31 Мамыр 17:13

Талас Омарбеков: Бұл күнді «Ұлттық қасірет күні» деп жариялау керек

Фото:

Қуғын-сүргінге толы нәубетті жылдардың арасында қазақты баудай қырған ашаршылықтың орны бір бөлек. Өйткені, қолдан жасалған генеоцидтің салдарынан халық тең жарымы қырылды. Тең жарымы деген бер жағы ғана, төрт миллионнан астам қазақ болса, соның үш миллионнан астамы аштан өлді.

Белгілі тарихшы Қамбар Атабаев: «Ашаршылық бір жылдың, бір науқанның ісі емес бұл. Ашаршылық тарихы – ол қазақтың мәңгі таусылмайтын тарихы. Бұған науқаншылықпен қарауға болмайды. Қазір  31 мамырды қуғын-сүргін күні деп атап, ашаршылықты соған байланыстырып жатыр. Өте үлкен қателік бұл. Әрине, бұның бәрі қасірет, мұның бәрі қазақтың тарихының қасіретті беттері. Бірақ әрқайсысының өз орны бар», – деген еді. Сол айтпақшы, тарихтың ақтаңдақ беттерінде жазылған зобалаң жылдар туралы неге толыққанды зерттеу жоқ? 

 

 Талас Омарбекұлы, қазақтың басынан өткен нәубет жылдар туралы тұшымды зерттеу-еңбек қашан жазылады? 

– Қазақстан халқының аштықтан қаңғып кеткені жайында деректер Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдағы мұрағаттарда жатыр. Әсіресе, Қытайдағы мұрағаттың мұрты бұзылған жоқ. Оны қарайтын адам жоқ. Ал Ресейдің мұрағатын шала-пұла қарадық. Шәкірттерім Қалмақтағы деректерді зерттеді. Сібірдің архивін де бірен-саран ғалым қараған болды. Иркутск, Новосібір, Омбы, Еділ бойындағы мұрағаттарға ешкімнің тісі батпай отыр.

– Неге? Зерттеу жүргізуге кім кедергі?

– Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ашаршылықтың тарихына немқұрайлы қарадық. Алғашқыда 31 мамырды «ашаршылық күні» деп жарияладық та, артынан «ашаршылық» деген сөзді мүлдем алып тастап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жарияладық. Ал ашаршылыққа немкетті қарағанымыз сондай, Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш неше жылдан бері орнатылмай, айқай-шумен 2017 жылы ғана қойылды.

Елордадағы ескерткіш ел-жұрт бара бермейтін көзден таса жерде тұр. Тіпті, оның қай көшеде тұрғанын көбі білмейтін шығар. Демек, 1991 жылы биліктегі азаматтар «тәуелсіз мемлекет құрып алайық», «Тәуелсіз Қазақстанды ел қатарына жеткізейік, содан кейін қайғы-қасіретімізді айтармыз» деген ұстанымда болды. Сол себептен мән берілмеді.

– Осыдан біраз жыл бұрын ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішті Қазақстанның ірі қалаларында ашу туралы ұсыныс айтылып еді.

– Жуық арада Қазақстанның бүкіл қалаларында мұндай ескерткіштің ашылуы екіталай. Біз – 30 елдің құрамына кіреміз деп, тек жақсы жетістігімізді насихаттап жатқан елміз. Тарихтағы қасіретке емес, саясаттағы жетістікке баса мән береміз. Әрине, бұл жақсы шығар. Әлемге жақсы жағынан танылған дұрыс. Дегенмен, шетелдің тарихшылары біздің ашаршылықты, қуғын-сүргінді бұрқыратып жазып жатыр. Осы тұрғыда олардың алдына шығуымыз керек. Бірақ шенеуніктердің көбі қуғын-сүргінге, ашаршылыққа аса мән бермейді, шындап қайғырмайды. Қасіретке арналған ескерткіштер жүдеу емес, ансамбль боп орнатылуы керек. Яғни, артында үлкен қорған, онда ашаршылық құрбандары туралы мәлімет, босқындар кеткен жердің картасы, көтеріліс атаулары, тіптен соған қатысқан батырлардың аты жазылуы керек еді. Біз осындай кең көлемде қанатты ескерткіш орната алар ма едік?! Меніңше, орната аламыз. Оған соншалықты көп ақша кетпейтін еді.

Сондықтан елдің назарын ерекше аударатын ескерткіш елімізде әлі жоқ. Ашаршылықты еске алып, Құран бағыштап, ескерткіштің мәні мен мазмұнын ашатын материалдар жариялау сирек. Біз ескерткішті не үшін орнатамыз? Қасіреттің себебін, мазмұнын және одан қазақ халқына келген зардап пен кесірді анықтау үшін емес пе?

Көп жылдар бойы осы тақырыпты зерттедім ғой. 31 мамырда халық боп тебіреніп, ұлттық ту төмен түсіп, азалы музыка ойнап, бұл тарихтың қайталанбауы үшін не істеу керек деген сауалға жауап іздесек, шынымен де бұл ескерткіштердің қажеттігі анық. Ал қазір соның жанында ойнап жүрген балалардан сұрасаң, мұның не ескерткіш екенін білмейді. Өйткені олар елдің қайғырғанын көрген жоқ. Халқының қасіретіне шындап қайғырмаған адамда шынайы махаббат та болмайды. Ондай адам халқын жан-жүрегімен сүйеді дей алмаймын. Меніңше, бұл күнді ұлттық қасірет күні деп жариялау керек.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнаулы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Бұл комиссияның жұмысы көңіл толарлық па?

– Енді ғана есімізді жинап, Тоқаев келгелі бері қайғылы тарихқа бет бұрып, қайтадан мемлекеттік комиссия құрып, қолға алып жатыр. Былтыр қарашада құрылған комиссия құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Барлығы 57 ғалым бар.

Мемлекеттік комиссияның жүйелі жұмысын ұйымдастыру үшін еліміздің барлық аймақтарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Комиссияға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жетекшілік етеді. Жалпы, 11 жұмыс тобы бар. Өзім екі жұмыс тобын басқарамын. Жұмыс тобы барлық архивтермен байланысты. Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі құпия мұрағат айналымға қосылды. Көп материалдар жиналып, қаншама қорытынды жасалуы керек. Жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Мақсат – саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру.

Екіншіден, жазықсыз сотталған және саяси қуған-сүргінге ұшырағандарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу қажет. Бұйырса, көкейде жүрген арман-тілек, ұсынысымызды айтып, халықтың көңілінен шығатын қорытынды шығарамыз деп ойлаймын.  

 Ашаршылық тақырыбы мектеп оқулықтарына қашан кіреді?

– Біздің мемлекеттегі ең басты ұстаным – Қазақстандағы барлық ұлттар бірдей. Қазақ халқы олардан ерекше емес. Қазақ халқының тарихы солармен бір тарих деп қарастырылады. Шын мәнінде, қазақ халқының ХХ ғасырға дейінгі тарихының Ресеймен байланысы жоқ. Қазақтың тарихы елді мекендейтін көп ұлттармен байланысты емес. Олар бізге ХІХ ғасырдың соңында сырттан келіп қоныстанды. Сондықтан Қазақстан тарихын бүкіл елді мекендейтін ұлттардың ортақ тарихы деп қарастырған дұрыс емес. Олардың шын тарихы өздерінің тарихи отанында. Мысалы, орыстардың тарихы – Ресейдің тарихы. Олар сол тарихты жақсы көреді деп ойлаймын. Дұрыс, өйткені ол өз ата-бабаларының тарихы ғой. Міне, біз осы мәселені реттеп алуымыз керек. Сонда ғана мектептегі оқулықтар дұрысталады.

– Алайда, ашаршылық құрбандары туралы деректер әртүрлі. Шетелдік ғалымдар басқа, отандық ғалымдар екі түрлі мәліметті ұсынады. Қайсысына сүйенген дұрыс?

 Шетелдік ғалымдарға сенуге болмайды. Олар 1926 жылғы және 1939 жылғы санақты алады. Соңғы 1939 жылғы санақ – қайта жасалған санақ. Өйткені мұның алдында болған 1937 жылғы санақта халықтың көп қырылғанын білген Сталин оны ұйымдастырған барлық санақшыларды, аудандағы санақ басқармасының басшыларын ұстап, халық жауы ретінде атып, жер аударған. Сөйтіп, бір жарым жылдан кейін санақты қайта ұйымдастырып, 1939 жылы өткізген. Әрине, бұл кезде шығынды жабу әрекеті жасалды. Осындай кемшілікке қарамастан, шетелдіктер екі санақты алып, есептей салды.

Екі санақтан да басқа деректер бар ғой. Ең басты мәліметтің бірі – Қазақстанның халық шаруашылығы есебінің бастығы Саматовтың Ресейдің мемлекеттік архивінің бастығы Краваляға, оның көшірмесін Қазақстандағы бастығы Мирзоянға жазған жазбасы. Онда ауылдағы халықтың саны нақты көрсетілген. 1930 жылы 1 маусымдағы мал санағына иелерін де қосып санаған. 1930 жылы Қазақстанның ауылдық жерлерінде 5 млн 873 мың адам өмір сүрген. Оның 5 миллионға жуығы – қазақ. 1931 жылы 1 маусымда 5 млн 114 мың адамға, 1932 жылдың 1 маусымында 3 млн 227 мың адамға кеміген. 1933 жылдың 1 маусымында 2 млн 493,5 мың адам, 1934 жылы 2 млн 681, 8 мың адам қалған. Осы кезде халық аздап көбейе бастады. Өйткені, сол жылы шаруашылықты орналастыру комиссиясы бойынша босқындарды қайтару басталды.

1935 жылдың 1 маусымында 2 млн 926 мың адам, 1936 жылы 3 млн 287,9 мың адамға артты. Міне, осы санақ қаладағы халықтың санымен де салыстырылады. Қалада халық негізінен онша көп болған жоқ. 1926-1931 жылдарды қарасақ, өсу болғанын байқаймыз.

– Қала халқының саны қанша еді сол кезде?

– 1926 жылы Қазақстандағы қала халқының саны 471 мың ғана болды. Оның барлығы дерлік – славян ұлтының өкілдері, ал 1931 жылы 732, 7 мыңға жетті. Ол кезде индустрияландыру жүріп жатқандықтан, қала халқы санының өскені байқалады. 1932 жылы қаңтарда 1 млн 721 мың адам болды. Яғни, ауылдан босқандар қаланы толтыра бастады. Бірақ қазақтың көбі тіркелген жоқ. 1933 жылы 1 млн 218, 9 мың, 1934 жылы 1 млн 311, 6 мың, 1935 жылы 1 млн 437, 6 мың, 1936 жылы 1 млн 499,5 мың. Қала халқы негізінен Қазақстанға келген басқа да ұлттардың есебінен өскен. Олар неге келді? Қазақстан қалаларында кәсіпорындар ашыла бастады. Оған орталықтан орыс-славян жұмысшыларын алып келді. Қазақтарды сауатсыз деп жұмысқа жолатпады.

Ауылшаруашылығында халықтың кемуі 1930-33 жылдар аралығында 1 млн 379 мыңнан асып кеткен. Оның 2 млн астамы қырылды. Осы есептің бәрі жазылған архив құжаттарын жариялап жатсақ та, әртүрлі көрсеткіш айтатындар көп. Неге? Біздің жазушылар 1930-33 жылғы ашаршылыққа 1921-22 жылғы ашаршылықты қосып жібереді. Сөйтеді де, 4 млн қазақ қырылды деген дерек шығарады. Бірақ екі ашаршылықтың себебі екітүрлі.

1921-22 жылдары Қазақстанда әлі Кеңес үкіметі орныға қоймаған кез. Бұл негізінен қыста жұттың болуы, егіннің шықпай қалуы, Азамат соғысында ақтар келіп бір шауып, қазақтың малын тонап, саяси-әлеуметтік қиын жағдай орнаған тұсы.

Ал 1931-33 жылғы ашаршылықтың себебі мүлдем басқа. Мұндағы себеп – қазақтың малын ет дайындау науқанына сыпырып алды. Орталықтан келген «Союз мясо», «Москва-мясо», «Ленинград-мясо» деген әртүрлі акционерлік қоғамдар қазақ шаруаларының малын тартып алып отырды. Арнайы ереже бойынша, қазақ отбасы жаңа туған бұзау 12 айлық болғанша аман сақтауға келісім берді. Егер аман сақтамаса «халық жауы» деп соттады. 1991 жылға дейін Мәскеуді етпен біз асырадық. Оны аспирантурада оқып, жұмыс істеп жүргенде көрдім.

1977 жылы Брежневтің заманы. Чертанова деген шағын ауданнан пәтер жалдадым. Кешке дейін архивте жұмыс істеймін. Қарным ашып, қарсы беттегі гастрономнан ет алайын деп кірсем, 15 шақты әйел кезекте тұр екен. 16-шы болып кезек алдым. Кезек жылжымайды. Қарасам, сатушының алдында екі бөлек үйілген ет тұр. Әрі-бері тұрып, сатушыдан: «Мына кезек неге жылжымайды?» деп ем, «ет күтіп тұр» деді. «Мына ет ше?» деп ем, «Это вчерашние мясо» деді. Ал Алматыда сол кезде дүкеннен ет тұрмақ, сүйек табылмайтын. Оның өзіне қырғын кезек болады. «Маған кешегі еттен беріңіз» дедім. Сөйтсем, әр 20 минут сайын жаңа ет түсіп отырады екен. Сатушыдан қай жақтың еті деп сұрап едім, «Қазақстанның еті» деді. Ол кезде Мәскеу халқы 9 млн болатын...

Тегтер: