29 Тамыз 11:33
...

СЫРТҚЫ саясатта қандай ӨЗГЕРІС болады? Саясаттанушы сұрақтарымызға жауап берді

Фото:

Халықаралық ахуал ушығып тұр. Ресей мен Украина арасында қиян-кескі соғыс болып жатыр. Санкция, сауда соғысы орыс жерінде ғана емес, Тынық мұхитында да қылаң берді. Мұндай жағдайда еліміздің халықаралық және сыртқы саясаты қайта пысықталынатыны аян.

NEGE тілшісіне берген сұхбатында саясаттанушы Бөріхан НҰРМҰХАМЕД халықаралық саясаттағы үрдістер мен Қазақстанның сыртқы саясаты жөнінде пікір білдірді.

– Украина мен Ресей арасындағы соғыс Батыс пен солтүстік көршіміздің ат құйрығын кесісуге итермеледі. Мәскеуге бұрын-соңды тарихта болмаған экономикалық санкция салынды. Тынық Мұхит аймағында Қытай мен АҚШ арасында сауда соғысы жүріп жатыр. Көпвекторлы саясат ұстанып келген Қазақстанның сыртқы саясаты да тығырыққа тіреліп, біршама өзгерістер енгізуге тура келетіндей. Астана қандай қадамға барады?

– Иә, ғаламдық деңгейде турбуленттілік болып жатыр. Халықаралық қатынастардың керегесі шайқалып-ақ тұр. Қысқа мерзім ішінде үлкен өзгерістерді көрдік. Және бұл өзгерістер бір жақты емес, жан-жақты. Бүгін былай, ертең олай. Сондықтан «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» байыпты саясат ұстану қиынға соғады. Дейтұрғанмен, өзіміздің көпвекторлы саясаттан бас тартпай, әрмен қарай жалғастыра берген жөн. Бірақ жағдайға байланысты түзету жасауымыз да қажет.  

Өйткені, алдымызда күтпеген өзгеріс болуы ғажап емес. Мысалы, бір екі айдың ішінде Украина мен Ресей келіссөз жүргізіп, соғысты уақытша тоқтатуы мүмкін. Ұзақ мерзімді үрдісті қарайтын болсақ, Ресейдің күннен-күнге әлсірейтіні қазірдің өзінде айқын. Халықаралық оқшаулауға түседі.

Өткенде Сауд Арабиясында 42 мемлекет бас қосып, қауіпсіздікке байланысты кеңес өтті. Оған Ресейді шақырған жоқ. Бірақ Қытай келді. Украинаға байланысты көзқарасын айтты. Украинадағы соғысқа байланысты халықаралық қауымдастық ортақ байламға қол жеткізіп жатыр. Ресейдің әлсіреп, мақсатына жете алмайтыны мәлім болып тұр.

– Қазір Тұран идеясы туралы әңгіме жиі айтылып жүр. Орталық Азия елдерінің бірлігін қолдаушылардың қарасы көп. Десе де, соңғы кездері Өзбекстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы жақсарды. Бірақ санкциялық тауарлар, транзит мәселесіне келгенде, Қырғызстан мен Қазақстанның арасы біршама суып қалғандай. Халықаралық жағдай ушығып тұрған сәтте, Орталық Азия елдері ортақ тоқтамға келе ала ма?

– Орталық Азияға деген қызығушылық артып тұр. Ірі мемлекеттер тарапынан бұл анық байқалады. Бұл бұрыннан келе жатқан «5+» форматы жанданып келеді. Бес дегеніміз – Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан. Қытай, Ресей, Жапония, АҚШ пен Еуропалық Одақ осы форматта аймақтағы елдермен қарым-қатынас жасап келеді. Енді Парсы шығанағындағы араб елдері осы форматты қолдана бастады. Яғни, Орталық Азияға деген қызығушылық жан-жақтан күшейіп жатыр.

Сыртқы күштер үшін Орталық Азия біртұтас аймақ болып тұр. Мақсаты – Ресейдің ықпалынан шыққаннан кейін, басқа бір мемлекеттің қол астына түсірмеу. «Инвестиция саламыз, экономикалық қарым-қатынасты күшейтеміз» дегенді алға  тартты. Қытай да өз көзқарасын білдірді.

Десе де, осы бес мемлекеттің арасында қайшылықтар бар. Ортақ байламға келе алмай отыр. Басқа мемлекеттердің басшылығымен кездескенде әр ел ұдайы өз көзқарастарын білдірумен шектеледі. Ортақ ұстанымда, ортақ шешімде  екенін көрсете алмай келеді. Осы жағдайды ескере отырып, сыртқы саясат көпвекторлық болғанмен де, Орталық Азия мемлекеттері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару тиіс. Қазақстан осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

– Ортақ ұстанымға қол жеткізу қиын болып тұр ма?

– Мәселен, Сауд Арабиясындағы кездесу барысында әр мемлекет өз ұстанымын жеткізді. Қазақстан өз пікірін айтты. Қырғызстан мен Өзбекстан да сөйтті. Бірақ ұстанымдарында сәйкестік болмай тұр. Осындай мәселе бар.

Халықаралық дағдарыс кезінде Қазақстан үшін Орталық Азиядағы орнын – позициясын сақтап қалу өте маңызды. Одан төмен түсіп кетпеуі тиіс. Қазір әлем жұртшылығы Орталық Азияда екі көшбасшы мемлекет бар деп біледі. Бірі – Қазақстан, екіншісі – Өзбекстан.

Келешекте бұл бір жүйеге түсуі керек. Ол жүйе қандай болады? Болашағы қандай болмақ? Қазақстан осы сауалдар төңірегінде жұмыс жасап жатыр. Сыртқы істер министрі де, Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ та осыны көздейді.

Қазір халықаралық жағдайдың мың құбылып тұрғанын айтып кеттім. Бұл аумалы төкпелі кезеңнің қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Ресейге байланысты, кері әсер туындауы да ықтимал. Мұның алдын алатын іс-шаралар қабылдау қажет. Ұлттық мүддені сақтап қалу – аса маңызды.

– Қазір Ресей рублі барынша құнсыздана бастады. Бұл елмен тығыз экономикалық қарым-қатыстағы Қазақстан үшін де үлкен салмақ түсіретіні аян. Бұл сіз айтып отырған кері әсердің басы ғана ма?

– Рас, рубльдің құны түсті. Біздің экономикамыз тығыз байланысты болғаннан кейін бұған да қарсы амалдар қарастыру қажет. Әңгіме осыда. Турбуленттілік кезеңнен өтуді көздейтін сыртқы саясат болуы керек.   

Коллаж: 24tv.ua

Қазақстанның жаһандық бастамалары, оның ішінде бітімгершілік бастамалары бар. Астанада дінаралық және конфессияаралық диалог өтіп келеді.  Сирияда бейбітшілік орнатуды көздейтін келіссөздер өтті. Қазіргі ахуалда Қазақстан келіссөздер алаңына айнала ала ма? Бұл мүмкін бе?

– Бұл бастамалар формалды түрде жүре береді. Мұндай форматтардың пайдасы зор. Оны пайдалана білу қажет. Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық алаңдар бар. Өз мүддемізді алға тарту үшін барлық форматты кәдеге асыра білу қажет.

Бірақ үлкен бастамаларды көтеруге әлі ертерек. Халықаралық ахуал тұрақтанбайынша, қызығушылық бола қоймас. Десе де, Орталық Азияға байланысты Қазақстан көзқарасын білдіруі керек деп ойлаймын.

Меніңше, алдағы бес жыл мерзімде ірі мемлекеттердің басшылары электоралды циклдерден өтті. Қытай көшбасшысы Си ЦЗИНЬПИН бес жылға төраға болып қайта тағайындалды. Өзбекстан президенті Шавкат МИРЗИЕЕВ жеті жылға қайта президент болып сайланды. Қазақстанның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ та жеті жыл ел басқаруға мүмкіндік алды. Түркияда өткен сайлауда Ережеп ЕРДОҒАН өз қызметін сақтап қалды.

Осы мемлекеттердің басшылары бас қосып, ортақ байламға келуі тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде Ресейді есепке алудың қажеті жоқ. Өйткені, олардың сыртқы саясаты қолдауға тұрмайды. «Келесі жылғы сайлау қалай өтеді, басшылық ауыса ма, жоқ па?» деген де күрделі сауалдар бар.

Осы аймақтағы басшылардың ортақ ұстанымға келгені дұрыс болар еді. Ортақ қарым-қатынас жүйесін, үлгісін жасау – кезек күттірмейтін мәселе.

– БҰҰ бітімгершілік күштерінің сапында қазақ сарбаздары бар. Президент БҰҰ ережелерін Қазақстанның бұлжытпай сақтайтыны жөнінде ашық айтты. Қазақстанның халықаралық қауымдастықтардағы қызметіне қандай баға берер едіңіз?

– Әрине, Астана кез келген халықаралық форматты пайдаланып жатыр. Солай етуі де керек. Десе де, ең алдымен ішкі мәселемізді шешумен айналысқан жөн.

Тегтер: