Жанерке Керімбаева: Миланнан митыңдап елге әзер жеттім

10 мамыр, 13:31
Жанерке Керімбаева: Миланнан митыңдап елге әзер жеттім
Фото: Reuters

Індет Еуропаның іргесіне жеткенде ғана жұрт шын үрейлене бастады. Әсіресе, Италия, Испания халқының көп зардап шеккені айтылды. Шын мәнінде, солай ма? Біз бұл туралы Италияның Милан университетінде биотехнология мамандығы бойынша магистратурада оқитын Жанерке Керімбаевадан сұрадық. 

«Италияда дүрбелең болған жоқ»

– 2019 жылы Милан университетіне биотехнология мамандығы бойынша магистратураға түстім. Италияға коронавирус індеті келместен бұрын, 21 ақпанда Венеция қаласына барған едік. Дәл сол күні кешке Миланға қайтатын болып автобусқа отырсақ, жүргізушісі мен кондуктор маска тағып алыпты. Бізге «тезірек отырыңыздар!» деп асықтырғандай болды. Сол кезде коронавирус індеті туралы ақпараттар енді жарияланып жатқан. 22 ақпан күні Миланға жеткеннен кейін бүкіл Ломбардия аумағында төтенше жағдай жарияланғанын естідік. Қаланы біртіндеп жаба бастады. Италияның қалаларында қыдырып жүрген халыққа «Үйлеріңе қайтыңдар!» деген хабарландыру айтылды. Бұдан кейін жұрт Ломбардиядан Италияның оңтүстігіне қарай пойызға, таксиге отырып кете бастады. Меніңше, сол кезде коронавирус жұқтырған адамдарды тексеріп үлгермеді. Сол себептен вирус Ломбардиядан оңтүстікке қарай өтіп кетті.

Ж.Керімбаева

Еуропа елдері, әсіресе, Италия мен Испания халқы вирустың бар екеніне сенбеді дейді. Соның салдарынан жұқтырушылар саны шамадан тыс өсіп кетті ме? Тіпті, «Бізді қайталамаңдар!» деп видеоүндеу жасағандар көп болды...

– Халық коронавирусқа сенді немесе сенбеді деп айта алмаймын. Өйткені, Италияда 80 млн халық бар. Бұл індетке әр адам әртүрлі көзқарас танытты. Кейбіреулер карантин енгізілгенде бірден үйінде отырды, басқа қалада жұмыс істейтіндер, оқитындар өз қаласына қайта бастады. Сол кезде тексерілмеген адамдар вирусты екінші қалаға тасымалдаған сияқты. Басында індет 2-3 адамнан анықталса, наурыз айында күніне 700-800 адам көз жұмды.

Бірақ ол марқұмдар сол індеттен қайтыс болды ма, жоқ па, білмейміз. Себебі, естігеніміз болмаса, бәріміз карантинде отырдық. Алайда, таныстарымның ішінде бұл індетпен ауырғандар болған жоқ. Арнайы коронавирустың статистикасын көрсететін ресми сайт болды. Күнделікті жаңалықты сол жерден қарап отырдым.

Коронавирус Еуропаны жайлаған сәтте біздің елдегі таныстар көптеген видео жіберіп, «расымен осылай болып жатыр ма?» деп сұрады. Шынымды айтсам, Миланда тұрсам да, ешқандай дүрбелең көрмедім. Мысалы, көшеде халық та, көлік те жүрісін доғарған жоқ. Жұрт тек арақашықтық сақтап, маска киіп жүрді. Бірақ соншалықты  қорқынышты көрініс болды деп айта алмаймын. Халық өте сабырлы болды. Ең бастысы, жалған ақпараттарға, дерек көзі жоқ бейнежазбаға сенбеу керек. Отбасыма вирус дерегі тіркелген кезде «қорқатын ештеңесі жоқ, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер!» дедім. Өйтені, халық түймедейді түйедей қылып жібергені рас.

Әрине, Италия туристер көп келетін мемлекет болған соң, былай кезде де адам көп. Тіпті, тұрғындар жұмысына маскасыз, қолғапсыз барып жүрді. Қатаң ереже болған жоқ. «Қайда барасың?» деп сұрамайды да. Соған қарамастан карантин режимін сақтап, бір-біріне қолдау білдірді.

– Италиядағы көрсеткішткен адам шошыды. Ауруханада орын жетіспей, жергілікті газеттердің көңіл айтуға толып кеткені рас па?

– Әлгінде айтқандай, Италияда 80 млн халық тұрады. Күніне 800-дей адам көз жұмды. Оның көбі – қариялар. Сол себептен ауруханада орын жетпегені рас. Өйткені, былайғы кезде бір ауысымда бір-екі дәрігерден ғана жұмыс істесе, індет кезінде бәрі демалыссыз жұмыс істеді. Олар да үзіліссіз жұмыстан шаршап, тіпті індет жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан да дәрігерлер жетіспей жатты. Қытайдан бір айдан кейін бір топ дәрігер көмекке келді деп естідім.

Оның үстіне Италияның оңтүстігінде шағын қалалар көп. Коронавирус жылдам тараған кезде шағын қалалардағы ауруханада орын жетіспеуі әбден мүмкін. Әу баста індет тараған кезде тест бәріне жетпеді. Бірінші экспресс тест алып, сосын оны тағы да растау үшін Рим, Миландағы ауруханаларға жіберіп отырды. Оның бәрі уақыт алады. Нәтижесі шыққанша анализ тапсырған адам басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсуі мүмін. Италияда індеттің ерекше жылдам таралып кетуіне осындай жағдай әсер етті деп ойлаймын.

Рас-өтірігін білмеймін, тағы бір фактор – Италияның халқы бұрын туберкулезге қарсы екпе салғызбаған деген пікір бар. Сондықтан бұл коронавирус сол екпесі жоқ адамдарға көбірек жұққанға ұқсайды. Бірақ бұл қаншалықты рас? Оның ғылыми түрде нақтыланған дәлелі жоқ.

«Жұмыссыздарға 600 еуро төледі»

– Өзің қалай сақтандың? Милан қаласында жүріп-тұруға қатаң шектеу қойылды ма? Сабақты қалай оқыдыңдар?

– Өмір сүру жағдайына келсек, карантин енгізілгеннен кейін ешқандай дүрбелең болған жоқ. Өйткені, вирус жайлы алдын ала хабар алдық және ресми деректерді ғана қарауға тырыстық. Көбінесе үйде болып, сабағымызды қашықтан оқыдық. Әр оқу орнының өз платформасы бар. Соған оқытушы материалын жібереді де, дәрісті онлайн жүргізіп отырды. Бірақ қай уақытқа дейін онлайн оқитынымыз әзірге айтылмады. Біртіндеп созып келеді. Қаланың ішінде еркін жүрдік. Бір күні «серуендеп қайтайық» деп орталыққа барған кезде полиция тоқтатып, «үйлеріңе қайтыңдар!» деп ескерту жасады. Кейбір таныстарымның айтуынша, бағынбаған адамға 2-3 мың еуро айыппұл салып жатыр дегенді естідім.

Таяуда оқу орнының ректоры хат жазды. «Осы оқу жылының соңына дейін барлық жоғары оқу орны қашықтық жүйеде білім береді. Бұл оқу процесіне еш кедергісін келтірмейді» деді. Біз емтиханды күзге дейін онлайн тапсырамыз. Арнайы зертханалық жұмыстарды кейінге шегеріп қойды. «Жағдай жақсарған кезде бұл жөнінде жеке бағдарлама қарастырамыз» деп уәде берді.

– Жергілікті халыққа қандай көмек жасалғанынан хабарың бар ма? Әлеуметтік көмек беріп, азық-түлік үлестіріп дегендей...

– Білуімше, жеке кәсібі бар және жұмыссыз қалған адамдарға 600 еуро төлемақы берілді. Оған да өтінім беріп, құжат өткізеді. Сонымен қатар, Миланда жан-жақтан келгендер, біз сияқты студенттер көп. Олардың көбі пәтерді жалға алып тұрады. Осы мәселе бойынша шілде айына дейін жалға алу құнын төлеуді тоқтатты. Яғни, көп адамның кірісі азайғандықтан мемлекет жал құнын төлеуді кейінге шегерді. Бұл жан-жақтан келген студенттерге тиімді болып, көбі үйіне қайтты. Әрине, бұл жағдай пәтерін жалға берушілерге ұнамады. Біздің студенттер еліне кетсе де, шабаданын қалдыруға мәжбүр болды. Сол үшін ғана айына 400-500 еуро төледі. Заң түрінде түсіндіріп, қолдау көрсетілмеді десем, артық емес.

Азық-түлік алуға маңайдағы супермаркеттерге ғана бардық. Алғашқы екі-үш күнде ғана тамақ тапшылығы болды. Әсіресе, нан, жұмыртқаға сұраныс артты. Үшінші күннен бастап дүкеннің бәрі азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Халық тапшылық көрген жоқ. Супермаркетке кірерде жұрт бір-бірімен 1,5-2 метр арақашықтық сақтап тұрды. Міндетті түрде маска киіп жүрдік. Дүкенге біртіндеп кіргізіп тұрды. Бір ғана қиыншылық, жәй кезде мұндай дүкенге жарты сағатта барып келсек, карантин кезінде 2 сағаттай уақыт жұмсадық. Яғни, қала бойынша үлкен супермаркеттер мен дәріханалар ғана жұмыс істеді. Тек сәуір айының ортасына таман шағын дүкендер ашыла бастады. Қазір біртіндеп музейлер де қонақтарды қабылдауда.

– Өзің елге қалай және қашан оралдың? Келген соң карантинде жаттың ба? Вирус жұқтырып алу қаупі болды ма?

– Менің елге қайтуыма вирус себепші емес. Миланда да қала беруге болатын еді. Бірақ сабақтың барлығы қашықтан болған соң ол жақта қалудың ешқандай пайдасын көрмедім. Дәл солай үйден де оқи аламын және пәтерге, тамаққа ақша кетпесін деп үйге қайтуды жөн көрдім. Өкінішке қарай, біздің елден эвакуация жасалынған жоқ. Елші бізбен хабардар боп, қай кезде рейстер бар, үйге қалай қайтуға болатынын ғана айтып отырды.

Үйге қайту процесі қиындау болды. Біріншіден, пәтер мәселесін шешіп алу керек болды. Себебі, көп студент бір жылға келісімшарт жасайды. Одан бұрын үйді босатсаң депозитіңді қайтармайды. Осы мәселемен жүріп қалдым. Одан кейін Милан-Франкфурт-Орал рейсіне билет аламын дегенде бағасы 500 мың теңгеден асып кетті. Сосын оны алмай, бір аптаға шегеріп алдым. 300 мың теңгеге түсті. Бірақ «әне-міне кетем» деп тұрғанда Франкфурт әуежайы карантинді қатаңдатып, «Эйр Астананың» Оралға ұшатын рейсін тоқтатып тастапты. Сөйтіп, Франкфурттан Амстердамға, одан Атырауға ұшуға тура келді. Тағы Франкфурт – Амстердам билетін сатып алдым, ол да маған қосымша шығын болды. Сөйтіп, Амстердамнан Атырауға 16 сәуір күні жеттім. Милан – Франкфурт  – Амстердам рейсімен ұшқанда да көп қиындық туған жоқ. Қазақстаннан екеніңді айтып, құжат көрсетсең ешкім ештеңе демейді. Қазақстанның Италиядағы елшісі әр әуежайдан өткеннен кейін жағдайымды біліп отырды. Тек қана билет бағасының қымбаттығы ауыр тиді. Бейбіт заманда Миланнан Қазақстанға жету – 130, әрі кетсе 150 мың теңге болатын. Коронавирусқа байланысты билет бағасы 300-350 мыңнан басталып, 500 мың теңгеге жетіп жығылды.

Әр елден 25 азамат ұшып келдік. Арнайы автобуспен күтіп алып, дәрігерлер ыстығымызды тексерді, біз туралы мәлімет алды. «Береке» деген ауданға алып келіп, пәтерге бір адамнан орналастырды. Мұрнымыздан сынама алды. «Тест нәтижесін 2 күн күтесіңдер!» деді. Содан 2 күннен кейін 25 адамның сараптамасы теріс шықты. Сосын бізге «Осы жерде 14 күн қалуға болады немесе үйге қайтамыз десеңіздер, такси жалдай аласыздар. Біз әкімшіліктен рұқсатнама алып береміз, әрі қарай үй карантинінде боласыздар» деді.

«14 күнде бір-ақ рет қызуымызды тексерді»

– Одан кейін дәрігерлер денсаулығыңды бақылауда ұстады ма?

– Ұшып келген 25 адамның көбі Астана мен Алматы, Қарағанды қаласынан. Ыңғайға қарай бөлініп, такси жалдадық. Көліктің иесі, нөмірі туралы мәліметті әкімшілікке бердік. Қысқасы, өз ақшамызға бір жарым тәулікте үйімізге жеттік. Үкімет тарапынан көрсетілгені рұқсатнама қағазы мен тест нәтижесі жайындағы анықтама ғана. Өзім үшін 14 күн карантин режимін сақтап, далаға 1 мамыр күні ғана шықтым. Сол келген кезде температурамызды бір мәрте тексерді, болды. 14 күн ішінде ешбір дәрігер хабарласып, жағдайымды сұраған жоқ. Бәлкім, қалған 24 адамнан сұраған шығар десем, оларға да ешкім ат ізін салмаған. Олар өз бетінше «Олимп» зертханасында экспресс тест тапсырыпты. Бәрі де вирустан құлан-таза. Дәл сол тестті індет ошағынан келгендер сайт арқылы өтінім берсе, тегін тапсыра алады екен. Ал ПТР тест жасау 20 мың теңге.

«Вирусты жұқтырып алам-ау» деген қорқыныш болмады. Биотехнолог ретінде вирустың әуежайда, ұшақта отырғаннан бірден жұға салмайтынын білемін. Бұл иммунитетке байланысты. Егер адамның денсаулығы жақсы болса, вирусты жеңіп шығуы әбден мүмкін. Сондықтан менде үрей болған жоқ. Бұйырса, күзге дейін елде, бүкіл әлемде жағдай қалыпқа түссе, қайтадан Миланға кетуім керек.

– Қысқасы, коронавирус жұрт ойлағандай аса қорқынышты індет емес дейсің ғой. Оны дабырайтып көрсетуге ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер ықпал етті ме?

– Әрине, БАҚ-тың әсері үлкен. Өйткені, барлық ақпарат көзі шынайы ақпарат беретініне  кепілдік жоқ. Олардың ішінде тек хайп қуатындары да бар. Мұндай бейнежазбаларды жылдам таратуға WhatsApp желісі атсалысты. Себебі, негізгі факторларды дөп басып айту қиын. Себебі, олар өте көп.