3 Ақпан 16:34

«Шақша басымды тауға да, тасқа да соқтым...» Әміржан ҚОСАН депутаттықтан үміткерлерге кеңес берді

Фото:

Әміржан ҚОСАН, саясаткер

Сайлау туралы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, бір мандатты округтерден депутаттардың сайлануы – сөзсіз, өркениеттік дамуымызда бір қадам болса да алға жылжу.

Азаматтық белсенділік шынымен де қайтадан жанданып, жан-жақтан «мен депутаттыққа түсемін» деп жар салып, осы жолғы бәйгеде бағын сынамақ ағайын көбейді. Өз басым қоғам өміріндегі осы жаңаша тенденцияға қуанамын. Өйткені, демократия әр азаматтың оянуынан басталады.

Демократиялық қағидаттарды ұстанып, халықтың сөзін сөйлеп, осы сайлауға бел буған барша азаматтарды қолдаймын! Сонымен бірге, біраз адам сайлауға қатысуды тым жеңіл қабылдап, оңай шаруа деп ойлайтын сияқты.

Сол себепті, кезінде бір мандатты округ бойынша екі рет (1990, 1999 жж.) және президенттік сайлауға (2019 ж.) бір рет түсіп, шақша басымды тауға да, тасқа да соғып, таптырмас тәжірибе жинаған азамат ретінде осы күндері сайлау комиссияларына бет алған үміткерлерге кеңес берейін деп шештім.

Бұл жерде мен заң талаптарына сай болу керек деген баршаға белгілі жайттарды сөз етпей-ақ қояйын: ол жағы айтпаса да түсінікті.

Бүгінде сайлаушы әрбір үміткерге «билік не оның партиясы ұсынған» және «билік үміткеріне қарсы» деп ен тағып қойған. Алдымен, осы жағын анықтап алыңыз.

Билік өкілі болсаңыз, әрине, «ауыл итінің құйрығы қайқы»: Сізге еш кедергі келтірілмейді. Сайлау науқаны кезінде әкімшілік ресурс молынан жұмсалады. Сайлау комиссиялары өкіметтің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында. Дауыс санау кезінде де сайлау нәтижелерін бұрмалау секілді ескі Қазақстанның құбыжық құбылысы қайталанып, Сізге «қолғабыс берілер». Бірақ ондай жеңістің бағасы қандай болмақ? Оны да ойлап қойыңыз.

Карикатура: ғаламтордан

Ал алдын-ала жоғарыда бекітіліп қойған тізімнен тыс түссеңіз, онда өзіңіздің қысқа мерзімді саяси Одиссеяға, тар жол тайғақ кешуге дайын болуыңыз керек!

Біріншіден, сайлауалды бағдарламаға көп нәрсе байланысты. Әрине, Қазақстандағы жалпы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайға қатысты берік ұстаным болғаны дұрыс-ақ. Бағдарламада ондай баптар да керек, өйткені ол да парламенттің басты миссиясы: саяси реформа қолға алынбай, ешнәрсе өзгермейді.

Алайда, мажоритарлық принциптің бір ерекшелігі – Сіз бүкіл Қазақстан емес, Қазақстан картасындағы нақты бір округтен парламентке (немесе нақты ауыл не аудан атынан - мәслихатқа) қарай бет түзедіңіз. Бүгінде жалаң сын жалықтырды, сондықтан жалпы сөзден гөрі сол аймақтың ерекшелігін ескеретін жалқы да нақты ұсыныстар керек! Ол жағын да ескерерсіз.

Екіншіден, кез келген сайлауға түсу, ең алдымен, адамның ары мен арты таза болуы керек дегенді меңзейді. Бір сәтте биліктің назарына ілінесің, сол себепті сенің мәселеңді май шаммен қарай бастайды. Балалық кезден бастап осы күнге дейінгі барлық тірлігіңде мысқалдай болса да, шала басқандық болса, соны іздейді. Оны «қара пиар» немесе «компромат соғысы» дейді. Сізді қаралайтын ешнәрсе таба алмаса, осы науқан кезінде «тисе терекке, тимесе, бұтаққа» деп, әйтеуір бір нәрсені ойлап тауып, Сізді тұқырту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сала салады. «Мен ондай емеспін!» деп ақталып жүргенің сосын!

Осындай лас күреске дайынсыз ба? Билік не қарсыластарыңыз астыңыздан ит жүгіртіп, үстіңізден құс ұшыртып, қоқан-лоққы көрсетсе ше? Оған моральдық-психологиялық жағынан әзірсіз бе?

Үшіншіден, қазір көпшіліктің көзі ояу, көкірегі ашық. Кімнің-кім екенін біліп қояды. Аузымен орақ оратындарды жазбай таниды. Судың да сұрауы бар, сондықтан орындай алмайтын уәде беріп, популизмге салыну да қауіпті әрі абырой әпермейді. Өйткені, депутат – президент не премьер емес, ол - бір жерде жиналған көп адамның бірі ғана. Сол себепті, «депутат болсам, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам!» деп кеудені керудің керегі жоқ: заңды не басқа құжатты парламенттің не мәслихаттың басым көпшілігі ғана өзгерте алады. Ертеңгі күні сол бағдарламаңыз жүзеге аспай қалса, елге не бетіңізді айтасыз?

Төртіншіден, «ақшасы бардың қолы ойнайды, ақшасы жоқтың көзі ойнайды», көп нәрсе қаржыға байланысты. Әрине, Сізді нәпақасыз да қолдайтын туған-туыс, дос-жаран, серіктестеріңіз бен фанаттарыңыз, волонтерлер табылар. Бірақ, құрғақ қасық ауыз жыртады, қаржы болғаны абзал. Оның көздері бар ма? Биліктен не олигархтан ақша алсаңыз, солардың сойылын соғуға мәжбүр боласыз. Ол ақша аузыңызға қақпақ бола қалады. Оны да біліп жүріңіз.

Бесіншіден, бізде көп адам әлеуметтік желідегі жүздеген не мыңдаған жазылушысының лайктарын нағыз электораттық қолдау деп санап, шатасады: екеуі екі түрлі нәрсе! Сізді қолдайтын бүкіл Қазақстан халқы емес, өзінің ерекшеліктері, нақты айтқанда, экономикалық, демографиялық және басқа да әлеуметтік өзгешеліктері бар нақты округ!

Фото: ғаламтордан

Әрине, үгіт-насихат кезінде Интернет, мессенджер және басқа да заманауи технологиялар мен мүмкіншіліктерді пайдалануға болады, олардың тиімділігі де жоқ емес. Бірақ, компьютер клавиатурасының құлағында ойнау мен нақты округте әрбір сайлаушының даусы үшін күресу – екі бөлек нәрсе.

Алтыншыдан, және де бұл мәселе өте-мөте маңызды: дүр сілкініп, саяси белсендік танытып, сайлауға түскісі келетін азаматтар баршылық, десек те, Мәжіліс резеңкеден жасалған жоқ, бір мандатты округтерден небәрі 29-ақ депутат сайланады. Мұның өзі бұрын-соңды боп көрмеген сұмдық бәсекеге жол ашты. Қазірдің өзінде бір орынға бірнеше адам таласып жатыр. Нағыз сайлау ол – алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, жеңуге ұмтылатын қып-қызыл тартыс!

Екі қошқардың басы бір округке сыймайды! Ал Сіздің округіңізде Сізден басқа кімдер бағын сынайын деп жатыр? Ол адам «алар демі бір төбеден соғып тұрған» Сіздің идеяласыңыз, ниеттесіңіз болса ше? Екеуіңіздің ұрандарыңыз бір болса ше? Басқасын айтпағанда, Сіз секілді билікке балама (оппозициялық демей-ақ қояйын) кандидат болса ше? Олай болса, бір-біріңізге кедергі жасайсыздар ғой.

Сіздердің өзара айтысып-тартысуыңыз билікке қарсы электораттың дауысын бөліп әкетері хақ. Соны пайдаланып, ақыр аяғында биліктің өкілі жеңіп кетпей ме?

Оның үстіне бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген графа енгізілгені белгілі. Сіздердің үгіт-насихатыңыздан бейхабар ағайын сол мүмкіндікті пайдаланса, Сіз жинаған дауыс одан сайын азайып кетеді емес пе?

Фото: ғаламтордан

Бұрынырақ, оппозицияның аузы бір кезде, біз, бірнеше партия өкілдері, бір мандатты округтерде бір-бірімізге кедергі жасамау үшін оларды шартты түрде өзара бөліп алатын едік. Өкінішке қарай, бүгінде өзін оппозиция санайтындардың арасында ондай бірлік пен түсінушілік жоқ. Керісінше, бәрі бір-бірінен өткен «жұлдыз», өзінен басқа ешкімді мойындамайды. Өзін ғана «нағыз оппозиция» санап, қалғандарының бәрін, соның ішінде шын ниетпен халықтың сөзін сөйлеп жүргендерді «биліктің жобасы» деп санайды. Міне, осы бақталастық ертеңгі күні тағы да бой көрсетіп жатса, не болмақ?!

Жетінші, және ең соңғы болса да, саяси салмағы аса ауыр жайт. Егер де сайлау әділетсіз өтіп, Сіздің конституциялық құқыңыз көпе-көрінеу тапталып жатса, Сіз не істейсіз? Жақтастарыңызды наразылық акцияларына шақырасыз ба? Ондай бас көтеруді билік немесе басқа, «үшінші күштер» өзінің арам пиғылына сай пайдаланып, артын бүлікке айналдырып жіберсе ше? Қанды Қаңтардың өзі бейбіт митингілерден басталды емес пе? Арты не болғанын бәріміз білеміз. Сол кезде өміріңіздегі аса маңызды саяси таңдау жасауға Сіз дайынсыз ба? Және ол таңдау қандай болмақ?

Не болса да, іске сәт, тәуелсіз үміткер!

Тегтер: