16 Қазан 11:21

Ілияс Түстікбаев: Жастар саясатын жүзеге асыру үшін жастардың өзін осы іске тарту керек

Фото:

Жастардың қоғамдағы орны қолдауға ие. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру міндеті қойылған болатын. Жастарға арналған бағдарламалар да жемісті жүргізіліп келеді. Жастардың әлеуетін арттырудағы күн тәртібінде тұрған келелі бағыттарды Қазақстан студенттері Альянсының Президенті Түстікбаев Ілияс Нұрболұлы айтып берді. 

«Жастарға жеке басқарма керек»

– Өзіңіз де жас буынның өкілі ретінде айтыңызшы, жастар саясатын жүзеге асыруда неге басымдық берген жөн?

– Жастар саясатын жүзеге асыру үшін ең алдымен жастардың өзін осы іске тарту керек. Жастарға көбірек көңіл бөлінгені жөн. Бізде жастарға арналған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Елімізде жастар саясатын жүзеге асыратын арнайы министрлік те бар. Сонымен қоса арнайы комитет құрылған, өңірлік жерлерде басқармалар мен жастар ұйымдары топтастырылған. Бірақ қазіргі тәжірибеге қарап отырсақ, осы жастар саясатын іске асыратын адамдар жастардың арасынан емес, үлкен буынның немесе ересек азаматтардан құрылған. Сол себепті осы жұмыстардың басы-қасында болуға, тізгінін ұстауға, маңызды мәселелерді шешуге, жастармен жұмыс істеуге жастардың өзін араластыру керек.

Жастар – еліміздің болашағы деп әрдайым айтамыз. Бірақ, Республикалық деңгейде ұйымдар министрлік деңгейде жұмыстар атқарылып жатса да өңірлік жерлерде жастарға аз көңіл бөлінуде. Әкімшілік жанындағы жастар саясаты басқармалары бар. Соңғы жылдары еліміздің 70-80% өңірлерінде осы жастар саясаты мәселелері басқармалары жабылуда. Бірнеше басқармалар қосылып, бірге жұмыс атқарып жатыр. Соның ішінде, мысалы, бір басқармада жастармен айналысатын тек 2-3 маман ғана болады. Бірақ, сол өңірде жүз мыңдаған жас буын өкілі бар. Сол жастардың ісімен айналысып отырған 2-3 маман жеткілікте ме?

Екінші мәселе, өңірлерде жастарға арналған ресурстық орталықтар бар. Тікелей ауылдарда, аудандарда жастармен жұмыс істейтін орталық болғаннан оған көбірек көңіл бөлінуі керек. Басқармалар мен ресурстық орталықтар жастардың бір жерге шоғырланатын орталығына айналуы тиіс. Сонымен қатар арасында беделді, белді, сұранысқа ие, жастар жұмысқа орналасу үшін ұмтылатын бір орталықтың болғаны абзал. 

Жергілікті облыс әкімдері немесе біздегі үш мегаполистің әкімдері осы жастарға көңіл бөлу үшін арнайы басқармаларды жаппай бөлек басқарма етіп шығарса деген ойым бар. Ол жерге жастармен тікелей жұмыс істейтін сапалы, білімді мамандарды тартса және де әкімдердің әрдайым назарында болса, жастардың мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

– Президенттік жастар кадр резерві туралы ойыңыз қандай? 

– Президенттік Жастар кадрлік резерві – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын жас азаматтарға арналған жоба. Бұл жерде талантты жастар жаңа белестерге көтерілуге талпынатын болады. Сонымен қатар мемлекеттік аппаратты жетілдіру және жастар арасында жаңа буынға жол ашу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі жастар мемлекеттік басқарудың болашағы екені бәрімізге мәлім. Сол себепті де осы жобаның арқасында елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идеялар мен нәтижелі жұмыс көрсететін жастарымыз ел тізгініне келуді жоспарлауға жақсы мүмкіндік деп есептеймін.

2019 жылы 300 адам өтті және биыл 2021 жылы жаңа іріктеу жүргізілуде. Соның арасында нәтиже бойынша 50 адам іріктеліп алынды, олар Президенттік жастар кадрлық резервіне енгізілетін болады. Бұл, әрине, 2019 жылмен салыстырғанда аз көрсеткіш. Бірақ, өзіміз тәжірибеден байқағандай, жастардың арасында бұрын-соңды ел алдында болмаған, көпшілікке көрінбеген, Республикалық деңгейде жұмыс істемеген жастар өте көп.  Олар өздерінің мықты білімімен, тың идеяларымен көзге көріне алды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өздерінің біліктілігін жан-жақты көрсетіп резервке кіріп жатыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар өте күрделі және бірнеше кезеңнен тұрады. Іріктеу кезінде білікті 50 адамды шығарар сәтте елімізге ең қажетті салаларына бағытталған мамандарды іріктеп алу керек деп есептеймін. Мамандар тамыр-таныстық жолмен емес нақты өзінің тәжірибесіне, біліміне, елге адал қызмет етемін деген ниетіне қарай іріктелгенін қалаймын. 

Біреуден – ілгері, біреуден – кейін...

– Елімізде Жастарды қолдауға арналған бағдарламалар қалай жүргізіліп жатыр? Көңіліңізден шыға ма?

– Әрине, елімізде жастарды қолдауға арналған бағдарламалар өте көп. Бірақ бұл бағдарламалардағы айта кететін өзекті мәселе – барлығы қысқа мерзімге арналған. Қысқа уақыттағы мәселелерді, күн тәртібіндегі сұрақтарды шешуге ғана бағытталған. Сол себепі де бағдарламаларды ұзақ мерзімге жоспарлау керек. Биыл да көріп отырғанымыздай, көп бағдарлама мәресіне жетті. Мысалы, 5 жылдыққа қабылданған бағдарламалар бастапқыда көрсетілген мақсатта ғана емес әр жыл сайын жастардың қажеттіліктеріне қарай, жастардың сұраныстарына қарай дамып, өзгеріп, қолайлы орта тудырып отыруы керек.

Жастар бағдарламалары ішінде, әсіресе, тұрғын үй мәселелері көп көтеріліп жатады. Белгілі бір себептермен білетініміз, республиканың барлық өңірлерінде бағдарламалар біркелкі іске аспайды, жүйелі жүргізілмейді. Кейбір бағдарламаларға жастардың алатын жалақысы жеткіліксіз болып жатады. Сол үшін де осындай бірқатар мәселелерді зерттеу керек. Кейінгі жастардың ойын да ескерген дұрыс. 

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық жобаларға, ұлттық бағдарламаларға қол қойды. Соның ішінде жеке жастарға арналған жоба жоқ. Бірақ, әртүрлі ұлттық жоблардың ішінде жастар мәселесі кірістірілген деп ойлаймын. Бұл жобаларда жастардың ісін тек бір бөлшек ретінде қарастырмай, жастарға көп көңіл бөлу керек. Жалпы болашақта да осы жастардың жан-жақты мәселелерін шешетін ұлттық жоба әзірлесе болады деп есептеймін.

– Біздің елдегі жастардың әлеуметтік жағдайын басқа мемлекеттермен салыстырмалы түрде айтатын болсақ, қандай деңгейдеміз?  

– Біздің еліміздегі жастардың әлеуметтік жағдайын басқа да мәселелермен салыстырған кезде Қазақстанның жағдайы посткеңестік мемлекеттер арасында, көршілес мемлекеттер арасында жақсы деңгейде деп айтсам да болады. Оған мысал ретінде біздің елімізде бөлінетін гранттар саны, степендия көлемі жақсы. Көршілес елдерде біз сияқты сома жоқ. Кейбір мәселелер бойынша біз оқ бойы озық тұрсақ, кейде қалып қоятын жағдайлар да бар. Бірақ біз өзімізді кеңестік елдерден шыққан мемлекеттермен немесе көршілес жатқан Азиядағы мемлекеттермен салыстырмауымыз керек. Өзімізді Еуропа елдері, АҚШ сынды әлемнің дамыған елімен салыстырып, соларға қарап бет түзеуіміз керек.

Біз жұмыс бабымен басқа мемлекеттерге шыққан кезде әртүрлі жағдайларды көріп жатамыз. Ол тек қана әлеуметтік жағдай ғана емес, жастардың билік басында болуы, жастардың саясатқа араласуы, көп мәселеде тізгін ұстауы, сөз бостандығына келгенде біздің елімізде демократиялық мәселелер көбірек орныққан. Қай мемлекеттер екенін атап керек емес, бірақ біраз мемлекеттегі жағдайды көріп еліміздегі жұмыстар дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанын байқауға болады.

«Жастардың көбі жұмыссыз емес»

– Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өршіп тұрғаны ешкімге құпия емес. Бұл бағытта пандемия да өз әсерін тигізді. Бірақ, кешенді жұмыс атқаруды тоқтатпау керек. Сонымен қатар жастарымыздың өздері де осы бағытта еңбектенсе екен деймін. Ол қалай іске асырылады? Біріншіден, жастарымыз бәсекеге қабілетті, білімді маман болып шығуы керек. Дәл сондай мамандарға жұмыс еш қиындықсыз табылатынына күмәнім жоқ.

Екіншіден, мемелекет тарапынан беріліп жатқан бағдарламалардың аясында өз мүмкіндіктерін қолдануы керек. Мысалға айтатын болсам, әр облыста, әр өңірде «Жұмыспен қамту» орталықтары бар. Сол жерде бірнеше бағдарлама, бағыттар арқылы алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс деген сияқты бағыттармен жастарға жұмыс тауып беру және алғашқы еңбек тәжірибесін беру сияқты мүмкіндіктер қарастырылған. Бірақ бұл жастар арасында кеңінен қолданылмайды. Біз өз тарапымыздан да жыл сайын студенттердің бітіріп шыққаннан кейін жұмыс таба алмай жүргенін көреміз. Орталықтарға барып жұмысқа орналасу кезінде көрсетілген жалақымен келіспеу сияқты масылдық психология әлі де бар. Барлығы тек жалақы мәселесіне ғана келіп тірелмейді. Оны алғашқы тәжірибе жинау одан ары қарай тұрақты жұмысқа орналасу сияқты мүмкіндіктерге жол ашатын бір тетік деп қабылдау керек.  Жұмыссыздық мәселесін жоғары оқу орындары, жергілікті әкімдіктер, министрліктер бірлесіп бизнес секторларының өкілдерін тарта отырып осы мәселелерді шешу керек деп есептеймін.

Біздің мемлекетте жұмыссыз жастарды нақты бір топтарға бөлу керек. Себебі, біз мектеп бітірген немесе ЖОО бітіріп шығып жұмыс істемей жүрген азаматтардың барлығын жұмыссыз деп бір топқа біріктіре алмаймыз. Оның ішінде өз еркімен жұмыс істегісі келмейтін немесе өзін-өзі қамтыған бизнес салада, сондай-ақ басқа бір бағытта еңбектеніп жүрген, бірақ мемлекеттің тіркеуінде тұрмаған, базада жоқ жастарымыз бар. Оның барлығын бір көрсеткішке кіргізіп, барлығын жұмыссыз деп те есептей алмаймыз. Сол себепті де заңды түрде белгілі бір нормативті актілермен құжаттармен жұмыссыздардың өзін бірнеше топқа бөлу керек. Соның ішінде нақты жастардың арасында жұмыссыз жүрген, жұмыс таба алмай жүрген азаматтарды бөліп алуға болады және солармен тікелей жұмыс істеу керек.

Бізде жыл сайын пайыздық көлемде 6-7% жұмыссыз жас мамандар бар деген көрсеткіш шығады. Соның есептеуі нақты бір дұрыс санға сәйкес келмей жатады. Мысалы, бір облысты алатын болсақ, сол жерде 10 мың, 20 мыңға жуық жұмыссыз жүрген жас бар деп есетеледі. Егер де оның әрқайсымен кездесіп, сөйлесіп ақпарат алатын болса, ондай санға сәйкес келмейді. Соларды есептеу, зерттеу механизмдерінің көрсеткіштерін қарастыру керек. Себебі республикалық және жергілікті жердегі деңгейдегі көрсеткіш арасында айырмашылықтар болып жатады.

Өздеріңіз де білесіздер, қазір Халық санағы жүріп жатыр. Осы ретте жұмыссыз жүрген жастарды анықтайтын сұрақтарды енгізіп, сол арқылы да анықтауға да болады. Зерттеу кезінде жергілікті әкімдіктер де ақпарат сұратады. Олар басқаша ақпарат береді және өздері белгілі бір формалармен есептейді. Содан кейін нақты бір дерек болмай жатады. Республикалық деңгейде нақты бір көрсеткіш болмаса, сол адамдарға арналған жобалар да кешенді іс-шаралар да, мемлекеттік бағдарламалар да, қолдауларда жүйелі және мақсатты болмайды. 

Заманына қарай – адамы

– Жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру үшін өз тарапыңыздан қандай идея қосар едіңіз?

– Жастардың қоғамдық өмірге араласуы тек жоғары оқу орнында немесе сол жерді бітіргенде ғана басталмауы керек. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезден қалыптасуы керек. Содан кейін колледжде, университетте, жұмыс орнында қоғамдық жұмысты қатар алып жүре алады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тек білім алып жүрген жастарымыздың оқу бітіргеннен кейін белгілі бір дағдылары еленбей жатады. Қоғамдық өмір, қоғамдық іс-шаралар, әртүрлі жұмыстарға араласу арқылы жастарымыз бәсекеге қабілетті болып шығады. Өздерінің лидерлік қабілеттерін дамыту арқылы білікті маман болып шығады.

Осы бағытта белсенділікті арттыру бұл әр кезеңнің мәселесі. Себебі, біз 2000 жылдары мынандай болған немесе 2010 жылдары мынандай болған еді деп айта алмаймыз. Әр адамның кезінде белсенділік әртүрлі болады. Сол себепті осы заманның талабына сай жастардың қандай қызығушылықтары бар? Қандай қоғамдық жұмыстармен айналысқысы келеді? Қайда барғысы келеді? Осы сынды сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Біз жастарды әрдайым бос сөздермен немесе бір жапырақ алғыс хаттармен ынталандыра алмаймыз. Бұған қоса жастарға белгілі бір мүмкіндік берілуі керек. Қоғамдық жұмыстармен айналысатын қоғам белсендісі болған жастарға жұмысқа орналасу кезінде белігілі бір басымдықтар берілгені дұрыс. 

Еуропа мемлекеттерінде және көршілес жатқан Қытайда қоғамдық өмірге белсенді араласқан адамдарға (волонтер болуы мүмкін) соны растайтын құжаттар беріледі. Сол арқылы үй алу, жұмысқа орналасу кезінде өз қатарластарына қарағанда мол мүмкіндікке ие болады. Біз де сол сияқты тетіктерді іске қосатын болсақ, қоғамдық өмірге белсене араласатын, өзіндік көзқарасты қалыптастырушы жастарымыздың саны артатын еді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Тегтер: