23 Қараша 19:39
...

«ҰҚШҰ-ға мүше болып отырғанымыз – АМАЛСЫЗДЫҢ күні» – Саясаттанушы Сайын БОРБАСОВ

Фото:

Беларусьте ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтіп жатыр. Бұл ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары осы сессияда бас қоспақ. Армения жиынға бармайтынын мәлімдеді.

ҰҚШҰ еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қорғайтын ірі әскери ұйым бола ала ма? Басқа әскери блоктармен бәсекеге түсуге қабілетті ме, жоқ па? Орны мен мәртебесі қандай болмақ?

Бұл жөнінде саясаттану ғылымдарының докторы Сайын БОРБАСОВ NEGE-ге сұхбат беріп, ойымен бөлісті.

– Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Беларусьте жүр.  ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысу үшін Минск қаласына арнайы барды. ҰҚШҰ ұйымының маңызы жөнінде қандай пікір айтар едіңіз?

– Ашығын айту керек, мұның бәрі – Ресейдің жобасы. Варшава шарты ұйымы тарап кеткеннен кейін ТМД елдерінің басын қосып, орайы келсе, басқа мемлекеттерді де тартып, НАТО блогына қарсы ұжымдық қауіпсіздік шараларын жасауды көздейді.

Шын мәнінде, НАТО ешкімге шабуыл жасап, өзге елдерді басып алайын деп жатқан жоқ. ҰҚШҰ отыз жылдан бері Ресейдің империялық саясатының құралы болып келеді.

Әрине, Ресей бұрынғыдай, яғни Кеңес одағының тұсындағыдай қауқары жоқ екенін жақсы түсінеді. Бірақ Еуразия кеңістігінде, посткеңестік кеңістікте өз ықпалын сақтауға ұмытылып жүр. Идеологиялық тұрғыдан «орыс әлемі», «орыс мүддесі», «орыс тілі» деген трендтерді ұсынғанымен, нақты саясатта ҰҚШҰ-ны ресейліктер жақсы пайдаланып отыр. Мұны мойындау керек.

ҰҚШҰ-ға мүше елдер саусақпен санарлық қана. Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения. Кейінгі кезде Арменияның бұл ұйымға өкпесі қара қазандай. Қарабақ дауына араласып, Әзірбайжанға қарсы соғыста көмек бермегеніне наразылығын ашық айтып жүр.

– Ереван Минскте өтіп жатқан жиынға барудан бас тартты. Бұл да соның салқыны болар?

– Осы жиынға да, бұған дейінгі бас қосуларға да бармады. Шамасы, Арменияның ҰҚШҰ-дан шығып кететін түрі бар.

Алайда, бұл жерде тағы бір гәп бар. Арменияның арқа сүйейтін де ешкімі қалмады. Оған басқа мемлекеттердің ешқайсысы көмектесейін деп жатқан жоқ. АҚШ-та, Иран да, Еуроодақ та. ҰҚШҰ-дан іргесін аулақ салып, жападан-жалғыз қалмақ па? Ұйымнан шығу сөз емес, бірақ одан әрі не істемек? Не ойлағаны бар екенін ұқпадым.

Рас, Әзербайжан Арменияны түгел жаулап алуды мұрат етпейді. Өзінің Қарабағын қайтарып алса, сол да жеткілікті. Сондықтан Арменияға Әзірбайжан тарапынан тікелей төніп тұрған қауіп жоқ. Керісінше, оларға Ресей қауіпті.

Армения – моноұлтты мемлекет. Халқының 97 пайызы – армяндар. Біраз еврей бар. Басқа ұлттар жоқтың қасы. Қазақстандағыдай тілдік, мәдени әлсіздігі жоқ. Әліпбиі де, тілі де тереңде. Сондықтан саны аз болғанымен, олар бізден гөрі әлдеқайда мықты.

Фото: chern-molnija.livejournal.com

– ҰҚШҰ-ның Қаңтар оқиғасы кезіндегі рөлі туралы не айтар едіңіз? Бұл ұйым қауіпсіздікке кепіл болып тұр ма?  

– Қаңтар оқиғасы кезіндегі ҰҚШҰ-ның рөлі белгілі.  Басқа елдер «Ресей кіргізген әскерін әкетпейді» деп ойлап қалды. «Қалып қояды» деп болжады. Бірақ Ресей он күннен кейін 2 200 әскерін қайта шығарды. Жалпы, Қазақстанға 2 500-дей әскер кірген еді. Бастапқы келісім солай болған. Ол келісімді орындады. Сондықтан бұл жерде Ресейге ешқандай кінә тағып, талап қоя алмаймыз.

Алып кететіндей де жөні бар. Өйткені, бізде алты жерде Ресейдің полигоны тұр. Ол жерде қанша әскер бар екенін ешкім де білмейді. Менің пайымдауымша, жоқ дегенде 10-15 мыңға жуық әскер болуы ықтимал. Сондықтан 2 мың әскерді әкету аса көп рөл ойнамайды.

Дейтұрғанмен, ҰҚШҰ-ның Қазақстанға беретін аса ештеңесі жоқ. Керісінше, біз «орыс әлемінен», ықпалынан бірте-бірде құтыла беруіміз керек.

– Біздің парламент күні кеше осы ҰҚШҰ шеңберінде биозертханалар туралы бір дүдәмалдау дүниені қарады. Мұның астарында не жатыр?

– АҚШ біздің елімізде халықты қырып-жоятын биозертхана салмайды. Біздің үкімет те ақымақ емес шығар. Биозертханалар бізде бұрыннан бар. Ресеймен бірлескендері де кездеседі.

Өз басым Аграрлық университетте он жыл қызмет жасадым. Біздегі зертханалар түрлі індет ауруларын зерттеп, солардың алдын алуды, профилактика шараларын жасауды көздейді. Бейбіт мақсатта жұмыс істейді. Малдың да түрлі аурулары бар. Оларды да зерттеп отырмасақ болмайды.

Ковидке қарсы вакцина шығарып алдық. Ол Жамбыл облысындағы зертханада жасалды. Ресейліктер болса, «қазақтар америкалықтармен бірігіп, биоқару жасап, бізге қолданбақ» деген қаңқу сөз шығарып жүр.

Фото: Ақорда

– Соңғы кезде, түркі бірлігі, Тұран туралы көп сөз болып жүр. Бұл ҰҚШҰ-ға балама бола ала ма? Түркия мен Қытай «Қазақстанның аймақтық тұтастығына кепілдік береміз» деп мәлімдеді. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Тұран идеясы – жап-жақсы дүние. Орындалса ғана. Бұған Түркияның батылдығы керек. Бірақ ол да – ойыншы. Бірде, қорғағандай болады, енді бірде басқаша әрекет етеді. Сондықтан Түркияға да өз басым толық сенбеймін. Түркияның да өз мүддесі бар. Қазақтың, басқаның мүддесінен гөрі өз мүддесі жақын. Жеме-жемге келгенде, оларға сенуге болмайды.

Қытайға ше?

– Ал Қытайға мүлде сенуге болмайды. «Қара қытай қаптаса, орыс әкеңдей көрінеді» деген мақалдың арғы жағында шындық жатыр.  ХVI ғасырдың ортасында Жоңғарияда тұтас халықты қырып, жойып жіберді. Ол жерлерді босатып, қытайларды орналастырды. Еуразияда ондай тарихи оқиға болмаған.

– Тәжік-қырғыз шекара дауына байланысты Қырғызстан да ҰҚШҰ жиындарынан бас тартып мінез көрсеткендей болды. Бір ұйымға мүше екі елдің соғысып жатқаны, оған басқа мүшелердің басу айтпауы нені көрсетеді?

– ҰҚШҰ-ның шекесі қызып тұрған жоқ. Ішкі текетірес, ішкі реніштер су бетіне қалқып шығып жатыр. НАТО секілді ауызбірлігі жоқ.

Көп нәрсе Украина мен Ресей арасындағы соғысқа байланысты болып тұр. Ресей жеңілсе, ҰҚШҰ-да тарап кетуі әбден мүмкін. Қазақстан да екіұдай саясат ұстанып отыр. Халқы Украинаны қолдайды, билігі Ресейді қолдағандай болады. Бірақ биліктің ішінде де Ресейді қолдамайтындар көп.

Бұл жерде Президентті де түсінуге болады. Тоқаев ойын жүргізбесе болмайды. Ішімізде қанша ресейлік әскер тұр. Іштен де сырттан да бүлік шығарып, басып кіріп, «бұл жердің бәрі біздің жеріміз» деп шыға келуі бек мүмкін.

«Украина деген мемлекет болмаған, орыстың жері» дегенді айтып та жатыр. Сол секілді «қазақтар әншейін көшіп-қонып жүрген ел болатын, біз өз жерімізді алдық» деп шыға келеді.

Менің ойымша, ҰҚШҰ-да перспектива жоқ. Ресейдің империялық саясатының құралы ретінде уақытша құрылған ұйым. Күні қаншаға созылатынын дөп басып айту қиын.

Фото: odkb-csto.org

– Сонда, Қазақстан қандай амал жасауы тиіс?

– ҰҚШҰ-ға жабысып отырған Қазақстан жоқ. Көпвекторлық саясат жүргіземіз десек те, солтүстік көршіміздің ықпалынан толық шыққанымыз жоқ.

Және Ресей біз үшін қауіп. Сондықтан біздің билік еріксіз ойнайды. Ресеймен де, басқа мықты державалармен де ойын жүргізеді. Онсыз болмайды. Кейбіреулер Ресейден қорықпайуа шақырып жүр. Ресейдің әскері қуаты он есе күшті екенін ескермейді. 7 740 шақырымға жуық шекараны кім бақылап отыра алады?

Қазақстандағы 20 миллион халықтың 30 пайызға жуығы – орыстілділер. Кейбіреулерінің ниеті дұрыс емес. Ресейдің телеарналарын көріп, ресейлік шовинистік саясатқа бой алдырған. «Украинаны құртпаса, Ресейдің болашағы жоқ» деп ойлайды.

ҰҚШҰ-ға мүше болып отырғанымыз – амалсыздың күні. Бірақ бір анық жайт бар. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін нығайтып келе жатыр. Мұны ашық айту керек. Біз Ресейдің де, Қытайдың да, АҚШ-тың да ықпалынан шығып, шын мәніндегі көпвекторлық саясатымызды жүргізіп, Қазақстанның мүддесін бірінші кезекке қоятын жағдайға келе жатырмыз.

Мәселен, біз жүзге жуық азаматымызды ұрыс болып жатқан Газа секторынан шығарып алдық. Мұның өзі халықаралық деңгейде Қазақстанның тәп-тәуір беделі бар екенін көрсетеді. Сириядан 500-ге жуық адамды елге әкелдік. Соғыс болып жатқан елдерден!

Айталық, қазақ хандығы үш ғасырдан аса өмір сүрді. Ал тәуелсіздік алғанымызға отыз-ақ жыл болды. Тәуелсіздік үшін отыз жыл көп уақыт емес. Ұзақ өмір сүре алатын мемлекет жасай аламыз деп ойлаймын. 20 миллион деген аз халық емес. Он-он бес жылда 25, одан кейін 30 миллион боламыз. Басқа елдердің тісі батпайтын іргелі елге айналамыз деп сенемін.

Тегтер: