1 Желтоқсан 16:02
...

Сотты қандай жағдайда сыйлау керек? Сот алқасының төрағасы жауап берді

Фото:

Осыдан бір ай бұрын Мәжіліс залында депутат Еділ Жаңбыршин Жоғарғы сотты сынға алғанын айтқан едік. Ол «әділетсіз үкімнің құрбаны болған азаматтарды Жоғарғы соттың аппарат мүшелері емес, судьялары қабылдап, арыздарын тыңдауы керек» деген пікір айтты.

Оның сөзінше, арызы бар халықты судьялар қабылдамаса, аппарат қызметкерлері ештеңе шеше алмайды. Бұл тұста сот төрағалары тарапынан болатын заңсыздықтар туралы да сөз болды.

NEGE-ге берген сұхбатында Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік ШӘРІПОВ бұл мәселенің барлығын жоққа шығарды.

Фото: krg.sud.kz

– Айтыңызшы, халық пен Жоғарғы сот арасындағы алшақтық қандай деңгейде? Сот шешіміне разы болмай, әр өңірден келіп әділдік іздеп жүретін жұрт не істеуі керек?

– Сұрақтың төркіні қайда жатқанын түсіндім. Сізге нақты айтайын, істер процессуалды заң аясында қаралады. Шешім шығады, үкім шығады. Онымен келіспеген тарап ары қарай шағымдануға құқы бар. Тек процессуалдық жүйеде жүргізіледі бәрі.

Шағым апелляциялық, кассациялық тәртіпте қаралады, прокурор өз наразылығын білдіреді. Бұл норма заңда белгіленген. Осы тәртіптен тыс жерде судьяларға қатысушы тұлғаларды қабылдауға заңмен тыйым салынған.

Судьялар ешкімді жеке қабылдамайды. Ондай жағдайға бой бермейміз. Аппарат қызметкерлері ғана қабылдай алады. Бас прокуратураның алаңында арнайы азаматтарды қабылдау топтары құрылған.

– Депутат Еділ Жаңбыршин сіз айтып отырған норманы «Соттың өздеріне арнайылап жасап алған кодексі. Ол заңнан жоғары емес» деген пікір айтты. Онымен келіспейсіз бе сонда?

– Соттар арнайы кодекс жасамайды. Біз қазір Парламенттің қабырғасында тұрмыз. Сенат бар, Мәжіліс бар, депутаттар қабылдайтын заңдар бар. Оның барлығын орындауға міндеттіміз. Яғни, біздер де, сотқа қатысушы тараптар да. Сот төрелігіне байланысты төрағаға азаматтарды қабылдауға болмайды. Өйткені екі тарап бар ғой. Төраға бірінші тарапты қабылдаса, екінші тарапты да қабылдауға міндетті болады.

– Ал арыздарды алқалы түрде қарау ше?

– Олай да болмайды. Өйткені ол да соттың құрамы.

– Аудандық, облыстық судьялардың шешіміне сот төрағаларының араласу фактілері де жиі кездеседі екен. Бұл «судьялардың мәртебесін теңестіру» дегенге қайшы келмей ме?

– Ондай әңгімеден аулақ болу керек.

Өңірлердегі сот төрағаларында судьяға қысым жасайтындай ешқандай өкілеттілік жоқ. Судья қандай шешім қабылдаса да өзі біледі.

Ол істерді зерттеп, заңға сүйеніп, ішкі наныммен, яғни ар-ұятына сүйене отырып үкім шығарады. Оған төраға қысым жасап, «осындай бір адамды қолда» немесе «басқаша шешім шығар» дейтіндей мүмкіндік жоқ.

– Ал егер болған жағдайда ше?

– Ол кезде судья арызданады. Сіз өзіңізге қажет жауапты күтпеңіз. Мен заң бойынша айтып тұрмын. Заң талабы сондай.

– Жақсы. Ендеше, сұрақты басқаша қояйын. Сенатта өткен отырыста «Судьялар заңды бұзған жағдайда сот жюриіне жүгіну қажеттігі» туралы айтты. Бұл процесс қалай жүзеге асады?

– Егер судьялар істі қарау барысында, жұмыс барысында өрескел қателік жасаса, әдеп нормаларын бұзатын болса, оны сот жюриі қарауға құқылы. Сот жюриі Жоғарғы сот Кеңесінің құзырына өтіп кеткен. Жоғарғы сотта ол жоқ.

– Демек, ол Жоғарғы соттан кететін заң бұзушылықтарды да қарай ма?

– Иә. Ол ауданнан бастап Жоғарғы сотқа дейін.

–  Тәуелсіз ғой?

– Сот жюриі – тәуелсіз. Және ол бізге бағынбайды.

– «Алқабилердің сот процесіне қатысуы әлі дұрыс жүйеленбеген» деген сын айтылуда. Дегенмен олар қарайтын іс санаттары көбейіп жатыр.

– Бұл – халықтың сот төрелігіне қатысу құқығы кеңейеді деген сөз. Онда ешқандай қиындық жоқ. Ол жерде судья емес, 11 халық қалаулысы шешім қабылдайды. Ісі қаралып жатқан адамның кінәлі, кінәсіздігін, дәлелін бәрін өздері қарайды.

– Сіз айтқан 11 халық қалаулысын кім бекітеді?

– Алқабилерді ешкім арнайылап таңдамайды. Соттың сұранысына сәйкес арнайы тізімді жергілікті әкімшілік береді. Соның ішінен компьютер өзі таңдап алады. Оған адам факторы ешқандай әсер етпейді.

– Бұл, демек, азаматтардың еркінен тыс таңдалады ғой. KazGUU профессоры, заңгер Сара Идрышева осындай бір жайтты айтып берген. Бір студенттің анасына: «Сіз алқабиге мүше болдыңыз. Осындай күні сотқа қатысуыңыз керек. Әйтпесе әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз» деген хат келген екен. Бұл қалай сонда?

– Заң талабына сәйкес, компьютер таңдап, ол азамат алқабилер тізіміне енетін болса, сотқа қатысуға міндетті.

– Ал егер қатыспаса ше?

– Дәлелсіз себеппен қатыспай қалса, арнайы жауапкершілік көзделген. Өйткені оған сенім артылып отыр. Алқаби деген бостан-босқа жүрмеуі керек. Ол пайызға шаққанда судьяның айлығын алып отырады. Жай дүние емес қой бұл.

– Демек, алқабиді компьютер таңдайтын болса, азаматтардың келіспеуге де қақысы бар емес пе? Оларды еркінен тыс сотқа қатысуға мәжбүрлей ме?

– Егер адам қатыспаймын десе, соттың алдына келіп бас тартады. «Мен қатысамын, қатыспаймын» деп үйінде отырмайды.

– Ол кезде әкімшілік жазаға тартылмай ма?

– Әрине. Келу керек, сыйлау керек қой сотты...

Тегтер: