Билл Гейтс байлығын түгелімен қайырымдылыққа жұмсамақ

Алматы, NEGE. — Мен өлгенде мен туралы cан түрлі пікірлер айтылуы мүмкін, бірақ менің басты мақсатым — «ол бай күйінде көз жұмды» деп айтпаса екен, — деп жазды Билл Гейтс өзінің сайтында.
Ол бұл ойды америкалық магнат әрі меценат Эндрю Карнегидің: «Бай күйінде өлген адам — абыройсыз өлген адам» деген сөзімен толықтырды.
Алайда қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, Гейтс байлығының 99 пайызын таратса да, миллиардер күйінде қала береді. Ол жариялаған мәліметке сәйкес, оның қазіргі байлығы шамамен 108 миллиард доллар.
Билл мен Мелинда Гейтс қоры ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау және басқа да салаларға қаржы құйып келеді. Бірақ қазір Microsoft-тың негізін қалаушы қор қаражатын жұмсау қарқынын арттыруға шешім қабылдаған. Бұған дейін қор олардың қайтыс болғанынан кейін де ондаған жылдар жұмыс істейді деп жоспарланған болатын. Енді Гейтс қордың барлық қаржысын 2045 жылға дейін толық жұмсап, кейін жабылатынын айтты.
Биыл күзде Билл Гейтс 70 жасқа толады.
Гейтстің есебінше, келесі жиырма жылда қор шамамен 200 миллиард доллар жұмсайды — нақты сома нарықтағы жағдай мен инфляцияға байланысты болмақ. Ал өткен 25 жыл ішінде Гейтс қоры әлемнің әртүрлі елдерінде денсаулық сақтау мен даму салаларына 100 миллиард доллар бөлген.
Алдағы кезеңде қор үш негізгі мақсатты көздейді:
— Ана мен балаларды өлтіретін, бірақ алдын алуға болатын аурулармен күресу,
— Малайрия мен қызылша сияқты жұқпалы ауруларды жою,
— Әлемнің түрлі елдеріндегі жүздеген миллион адамды кедейліктен құтқару.
Бұл шешімнің себебі жайлы BBC арнасына берген сұхбатында Гейтс: «Жиырма жылдан кейін басқа бай адамдар пайда болады, және олар адамдардың мәселелерін шешуге қалай көмектесуге болатынын жақсырақ түсінеді», — деді.
— Мұндағы басты себеп — жеделдік. Егер мәңгі өмір сүруді жоспарламасақ, әлдеқайда көп қаржы жұмсауымыз керек. Мен бұл шығындардың менің құндылықтарыма сай келетінін білемін, — деді ол.
Билл Гейтс пен Пол Аллен Microsoft компаниясын 1975 жылы құрған. Биыл бұл компьютер және ақпараттық технологиялар алыбына 50 жыл толады. Гейтс компанияның бас директоры қызметінен 2000 жылы, ал директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен 2014 жылы кеткен. 2020 жылы ол компанияның директорлар кеңесінен біржола шықты.