3 Желтоқсан 12:23
...

Қазақстанда пәтер депозитінің нақты мөлшерін шектейтін арнайы заң жоқ

.
Фото: gov.kz

Қазір елімізде пәтерді жалға беру табыстың тиімді көзіне айналды. Сонымен қатар, пәтер жалдағанда қосымша депозит төлеу тәжірибесі де кең таралған. Тіпті кей жағдайларда депозит мөлшері пәтердің өз құнынан асып кететін жағдайлар кездеседі. Депозит бастапқыда тұрғын үйге залал келмеуін қамтамасыз ету үшін алынғанымен, кейде оны қайтару мүмкін емес. Осы мәселеге қатысты Nege.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.

Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, Қазақстанда жалға берілетін пәтерге депозиттің нақты мөлшерін шектейтін арнайы заң жоқ. Депозит – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстегі «кепілдік жарна» сияқты құралдардың бір түрі, яғни тараптар өзара келісім арқылы белгілейтін шарт. Сондықтан бәрі шартта не жазылғанына және оның қаншалықты әділ әрі дәлелді екеніне байланысты.

«Заң тұрғысынан алғанда: «депозит пәлен пайыздан аспауы тиіс» деген норма жоқ. Азаматтық кодекстің 380-бабында «шарт еркіндігі» қағидасы бойынша, тараптар шарттың кез келген мәтінін заңға қайшы келмейтін түрде өз қалауларынша жасай алады. Егер екітарап келіссе, депозиттің бір айлық жалдау ақысымен тең болуы заңға қайшы емес. Нарықта да қалыптасқан тәжірибеде де көбіне депозит бір айлық жалдау ақысына тең болып келеді», – дейді заңгер.

Депозиттің «әділ» көлемі қандай болуы керек?

Астана қаласының жылжымайтын мүлік агенті Ирина Климованың айтуынша, депозиттің көлемі нарықтағы стандарттарға сай болуы тиіс.

«Егер үй иесі жалға алушыдан депозит алатын болса, онда ол жалдау шартын әділет органдарында (юстицияда) тіркеп, пәтерді ресми түрде жалға беруге міндетті деп ойлаймын. Ресми тіркелген жағдайда ғана барлық төлемдер заңды күшіне ие болады. Ал депозиттің мөлшері нарықтағы қалыпты тәжірибеге сәйкес болуы тиіс, яғни бір айлық жалдау ақысына тең болуы керек», – дейді ол.

Мерзім біткенде пәтердің бүлінбеуін кім және қалай тексеруі тиіс?

Ирина Климованың сөзінше, жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін пәтердің жағдайын пәтер иесі қабылдап, бағалайды.

«Бұл бағалау пәтерді тапсыру кезінде жасалған видеофиксация материалдарына сүйеніп жүргізіледі. Арнайы маманның қатысуы міндетті емес, дегенмен әртүрлі жағдайлар туындауы мүмкін болғандықтан, риелторлар процеске қатысып отырады. Сол арқылы екі тараптың да мүддесін қорғауға мүмкіндік береді».

Сол үшін де мамандар егерде жағдай ушығып сотқа дейін жетсе, сізді құтқаратын осындай фото, видеолар екенін жиі айтады.

Депозит қайтарылмайтын жағдайлар қандай?

Заңгердің айтуынша, бұл жерде бәрі келісімшартта қалай жазылғанына байланысты, бірақ әдетте мына жағдайларда депозит қайтарылмайды.

  • Үйді жалға алмас бұрын келісімшартта: «Жалға алушы шартты мерзімінен бұзса, депозит қайтарылмайды» деген тармақ болады. Бұл үй иесінің «жалға алушыны жоғалту» тәуекелін жабу үшін қолданылады.
  • Жалға алушының қарызы бар болса, мысалы төленбеген жалдау ақысы немесе коммуналдық төлемдер бойынша қарыздар депозит есебінен жабылады. Қарыз депозиттен аз болса, қалған сома қайтарылуы тиіс.
  • Қалыпты тозудан тыс нақты зақым келтірілген жағдайда, айталық, бүкіл диван жыртылып, техника істен шығып, есік-терезе бұзылса, үй иесі залал сомасын есептеп, сол мөлшердегі соманы депозиттен ұстай алады. Ал егер депозиттегі сомадан көп болса, үстінен тағы талап ету құқығы бар.