Серік БЕЛГІБАЕВ, саясаттанушы: Қазақстан – қақпашы, Ресей – шабуылшы

УТИН 9 қарашада Қазақстанға ат басын бұрмақ. Кейбір деректерге қарағанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пен оның ресейлік әріптесі Путин қазақ-ресейлік стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылайтын болады.
Сондай-ақ екі ел басшылары Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнеконференция арқылы қатысады.
Әдетте, осындай қысқа ғана хабардың артында үлкен халықаралық мәселелер тұрады. Елдің тағдырына қатысты маңызды шешімдер қасаң сөйлемдермен ғана БАҚ бетінде жылт ететіні бар.
NEGE тілшісі cұрақтарына жауап берген қазақстандық саясаттанушы Серік БЕЛГІБАЕВ Путиннің осы сапарының астарына үңілді.
– Екі күннен кейін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға келеді. Ол соңғы кезде елімізге жиі сапарлайтын болды. Бұл жолы қандай мәселелерді қозғауы мүмкін?
– Рас, соңғы кезде Ресей президентінің Қазақстан басшысымен бас қосуы жиіледі. Бұл кездесулер қауіптенуге ешқандай себеп бола алмайды. Келіссөздер жабық өтеді, не жайында сөз болып жатқанын біз білмейміз. «Путин мен Тоқаев мынадай нәрселер жайында әңгімелесті» деп кесіп айта алмаймыз.
Десе де, Ресейде және Қазақстанда болып жатқан жағдайларға қарап, Ресейді Қазақстанда не қызықтырып отырғанын тұспалдауға болады. Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бір қақпаға доп соғу ойынын еске түсіреді. Қазақстан – қақпашы, Ресей – шабуылдаушы. Кездесулер туралы бастама тек қана Ресей тарапынан түсіп отыр.
Қазақстан мен Ресей қатынасында Украинадағы соғысқа байланысты күрделі ахуал туындап отыр. Қазақстан «тыныштықты» пайдаланып, Ресейден іргесін аулақ сала бастады. Өйткені, ел билігін Ресейдің «интеграцияға» және басқа да мәселелерге қатысты «табандылығы» үркітті.
Жақында Франция президенті Эмманюэль МАКРОН келіп, уранға қатысты келісімшарт жасау жөнінде сөз қозғады. Бұл – стратегиялық мәселе. Уран кеніштерінде Ресейдің үлесі қомақты. Бұл саланы Ресей өз мүддесінің аумағы ретінде көреді.
Тоқаев пен Макрон. Фото: ғаламтордан
Франциядан әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін сатып алуымыз да Ресейге ауыр тиюі ықтимал. Міне, осы мәселелер қозғалуы әбден мүмкін. Себебі, Қазақстан Ресейдің ықпал аймағында жатыр. Біздің әуе шабуылынан қорғанысымыз бұрыннан Ресейдің қолында. Ресейлік қару, ресейлік жүйелер, тағысын-тағылар.
– Олай болса, Ресей неге алаңдайды?
– Қазір мынадай мәселе бар: Кремль келесі жылы Украинадағы әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтатуы мүмкін. Бастапқы мақсатына жете алмаған соң, олар қарқынды түрде келіссөз туралы мәселе көтере бастады. Ондағы ойы – соғысты уақытша тоқтатып, ес жиып, жаңа соғысқа кіріспек. Үзілісті пайдаланып, жаңа экономика құруды көздейді. Және уысынан шығып бара жатқан ықпал аймағын кері қайтаруды қалайды.
Шынтуайтында, Ресей Украинадағы соғыстан кейін біршама ықпал аймағын жоғалтып алды. Сондықтан жаңа ықпал аймағын айқындап алуы керек. Қалғаны – Орталық Азия. Яғни, Қазақстан мен оның оңтүстіктегі көршілері. Соғыстағы үзіліс осы елдермен арадағы мәселені шешуге ұмтылу үшін қажет. Ресей өзінен сескенетін елдермен жаңа қарым-қатынас жүйесін құрғысы келеді. Бұл әскери қарым-қатынасты, шикізатты және барлық нәрселерді бақылауға алуға да қатысты. Қазақстандық шикізаттың біршамасы Ресейдің қолында. Десе де, ықпалын одан әрі күшейтуді қалайды.
Алдағы сапарда күн тәртібіндегі жайттармен қоса, болашақтағы мәселелер де сөз болады. Яғни, оның ішінде стратегиялық мәселелер, айталық, біздің аймақтың келешегі, Орталық Азия елдерінің Ресеймен қарым-қатынас жүйесі де бар. Бұл аймақта Ресей үстемдігінің болашақта сақталуын көздейді.
– Десе де, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері осы уақытқа дейін Қазақстанға қатысты «мемлекет» деген сөзді айтпайтын еді. Оның орнына «территория» деген сөзді қолданып келді. Соңғы кездері «егемен ел», «тәуелсіз ел» деген тіркестерді пайдаланатынын байқап қалдық. Бұл Ресейдің өзгергенін білдірмей ме?
– Риторикаға келсек, олар бір нұсқау алған тәрізді. «Басқа елдердегі қоғамдық пікірді қарсы қоймауы үшін жұмсақ сөйлеңдер» дегендей. Өйткені, бұл қарым-қатынасқа зиян келтіріп, қоғам тарапынан қатаң реакция тудырады. Ресейде Қазақстанға қатысты көзқарастың мүлде өзгермегеніне сенімдімін. Олар үшін бұрын «территория» болса, қазір де сол «территория» күйінде қалды.
Мұның алдында депутаттары, саясаткерлері еркін сөйлеп келді. Сөз саптаған кезде ештеңеден іркіліп қалмайтын еді. Десе де, олардың біздің аймаққа деген жоспары ешқандай өзгеріске түскен жоқ.
Келесі жылы соғыстың қарқыны бәсеңдесе, Орталық Азиядағы Ресейдің әрекеті қайта жанданады. Аймақты бағындырып, негізгі салаларды өзіне қаратады. Басқа да нұсқалар бар. Бірақ ол туралы сөз қозғауға әлі ертерек.
– АҚШ, Еуроодақ, Қытай және Ресейдің өзі Орталық Азия елдерімен «5+» форматымен ынтымақтастық орнатып жатыр. Бұл ірі ойыншылар Орталық Азия үшін күрес бастады дегенді білдіре ме?
– Бұл – бар дүние. Орталық Азияны басып алуға жол бермеу – Батыс елдерінің мүддесі. Ең бірінші, АҚШ пен Еуроодақтың.
АҚШ «Үлкен Орталық Азия» туралы әңгіме айтып келді. Америкалық тұжырымдаманың мақсаты – осы елдердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Ресейдің үстемдігіне қарсы бұл елдердің бір майдан құруын қалайды. Бұл біздің елдеріміздің мүддесіне сәйкес келеді. Бірақ бұл жерде бір түйткіл бар. АҚШ-тың бізге ықпал ету құралдары жоқтың қасы. АҚШ тек қана бұл аймақта мұнай өндіру саласында ғана жұмыс істеп жатыр. Басқа салаларда ықпал ете алатындай мүмкіндігі жоқ.
Фото: ғаламтордан
Әлдеқандай бір ел көмек қолын созса, оны алуға да қауқарлы болу қажет. Ал Қазақстанның ондай дайындығы жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін биліктің тұрақтылығы тұрғысынан Ресейге тәуменді. Сонымен қатар, Ресей ұдайы қоқан-лоқы көрсетіп келеді. Қазақстан сол қоқан-лоқының жетегінде кетіп жатыр.
Әрине, Қазақстанның және басқа да елдердің билігі Ресейдің күшеюінен, толық бақылауына түсуге, бір губерниясына айналудан қорқады. Ресей қатты қысым көрсетсе, элитамыздың қарсыласуға мүмкіндігі аз. Өткені, қазақ билігі Ресеймен тығыз қарым-қатынаста. Бұл бизнес мүдделерге де, мәдениетке де, ортақ шекараға, әскери базаларға да қатысты.
– Еліміздің территориялық тұтастығына кепіл боламыз деп мәлімдеген Қытай туралы не айтар едіңіз?
– Қоғамда: «Бірдеңе бола қалса, Қытай біздің тәуелсіздігімізді қорғауға көмектеседі, Ресейді орнына қояды» деген пікір бар.
Қытай өзіне керегін алып жатыр. Қазақстанға келіп, шикізат алғысы келсе, оған оңай қол жеткізеді. Қытай билігі мен бизнесі тәуекелге көзді жұмып барады. Қазақстанда саяси қауіп өте жоғары. Батыс компаниялары мұнай, тау-кен өндірісіне кіргісі келсе, директорлар кеңесі мұны мақұлдамауы мүмкін. Өйткені, саяси тәуекел бар. Ал Қытай болса, одан қорықпайды.
Қытай үшін Қазақстанның Ресейдің толық бақылауында болғаны тиімді. Өйткені, Қытай мен Ресей – одақтас елдер. Қытай Батысқа қарсы күресіп жатыр. Бірақ біреудің, Ресейдің қолымен. Ресей Қазақстанды толық бағындырса, Қытайға бұл жерде кең жол ашылады. Қытайды егемендіктің кепілі ретінде қарастыру – мүлде қателік.