Түрме немесе айыппұл. Қыз алып қашу қылмыс па, әлде дәстүр ме?

Енді қыз алып қашқандар бас бостандығынан айырылады. Депутаттар Қылмыстық кодексті «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1 баппен толықтыруды ұсынды. Оған сәйкес, мәжбүрлі неке үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатын болады.
Егер алып қашу әрекеті кәмелеттік жасқа толмаған адамға жасалса, жаза күйшейтіле түспек. Ал ауыр зардаптар болса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайтыны айтылды. Осыған орай тілшіміз бірқатар мамандарға шығып, күшіне енетін жаңа заңның дұрыс әрі бұрыс жақтарын талқылап көрді.
Жалғас САПАРХАНОВА, құқық қорғаушы:
Заңды жұмсартқан жөн

– Қылмыстық кодексте «Адам ұрлау» деген 125-бап бұрыннан бар. Депутаттар соны талқылап, күшейте түсуді ойластырып жатыр. Мұны қолдаймын. Бірақ, келіспейтін тұстары да бар. Мәселен, қызды екіжақты келісім арқылы алып қашатын жағдай болады. Осындай кезде жеңілдік көрсетілетін тармақ енгізілсе.
Сонай-ақ қыз кәмелеттік жасқа толған әрі оның ар-намысына тиетін зорлық-зомбылық көрсетілмей, жәбірленуші тарап жігітке кешірім берген болса, онда ол азаматқа ескерту жасалып, жазадан босатқан жөн. Әйтпесе, салт-дәстүрге жүгінген қазақтың бәрі сотталып кетпей ме? Сондай-ақ қыз алып қашу бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеу тым қатаң жаза сияқты. Егер қыз кәмелетке толмай, қала берді оның қадір-қасиетіне тиетін жағдай болып, жәбірленуші тарап кешірім бермесе, онда әңгіме бір басқа.
Өз тәжірибемде полиция қызметкерлерінің пайдасына жұмыс істейтін қыздарды көрдім. Мысалы, қыз жігітпен жүріп, қалаберді өз ықтиярымен жыныстық қатынасқа түсіп жүреді де, аяқасты «зорлады» деп арыз түсіреді. Сөйтіп моральдық шығын есебінде миллиондап ақша талап етеді. Осындай алаяқтардың кесірінен 120-бап бойынша жігіт нақақтан-нақақ 20 жылға сотталып кете барды. Бұл да заңның осал тұсы деп ойлаймын. Себебі, сараптама нәтижесінде жігіттің шауқаты шықса болды, сол бойынша жазаға тартылады. Ал шынтуайтында ол қыз ақша жасау үшін немесе жігітпен ұрысып қалғанда кек алу мақсатында осындай айлаға баруы мүмкін. Мұндай істерді жан-жақты қарап барып, үкім шығару тиіс деп ойлаймын.
Бетпе-бет келген тағы бір жайтпен бөлісейін, әп-әйбат жүріп жүрген жұптардың арасында қыздың аяғы ауыр болып қалған жағдай болды. Бала 18-де, қыз 16-ға толмаған. Екеуі үйленуге оқталған болса да, қыз кәмелетке толмағандықтан, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсті деп 122-бап бойынша жігіт сотталып кетті. Шыққан соң екеуі қайта қосылды. Бірақ, өкінішке қарай, екеуінің бетінде таңба қалды. Мәселен, алда ер азаматқа жұмысқа тұру жағы қиындық тудырса, қызды ағайындары «ұлымызды соттаттың» деп айыптауы мүмкін. Арада өзара мәміле бар осындай мәселелерде заңды жұмсартқан жөн сияқты.
Алтай САБАНШИНОВ, той ұйымдастырушы:
Бір көргеннен бас салып ала қашатын көргенсіздік қазір жоқ

– Алып қашу бұрыннан келе жатқан салт қой. Бірақ қызды ешкім күштеп басып алып кетпейді, өзара келіскендіктен сонай қадамға барады. Мысалы, ұзату той жасап, жөн-жоралғымен жіберуге жағдайы жетпенген жандар қыздарына қашып кетуге өздері рұқсат беріп жатады. Ондайды да талай көзіміз көрді. Солардың дені тәп-тәуір отбасы, балалы-шағалы болып, бір әулеттің түтінін түзу түтетіп-ақ отыр.
Бір көргеннен бас салып ала қашатын көргенсіздік қазір жоқ. Бұрын қызға қыры жоқ жуас жігіттерге епті жолдастары араласып, қызды көндіріп, үйлендіріп жіберетін. Ондайлардың да қатардан қалмай, үйлі-баранды отбасы болып кеткеніне куә болдық.
Оңтүстікте қызды алып қашқаннан кейін «өз ықтиярыммен келдім» деген қолхат алады. Артынан келген қуғыншыларға соны табыстайды. Жөні сол ма деймін. Ал арыз жазып жіберсе, жағдай қиын болады. Өйткені заңды белшесінен басқандарға жұмыс істейтін алаяқ қыздар да бар. Алғашқыда жігітке келісім бергендей ишара танытады да, соңынан «еркімнен тыс алып қашты» деп жала жабуы әбден мүмкін. Айтпағым, мына заң күшіне енсе, оны өз мақсатына падаланатындар көбейіп кете ме деген қорқыныш бар.
Төреғали БАТЫРХАНОВ, психолог:
Ауызын ашса болды абьюзер деп айыптап шығады

– Қазір қыз алып қашуға қатысты заңды күшейткен-күшейтпегеннің пайдасы жоқ болып қалды. Мысалы менің алдыма осыдан 15-20 жыл бұрын ықтиярынсыз күйеуге шыққандықтан, етегі жасқа толған қыз-келіншектер көп кеңес сұрап келетін. Қазір ондайлар жоқ. Неге десеңіз, қазіргі қыздар ақылды, амбициясы да жоғары. Бірінші оқып білім алып, жұмыс жасап, шетел көріп, жеке дара жылжымайтын мүлікке қол жеткізген соң ғана тұрмысқа шығуды қалайды. Нәтижесінде отырып қалған қыз, үйленбеген бойдақтар саны артты. Сондықтан алып қашу ескіліктің белгісі болып қалды. Басы бос қыздарды қойып, тұрмыстағы әйелдердің өзі күйеуін ауызын ашса болды абьюзер деп айыптап шығады. Сондықтан мұндай заң салт-дәстүрді ұстанған қияңдағы қазаққа арналған ба деп ойлаймын.

Әлия Әкімжанова, құқық қорғаушы:
Алып қашу ескіліктің нышанындай көрінеді
– Жаңа заңның «адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды» деген тұсы екіұшты ойға қалдырады. Егер қызды еркінен тыс ұрлап кетсе, әрине, онда жігітті немесе оның жақтастарын жауапқа тартқан жөн. Ал егер қыз бен жігіт бір-бірін сүйіп, еріксіз осындай жағдайға барса, онда қалай болмақ?
Мәселен, әке-шешесі қызын беруге үзілді-кесілді қарсылық танытса, онда үйленуге оқталған азамат текке күйіп кетеді ғой. Себебі, қызының таңдауымен келіспейтін де адамдар бар. Жігіттің туған-туысын, шыққан жерін немесе тұрмыстық жағдайын менсінбей, «қызымды күштеп алып кетті» деп шағымданатындар бар. Ондай кезде қыздың ата-анасынан қорыққандықтан, еріксіз олардың ығына жығылуына тура келетін кез болады.
Дегенмен, адамды еркінен тыс ұрлап кетуді заңмен жазаға тартқанды дұрыс санаймын. Бұл ескіліктің нышанындай көрінеді. Өткенде алып қашып келе жатқан қыздың жол апаты салдарынан көз жұмғанын естіп, жағамды ұстадым. Егер жөнімен ұзатып алса, ондай апат болмас па еді. Көзінің қарашығындай бағып-қағып өсірген қызының қызығын көремін деп отырғанда одан айырылып қалғаны ата-ата үшін орыны толмас қайғы.