31 Мамыр 08:38

Талғат Теменов: Жалған ұран да – жәлептіктің бір түрі

Фото:

Талғат Теменов – қашанда пікірін бүкпейтін режиссер. Ол осы сұхбатта да «Шындық бауыздалып, өлтіріліп жатқанын көрсем, шыдай алмаймын, айтып қаламын...» дегенді қадап айтты. Nege.kz тілшісі Теменовтен мәдениет, өнер саласындағы түйткілдерді сұрап көрді.

«Арсыздарды көрсем, аямаймын!»

– Талғат Досымғалиұлы, соңғы кезде мәдениет пен өнер саласында бұрын-соңды үш ұйқтасақ түсімізге кірмейтін дүниелер болып жатыр. Оның шет-жағасын естіген де шығарсыз. Қазір өзі киелі сахнадан мән кетті ме?

– Кез келген жер киелі емес. Ал сахна – киелі. Мысалы, Түркістан, Бекет ата жатқан Маңғыстау өңірі, Айша бибі, Қорқыт, осы абыздар жатқан жер – киелі. Сол секілді қазақта киелі – керемет ұғым саналады.

Құранды – киелі кітап дейміз. Сол сияқты өзіміз күнде көретін, бірақ көңіл аудармайтын жер, ол – экран мен сахна. Сахнаның қадірін білмеген адамды киесі ұрады. Қазір сахнаның қадірін білмейтін арсыздар көбейді. Ел-жұрттың алдына қалай болса солай киініп шығу, аузына келгенді оттау – нағыз көргенсіздік.

Ирина Кайратовна тобы. Фото: ғаламтордан

Екінші, тәрбиенің жоқтығы, үшінші – арсыздық. Сахнаға шығып алып, ойына келгенді айту – өнер емес. Көрерменнің қадірін білсең, сені төбеге көтереді. Ал керісінше жасасаң, ашу-ызасын туғызасың.

Бұрын Қасым Жәкібаев, Нұрмұхан Жантөрин, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Ыдырыс Ноғайбаев, Хадиша Бөкеевалар сахнаға іштей сыйынып шығатын. Ал мына оңбағандардың ішкені – арақ, шеккені – анаша. Бұл – көргенсіздіктің белгісі.

Жалпы, адамда ішкі тәрбие болуы керек. Бұған осы концертті ұйымдастырғандар да жауапты. Олар тек қандай ән, би қоятынын ғана емес, әртістердің тәрбиесіне де көңіл бөлуі керек. Абай: «Саф өнер бықсық ойдан тумайды», – дейді. Қазақта «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген сөз бар. Бұлардың аузы ғана емес, рухани жандүниесі де іріп кеткен. Өз басым бұларды көрсем, аямас едім.

– Бұрын телеарнада, радиода көркемдік кеңес болды. Қазір сол кеңесті қайта құруға не кедергі?

– Өткен сенбіде Алматыда Мәдениет форумы өтті. Сонда әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев: «Сахнаға кімдер шығып жүр, соны байқау керек», – деді. Өте дұрыс айтты.

Сахна – адамгершіліктің сыналатын жері. Кеше сахнаны былғағандардың іс-әрекеті соңғы рет болса, үлкен сабақ болар еді. Өкінішке қарай, бұлар басы ғана ма деп ойлаймын. Алматы – мәдениетіміздің, өркениетіміздің, біліміміздің, тәрбиеміздің талбесігі. Олар талбесікті былғап жатса, басқа жерде не істемейді? Облыстарда, аудандарда, кішігірім қалада ше? Бұл – бассыздықтың, жүгенсіздіктің көрінісі.

«Арыстанбектің жасаған бір жақсылығы бар...»

– Сіздің елордада тұрақтағаныңызға біраз жыл болды. Талай уақыт театрда жүріп, кино саласынан қол үзіп қалған жоқсыз ба? Әлде, бізге солай көріне ме?

– Біріншіден, алыстап кеткен жоқпын. Қазір қала әкімі Көлгіновтің кеңесшісімін. Екіншіден, «Шабыт» өнер университетінде екі курсым бар. Одан бөлек кино түсіретін жоспармен жүрмін.

Шын мәнінде, театрға қарайлап, кинодан қол үзіп кеткенім рас. Жіберген уақытымды қайтарып алуым керек. «Қара қыз» дейтін фильм түсіруге кіріскелі жатырмын. Екінші дүниежүзілік соғыс кезі суреттеледі. Мұнда да махаббат, өрлік, тәрбие бар. Біз шығармашылық жағынан өткен едік. Былтыр экс-министр Ақтоты Райымқұлова қол қоймаған соң, биылға қалған жайы бар.

Мен қандай спектакль қойып, қандай фильм түсірсем де, сахнада адам жанының ішкі сұлулығына, пендешілігіне емес, азаматтығына, адами қасиетіне көңіл аударамын. Өнердің негізгі міндеті – осы. Егер сахнадан айтылған ән де сұлулық, тазалық жайында болмаса, бәрі бекер. Бір тіске құрт түссе жаман, ал отыз екі тіске түссе, оны емдеу қиын. Міне, осы жағына көңіл бөлген жөн.

– Мәдениет саласында былықтардың беті ашылып жатыр. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен қарым-қатынасыңыз қалай еді?

– Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кино факультетін ашқан мен едім. Студенттерге жатақхана алып берген де өзім. Оған дейін онда жатақхана болған жоқ. Менің арым – таза. Қазақстанның халық әртісі, профессор болсам да, жалақым жетпейді. Бірақ менің ұйқым тыныш. Алайда, менің көп адаммен сыйластығым жақсы.

Арыстанбектің бір жасаған жақсылығы – өнер, шығармашылық жоғары оқу орындарын Мәдениет министрлігі қарамағына өткізуі. Сосын ол Асанәлінің 80 жылдығына орай кинофестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Біз біреуге күйе жақсақ, түгел қаралаймыз. Оның шығармашылық жағына, көркемдік деңгейіне баға беру керек. Олардың бухгалтериясына араласу – мақсат-міндетіміз емес.

– Мүйізі қарағайдай өнер адамдарының бір-бірінің артына шам алып түсуіне көзқарасыңыз қалай?

– «Әр кәллада бір қиял» дейді. Өнер адамы қашанда халықтың көз алдында жүреді. Біз жамандыққа емес, жақсылыққа үлгі болсақ деймін. Маған да кезінде тырнағын батырған, мінезім ұнамаған министрлер болған. Бірақ олардың үстінен арыз жазып, жеген-ішкенін айту – менің деңгейім емес. Мұндайды пенделер жазады, солар айтады.

Мен – пендешіліктен жоғары адаммын. Өмірде пендешілік пен тұлғалық бар. Өзім пендешіліктен тұлғалықтың ауылына өткенмінң. Пендешіліктен Құдай сақтасын! Тұлғалық – туа бітетін қасиет.

– Сіз өнерден өзге, саясаттағы серкелермен де адал дос болдыңыз. Соның бірі – жақында Қазақстан гольф федерациясының төрағасы болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов. Ол кісі күткен қызмет басқа шығар, қалай ойлайсыз?

– «Оны білетін бала қайда?» демекші, оны білетін басшылар қайда? Осындай тұлғаға лайықты қызмет бермегені қалай? Менің бір өлеңімде «Тұлпар шабар бәйгеге қосылар деп, үміт артып жүріппін көк есекке» деген жолдар бар еді. Бұл азаматты халық үшін, ел үшін, ұрпақ үшін пайдалану керек қой.

Ол – ұлы тұлғалардың қатарындағы азаматтың бірі. Ұлылық тек жазушы мен әртіске байланысты ұғым емес. Ұлылық Абай, Шоқан, Әуезов, Мұқағалимен тоқтамайды. Иманғали – талантты азамат. Бізде топастар жеткілікті, талант сирек. Қай салада да солай.

«Сатаевтың әйелдерінің бәрі сценарист»

– Таяуда «Ұлы дала таңы» тарихи фильмінің тұсауы кесілді. Көргендер «дінді көбірек насихаттап жіберіпті» дейді. Кезінде «Көшпенділерді» түсірген режиссер ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

– Өз басым ол фильмді көрген жоқпын. Көрмеген дүниеге бірдеңе деп айту қиын. Бірақ менің білетінім – соңғы Ақан Сатаев түсірген фильмнің санына адам жетіп үлгермейді. Сосын бір әйелі – бір фильмнің сценарисі, екінші әйелі – екінші фильмнің сценарисі.

Өмірде ана тілінде бір ақынның өлеңін оқымаған, Әуезов пен Мүсіреповті айтпағанда, Ілияс пен Оралханды, Әбіш пен Тынымбайды оқымаған әйелдерінің драматург боп шыға келетініне таңқаламын. Қалайша, әйелдері драматург болып кетеді?! Өмірде мұндай да болады екен-ау.

Мен де сценарий жазамын. Бірақ мен ауыз әдебиетін, кейінгі зиялылардың шығармаларын оқығам. Алғашқы өлеңімді 5-сыныпта жаздым. Осы кезге дейін бес кітабым жарық көрсе де, өзімді «жазушымын» деп айтуға аузым бармайды. Бұл – адамның ішкі мәдениетіне байланысты екен.

Коллаж: ғаламтордан

Өзім қашанда шындықты айтамын. Дүниеде ең қиын нәрсе – шындықтың өлгені. Мысалы, 30 жылда шындықты өлтірдік қой. Шындық өлген жерде әділдік болмайды. Сондықтан шындық бауыздалып, өлтіріліп жатқанын көрсем шыдай алмаймын, айтып қаламын. Министр бола ма, әкім бола ма, турасын айтамын. Содан да кейбір жерде мінезім жақпайтын шығар. Бірақ «шындық өлгенше таяқ жей берем» деп өмір сүріп жүрген адаммын.  

– Әлгінде пікіріңізде «30 жылда шындықты өлтірдік» дедіңіз. Соңғы жылдары елде халықтың наразылығы анық көрінген саяси оқиғалар болды. Одан кейін мемлекет басына жаңа билік келді дегендей. Жалпы, қоғамдағы жағдаяттарды қалай қабалдадыңыз?

– Осыдан бес-алты жыл бұрын бір шығармамда «Жалған ұран да – жәлептіктің бір түрі» деп жазғаным бар еді. Бізді құртқан – жалған ұран. Кейде пештің түтіні дұрыс тартпаса, адам уланады ғой.

Осыдан үш жыл бұрын бір отбасының бес баласы көз жұмды. Бұл – бір үйдің трагедиясы. Ал бүтін бір мемлекет 30 жыл бойы бір отбасының түтініне уланып келдік. Яғни, 30 жыл бойы уланған адамның сауығып кетуі қиын. У әбден бойға сіңіп кетті. Созылмалы ауруға ұласты. Уланған санадан арылу – ұзақ процесс.

Қазақ – үмітшіл халық. Біз – қанатты арғымақтың үстіне отырған халықпыз. Сондықтан ең соңғы үміт сөнгенше шаба беретін елміз. Біз 30 жыл бойы далақтап шаптық. Бекерге шапқан екенбіз.

Карантинде жазған мынадай өлеңім бар еді:

Телефонды ашуға да қорқамыз,

Телефонды жабуға да қорқамыз,

Май ішеміз деп журдік пе отыз жыл

Қып-қызыл қан қайнап жатыр сорпамыз.

Кереңдер мен соқырлардың үйі екен

Шаңырақ жоқ, құлап жатыр ортамыз

Айсыз түнде адастық-ау, ағайын

Есекпенен енді қайда жортамыз?

Енді «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жатыр. Үміт болған соң өмір сүресің. Адамның өмір сүруінің негізгі құпиясы – үміт. 30 жылда бықсықтың, шалшықтың, балшықтың ішінде жүрсек те, үмітімізді сөндірмей келдік.

Фото: Ақорда

Андрей Тарковскийдің «Ностальгия» деген фильмі бар. Сонда басты рөлдегі кейіпкер қолындағы шырағданды құлағанша өшірмеуге тырысып өледі. Біз тура сол кейіпкер секілдіміз. Соңғы деміміз үзілгенше, үмітті өшірмеген халықпыз. Бірақ сол үмітті арқалайтын тұлғалар болса екен деймін.

– 5 маусымда өтетін референдумға барасыз ба?

– Барамын. Ата заңның бір үтірі ғана өзгерсе де, барамын! Өйткені, біз Конституцияны отыз жылда «черновик» жасадық. Бір адамның көңілін табу үшін, көрінген қол сүртетін майлыққа айналдырдық!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: