8 Қаңтар 17:21
...

Инфляция халықтың табысын жеп жатыр: ақшаны қайда сақтаған тиімді

NEGE
Фото: NEGE

2026 жылы қазақстандықтар жинаған қаражатын қалай сақтайтынын қазірден ойластырғаны жөн.

Астана, NEGE. Инфляция қарқыны біршама баяулағанымен, валюта бағамының құбылуы мен қаржы нарығындағы тұрақсыздық әлі де сақталып отыр. Мұндай жағдайда ақшаны бір ғана құралға салып қою немесе ойланбай шешім қабылдау елеулі тәуекелге әкелуі мүмкін. Осыған байланысты «қаржылық стратегияны қалай дұрыс құру керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл тақырыпты экономист Бағдат Ахметовамен талқыладық. 

— Бағдат ханым, биыл адамдарды «қалай көбірек табам?» дегеннен бөлек «қолдағы ақшаны қалай сақтаймын?» деген ой да мазалайды. Бұған не дейсіз?

— Инфляция күнделікті шығындарға тікелей әсер етіп, азаматтардың жиған-тергенін жеп қойып жатыр. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме ұзақ уақыт бойы төмендемей отыр. Бұл банктік депозиттердің пайызын жоғары ұстап тұрғанымен, қаржы нарықтарындағы тәуекелді де арттырады. Несие қымбат, инвестициялық белсенділік шектеулі, ал көптеген қаржы құралдарының болашағын болжау қиын.

Бұған қоса, әлемдегі геосаяси шиеленістер мен дамушы елдер валюталарының әлсіреуі сыртқы белгісіздікті күшейтіп отыр. Мұндай жағдайда кез келген күтпеген өзгеріс азаматтардың жинағына тікелей әсер етуі мүмкін. Сондықтан артық тәуекелге бармаған жөн. 

— Сонда қаржыны қайда сақтауға кеңес бересіз?

— Мен бұл сұраққа бір ғана құралды ұсынып, «осы ең дұрыс» деп айта алмаймын. Қазіргі экономикалық жағдайда әмбебап шешім жоқ, ал барлық қаражатты бір жерде сақтау үлкен қауіп тудырады. Сондықтан азаматтар ақшасын бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысын әртүрлі мақсатқа қызмет ететін құралдарда ұстауы қажет.

Мысалы, қаражаттың бір бөлігін теңгедегі жоғары пайызды депозиттерде сақтау тиімді. Қазір банктердің мөлшерлемелері 20 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл инфляцияны толық жаппаса да, оның әсерін азайтуға көмектеседі. Ең бастысы, депозиттегі 20 млн теңгеге дейінгі сома Ұлттық банк тарапынан кепілдендірілген. Яғни бұл қаражат қауіпсіз сақталады және қажет болған жағдайда қолжетімді.

Мұндай депозиттерді азаматтар «қауіпсіздік жастығы» ретінде қарастыруы тиіс. 

— Ranking.kz зерттеулеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай қазақстандық банктердегі халық салымдары рекордтық деңгейге жеткен. Жеке тұлғалардың депозиттері 22,67 трлн теңгені құрады. Бұл бір айдың ішінде 1,1 пайызға, ал бір жылда 17,8 пайызға артқанын көрсетеді. Қазақстанда депозитке сенім артатындар көп екені анық. Алайда барлық жинақты депозитке салудың қандай тәуекелі бар?

— Депозит – түсінікті әрі сенімді қаржы құралы. Оның табысы алдын ала белгілі, қысқа мерзімде қаражатты сақтауға қолайлы және белгілі бір деңгейде қаржылық тұрақтылық береді. Дегенмен оны шектен тыс идеализациялауға болмайды. 

Себебі депозит инфляцияның әсерін әрдайым толық өтей алмайды. Егер белгілі бір кезеңде инфляция деңгейі депозит бойынша мөлшерлемеден жоғары болса, азамат нақты табыс көрмейді. Қағаз жүзінде пайыз алғанымен, іс жүзінде ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді. Яғни жинақтың нақты құны сақталмайды.

Сондықтан депозитті қаржылық портфельдің бір бөлігі ретінде ғана қарастырған дұрыс. Ол күнделікті шығындарды өтеу, күтпеген жағдайларға дайын болу немесе қысқа мерзімді жоспарлар үшін тиімді. Ал ұзақ мерзімді мақсаттар, мысалы баспана алу, балалардың білімі немесе зейнетақыға дайындық сияқты маңызды жоспарлар инфляциядан қорғай алатын қаржы құралдары арқылы алдын ала ойластырылып, жүйелі түрде жоспарланғаны жөн. 

— Ұзақ мерзімді перспективада жылжымайтын мүлік қаншалықты тиімді актив саналады? Қазақстанда бұл құрал әлі де өз маңызын сақтап отыр ма?

— Жылжымайтын мүлік әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ және ұзақ мерзімде қаржыны сақтаудың тиімді құралдарының бірі болып қала береді. Тұрғын үй бағасы кейбір кезеңдерде өсім қарқынын баяулатқаны болмаса, ұзақ мерзімде айтарлықтай төмендеген емес. Оның басты артықшылығы – қандай жағдай болмасын, құнын жоғалтпайды. Яғни инфляция кезінде ақшаның құнсыздануынан қорғай алады.

Сонымен қатар жылжымайтын мүлік тек капиталды сақтау құралы ғана емес, қолайлы жағдайда тұрақты табыс көзіне де айналуы мүмкін. Дұрыс таңдалған нысан ұзақ уақыт бойы жалға беріліп, иесіне пассивті табыс әкеледі. Әрине, бұл салада да белгілі бір шығындар мен тәуекелдер бар. Салық төлеу, жөндеу жүргізу, кейде жалға алушының уақытша табылмауы сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Дегенмен ұзақ мерзімді көзқараспен қарасақ, бұл тәуекелдердің басым бөлігі шешуге болады.

— Қаржыны тек теңгеде сақтау қаншалықты орынды? Жалпы жинақты бір ғана валютада ұстауға бола ма?

— Қазіргі жағдайда ақшаны бір ғана валютада сақтау – тәуекелге барумен тең. Бұл әсіресе дамушы елдерге тән мәселе, өйткені олардың ұлттық валюталары сыртқы және ішкі факторларға қатты тәуелді болады. Валюталық нарықта құбылмалылық жоғары, ал кез келген экономикалық немесе геосаяси өзгеріс ұлттық валюта бағамына бірден әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда барлық жинақты бір валютада ұстау азаматтардың қаржылық тұрақтылығын әлсіретеді.

Егер азаматтар жинағын валютада сақтауды көздесе, қаражатты бірнеше валютаға бөліп ұстағаны дұрыс. Меніңше, теңге ең алдымен күнделікті шығындар мен ағымдағы міндеттерді өтеу үшін қажет. Сондай-ақ ол депозиттер арқылы қысқа мерзімді жинақтарды сақтау үшін қолайлы.

Ал жинақтың белгілі бір бөлігін АҚШ доллары мен еуро сияқты тұрақты валюталарда сақтау керек. 

— Инфляция кезінде жинақты сақтау үшін тағы қандай құралдар бар? Мүмкін, инвестор ретінде акция, облигацияларға бет бұру керек те шығар.

— Инфляциядан қорғанудың бір ғана әмбебап жолы жоқ екенін атап өткім келеді. Бұл жағдайда ең тиімді әрі іс жүзінде жұмыс істейтін тәсіл – әртараптандыру. Яғни барлық қаражатты бір ғана құралға немесе бір бағытқа салмай, оны бірнеше сегментке бөліп орналастыру қажет.

Иә, облигациялар мен ETF құралдары да капиталды қорғаудың тиімді тәсілі бола алады. Әсіресе индекс пен тауарлық ETF-тер инфляциялық қысым күшейген кезеңдерде салыстырмалы түрде тұрақтылығын көрсетіп жүр.

Қазақстан қор биржасы арқылы брокерлердің көмегімен инвестиция жасап, қаражаттың құнын сақтауға немесе табысты арттыруға мүмкіндік бар. Алайда инвестиция саласында тәжірибесі мен жеткілікті білімі жоқ, нарықты түсінбейтін азаматтарға жоғарыда атап өткен үйреншікті құралдарды пайдаланған жөн. Яғни депозит пен инвестицияны қатар пайдалану арқылы бір жағынан қаржыны қауіпсіз сақтауға, екінші жағынан оны құнсызданудан қорғауға болады.

— Қаржысын сақтауды енді ғана үйреніп жүрген адамдарға қандай кеңес берер едіңіз? 

— Көбісі бірден күрделі инвестициялық құралдарға кірісуге тырысады, бірақ бұл қате. Алғашында депозит арқылы жинақтауды үйренген дұрыс. Бұл қаржы тәртібін қалыптастырып, ақшаны жоспарлы түрде басқаруға көмектеседі. Тек содан кейін, жеткілікті тәжірибе мен түсінік пайда болған соң, инвестициялық құралдарға біртіндеп көшу қажет.

Қазақстанда KASE арқылы брокерлердің көмегімен шағын сомадан бастап инвестиция салуға болады. Бұл – жаңадан үйреніп жүрген азаматтар үшін қауіпсіз жол.

Ең бастысы, бірден үлкен табысқа ұмтылмай, тәжірибе жинауға және қаражатты сақтауға басымдық берген жөн. Себебі білімсіз қабылданған кез келген шешім, тіпті дұрыс таңдалған құралдың өзін де тиімсіз етіп жіберуі мүмкін. Сондықтан қаржыны сақтаудағы ең сенімді инвестиция – өз білімің мен қаржылық сауаттылығыңды үздіксіз арттыру.