15 Сәуір 12:58

«Коронавирусты түбегейлі жойып жіберуге болады». Эпидемиолог осылай дейді

Фото:

Елімізде сәуір айынан бастап екпе салу басталды. Алайда, бүгін вакцинадан бас тартушылар әлі де көп. Эпидемиолог-ғалым Сәкен Әміреев індеттен қай кезде және қашан құтылатынымыз туралы әңгімеледі. 

– Сәкен Әміреұлы, екпеден кейін коронавирусқа қарсы иммунитет қалай қалыптасады?

– Кейбіреулер «екпенің керегі жоқ, тиімділігі болмайды» деп жүр. Бұл дұрыс емес. Қазір коронавирусқа қарсы екпені бірнеше мемлекетте жасады. Соның ішінде Ресейде 4 вакцина шықты. Елімізде де қолға алып, жақында тыныстырылды. Енді оның қорғаныштық қасиеті қаншалықты?

Жалпы, кез келген екпенің қауіпсіздік және қорғаныштық қасиеті бар. Оның тиімділігін дөп басып айтуға ерте. Себебі, екпе жаңадан шықты. «Екпенің қорғау қасиеті қанша уақытқа дейін сақталады?» деген сауалға жауап іздесек, оған біраз уақыт керек. Екпені шығарып жатқан ғылыми орталықтар қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген соң ұсынады. Сондықтан халыққа түсіндіріп айтуымыз керек. Екпені салмасақ, бір-бірімізді сақтай алмаймыз. Бүкіл әлем адамзатты тек екпемен ғана қорғау қағидасын ұстанып отыр.

– Жаппай екпе салған соң індеттен біржола құтылу мүмкін бе?

– Пандемия – індеттің бүкіл әлемге жайылуы. Коронавирус бір жылдың өзінде барлық елге тарап кетті. Қазіргі кезде әлем бойынша инфекциядан 2,5 млн адам қайтыс болды. Ең аз өлім Ресейде тіркелді. Өйткені, медицинаның дер кезінде диагноз қоюы, ем-шараны дұрыс жүргізуі септігін тигізді. Негізі бәріміз бұл вирусты жаңадан келгендей көреміз. Бұл – жаңа вирус емес. Оның мутациясы 2019 жылдың аяғында ғана өте қауіпті вирусқа айналып кетті.

Шынын айту керек, карантин, шектеу шаралары вирусты аздап болса да азайтты. Бірақ бұл мәселені толықтай шешпеді, шеше алмайды да. Бұрыннан екпе шығарып келе жатқан елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, Австралия, Германия екпе арқылы вирусты тоқтатуға күш салуда. Ал біз екпені жаңадан ғана салып жатырмыз. Әлі күнге қорқып, салдырмай жүргендер қаншама.

Қазір екпеге байланысты екі топ пайда болды. Бірі мақұлдаса, екіншісі түбегейлі қарсы. Кезінде шешек індетінен миллиондап қырылып қалған жоқпыз ба? Полиомиелиттен қаншама бала мүгедек болып қалды. Осы сияқты оның салдары көп. Бұларды екпенің арқасында ғана азайттық.

Екпе індетті тоқтатады, көптеген инфекцияны осы екпе арқылы жойдық. Қазір шешек ауруы әлем бойынша жоқ. Оған қарсы екпе салу тоқтатылды. Оның вирусын құрттық. Полиомиелит ауруы да екі-ақ мемлекетте ғана қалды. Жақында Тәжікстаннан шығыпты. Мұның бәрі екпені дұрыс пайдаланбаудың салдары.  

Шешек індеті жайылғанда екпе халықтың 95 пайызына салынған. Қазір мамандардың айтуынша, халықтың 70 пайызы екпе салдырса, ұжымдық иммунитет қалыптасады деген еді. Бұл аз. Сондықтан 85 пайызға жеткізу керек. Сонда ғана пандемия тоқтауы мүмкін.

– Қазір ресейлік және отандық екпе жасаушылар әлі күнге кем-кетігін байқап, түсіндірме беріп жатыр. Бұл екпеге қарсылардың қарасын көбейтпесе, азайтпайтыны белгілі.

– Кез келген екпенің кері әсері болуы мүмкін. Мысалы, өзім алғашқы дозаны қабылдадым. Бірақ ешқандай әсері болмады. Ал екінші біреудің дене қызуы көтерілді. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Әркімде әсері әрқалай. Қорқудың қажеті жоқ. Екпеге деген сенімді азайтып жатқан арнайы топтар бар. Мұндайлар бұрын да болған. Бірақ біз өркениетке ұмтылған елміз. Адамзат баласы соғыстан емес, көбінде әртүрлі инфекциядан қырылады. Біздің денсаулығымызды тек екпе ғана сақтайды. Егер қолымызда басқа қорған болса, екпеден бас тартар едік қой.

Ковидке қарсы екпенің 2 дозасы салынып жатыр. Бәлкім, біршама уақыттан кейін үшінші дозасын алу керек шығар. Оны уақыт көрсетеді. Әзірге әлемдік қауымдастық екі дозаға тоқталып отыр. Екпені алу да, алмау да – өз еркіңіз. Ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ айналаны, қоғамды ойлау керек.

– «Екпені салдырғаннан гөрі ауырып жазылған жақсы» дейтіндер бар. Оған не айтасыз?

– Бұл да амал емес. Ауырсам, сосын иммунитет жақсы қалыптасады дейді. Расымен, солай. Бірақ басқа ауруларда адамдарда иммунитет қалыптасады, ал коронавирус жағдайында олай емес. Былтыр жұрттың көбі вирустың ауыр формасымен ауырғаны клиникалық тұрғыдан дәлелденді. Мұндай адамдар қайтадан жұқтыруы мүмкін, олардың инфекциядан кейінгі қорғаныс антиденелері әлсіз келеді. Оларда жады жасушалары қалыптасса да, есесіне, антиденелері азаяды.

Тегтер: