Мұрат Бақтиярұлы, сенатор: Қазақстанға төнген қауіп күшейе түсті
көз тігіп отыр. Ресей президенті В.Путиннің Украинаның екі аймағын «Донецкі халық республикасы» және «Луганскі халық республикасы» деп мойындауы жағдайды тіпті ушықтырып жіберді.
-
Тақырыпқа орай: Путин маскасын шешті
Батыс елдерінің Ресейге салатын санкциясы Қазақстанға қалай әсер етеді? Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлына қойған еді.
– Ресей мен Украина арасындағы жанжал ушығып барады. Екі елдің арасындағы қақтығыс бізге қалай әсер етеді?
– Ресей мен Украина арасындағы жанжал 2007 және 2014 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Донецкі мен Луганскі Украина жері болғанмен, онда орыс халқы көп тұрады. Одан бөлек Ресейдің азаматтығын алған 800 мыңға жуық адам бар. Ал қазіргі жанжал өзінің кемерінен шығып, қатты асқынып кетті. Екі елдің арасындағы жағдайдың ушығуына Украинаның НАТО-ға мүше болуға талпынуы себеп болып отыр.
Шын мәнінде бұл – Украинаның ішкі шаруасы. Өйткені аталған елді БҰҰ тәуелсіз ел деп мойындағаннан кейін оның қандай ұйымға мүше болатынын өздері шешуі керек еді.
Әрине, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстанға тікелей әсері болады. Кешегі жағдайдан кейін АҚШ пен Еуропа елдері санкция салуды бастады. Бұл жолғы экономикалық қысым бұған дейінгі санкциялардан анағұрлым қатал болады. Тіпті экономикалық санкцияның салқыны саяси санкцияға да ұласып кетуі де мүмкін. Біз Ресеймен Еуразия экономикалық одаққа мүше болғандықтан оның әсері Қазақстанға қатты тиеді.
Қ.Тоқаев пен В.Путин. Фото: ғаламтордан
Парламент мүшесі ретіндегі пікірім: біздің ел әлемдік қауымдастықтың яғни, БҰҰ-ның шешімін басшылыққа алуы керек. Біз – БҰҰ-ның мүшесіміз әрі Ресеймен одақтас, көрші елміз. Бірақ қалай болған күнде де біз БҰҰ шешіміне сүйенуіміз керек. Өйткені екі мемлекеттің арасындағы жанжалдан кейін теңге құнсыздана бастайды. Жалпы Ресейге салынатын санкция бізді де сансыратып жіберуі мүмкін.
– Біздің билік Ресеймен қоян-қолтық қарым-қатынас орнатқан ел ғой. Алдағы уақытта Қазақстанға да санкция салуы мүмкін бе?
– Жоқ. Қазақстанға санкция салмайды. Бұл мүмкін емес. Менің ойымша, бұл жағдайда Қазақстан, Сыртқы істер министрлігі бейтарап позиция ұстанатын шығар. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрі айтты. Егер осы жағдайға байланысты Қазақстан бейтарап саясат ұстанбайтын болса, онда оның біздің елге үлкен әсері болады. Сондықтан бүгін кешке дейін Сыртқы істер министрлігі бір тұжырымға келетін болар.
ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді. Фото: РИА Новости
– Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан біздің билік қандай сабақ алуы керек?
– Елімізде сепаратистік пиғыл 1990 жылдары басталды. Сепаратизм Батыс Қазақстан облысында күшті болды. Орал қаласындағы казактардың әрекетін халық ұмытқан жоқ. Сондай-ақ теріс пиғылды ниет Солтүстік Қазақстан облыстарында да кездеседі. Сондықтан біз осыдан сақтануымыз керек. Қазіргі таңда еліміздің терриориясы БҰҰ бойынша ратификацияланған. Ал Ресей мен Украинаның шекарасында ратификация жасалмаған.
Мәселен қазір Ресей Украинаның екі облысын «халықтық республика» деп мойындады. Әлемдік қауымдастық «Донецкі халық республикасы» мен «Луганскі халық республикасын» ешқашан мойындамайды. Сонда қалай болады?
Демек, екі елдің арасындағы теке-тірес ұзаққа созылады деген сөз. Қазақстан осы жағдайдан дұрыс сабақ алып келе жатыр және алдағы уақытта да етек-жеңімізді жинауымыз керек.
– Ресейлік кейбір депутаттар мен саясаткерлер еліміздің солтүстігіндегі облыстарға көз алартып жүргені жасырын емес. Бұл мәселеде билік не істеуі керек?
– Еліміздің Ресеймен шекараласатын аймақтарында қауіп бұрыннан бар. Үкіметтің халқы тығыз орналасқан облыстардан солтүстікке көшті ұйымдастыруға арналған бағдарламасы бар емес пе? Өкінішке қарай, аталған бағдарлама өз деңгейінде жұмыс істемей жатыр.
Біріншіден, аталған бағдарлама солтүстік өңірді қазақыландыруға ықпал етер еді. Сондықтан Үкімет пен Парламент осы бағытта жұмыс істеуі керек. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау секілді туу көрсеткіші жоғары, керісінше, жұмыс орны тапшы аймақтан солтүстікке көшті ұйымдастыру керек. Алайда ішкі көші-қон өз дәрежесінде жүзеге аспай жатыр. Осыны тез арада қолға алуымыз керек.
Мысалы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы әу баста 60 мың адамға арналса, қазір онда 160 мың халық тұрады. Мұнай таусылған соң аталған қаланың жағдайы не болады?
Егер халқы тығыз аймақтардан солтүстікке көшті сауатты ұйымдастырсақ, теріскейдегі қазақтың үлес салмағын 60 пайыздан асар еді.
– Сонда Үкімет халықты солтүстік аймақтарға көшіруге неге немқұрайлы қарап отыр?
– Немқұрайлы болғанда өз дәрежесінде қарап отырған жоқ. Нақтырақ айтсам, қаржы жағы аздау болып отыр. Өкінішке қарай, бағдарламаның қаржысы әу баста дұрыс есептелмеген, дұрыс бөлінбеген.