Депутаттар портреті: «Популист» Жаңбыршин
Жаңа Конституция қабылданған жағдайда 1 шілдеден бастап қазіргі Парламент құрамы таратылмақ. Осыған орай NEGE қоғамда қызу талқыға түскен, аты жиі аталған депутаттар жайлы арнайы шолу жасауды жөн көрді. Алдымен болашақ Құрылтайдың вице-спикері атануы мүмкін деген мәжілісмен Еділ Жаңбыршиннен бастайық.
«Кетсең де, абыроймен кет»
Еділ Терекбайұлы депутат болғанға дейін атқарған ең ірі қызмет – Ақтау қаласының әкімі. Ол бұл лауазымға 2012 жылы Бауыржан Мұхамеджановтың тұсында тағайындалып, 2015 жылы Алик Айдарбаев әкім болған кезеңде қызметінен кетіп, бұның соңы үлкен дау-дамайға ұласты.
Жаңбыршиннің жұмысына қатысты тұрғындар мен белсенділер тарапынан сын аз айтылған жоқ, тексерістер де бірінің артынан бірі жүргізілді. Алайда әңгіменің түйіні сынға емес, қызметтен босатудың ресми себебіне келіп тірелді.
Құжат жүзінде әкім «өз еркімен, денсаулығына байланысты» қызметінен кетті делінді. Алайда көп ұзамай Жаңбыршин бұл шешімнің өз қалауымен болмағанын ашық айтып, өзін «керек болмай қалмағанда лақтырып тастай салған шүберекке» теңеді.
Ал inAktau басылымына берген сұхбатында ол өзін тынымсыз тексерістер арқылы қызметінен кетуге мәжбүрлегенін айтып, мұндай қысымның бұрынғы әкімдерге жасалмағанын жеткізді.
Өз кезегінде Алик Айдарбаев сол басылымға Жаңбыршин туралы «Кетсең де, абыроймен кету керек» деп мәлімдеген. Ол өңірде «қасиетті сиыр» жоқ екенін, яғни ешкімге ерекше жағдай жасалмайтынын атап өтті. Сонымен қатар Жаңбыршиннің басқарушылық әрі жеке қасиеттеріне күмән келтіріп, әсіресе кадр саясатын сынға алды.
Жаңбыршин жекеменшік секторда
Әкімдіктен даумен кеткен соң, Еділ Жаңбыршин 2015–2021 жылдар аралығында алты жыл бойы жеке секторда жұмыс істеді. Ресми өмірбаянында оның «Азия Техно Сервис» ЖШС директорының орынбасары болғаны жазылған.
Бұл деректі біз де қарап шықтық. Компания 2003 жылы тіркеліп, 2008 жылы қайта тіркеуден өткен. Содан бері Еділ Жаңбыршин компанияның құрылтайшысы ретінде көрсетіліп келеді, тек аты-жөні құжаттарда әрқалай жазылған.
Компанияның қызмет бағыты ауқымды. Атап айтқанда:
- арнайы жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
- жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы зерттеулер мен әзірлемелер;
- электрлік емес пештер мен жанарғыларды, сондай-ақ оларға қатысты құрылғыларды өндіру;
- арнайы біліктілікті талап ететін құрылыс жұмыстары;
- техникалық сынақтар мен талдау жүргізу.
Statsnet мәліметінше, компания осы уақыт аралығында 522,5 млн теңге салық төлеген. Болжамды жылдық табысы шамамен 1,4 млрд теңгені құрайды.

«Не надо кукарекать»
Еділ Жаңбыршин ашық саясатқа 2021 жылы оралды, бұл жолы Мәжіліс депутаты ретінде. Ол Парламентке Nur Otan партиясының тізімімен өтіп, қазір Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетті басқарады.
Осы шақырылымда ол ең көзге түскен, пікірталас тудырған депутаттардың біріне айналды. Жануарларды қорғаушылармен ашық текетіреске барды. Себебі ол панажайға түскен бұралқы иттерді бес күн ішінде ешкім алып кетпесе, өлтіруге рұқсат беретін норманы қолдап келеді. Депутаттың пікірінше, бұл бастамаға қарсы шығып, «жануарларды вакцинациялап, чип тақсақ жеткілікті» дейтіндер шетелдік гранттарды ақтап әлек.
Алайда Жаңбыршиннің есімі көбіне ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң жобасына байланысты аталды. Ол тек парламент мінберімен шектелмей, әлеуметтік желілерде де қарсыластарымен өткір айтысқа түсті. Facebook-тағы сондай жазбаларының бірі сотқа дейін жетті.
Қызу пікірталас үстінде ол: «Қалай өмір сүргің келсе, солай өмір сүр, бірақ оны қоғамға тықпалап, насихаттаудың қажеті жоқ. Не надо кукарекать об этом (сайрамаңыздар). Сендер – адамзаттың масқарасысыңдар», – деп жазған.

Жаңбыршиннің амбициясы артып жүр ме?
Осы және өзге де әрекеттері үшін Еділ Терекбайұлын жұрт паң, менменшіл деп сынайды. Ең қызу талқыланған сәттердің бірі Мәжіліс отырысында болды. Ол кезде депутат Air Astana компаниясының басшысы Питер Фостердің жымиғанына шүйлігіп, орнынан қатаң ескерту жасаған еді.
«Күлмеңіз! Бізді адамға құрлы санамайсыз ба? Біз ештеңе түсінбейтін Африканың аборигендері емеспіз! Бізбен ойнамаңыз, мазақ етпеңіз. Бұл – Парламент! Мұнда отырғандардың бәрі – халық сайлаған азаматтар», – деген болатын ол.
Видео әлеуметтік желіде тез тарап, қызу пікірталас тудырды. Сарапшы Олжас Жораев депутатты «құзыретсіз популизмге» және «байшыл мінезге» барды деп санайды.
Ұқсас жағдай жуырда да қайталанды. Жаңбыршин мұнай компаниясының басшысын көпшілік алдында сынап, оны үлгерімі нашар оқушыға теңеді.
Журналист Ботагөз Айтпаеваның пікірінше, мұндай қатаң стиль – алдын ала ойластырылған қоғамдық имидждің бір бөлігі. Оның айтуынша, депутат «қауіпсіз нысанаға» келгенде эмоциясын ашық көрсетіп, батыл сөйлейді, ал анағұрлым сезімтал тақырыптарда әлдеқайда байыптырақ әрекет етеді.
Жаңбыршиннің Құрылтай вице-спикері болуы мүмкін деген әңгімелер аясында оның мұндай әрекеттері халық алдында ұпай жинауға бағытталғандай әсер қалдырады. Яғни ол өзін «қатқыл мінезді саясаткер» ретінде танытқысы келетіндей көрінеді.