайтқан боксшы, оны жаттықтырған бапкер тағы Олимпиадаға баруға, басқа байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға қаншалықты лайықты? Әлде жалғыз адамнан басқа ешкім жоқ па? Министрдің өзі басқаратын саланы ілгерілетуге қарымы жетпесе оны қалай тиімді министр дейміз? Көкейде жауапсыз сұрақ көп. Сол үшін реформаны бәстен басталық.
Ошақтүйеден қашан түсеміз?
Мирзиёев секілді қуану үшін спортшыларға, басшылыққа Батька сияқты талап қою керек сияқты. Егер, байрақты бәсекеге жолдама алған спортшы елдің туын жығып алса, ондай жарыстарға екінші рет бару мүмкіндігінен айырылғаны дұрыс. Яғни, спорттық мансабын сол жарыс үшін бәске тігеді. Сонда шын мықты топтан суырылып шығар еді.
Әр спорттағы құраманың бас бапкері еш жүлдесіз қайтып келмесі үшін қызметтік орнын бәске қойса, спортшылар үшін барын салар еді.
Министр де өз кезегінде нәтижесіз атқарылған шаруалардың беделі ретінде қызметін бәске тіксе, құба құп. Әңгіме әлқиссасы Токио Олимпиадасы болғасын ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы айналып, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сәпиевті аттап кете алмаймыз.
Фото: Серік Сәпиев
Сәпиев – талантты боксшы, үздік спортшы, бірақ, Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқаратындай білікті менеджер емес. Бұл – қызғаныштан емес, қазақ спортына жанашырлықтан айтылған сын. Сонау 1994 жылдан, 11 жасынан бастап былғары қолғаппен жекпе-жек өнерін үйренген азамат бокстан ұлттық құраманы басқаруға әбден лайықты. Және қазақ боксын алға сүйрейтіні сөзсіз. Бірақ, түгел қазақ спортын емес.
Тіпті, бұл сынды министр Ақтоты ханымға да қарата айтуға болады. Әлемдік аренада мойындалған, бағаланатын музыкант һәм композитор шығар, бірақ, Спорт және мәдениет министрлігінің көсегесін көгертеді дегенге енді сену қиын.
Фото: Ақтоты Райымқұлова
Біздіңше, Ақтоты Райымқұлованың өзі де бұған сенуден қалып барады. Жуық арада орнын босатып жатса, таңқалмаймыз. Осындай қатаң шаралар қабылданғанда ғана қазақ әр салада елдің қатарында жүреді. Әйтпесе, қайтқан көштің соңынан жүрген ошақтүйе іспетті қалыптан шыға алмаспыз.
P.S: Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындары ел спортына жаңаша серпін береді деп сенеміз. Қазақстан осы уақытқа дейін 11 спорттан Олимпиаданың 72 медалін еншілепті. Оның 15-і – алтын, қоржында 21 күміс, 36 қола бар екен. Биыл қоржын қолаға толғасын жанкүйерлер көңілі күпті. Біраз уақытты талап ететін мәдениет пен спортты екі министрлікке бөлу тақырыбы да күн тәртібінде тұрған мәселе екенін еске саламыз. Қорыта айтқанда, қазақ спортына жеке басын емес елді ойлайтын патриоттар келуі керек