8 Маусым 17:39
...

Серік БЕЛГІБАЕВ: Украинадағы СОҒЫСҚА араласу ірі саяси ДАҒДАРЫСҚА әкеліп соғуы мүмкін

Фото:
Украина азаматтары

әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарға бейнеүндеу жолдай бастады. Сөздеріне қарағанда, қазір Украинада «қазақ әскері Ресейге болысып, жанжалға араласады екен» деген қауесет гулеп тұрғанға ұқсайды. Сондықтан, үндеудің мазмұны бір арнаға тоғысып отыр.

Барша украиндықтар: «Біз қазақтарға құрметпен қараймыз. Сендер бізге келмеңдер! Біз өз жерімізді қорғап соғысып жатырмыз!», – деген хабарды жеткізгісі келеді.

Әрине, украиналықтардың алаңдаушылығы негізсіз емес. ҰҚШҰ-ға мүше елдерге сырттан шабуыл жасалса, өзге елдер көмек беруге уағда жасалған. Соңғы кездері Украина мен Ресей арасындағы соғыс Донбастың аумағымен шектеліп отырған жоқ. Ресейдің Украинамен шекаралас қалалары мен аудандарына бомба түсіп жатыр. Тіпті, Белгород облысында диверсиялық топтар белсенді әскери қимылға көшкен. Украина болса: «Бұл қарулы адамдар – украиндықтар емес, Кремльдің саясатына наразы ресейліктер», – дегенді алға тартады. Яғни, Ресейдің «ішкі ісі».

Осы мәселеге қатысты саясаттанушы Серік БЕЛГІБАЕВ NEGE-ге пікір білдірді.   

С.Белгібаев.

– «Қазақ сарбазы бөтен елдің мүддесі үшін қанды майданға араласа ма?» деген сауал қазақстандықтарды қатты мазалап отыр. Украинада осындай қауесет кеңінен тарағаны анық көрінеді. Бұған негіз бар ма?

– Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы өте етене екені белгілі. Бұл ең алдымен осыған байланысты. Бұл қарым-қатынас Кеден одағы, Еуразиялық экономик одақ арқылы нақты бекітілген. Осыған орай, Қазақстанның мойнына алған белгілі бір міндеттемелері бар. Әскери міндеттемесіне келсек, ол ҰҚШҰ аясында айқын көрсетілген.

Шын мәнінде, ҰҚШҰ – посткеңестік кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым емес, Ресей жасаған құрылым. Тек қана Ресейдің мақсат-міндеттері мен қалауын орындайды.

Ресей енді ҰҚШҰ арқылы одақтасы ретінде Қазақстанның Украинадағы соғысқа араласқанын талап ете алады. Осыған барынша ұмтылып жатыр. Бірақ бұдан әзірше нәтиже шығып жатқан жоқ. Өйткені, ешкім соғысқа араласқысы келмейді.

Биліктің ұстанымы белгілі: арбаны да сындырмау, өгізді де өлтірмеу. Десе де, ғайыптан тайып, жанжалға араласатын болсақ, бұған қоғам қандай реакция білдіруі мүмкін?

– Еліміздің ішкі мәселесіне келсек, Қазақстан қоғам ретінде біртұтас конструкция емес. Қазақстанда екі ірі полярлы топ бар. Біріншісі – қазақша сөйлейтін қазақтар. Олар отаншылдық, қазақстаншылдық ұстанымды ұстанады. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы халықтың осы тобының ойында ғана өмір сүреді. Мұны негізсіз айтып отырғаным жоқ. Әлеуметтану бойынша бірнеше зерттеу жүргізілген. Соның нәтижесіне сүйеніп айтып отырмын. Патриот қазақтардың саны 15-20 пайыздың төңірегінде. Бұлар – белсенді ұстанымдағы адамдар.

Екінші топ бұған мүлде кереғар. Олар Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайды. Керісінше, мансұқтайды. Дені – қазақ емес тұрғындар. Олар саяси, қоғамдық өмірден шеткері. Бұл қадамға саналы түрде барған. Оның үстіне, Қазақстанда еркін саяси үрдістер болған да жоқ.

Коллаж: ғаламтордан

Бұл отыз жыл ішінде тәуелсіздіктің тұғырын бекіту үшін идеология тұрғысынан байыпты әрекет жасалмағанын көрсетеді. Бұл топқа тек өзге ұлттар ғана емес, орыстілді қазақтар да кіреді. Оларды қазір «вата» деп атап жүр. Бұл сөз осы топтағы адамдарды дәл суреттей алмайды. Өйткені, өте күрделі ұғым.

Осылардың арасында әлі таңдау жасамаған да топтар бар. Олар осы екі топтың арасында теңселіп жүр. Нақты, қалыптасқан ұстанымдары жоқ.

Таяуда ғана ҰҚШҰ-ға «үйлестіруші мемлекет» деген ұғымның енгізілуі де қауіпті қоюландырып отыр. Жауласушы тараптың бірі Ресейдің бұл ұйымдағы рөлі бұрынғысынан да арта түспек. Сіздің ше бұл не үшін қажет?

– ҰҚШҰ аясында қол қойылған келісімдерге қоғам тарапынан баса назар аударылып отыр. Шын мәнінде, олар мұны бұрыннан айтып келеді. Былтыр «Ресей жетекші ел болады» деген сөз ашық айтылған. Бірақ енді ғана күн тәртібіне шығып отыр.

Өйткені, қарсылықты сәт туындады. Қоғамның белсенді бөлігі қарсылық танытып отыр. Әңгіме Қазақстанның Ресеймен одақтастығы турасында. Шынтуайтына келсек, бұл келісімдердің Қазақстанға ерекше әсері жоқ. Өйткені, Ресейдің қолында түрлі тетіктер бар. Сол арқылы-ақ Қазақстанды жанжалға тарта алады. Сондықтан «Ресейдің ерекше рөлі» секілді келісімдердің соншалықты мәні жоқ.

Қазақстан тек қана бір жағдайда ғана соғысқа араласады. Қазақстан басшылығы әлдеқандай мүддемен немесе қорыққаннан келісім беруі мүмкін.

– Қорғаныс министрлігінің лауазымды шенеуніктері бұл түйткілдің шешімі Парламенттің қолында екенін айтып та үлгерді. Біздің халық қалаулыларының қазақ әскерін осы жанжалға араласуын мақұлдауы мүмкін бе?

– Кейбіреулер «парламент барлық шешімдерді қабылдап, мақұлдайды» деген сөзді естіп жүрмін. Бірақ мұнымен келіспеймін. Рас, Қазақстанның жоғары басшылығы – ресейшіл. Десе де, мемлекеттік аппаратта өте көп адам бар. Парламенттің бір бөлігі соғысқа әскер жіберуге қарсы шығады. Қарсылық көрсетеді. Біздің мемлекетіміздің Қаңтар оқиғасынан кейін қалай өзгергенін айтсақ, күштік құрылымдардың арасында мұндай шешімді қуана қабылдайтын, қолдайтын топтар да бар.  Мұның өзі аппаратың ішіне жік түсіреді. Мұндай қадам ірі саяси дағдарысқа әкеліп соғуы ғажап емес.

Фото: Sputnik

Қазақ әскері Ресейдің стратегиялық нысандарын күзетуге жіберуі мүмкін бе?

– Бәрі мүмкін. Ақырындап, бірте-бірте тартылуы ғажап емес. Қазақстан әскері ішкі шектерге жіберілуі ықтимал. Өйткені, ҰҚШҰ мандаты бойынша, аумақтық тұтастыққа кепілдік берілген. Украинаның басып алынған жерлері туралы айтпай-ақ та қоялық. Белгород облысында Ресейдің мемлекеттік шекарасын бұзу әрекеті бар. Қағаз жүзінде Қазақстан қатысуы мүмкін.

Мұндай жағдайда да Қазақстан қарсылық көрсетеді. Өйткені, соғыстың аты – соғыс. Жайсыз қабылданады. Ақорданың екі үстелде отырып, қоғам мен Ресейдің арасында тепе-теңдік ұстауға ұмтылуы билік пен қоғам арасында ұдайы қайшылық тудырады.

Тегтер: