Сиыр жылы. «Саяси жауырыншылар» не дейді?
«Алдағы жылдан не күтеміз?» деп сұрау салып көргенімізде, сарапшыларымыздың дені келер күндерімізді күңгірт бояумен суреттеп берді.
Расында да, кейбір мәселелерді болжау үшін бақсы-құшынаш болудың қажеті шамалы. Әсіресе, еліміздегі саяси-экономикалық ахуалды жіті қадағалап отырған сарапшылар үрдістерді екшеп, алдағы жылдарға дәл жорамал жасай алады. Қазақ кейде кейбір тұлғаларды аузы дуалы деп жатады. Бірақ бұл жерде бар мәселе ғайыпта емес, білімде екені анық.
Сонымен, нақты болжамдарға тоқталайық.
«Ұлттық бағытқа қарай бет бұрған Президентке ескі команда саботаж жасайды»
Бұл – алдағы жылға берген саясаткер Дос Көшімның болжамы. Мұндай болжам жасауға Тоқаевтың соңғы мақаласы түрткі болған. Оның ойынша, Ұлттық бағытта белгілі бір өзгешелік болуы ғажап емес.
Д.Көшім.
«Тоқаевтың көзқарасына қарағанда, биліктің өзгеруге ниеті бар сияқты. Ұлттық бағытта Президент біздің айтып жүрген ойларымызды қайталаған. Сондықтан осы бағытта жұмыстар қолға алына ма деген үміт бар. Бұл – тарихқа, елге, жерге байланысты. Тілге байланысты мәселелер келесі жылы заңға айналуы мүмкін. Мемлекеттік тіл туралы заңның қажеттілігі және оның уақыты келгенін де бәріміз білеміз. Осыған байланысты іс-әрекеттер, мемлекеттің идеологиясына байланысты жұмыстар жасалуы бек мүмкін», – дейді саясаткер.
Бірақ бұл жерде мынадай бір гәп бар. Президенттің пәрменін жүзеге асыратындар – бұрынғы, қазіргі жүйені орнатқан, соған аянбай қызмет еткен адамдар.
«Олар 180 градусқа өзгере ала ма? Өзгермесе, «екіжүзді» болып шығады. Өз дегенін жасаса, онысы – Президенттің ойларына қарсы саботаж. Бұл – жалғыз президенттің емес, қазақ халқының, қазақ ұлтшылдарының да ой-пікірі. Алдағы жылы осындай текетірес болуы мүмкін. Билік басындағы көп адам кетуі мүмкін», – деп болжайды Дос Көшім.
Президенттің ниеті айқын. Бұрынғы командамен мұны жүзеге асыру мүмкін емесі анық. Ал ол арқа сүйейтін жаңа топ жоқ. Бұл түбі үлкен проблемаға айналатын сияқты.
«Бір қойға – бір қап ұн». 90-жылдардағы дағдарыс қайталануы ықтимал
Журналист Ермұрат Бапиді мемлекет бюджетінің жыртығын жамау үшін тағы да 1,5 млрд еуро көлемінде шетелден алынатын қарыз қатты алаңдатып отыр. Оның айтуынша, халық дағдарыстың кесірінен қайыршылықтың табалдырығының алдында тұр.
Е.Бапи.
«Тәуелсіз экономистердің есебінше, халықтың 65 пайызы тақыр кедей. Мұның алдын алатын нақты бір мемлекеттік бағдарламалар жоқ. Оны қаржыландыратын көздері де көрсетілмеген. «Бірінші – экономика, екінші – саясат» деген ұстаным осы дағдарысқа, кедейшілікке әкеп соғып отыр», – дейді «Дат» газетінің Бас оқырманы.
Рас, қаржылық-экономикалық жағдай мәз емес. Там-тұм өндірісімізді айтпағанда, мұнай бағасы құлдырап, ел бюджетін толтыратын экономика секторлары түгелдей тұралап қалған.
«Сондықтан дефолтқа тап болуымыз мүмкін деп ойлаймын. Өзге елдерге, халықаралық қаржылық институттарға тәуелді болып қалу қаупі бар. Сырттан қарыз ала беретін болсақ, қарыз берушінің талабына сай, экономикалық саясатымызды өзгертуге тура келеді. Онда әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі бағдарламалардың бәрі жайына қалады. Солардың нұсқауымен жұмыс істеуге тура келеді. Бір қойға бір қап ұн айырбастайтын 90-жылдардағы жоқшылық қайтып келуі мүмкін», – дейді Ермұрат Бапи.
«Наразық күшейіп, халық көшеге шығады»
Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың тұспалдауынша, биылғы жыл экономикамыздың шикізатқа тәуелділігінің зардабын айқын көрсетіп бермек. Жалпы, табыс азайды. Бюджет міндеттемелерін орындау үшін ұлттық қордың аузы ашылып, қол салына бастады.
Қ.Бейсебаев.
«Экономикалық жағдай өте қиын. Сондықтан жыл қиын болады. Билікке деген халықтың наразылығы күшейе түседі. Әртараптандыру туралы көп сөз болғанымен, шөптің басын сындырмады. Зейнетақы, айлыққа азын-аулақ ақша қосып, халықты мәз етіп қоятындай енді биліктің мүмкіндігі жоқ. Қолынан ештеңе келмейтінін былтыр вирус жақсы көрсетіп берді», – дейді сарапшы.
Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, биліктің шығындарды барынша қысқартуы керек. Бірақ үнемшілдік байқалмайды. «Баяғы жартас – сол жартас».
«Мұның орнына күні кеше «дінаралық, өркениетаралық диалог жасаймыз» деп мәлімдеді. Бұған қаншама қаржы жұмсалады. Мұны қалай түсінуге болады? Халықтың да шыдамының шегі бар. Індет халықты тұсап ұстап тұр әзірге. Бірақ көпбалалы аналардың өздері де, олардың мәселелері де ешқайда кеткен жоқ. Халықтың наразылығы күшейіп, әлі көшеге шығады», – деп болжам жасайды саясаттанушы.
«Мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін»
Саясаткер Тоғжан Қожалиеваның болжамынша, биыл еліміз парламенттік республикаға айналады. Сенат институт ретінде жойылып, бірпалаталы парламент билік құрады. Яғни, Парламенттің рөлі күшейіп, Президенттің өкілеттілігі азаяды.
Т.Қожалиева.
«Сондықтан мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өтуі ғажап емес. Экономикалық дағдарыс болады. Өйткені, былтыр бюджетке көп салық түспеді. Жер мәселесі шешіледі. МӘМС жұмыс істей бастайды. Жеке тұлғалалар да биылдан бастап жарна төлейді», – дейді Тоғжан Қожалиева.
Оның пікірінше, саяси өзгерістер, атап айтқанда бейбіт жиын, партиялар туралы заңдар, бақылаушылар мәртебесі және тағысын тағылар келесі президенттік сайлауға арналып жасалып отыр.
«Біздегі жағдай көбіне Ресейге байланысты өрбиді. Биыл Путин билігі дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Соған байланысты бізде де көп нәрсе өзгереді», – дейді Тоғжан Қожалиева.
Десе де, осы айтылған болжамдардың біразының, әсіресе, экономикалық ахуалға қатысты тұсының орындалмағанын қалар едік. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, бұл бір қамшылау шығар. Сиыр жылы құтты жыл болады деп сенейік.