20 Шілде 09:44

Жазира Байдалы: Мен – медиа-волонтермін

Фото:

Бүгінгі күні озық ойлы жастар қоғамға тың құбылыс әкеліп жатыр. Бұрынғы ескі «таптаурындардың» барлығы өзгеріске түсті. Жастар еркіндікті, жаңашылдықты, өзгешелікті қалайды. Өз бетінше шешемі қабылдап, тәуелсіз болуды құптайды. Осы сөзімізге дәлел ретінде жас журналистерге бағыт-бағдар беріп, сауатты журналистерді қалыптастыруға үлес қосып жүрген Ақпарат саласының үздігі, медиа-менеджер Жазира Байдалыны әңгімеге тартып көрген едік.

– Жазира ханым, өзіңіз туралы, жалпы қазір атқарып жатқан жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Мен журналистика саласында 11 жылдан бері жүрмін. Бүгінгі таңда мен медиа-мендежерлікпен айналысудамын. Оған дейін телевидение, газет, журнал, интернет-сайт бағытында жұмыс істеп көрдім. Қазіргі таңда нақты медиа-менеджерлікке бет бұрдым.

Медиа-менеджер деген кім? Медиа-менеджер – медиа-жобаны жоспарлайды, жүзеге асырады, ұйымдастырады. Медиа-жоба ол кино саласы, іс-шара, сайт болуы мүмкін. Менің медиа-жобам – Balbal.kz сайты мен өзімнің жеке инста-парақшам.

Осы кезге дейін Balbal.kz сайтын дамытып келдім. Оны сатылай қарастыратын болсам, қазір жоспарлау сатысынан өтіп, ұйымдастыру сатысына көтерілді. Қазақ тілді аудиторияны білімді, бай, бақытты қылуға сапалы контент арқылы ықпал еткім келеді. Қазақтың білімді, бай болуына көмектесуді өзіме мақсат тұттым. Бұл жерде де реттілік бар. Алдымен, адамға белгілі бір білім керек. Білім арқылы өзіміздің бақытты екенімізді түсінетін боламыз. Білім болмаса, адам өзінің қаншалықты бақытты екенін де түсінбейді. Ең бірінші білім, білімнен кейін – бақыт, бақыттан кейін – байлық керек деп ойлаймын. Осы сатыда білім бергіміз келеді. Білім арқылы әр қазақтың бақытты, әрі бай болғанын қалаймын. Сол үшін де медиа-менеджерлік саласына бет бұрдым.

Бүгінгі таңда Internews жобасының аясында ресейлік медиа-менеджерлерден білім алып жатырмын. Ол кісілер медиа саласын дамыту бойынша кеңес беріп жүр.

– Balbal.kz сайты қалай құрылды? Бағыты, мақсаты қандай? 

– Balbal.kz жобасы 2018 жылдың 30 шілдесінде дүниеге келді. Balbal.kz-тің негізгі миссияларын атап өттім. 2018 жылы мен сайтта жұмыс істеп жүрдім. Әр түрлі іс-шараларға директор ретінде қатысып жүргенімде маркетинг саласына қызыға бастадым. Кейін Qamshy.kz сайтының пиар директоры атандым. Осы саладағы форумдар мен конференцияларға қатыса бастадым. Бұдан бөлек, адамдардың білім алу үшін мастер-класстарға қатысатынын және сол үшін ақша төлейтінін түсіндім, өз көзіммен көрдім.

Содан кейін, осыншама құнды ақапарат неге қазақ тілінде жоқ деп ойлана бастадым. Оның барлығы орыс тілінде өткізіліп жатыр. Ғаламторда орысша ақпарат сайрап тұр. Сосын мына әлемнің шексіз мүмкіндіктерге ие екенін және сол шексіз мүмкіндіктерді иелену үшін бізге білім керек екенін ұқтым. Қазақ тілінде ақпарат жоқ болса да, мен тоқтамастан курстарға қатыса бердім. Кейбіріне тегін қатыстым, кейбірі ақылы болды. Сөйтіп жүрген кезде бизнес әлеміне махаббатым оянды. Мына әлемді көркейткің келсе, бизнес ашу керек екенін түсіндім. Кәсіп арқылы қоғамға орасан үлес қоса аламыз.

«Жас кәсіпкер» деген жобаға қатысып, 500 мың теңге грант иелендім. Өзіме қажетті құрал-саймандарды алып, медиа-жобамды ары қарай дамытамын деп шештім. Бірақ «Жас кәсіпкерге» қатыспас бұрын, күйеуім Ернар Алмабек екеуміз осы сайтты аштық. Өйткені, мендегі ізденіс 2018 жылдан бері басталды.

– Оған не түрткі болды?

– 2019 жылы неге екенін білмеймін Роберт Киосакийдің «Бай және кедей әке» кітабын телефоныма жүктеп алдым. Өзім Алматы-Қостанай бағытындағы пойызға отырып, әке-шешеммен көрісуге бара жатырмын. Пойызды білесіздер, іші у-шу. Сондай сәтте мені кітап қана құтқара алады. Бірден телефоныма жүктелген кітапты ашып алып, оқуға кірістім. Кітап өте шағын, жеңіл тілмен жазылғандықтан тез оқып шықтым.

Сол кітапты оқып жатып өзімді біртүрлі сезіндім. Жылағым келді, кітапта «сен жалақы алып жүрген құлсың», «сен бір бастыққа жұмыс істеп жүрсің», «өз ісіңді бастауға сенің әлеуетің жетпейді», «сен қорқақсың» деп жазылған сөйлемдер бар. Мен де өз қиялымда кедей әкеден тәлім-тәрбие алып жүргенімді, кедей екенімді сол кезде ұқтым. Мен оған дейін өзімді мықты санап жүрдім. Өзімнің кедей екеніме көзім жеткен кезде денем тітіркеніп кетті. Өз-өзіме ашуым келді. Неге мен Киосакий айтып жүрген адамның деңгейіндемін? Неге мен таңғы 9:00-ден 18:00 арасында бір жұмысқа байланып отырмын деп ойлана бастадым. Киосакий күн сайын бір іспен жүретін адамдарды «сұр тышқанға» теңейді. Мен кітапты 2-3 сағатта оқып тастадым. Бірақ әсерінен шыға алмадым. Сол күні қойын дәптерімді алып алдағы жоспарымды қағаз бетіне түсірдім. Істеп жатқан жұмысыма зауқым соқпады. Өзімнің жолым, өзімнің миссиям бар екенін түсіндім.

Balbal.kz – жастарды қолдау мақсатында ашылған жоба. Жастарға пайдалы контент ұсынғым келеді. Неге? Қазіргі таңда ақпараттық фаст-фуд өте көп. Бір жазбаны оқисың, бірақ ол 10 минуттан кейін саған керек емес. Вайн көресің, тик-ток қарайсың, бірақ одан саған пайда келіп жатқан жоқ.

Уақытша көңілді аулау үшін, уақытты өлтіру үшін сол ақпараттық фаст-фудты қабылдаймыз. Қазір дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстап жүргендер өте көп. Ал мен экологиялық таза, дұрыс, пайдалы контент ұғымының болғанын қалаймын. Өйткені, ақпараттық фаст-фуд, яғни білімсіз-ақ жетістікке жетемін деген ой адамды дегенерацияға ұшыратады. Менің мақсатым, жастарды алға жылжыту, олардың ой-санасын контент арқылы ояту, мотивация беру, нақты мәселелер бойынша қарапайым тілмен түсіндіру. Маркетинг, психологияны, бизнеске байланысты ақпаратты таза қазақ тілінде таратқым келеді. 

– Қазір жастарды қолдау мақсатында көптеген жобалар жасалып жатыр. Сіздің де жас журналистерге арнап дәріс беріп жүргеніңізді білеміз. Сол жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

– Былтыр карантин кезінде екі апталық «Журналист бол» атты марафон өткізген болатынмын. Содан бері онлайн білім беруге қызығушылығым пайда болды. Бір жылдан бері инстаграмда журналистикаға байланысты постар жазып жүрмін, жас журналистердің сұрақтарына жауап беремін. Биыл бірнеше адамды шығармашылық емтиханға дайындадым. Өйткені, өзімнің де жұмыс беруші болғандықтан алдыма талай жас журналист келді. Жұмысқа алайын десең, әлі күнге дейін өзін қалай ұстауды, қалай жазуды білмейді. Уатсапқа жай ғана жұмыс сұрап жазғанның өзінде бір сөзден бірнеше қате жібереді. Осындай сауатсыздықтарға тап болғаннан кейін, қолымнан келгенше жас журналистерге дәріс беремін деп шештім.

Қазіргі таңда менің жеке курстарым бар. Ол жерде мақала жазуды үйретемін. Инфо-бизнеспен кәсіби түрде айналысып жатқаныма көп бола қойған жоқ. Енді 90 күндік форматта журналистік білім беремін деп шештім. Сауатты жаза білуге, саналы ойлауға, кәсіби дамуды үйретуге маған 90 күн уақыт керек. Одан артық болса, тым ұзақ болады. 3 ай бойы сауатты сөйлеу, сауатты жазу бойынша дәріс беремін. Керектілердің барлығының қаңқасын үйретемін. Әр модульден кейін олар өз материалдарын Республикалық БАҚ беттерінде жариялап отырады. Соңғы модуль – табыс табу. Журналист ретінде қандай бағытта жұмыс істеуге болады? Мен үйреткен дағдыларды сараптай отырып анықтауға болады. Журналистік дағды дегеніміз – іс-қағаздармен жұмыс істей білу, ұйымдастырушылық қабілет, коммуникация.

– Қайырымдылық жасауға қаншалықты көңіл бөлесіз? Волонтерлікпен айналысасыз ба?

– Мен белгілі бір деңгейде қайырымдылық жасаймын деп айта алмаймын. Бірақ, мен қайырымды қала тұрғыны болуға барымды саламын. Адам болмысынан қайырымды болуы шарт. Біз елеңдемесек, жанымыз ашымаса, барымызбен бөлісуге дайын болмасақ, ол біздің адамгершіліктен алыстап жатқанымыз. Адам болып сақталуымыз үшін осы қасиеттер керек. 

Иә, мен медиа-волонтермін. Мұнымен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Тіпті, сайттың жұмыстарымен шұғылданып жүргенімде медиа-волонтер деген ұғымның барын білмеппін. Контент жасап, ол үшін ақша алмасаң, сен – медиа-волонтерсің.

Қарттарға көмектесіп жатамыз, біреулер барып ауласын тазалап береді. Мұның барлығы – волонтерлік. Тіпті, былтыр Еріктілер жылы болды. Сол кезде: «Мен нағыз ерікті екенмін ғой!», деп ойлана бастадым. Тегін жазамын, оны сайтқа саламын, жастар оқысын, білім алсын деймін. Сөйтіп, еріктілер жылында Еріктілер үйіне хабарласып, мен де медиа-еріктімін, мені де тізімге енгізсеңіздер деп өтініш білдірдім. Бірақ, ол жақтан кері байланыс болған жоқ. Қазір де медиа-еріктімін.

– Жастар практикасы аясында жұмыс істедіңіз бе? Нәтижесі қандай болды?

– «Жастар практикасы» бойынша жұмыс істедім. «Жастар практикасына» қатысу үшін заңды мекен жай керек екен. Ол үшін кеңсе жалдау қажет. Кеңсе жалдау үшін қосымша шығын шығады. Кеңсенің бағасы былтыр кемінде 100 мың теңгеден басталатын, қазір 250 мың теңгеге әрең табасың. Осыны ескере отырып, Жұмыспен қамту орталығының Алматыдағы басшысына кіріп, өзімнің миссиямды түсіндірдім. «Жас журналистермен онлайн жұмыс істей берейінші. Біздікі мақала жазу, кеңседе отыру міндетті емес, онлайн негізде қабылдауға мүмкіндік беріңізші! Сондай шартпен бағдарламаға қатысайыншы», – деп өтініш білдірдім.

Ол кісі қолдады, сол кісінің арқасында былтыр екі адамды «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа алдым. Олар мол тәжірибе жинады. Мемлекет істеген жұмыстарына сай айлық берді. Биыл «Жастар практикасы» бойынша берілетін айлықтың көлемі ұлғайды. «Жастар практикасы» бағдарламасы өте пайдалы, игілігі мол. Бірақ кемішілігі де жоқ емес. Жастар тәжірибесіз келгендіктен, көп уақытың кетеді. Бірақ, мұндай бағдарламалар мемлекетімізге керек деп ойлаймын. Өйткені, әр жұмыс беруші тәжірибелі маманды жұмысқа алғысы келеді. Бірақ мамандар қайдан тәжірибе жинасын? Сондықтан, тәжірибе жинақтауға көмектесетін осындай бағдарламалардың болғаны жақсы.

– Қазақ тілді контенттің болашағы бар ма?

– Мен үшін қазақ тілді контенттің болашағы бар ма деген сұрақ, қазақ ұлтының болашағы бар ма деген сұрақпен тең. Бұл – өлім мен өмір арасындағы сұрақ. Және ол сұраққа мен мынадай оймен қараймын: Қайтсе де қазақ өлмес үшін, қалай да ұзақ жасау үшін ерінбей еңбек етіп, үлес қосуымыз керек. Мен үшін қазақ тілді контенттің болашағы бар. Болашағы жарқын болу үшін, әрқайсымыз ес жиғанымыз жөн. Тек қана ішіп-жеуді ғана ойламай, әркім өз саласында жақсы жұмыс істеуі керек. Кейбір дүниелерді ерікті ретінде жасау керек. Сонда ғана біз дамимыз, сонда ғана біздің болашағымыз жарқын болады.

Маслоу пирамидасын мысалға алатын болсақ, көбі ішіп-жеу деңгейінде жүр. Тек қана ішіп-жейді, жұмысқа барады, азық-түлік алады, теледидр көреді. Қазақтың тек осы деңгейде қалғанын қаламаймын. Шыңның ұшар басындағы деңгейіне ұмтылғандардың қатары көбейгенін қалаймын.

Ол үшін қазақ бай болуы керек. Бай болмаса, ақшасы жоқ адам қайдан елдік деңгейді ойлайды. Ол қалай жасампаз болғысы келеді. Оның қарны аш, тамақтан басқаны ойлауға мұршасы жоқ. Адамды ауқатты ету керек. Ауқатты адам ғана терең ойлай алады. Осыны ескере отырып, халықтың жағдайын жақсартқан жөн. Ол үшін білім саласына мән беру керек деп ойлаймын. Білімсіз, пайдасыз ақпараттық фаст-фудты үйіп-төкпейік. Онсыз да бүкіл дүниежүзі ойын-сауық бағытында жұмыс істеп жатыр. Кино, сериал, бағдарламаның барлығының бағыты сол. Адамды отырғызып қойып көңілін аулап, күлдіріп, уақытын өлтіру керек. Біздің оған алданғанымызды қаламаймын.

Ақпараттық фаст-фудтан бас тартып, ақпараттық семіздікке ұшырамай, ақпаратқа уланбай, керісінше, дұрыс ақпаратты тұтынатын ұлт ретінде қалыптасуды ойлаймын. Сол мақсатқа барлығын жұмылдырғым келеді.

Тегтер: