9 Желтоқсан 10:36
...

Рубльге тәуелділік: теңгенің бағамын көрші ел анықтап отыр

Pixabay.com
Фото: Pixabay.com

Сарапшылар теңгенің нығаю себептері мен салдары туралы сауалдарға жауап берді. 

Астана, NEGE. ​Қазан айынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін нығайды. Ұлттық банк мұны сыртқы жағдайдың жақсаруы және инвесторлар сенімінің артуымен түсіндіреді. Сондай-ақ теңгенің нығаюын мұнайдың баррелі 60 доллардан сатылуымен және АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеменің төмендеуімен байланыстырып отыр. Теориялық тұрғыда бұл импорт бағасының өсуін тежеп, инфляцияның бәсеңдеуіне әсер етуі тиіс.

Nege.kz бұл өзгерістің нақты себептерін анықтау үшін қаржылық кеңесші Арман Байғановпен және халықаралық экономист Абай Кенжебаймен тілдесті.

«РУБЛЬ, ДОЛЛАР ЖӘНЕ ІШКІ МОНЕТАРЛЫҚ САЯСАТ ӘСЕР ЕТТІ»

Қаржылық кеңесші Арман Байғановтың айтуынша, теңгенің нығаюына әсер еткен екі басты сыртқы фактор бар. Біріншісі – рубльдің нығаюы, екіншісі – доллардың жалпы арзандауы.

Арман қаржыгер
nege.kz

— Соңғы аптада теңгенің долларға қатысты күшеюінің негізгі себептері қандай?

— Бұл – бір ғана фактордың емес, бірнеше ықпалдың тоғысуы. Алдымен рубльдің күшеюін атап өту керек. Соңғы айда рубль 5% шамасында нығайды, мұның теңгеге әсері айтарлықтай, себебі екі ел арасындағы сауда көлемі өте үлкен.

Ал америкалық доллар соңғы бір айда негізгі әлем валюталарына қатысты шамамен 1% әлсіреді. Осы екі фактор теңгенің нығаюына әсер етті.

— Ішкі нарықтағы факторлар қаншалықты рөл ойнады?

Ішкі фактор да бар. Бұл базалық мөлшерлеменің жоғарылауы. Базалық мөлшерлеме жоғары болса, ұлттық валюта әдетте нығаяды. Себебі айналымдағы ақша көлемі азаяды. Банктер қысқа мерзімді ноталарды жоғары пайызбен сатып алады. Пайыздар 17-18 болғанда нарықта ақша азаяды, инфляция да төмендейді.

Бұдан бөлек, жыл соңында жер қойнауын пайдаланушылар мен экспорттаушылар салықтарды төлей бастайды. Экспорттаушылардың табысы доллармен түседі, ал салық төлеу үшін олар долларын теңгеге айырбастайды. Яғни нарықта доллар көбейіп, бұл теңгенің нығаюына әсер етеді.

— Геосаяси ахуал да жиі аталады. Оның ықпалы қандай?

Қазір Ресей, Украина және АҚШ арасында келіссөздер жүріп жатыр. Әскери қақтығыстың біртіндеп тоқтап, бейбіт келісімге келу ықтималдығы бар. Егер соғыс аяқталса, рубль нығаяды, соған сәйкес теңге де күшеюі мүмкін. Бұл факторды елемеуге болмайды.

— Мұнай бағасының қазіргі динамикасы туралы не айтар едіңіз?

— Қазіргі жағдай мұнай бағасының өсуіне қолайлы емес. АҚШ-та мұнай мен мұнай өнімдерінің қоры соңғы кезде артты. Бұл мұнай бағасына қысым түсіреді. Сонымен қатар, егер Ресей мен Украина арасында келісім жасалса, бұл да болашақта мұнай бағасына әсер етуі мүмкін.

— Доллардың арзандауы біздің экономикаға қалай әсер етеді?

— Қазақстан импортқа тәуелді ел болғандықтан, доллардың әлсіреуі ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежейді. Бұл – инфляцияға жағымды фактор.

Бірақ рубль күшейген жағдайда Ресейден келетін тауарлар қымбаттайды. Бұл ішкі инфляцияны жылдамдатады. Сондықтан теңге үшін ең тиімді сценарий – доллар арзандап, ал рубль шамадан тыс өсіп кетпейтін деңгейде қалуы.

«ТЕҢГЕ ӨЗ ТАБИҒИ ДИАПАЗОНЫНЫНА ҚАЙТА ОРАЛАДЫ»

Ал халықаралық экономист Абай Кенжебайдың айтуынша, теңгенің қазіргі нығаюы ұзаққа созылмайтын уақытша құбылыс болуы мүмкін. Валюта бағамы біраз уақыт тұрақталғанымен, кейін нарықтағы ішкі және сыртқы факторлардың әсерімен қайтадан өз тепе-тең деңгейіне оралады.

Абай экономист
nege.kz

— Теңгенің қазіргі нығаюына қандай факторлар әсер етіп отыр?

— Қазір салық маусымы басталды. Экспорттаушылардың төлемдері теңгеге деген сұранысты арттырып, бағамды уақытша қолдап тұр. Сонымен бірге Ұлттық банк те нарықтағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында интервенция жасап отырады.

— Қазақстанның рубльге тәуелділігі жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты маңызды фактор?

— Теңге бағамының рубльге тәуелділігі жоғары. Өзбекстан немесе Қырғызстан валюталары мұндай байланысты сезінбейді, себебі олардың ішкі қаржы жүйесі өздерінің механизмдері арқылы реттеледі. Қазақстанда, керісінше, рубль қозғалысы бірден көрініс береді.

— Мұнай нарығындағы ахуал теңгенің болашағына қалай әсер етуі мүмкін?

— Қазіргі кезде әлемдік нарықтағы мұнайибағасы төмендеуі мүмкін, себебі кейбір мемлекеттер, мысалы Латын Америкасындағы елдер, өз мұнай қорларын қайтадан нарыққа шығарып жатыр. Мұндай жағдайда мұнай бағасының шамамен 20-30% төмендеуі ықтимал.

— Алдағы айларда теңге бағамы қандай деңгейде болуы мүмкін?

— Қысқа мерзімде ауытқулар болады, бұл – қалыпты құбылыс. Бірақ теңге уақыт өте келе өз табиғи диапазонына оралады. Қазіргі 500 теңге деңгейі – уақытша. Орта мерзімді перспективада доллар бағамы 500-580 теңге шегінде тұрақтауы ықтимал.