21 Қаңтар 20:09
...

«Өмір сүру қиындап кетті» – Өнер қайраткерлері қымбатшылыққа қатысты билікті сынады

Қымбатшылық
Фото: almaty.tv

Картоп бағасының күрт өскені көпшіліктің көкейіне тағы қымбатшылық қыса түсе ме деген күдік ұялатуда. Осыған орай тілшіміз ел алдында жүрген өнерпаздарға шығып, жағдайын екшелеген еді. Той мен жиыннан жақсы табыс табады деген шоу-бизнес өкілдері бағаның өсе түскенін қалай қабылдады? Қымбатшылық қалталарын қағып жатыр ма?

Саят Медеуов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                                             Азық-түлік алған адам емеспін

Медеуов
esquire.kz

Шынымды айтсам, базарға барып, картобы бар, басқасы бар, азық-түлік алған адам емеспін. Дегенмен, қымбатшылық атаулының әншінің де, басқаның да қалтасын қағып жатқаны анық. Байлар күнін көре жатар, ал қарапайым халыққа өте обал болды. Өз басым өнер адамдары сұмдық бай деген пікірді құптамаймын. Бәлкім, жеке бизнес жасап көрмегеннен кейін мал табудың жайын онша түсінбейтін болармын. Қазір тіпті жейтін тамағын несиеге алатын да жандар бар. Бұл жақсылық әкелмейді.

Содан кейінгі бір мәселе, аста-төк той жасаудың тоқтату қажет деп қалтасы қалыңдарды сөгіп жатады. Бұл жерде таяқтың екі ұшы бар сияқты, тойдың да қайыры бар. Мысалы, егер ақшасы бар адам той жасамаса, тойхана қызметкерлері айлықты қайдан алады?! Базарда азық-түлік пен шапан сатып отырған жұрттың саудасы қайдан жүреді. Осы жағын да ойлау қажет.

Баяғыда шығыс өңірінде бір бай-манап туып-өскен ауылында ұлан-асыр той жасапты. Сонда туған жерінің жолын жасатып, жүлдеге пәленше көлік, пәленбай тоңазытқыш сынды дүниелер таратыпты. Былайғы уақытта ол кісіден сол қаражаты сұрап ала аламыз ба, жоқ. Содықтан бар адам той жасаса, тигізер септігі бар секілді. Мәселен, ковид кезінде той емес, өлім болды. Сондықтан қай уақытта да тек қуаныш болсын деп тілейік.

Рүстем Қайыртайұлы, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», ақын:

                                      Бала-шағамды қалай асыраймын деп уайымдап жүрмін

Қ
turaninfo.kz

– Базар бағасына қарап, бала-шағам ды қалай асыраймыз деп уайымдап жүргеніміз рас. Қасқыр көрген қой сияқты, болашаққа деген қорқыныш бар. Жаңа жылдан кейін жағдай оңала түсе ме деп едім, керісінше, дүкенге кірген сайын бағаның өсіп жатқанын аңғарамын. Кейде осы қымбатшылықты ауыздықтай алмай, осы күнге де зар болып қаламыз ба деп алаңдаймын. Басында баспанасы жоқ, жастардың жағдайы қалай болады деп ойлаймын. Себебі, алыс-жақын елдегі жағдайлар да біздің елдің экономикасына әсер етпей қоймайтыны анық.

Жеке өз басыма қатысты айтар болсам, қызметте болғандықтан алар айлығым, одан тыс беташарға барып табатын табысым бар. Соның өзінде көңіл күпті. Өнерде жүрген адамда жағдай бірде болса, бірде жоқ.

Мысалы, шыққан шығынды келген қонақтардан түсетін көрімдік ақтай ала ма деп алаңдаушылықпен жасайтын тойлар көп. Себебі соңынан қарызданып қалуы мүмкін. Үкімет білек сыбана іске кірісетін уақыт жетті.

Жеңіс Ысқақова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                                Картопты Америкадан алып отырған жоқпыз

Ы
stan.kz

– Картопты қымбаттатып жібергенін естігенде, таң болдым. Оны біз Америкадан алдырып отырған жоқпыз, ауылдың өнімі емес пе?! Мына тұрған Нарынқол сол картоптың отаны емес пе еді? Оның бағасын тұрақтандыруға не кедергі?

Бірде қыс басталғанда Талдықорғанға бардым. Жолдың бойында самсаған қант қызылшасы қар аралас жаңбырдың астында жатыр. Ал бірақ қант қымбат. Қара терін төгіп еккен диқан соны қара базарға шығара алмай отырғанын естігенде, жүрегім қарс айырылды. Бұл бізде жүйенің дұрыс емес екенін білдіреді.

Шаруалар тұтынатын жанар-жағармай да, техника да қымбат. Бұл әлбетте олардың өніміне әсер етпей қоймайды. Баға қоспаса, тағы шығынын өтей алмайды. Бәрі бір-бірімен байланысты дүние ғой. Салдарынан жүріс-тұрысымызға қажеттінің бәрі қымбаттап кетті. Көпшілік ойлайтын болар, әртістердің қағанағы қарық деп. Әртістің де туғаны мен туысы бар. Мысалы, менің іні-бауырларым да бір айлыққа қарап отыр. Күйеуім де, келінім де, сіңілім де барлығы – мұғалім. Алатындары 200-300 мың теңгенің айналасындағы жалақы ғана. Өзім Қазақконцертте істеймін. Ал концерт пен жиын-той да жиі бола бермейді. Бір айлыққа қарап, пәтерде тұрып жатқан жандар бала-шағасын қалай асырап отыр екен? Қиын-ақ.

Алтынбек Тәшімбетов, әнші:

                                          Пәтер жалдап тұратын қазақтардың қатарындамын

Т
Instagram//altynbek_tashimbetov

– Қымбаттамаған нәрсе қалмады ғой. Доллардың өсуіне, оның артынан іле-шала қымбатшылық басарына етіміз үйреніп қалғандай. Бізде азық-түлік бағасы өскенімен, жалақы мен зейнетақыға үстеме соңынан ғана қосылады. Бірақ өз басым, нанның бағасын өсіргенді құптаймын. Неге десеңіз, қоқыс жәшігінің жанында желінбей, шашылып жатқан нанды көргенде жүрегім ауырады. Сондықтан, мың теңге тұратын темекі мен нанның бағасын алмастырған жөн бе деймін. Осылай жасағанда ғана нанның қадірін білетін сияқтымыз.

Ал өз басымнан айтар болсам, мен пәтер жалдап тұратын қазақтардың қатарынан боламын. Біреудің қалтасына ай сайын пәленбай сома ақша төлейміз. Егер Үкімет ипотекаға берілетін үйлердің бағасын шарықтатпай, қолжетімді етсе, сол қаражат мемлекеттің қалтасына түсер еді.

Мысалы, жалға берілетін баспаналық бағдарламаға жасымыз сай келмейді. Мемлекеттік қызметте істемейтін болғандықтан, зейнетақы жинағыңыз жоқ деп, тағы талапқа сай келмейтінімізді алға тартады. Біз сияқты өз күнін өзі көріп жүргендерге баспанаға қол жеткізу өте қиын. Осы жағын реттесе, пәтерде жүрген халыққа да, саны көп үй соғып жатқан мемлекетке де септігі тиер еді. Үй кепілдікте тұрған соң ай сайынғы жарнасын өзіміз үшін төлейміз ғой. Бұдан ешкім ұтылмайды. Айта берсем, осындай сәйкессіздіктер көп.

Сембек Жұмағалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

                                         Көлігімізді оталдыруға қорқатын болдық

Ж
el.kz

– Өз қалтам көтереді, басқада шаруам жоқ деп марқайып отыратын емес қой. Әйелім базарға барып келген сайын азық-түліктің бағасы шарықтап жатқанын айтып келеді. Осыны ойласам, қара халықтың қысылатынына ішім удай ашиды.

Көп балалы аналар қайтіп күн көріп жүр екен, коммуналдық қызметтің ақысын төлей ме, әлде тамақ ала ма?! Қалай жеткізеді?

Енді Үкіметтегілер картопты экспортқа шығармаймыз дегенді айтып жатыр. Бірақ ол бағаны тұрақтандыра ала ма?! Ертең тағы не қымбаттайтынын бір Құдай біледі. «Штрафстан» да болып кеттік. Тіпті көлігімізді оталдыруға қорқатын болдық, артынан айыппұл кеп тұра ма деп. Бағаны бағамдамаса, өмір сүру өте қиындап кетті.