«Спиртті ішімдікке онша жоқ еді...» – Назарбаевтың Қонаевпен «тіресуі» мен «түсінісуі»
Қоғам арасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Дінмұхамед Қонаевтың арасындағы қарым-қатынас, екеуара туындаған дау жайлы талқы көп. Бірі тұңғыш президенттің сатқындығы жайлы айтса енді бірі билікке талас жайында сөз қылады. Ал шын мәнінде қазақ тарихындағы орны бар тұлғалардың арасы қандай болды және бұл төңіректегі пікірталас НЕГЕ сейілмей жатыр?
2023 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы шықты. Автор – экс-президент бұл кітапты өзінің мемуарлық туындысы деп атайды. Ал кітаптағы басты тақырыптардың бірі – Дінмұхамед Қонаевқа арналған тарау. Назарбаев бұл тарауға «Қонаевпен қарым-қатынас: Тіресу мен түсінісу» деген ат қойған.
Тараудың басында Назарбаев Қонаевты «тәуелсіздікке дейінгі тарихымыздың тегеурінді тұлғасы» деп сипаттайды. Кітапта екеуінің 1977 жылы жақырақ танысқаны айтылады.
«Қарағандыға келген бір сапарында Дінмұхамед Ахметұлы екеуіміздің үлкен өндіріс ортасынан шыққанымызға, мамандығымыз металлург екеніне, Орталық Қазақстанда еңбек еткенімізге назар аударған, жылы сөйлескен», – дейді ол естелігінде. Дегенмен Назарбаев «бұл мәселенің бір ғана жағы және негізгі жағы да емес» екенін атап өтеді.
Экс-президент сол жылдары өзін Қарағанды обкомының хатшысы, Орталық Комитеттің хатшысы, Үкімет басшысы қызметтеріне кандидатурасын Қонаев ұсынып келгенін жасырмайды. «Адамға қамқорлық жасау, кадрлардың жағдайын ойлау Димекеңнің айта жүретіндей абзал қасиеті еді» – деп еске алады ол.
Ол осы ретте Қонаевтың жеке қасиеттерін де сипаттап өтеді.
«Д.А.Қонаев жаны жайдары адам болатын. Халық музыкасын жақсы көретін. Нұрғиса Тілендиевтің әндерін, домбырамен күй тартқанын мақтағаны есімде. Дастарқан басында әдемі әзіл тыңдағанды ұнататын. Спиртті ішімдікке онша жоқ еді, бірақ қонақтарының жақсылап алып отырғанын қалайтын», – дейді Назарбаев естелігінде.
Автор алайда Біріншінің (Қонаев жайлы айтылып тұр – ред.) өзіне қатты сенуі оның айналасындағылардың қызғанышын тудырғанын және олардың өзі жайлы теріс пікірлер қалыптастыруға тырысқанын баса айтады.
Екеуара «тіресу» жайына тоқталған Назарбаев «жылдары бойы қордаланып келген құбылыстардың себебін ашуға менің тарапымнан жасалған әрекет Қонаев екеуіміздің арамызды бұрынғыдан да суыта берді» дейді.
«Бірінші басшының жеке басына тән қаситтері мен ар-намысына дақ түсіруге ешқандай да қатысы жоқ кез келген қадамның өзі оның беделін түсіру үшін қасақана жасалған зұлымдық әрекет есебінде бағаланды. Ақыры арамыз алшақтай бастады. Ұстазыммен ұстасуыма тура келді», – деп жазады Назарбаев.
Қонаевпен шиеленіскен қатынасын автор үшінші жақтан баяндап, Сергей Плехановтың «Жібектей есілген жол» атты кітабындағы үзіндіні келтіреді. Бұл үзіндіде «тағайындалғалы бері небәрі бір жарым жылдың ішінде Бірінші мен премьердің қарым-қатынасы мейлінше өзгергені, Қонаев көз алдына елестеткен айтқанынан шықпайтын үкімет басшысының орнына, іштегі кикілжіңді сыртқа шығаруға қабілетті адам келгені» айтылады. Сондай-ақ автор келтірген үзіндіде «республика басшылығында екі дербес ойыншының тұру мүмкіндігі» жайлы сөз болады.
Дегенмен Назарбаев «екі дербес басшы» жайлы пікірмен келіспейтінін білдіреді.
«...Өйткені республиканың басында Қонаевпен қатар, одан дербес тұру ойыма да кіріп-шықпаған», – деп түсіндіреді ол. Осы сәт 2019 жылы Қазақстандағы билік транзитінен кейін қоғам арасында айтылған пікірді еске салатындай.
Назарбаев сол жылдары өзінің бар ниеті «ортақ істі қолдан келгенше жақсарту, орын алған қиғаштықтарды бірге түзету» болғанына назар аудартқысы келеді.
«Өкінішке қарай, бұл ниетті Димекең билікке ұмтылуы әрекеті деп түсінді», – дейді ол.
Олардың ішкі тартысы Қазақстан Компартиясының ХVI съезінде шырқау шегіне жетеді. Назарбаев сол жиында сынға толы баяндамасын оқиды. Өнеркәсіп саласындағы тұралап қалған мәселелер мен орындалмаған тапсырмаларды айтып, соның бәріне республика басшылығын айыпты етеді.
«Амал жоқ, осылардың бәрін айтпасыма болмады. Баяндамаға бұлай етіп жазу жан ауыртатындай қиындыққа түскені рас. Өмір жолымдағы биік белестердің бәріне Димекеңнің әсері барын былай қойғанда, біз – қазақпыз, Шығыс адамдарымыз, бізде жасы үлкенге, құрметпен қарау – міндет, парыз. Сондықтан баяндамада Қонаевтың атына тікелей сын айтқан жоқпын. Еш жерде ол кісінің аты-жөні аталған жоқ. Дегенмен, республика басшысы бәріне де жауапты екені онсыз да белгілі», – дейді Назарбаев сол сәтті баяндап.
Экс-президент бұл баяндамасы арқылы өзінің «Қонаевтың ту сыртынан сын садағын қадамағанын» айтады. Ол мұның бәрін «Қонаевқа жаны ашығандықтан, елдің жақсы атын ойлағандықтан жасағанына» сендіргісі келеді.
Одан әрі баяндаған Назарбаев Қонаевтай тұлғамен қақтығысуға тура келуінің қиын болғанын және съезд өткен күннің ертеңінде-ақ қуғындауға түскенін жазады.
1986 жылдың желтоқсанында Назарбаев Қонаевтың зейнетке шығу жөнінде өтініш бергенін естиді. Сол сәттің қалай болғанын экс-президент былай баяндайды: «Сөйтсек кейін білдім, жағдай былай болған екен. Қонаев Назарбаевты Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметінен босату (мұны өзі шеше алмайды, Мәскеудің рұқсаты керек), егер реті болса шетелге жұмысқа ауыстыру жөніндегі ұсынысын айтып, М.С.Горбачевке кіреді. Ал ол болса, Қонаевтың өзінің үстінен Қазақстаннан арыз-шағым көп екенін, соның ішінде Орталық Комитеттің хатшылары келіп, Бірінші хатшының жұмысына көңілі толмаушылығын білдіргенін, қажет деп тапса, бәрін Кремльге шақырып, көзбе-көз сөйлесуге келісетінін айтады. Сонда Қонаев: «Қажет емес. Өзім кетемін» дейді».
Назарбаев ары қарай бұл сәтті баяндау үшін Д.А.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген кітабынан үзіндіні келтіреді. Онда Қонаев Горбачевтен «өзінің орнына кімді тағайындайтынын» сұрайды. Кітапта Горбачевтің «Ол мәселені шешуді бізге қалдырыңыз» деп жауап бергені айтылады. Назарбаев кітаптың орысша нұсқасында да осындай жауап болғанын атап өтеді.
Ал Горбачевтің «Жизнь и реформы» деген кітабында бұл әңгіменің өзгеше келтірілгені айтылады.
«Ізбасар адам туралы әңгіме болғанда Қонаев ешкімнің аты-жөнін атамайды. Оны айтасыз, Горбачевтің жазуы бойынша, Қонаев Қазақстан басшылығына орыс азаматын әкелуді ұсынады-мыс...
«Михаил Сергеевич, – деді ол, – қазір бұл орынға қоятын ешкім жоқ, әсіресе, жергілікті қазақтардан. Мұндай күрделі жағдайда бірінші хатшы қызметінде орыс болуы тиіс», – деп жазады Назарбаев Горбачевтің кітабынан үзінді келтіріп.
Назарбаев ары қарай Қонаевтың өзінің орнына Мәскеу кімді жібермек ойы бар екенін сұраумен ғана шектелгеніне назар аудартады. «Бұл мәселені шешуді бізге қалдырыңыз» деген сөз ләм-мим демей, кабинеттен шығып жүре бергені көрініп тұр» дейді.
«Бұл жайды түсіну өте қиын. Ақылды адамның жеме-жемге келгенде шамшылдыққа бой алдырғаны, жеке басының өкпесін жеңуге күші жетпегені қайран қалдырады. Орнына мені ұсынбайтыны белгілі. Өкпелі. Сонда Қазақстанды осынша жыл басқара отырып, бір лайықты азаматты тәрбилеп шықпағаны ма?», – дейді экс-президент.
Назарбаев тараудың соңында Қонаевтың Мәскеуден келіп, кабинетіне бюро мүшелерін жинаған сәтін жазады.
«...Не дер екен деп отырмыз. Сонда айтқаны: «Сендердің ешқайсысың менің орныма сайланбайсыңдар. Бірінші хатшылыққа ұлты орыс адам келеді». Осылай деді де үңіліп бізге қарады. Әсіресе маған үңіліңкіреп қарады. Әлде маған солай көрінді ме? Ақыры сол айтқаны келді. Мұның аяғы республикамызды басқаруға кездейсоқ адамның топ ете түсуіне, ұлттық намысымызға тиіп, сағымызды сындыруға әрекет жасауға соқтырды», – деген экс-президент бұл жағдай Желтоқсан оқиғасының басталуына сеп болғанына меңзейді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл кітабында оның Дінмұхамед Қонаевпен қалай «тірескені», бәрінің қалай басталғаны және соңы қалай аяқталғаны егжей-тегжейлі жазылады. Алайда тарау тақырыбына жазылған «түсінісу» жайлы соңында сөз етілмейді. Ол екеуінің немесе жеке Назарбаевтың қалай түсініскені жұмбақ күйінде қалғандай.
Ақберен Амангелді, журналист.