Референдум Референдум
2 Наурыз 10:14
...

Темір торға тоғытылған бозбала: балалар қылмысына не себеп?

.
Фото: Nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Атырау облыстарында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар жиі тіркеледі. Бұл туралы Бас прокуратура редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Референдум

Астана, NEGE. Қоғамды дүр сілкіндірген Шымкенттегі оқиға әлі де ел есінде. Былтыр тамызда 26 жастағы әйелдің мәйіті қоқыс маңынан табылған. Тергеу нәтижесінде, күдікті 17 жастағы жасөспірім екені анықталды. Полиция ақпарынша, жасөспірім Диана Оңғарбаеваны үй тазалауға шақырып, желке тұсынан 10 рет пышақтаған. Марқұмның денесі қоқыс маңында 10 күн бойы жатып, аула тазалаушылары тапқан. Айыптау актісінде мәйітпен жыныстық қатынасқа түскені көрсетілген еді, алайда күдікті бұл сөзінен айнып, кінәсін мойындамады. Сондықтан сотта бұл бап айыптаудан алынып тасталды. Жуырда апелляциялық сот үкімді қайта қарап, жаза мерзімін 8 жыл 6 айға дейін ұзартты.

Айтпағымыз, бұл – жаға ұстатар қылмыстардың бірі ғана. Өйткені соңғы жылдары қоғамды селт еткізген жасөспірімдер қылмысы туралы ақпарат жиілей түсті.

Осыған байланысты редакция Бас прокуратураға ресми сауал жолдап, статистикалық мәлімет алды. 

Ведомство дерегінше, соңғы бес жылда жасөспірімдер жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай артқан. 2021 жылы 1 515 дерек тіркелсе, 2022 жылы – 1 581, 2023 жылы – 1 823, 2024 жылы – 1 950, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 544-ке жеткен.

2025 жылы тіркелген 2 544 құқық бұзушылықтың 254-і – теріс қылық болса, 2 290-ы – қылмыс санатына жатады.

Құқық бұзушылықтардың 52,9 пайызы (1 347) меншікке қарсы жасалған. Олардың қатарында  ұсақ-түйек жымқыру, ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық, қорқытып алу, сондай-ақ автокөлікті немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иелену фактілері бар.

Ал 25 пайызы – жеке адамға қарсы жасалған қылмыстарға. Бұл санатқа ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян келтіру, сондай-ақ адам өлтіру деректері кіреді.

Өткен жылы 753 кәмелетке толмаған жасөспірім сотталған. Оның 119-ы – 14–15 жас аралығында, 634-і – 16–18 жас аралығындағы жастар.

Қылмыстың ауырлығына қарай бөлгенде, 52 іс – онша ауыр емес, 113-і – орташа ауырлықтағы, 502-сі – ауыр, 46-сы – аса ауыр санатқа жатады.

168 жасөспірімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Өзге өңірлермен салыстырғанда Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Түркістан, Атырау облыстарында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар жиі тіркеледі.

Полиция есебінде 4 мыңнан астам жасөспірім тұр

Бүгінде Қазақстанда 4 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала полиция есебінде тұр. ІІМ мәліметінше, есепке алынғандардың басым бөлігі қараусыз қалу, яғни үйден жүйелі түрде қашып кету, мектепке себепсіз бармау, сондай-ақ бұзақылық, төбелес, ұрлық секілді құқықбұзушылықтар үшін тіркелген.

«Құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Ай сайын “Жасөспірім”, “Қауіпсіз балалық шақ”, “Түнгі қаладағы балалар” секілді жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі», – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Министрлік талдауына сәйкес, жасөспірімдер тарапынан құқықбұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі – тәрбиедегі кемшіліктер мен құқыққа қарсы мінез-құлыққа итермелейтін жағдайларды дер кезінде жойылмауы. Осы ретте педагогтар мен мектеп психологтарының рөлі ерекше екенін атап өтті.

Есепте тұрған бала саны мыңнан асса да, ІІМ соңғы 10 жылда полиция тізіміндегі жасөспірімдер саны 3 еседен астам азайды деп сендіреді.

Жалғыз колония: 60-тан астам жасөспірім жазасын өтеп жатыр

Ал, сотталғандарға келсек, кәмелетке толмағандарға арналған жалғыз колонияда бүгінде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 60-тан астам жасөспірім жазасын өтеп жатыр. ІІМ ҚАЖК-нің Алматы қаласы бойынша департаменті баспасөз қызметінің ақпарынша, олардың жасы 14 пен 18 аралығында.

Сотталғандар санының орта деңгейден аспауына жас ерекшелігіне байланысты ауыстыру тәртібі әсер етеді. 18 жасқа толған бозбалалар ересектер колониясына жіберіледі. Алайда соттың арнайы қаулысымен кейбірі 21 жасқа дейін осы мекемеде қалуы мүмкін. Егер осы жасқа дейін жаза мерзімі аяқталса, босатылады. Ал мерзімі бітпесе, ересектерге арналған колонияға ауыстырылады.

ЛА-155/6 мекемесі баспасөзінің ақпарынша, өткен жылдың соңында колония Түрксіб ауданындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бюджет қаражатынсыз салынған және 200 орынға есептелген.

«Мекеме халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Аумағында мектеп, колледж, спорт алаңдары, медициналық пункт, кітапхана, акт залы, оқу сыныптары мен өндірістік шеберханалар қарастырылған. Басты мақсат – тек жазаны өтеу емес, жасөспірімдерге білім мен мамандық беріп, қоғамға қайта бейімдеу», – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Мекеме өкілдері негізгі міндет – қайталама құқықбұзушылықтың алдын алып, сотталған жасөспірімдерге жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру екенін атап өтті.

Жасөспірім қылмысы: мәселе мінезде емес, ортада

Қоғамда резонанс тудырған әрбір жасөспірімге қатысты іс «қылмыс көбейді» деген пікірді күшейтеді. Алайда мамандар мәселені бір қырынан ғана бағалауға болмайтынын айтады. 

Психоаналитик Назым Ибрагимқызының пікірінше, резонансты істерді жалпылама тенденция ретінде қабылдау дұрыс емес.

«Қазір қылмыс күрт көбейді деп айту қиын. Бұрын да болған, тек ақпараттық алаңда көп шықпады. Ал, қазір түрлі әлеуметтік желілер, БАҚ көздері көп. Сондықтан қазір балалар жасаған қылмыс көп секілді көрінеді деп ойлаймын», — дейді маман.

Оның айтуынша, жасөспірім кезеңде эмоция алдыңғы орынға шығып, ал істің салдарын терең түсіну қабілеті әлі толық қалыптаса қоймайды. Егер осы кезеңде балада өзін-өзі бақылау мен жауапкершілік сезімі дұрыс дамымаса, оның ойланбай тәуекелге бару ықтималдығы жоғарылайды.

«Бұл ретте ата-ананың тәрбиесі шешуші рөл атқарады. Соңғы уақытта аналардың өз баласын аяусыз сабағаны туралы ақпараттар жиі жарияланып жүр. 

Осы тұста ең үлкен мәселе – баланың эмоционалдық күйі. Бала үшін алғашқы әлеуметтік орта әрі үлгі – отбасы. Үйдегі тұрақты жанжал, эмоциялық суықтық немесе керісінше, шектен тыс еркіндік те қауіпті. Шекара мен жылулық қатар болғанда ғана баланың өзін-өзі реттеу қабілеті дұрыс қалыптасады», – дейді Назым Ибрагимқызы.

Сарапшылардың пікірінше, жасөспірімдер қылмысын тек жеке мінез-құлық ерекшеліктерімен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл – отбасы тәрбиесі, әлеуметтік орта және бақылау жүйесіндегі олқылықтардың көрінісі. Әрбір оқиғаны жан-жақты, жеке қарастырған жағдайда ғана нақты әрі әділ қорытынды жасауға болады.

Референдум