13 Шілде 14:41

Ту сыртымызға туын тіккен тәліптер

Фото:

Аспан айналып жерге түскен аптаптың астында қалған Алматының ауа-райы әп-сәтте құбылып, күн күркіреп, жауын құйғандай әлемнің бір түкпіріндегі ахуал да бір күнде өзгеріп, дүние дүр сілкінді: Ауғанстаннан АҚШ әскерлері кете бастауы мұң еді, ол елде билік басына Біріккен Ұлттар Ұйымы «террористік» деп таныған тәліптер келді.

Ауғанстан секілді дүниежүзілік даңқы мен дақпырты бар ел – түбімізде. Сондықтан да алыс та жақын Ауғанстандағы ахуалға алаңдауға біздің толық қақымыз бар.

Қысқаша соны талдайық.

Меніңше, әлемдік саясаттың «Гордий түйініне» айналған Ауған елінде қалыптасқан жаңаша жағдайдың біз үшін үш қауіп-қатері бар.

Фото: BBC

Біріншісі – ұлттық қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық секілді іргелі ұғымдарға қатысты. Қоймадағы жарылғыш заттарына ие бола алмай, бейбіт халықтың зәресін алатын әскеріміз бен тұла бойы шұрық-шұрық тесік әрі «Арқанкерген» секілді сойқанға жол беретін шекарамыздың жағдайы бесенеден белгілі. Ал тәліптерді Совет Одағы да, АҚШ та жеңе алмады. Пентагон мен Қызыл әскерге «Тұрысатын жеріңді айт!» деп айтудан тайынбаған олардың әскери стратегиясы мен тактикасы сұмдық! Олай болса, басқыншылық сипаттағы тәліптердің не оларға жанашыр басқа да күштердің біздің аумаққа да көз алартпайтынына, қажет болса, шекаралас Өзбекстан, Тәжікстан және Түркменстан арқылы сыналап еніп кетпеуіне кім кепіл бере алады?! Тұрақтылығымыз пен тыныштығымызға тықыр таянды ма?

Ішкі діни һәм басқа ахуалымыздың халі екіұдай. Идеологиялық орта әлі де тұрақтана қойған жоқ. Ал идеологияда физикадағыдай вакуум болмайды. Қара аспанды төндіргім келмейді, бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ»! «Қазаққа мүлдем жат» деген сақалдылар мен қысқа шалбарлылар да қаптап кеткен жоқ па кезінде. Тіпті мемлекеттік деңгейде қолдауға ие боп алды.

Бұл қатерге ресми және бейресми түрде біз жаққа бет түзер босқындарды қосыңыз. Көршілес елдерден көмек сұрап жатқан олар ертең бізге де жүгінсе, не істейміз? Халықаралық қауымдастық алдында ұпай жинаймыз деп, жалпақшашейлік танытып, рұқсат береміз бе? Онсыз да қарны ашып отырған жұртымыздың табағына босқындар кеп ортақтасса, елдің қосымша наразылығын туғызбай ма?

Ауған босқындары. Фото: aftag.info

Бір нәрсе анық: билікке келген тәлібтердің фундаменталистік сипаттағы ішкі саясаты ғана емес (оның ерекшеліктерін көкірегі ояу, көзі ашық ағайын біледі деп ойлаймын), бұрынғы өкіметтен өзгеше ұстанар сыртқы саясаты да болмақ. Және де ол дипломатия Орталық Азия аймағына да қатысты бұрын-соңды болмаған жаңаша талаптар тудырады. Тәліптердің бейресми қолдаушылары мен демеушілері араб әлемінің басқа де елдерінде бар екенін ескерсек, ол дипломатия тіпті өзгеше болайын деп тұр. Ең бастысы енді ол саясат ресми, мемлекеттік мәртебе алады.

Бұл қауіпке Ауған елін әлемге аян етіп, ғаламдық проблемаға айналған есірткі транзитін де қосыңыз. Ол қатерлі көш – қаз-қалпында. Елде режимдер ауысады, транзит болса, толастап көрмеген, тұрақты. Ауғанстаннан Еуропаға дейінгі елдерде ол көштің әр бөлігінің өз қожайындары бар. Бізде де бар! Ол көш енді қандай екпін алмақ? Ауған экономикасын асырап, бойына қан жүгіртіп отырған есірткі бизнесінен тәліптер бас тартады деп кім айтты?

Екіншісі – Ауғанстанға іргелес Орталық Азия аумағы әлемдік саясаттың белсенді плацдармына, супердержавалар мен Еуроодақтың мүдделері бір-бірімен антагонистік қарама-қайшылыққа келетін түйінді жеріне айналады. Әр тарап осы жерден өз қолдаушысын іздей бастайды. Ол келіссөздер ортақ түп-тамыр, қандастық, діни және басқа сипаттарға, сонымен бірге «мен – саған, сен – маған» деген ежелден келе жатқан спекулятивтік принципке негізделмек. Сол кезде біз қай тарапты қолдаймыз? Немізді береміз? Не аламыз? Әлемдік саясат гроссмейстерлері ойнайтын осы «шахмат ойынында» біз кім боламыз? Әдеттегідей шашка ойнап қалмаймыз ба?

Біз «Батыс және Ресей» парадигмасы туралы жиі айтамыз. Тіпті ол тақырып әбден жауыр болды. Бұл геосаяси әрі идеялық қарама-қарсылық түйткілді жерде де сақталып келеді. Ал енді осы орасан зор отты ойынға «тау қозғалса да, қозғала қоймайтын» Қытай араласса ше? Екі емес, бірнеше түйе сүйкенсе, шыбынның жаны қала ма?!

Шанхай ынтымақтастық ұйымының түп негізі мен астарын білеміз. Ендігі жерде Қытай, Қазақстан да мүше болып отырған осы құрылымның әлеуетін жаңаша тұрғыдан жандандырмайды деп кім айта алады?

Ресей демекші, Орталық Азия аймағында ендігі жерде оның ықпалы күшейе түспек. Бұл қауіптің – үшіншісі. Өйткені оның осы елдерге әсер етер дәстүрлі институттары бар. «Постсоветтік кеңістік» деген ұғымның тек қана идеологиялық сипаты ғана емес, әскери-қорғаныстық, ортақ қару-жарақ пен технологиялар секілді атавизмдері тағы бар. Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын о бастан Ресей әскері қорғап келеді емес пе?

Тәліптер Мәскеу төрінде. Фото: Коммерсанть

Санкциялардан көз аша алмай қалған Кремль жаңадан қалыптасқан жағдайды өзінің геосаяси, экономикалық, имидждік пайдасына шешуге тырысары хақ. Өзін АҚШ-пен, Еуроодақпен терезесі тең қарсылас ретінде көрсеткісі келетін Ресей дәл осы тұста өз ұпайын жібермейтіні анық.

Міне, түлкібұлаңға салып, кеше өздері «террорист» деп таныған тәліптермен Мәскеудің төрінде тоқайласып жатыр. Біз болсақ, ЕАЭО-дағы одақтасымыздың орынсыз геосаяси амбициясының құралы мен құрбаны боп қалмаймыз ба?!

Мәселен, жақында АҚШ Мемлекеттік департаменті өкілі Қазақстанға келіп, Ауғанстанның кеткен АҚШ әскерін орналастыру мүмкіндігі туралы мәселені талқылады. Өзімен шекаралас елде америкалық әскери база (ол басқаша да аталуы мүмкін) болуына Ресей үзілді-кесілді қарсы екені айтпаса да түсінікті.

Осынау қауіп-қатерлер қаптаған тұста біздің мақтаулы да мадақтаулы сыртқы саясатымыз қандай болмақ?

Тек қана билік емес, бүкіл қоғам боп ойланатын сәт!

P.S. Әйтеуір, осы өзгерістерді сылтауратып, билік «сыртқы қауіптер көбейіп кетті» деген желеумен ел ішіндегі демократияландыру ісін тағы да жылы жауып қоймаса болды...

Тегтер: