Ерікті тәрбиеші: Қолда бар заттан бұйым жасап, балаларды баулимын
Баламен жұмыс істеу, олардың тілін табу оңай емес. Әсіресе, тәрбие, білім беру саласында жұмыс істейтіндерге қойылатын талап та ерекше. Баланың ойындағыны оқып, пікірімен санаса білу де – өнер. Мұндай қасиет кез келген адамның бойына берілмейтіні айдан анық.
Әр бала – жеке тұлға. Оларға дәл солай қарым-қатынас жасағанда ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл – біздің емес, Педиатрия және балалар хиургиясы ғылыми орталығында сирек кездесетін диагнозы бар науқас балалармен тікелей жұмыс істейтін тәрбиеші, қолөнер үйірмесін жүргізуші Гүлжан Сәденқызының пікірі.
Қолөнер бұйымдарын жасап, көңілін аулауға тырысамын
Ол осы орталықта 2015 жылдан бері тәрбиеші. Негізгі мамандығы – мұғалім. Бірақ ол ұстаздық еңбек балаларға тәрбиешілік жұмыстан да жақын ете түсетінін айтады.
«Педиатрия оралығында Гематология бөлімінде жұмыс істеймін. Smart school ашылғалы бері тренер болып жүрмін. Сосын жұмыстан тыс уақытта қолөнер бұйымдарын үйретемін. Қолда не зат бар, соның бәрінен бұйым жасаймын. Жай қағаздың өзінен түрлі нәрсе істеуге болады. Әсіресе, науқас балалардың көңілін тауып, назарын жақсы дүниеге аударғым келеді. Сол үшін үнемі ізденісте жүремін. Олар бізде айлап, тіпті жылдап жатады ғой. Күндіз-түні төрт қабырғаның ішінен шықпау зеріктіріп жіберетінін жақсы білемін. Әр мереке сайын жаңа, тың идеялар пайда болады. Тақырыпқа сай қолдан түрлі киім тігеміз. Мәселен, алдымызда күзгі бал келе жатыр. Қоңыр күздің салқын, мазасыз күндерін мерекеге айналдыру үшін дайындық жүргізуге кірісіп кеттік», – дейді Гүлжан Сәденқызы.
Бұл оның жұмыстан тыс уақытында айналысатын ерікті ісі. Ерікті болу – жан қалауы. Оны өз еркімен атқарған шаруасынан ләззат алатындар жақсы біледі. Олар үшін ең маңызды нәрсе – жақсылық жасауға ұмтылу.
Баладан бұрын анасына психологиялық көмек керек
Бұл – өмір. Адамның алдында не күтіп тұрғанын білу мүмкін емес. «Өмірге дені сау бала әкелдім» десе де, сирек кездесетін дерт сол баладан анықталса, ата-ана қандай күйге түседі? «Неге бұл менің баламда ғана болуы керек?!» деген сұрақты өзіне сан мәрте қояды амалсыз. Жауап біреу – «Бұл Алланың берген сынағы. Оны тек көтере алатындарға ғана береді» деген жұбату. Бірақ дәл сондай ауыр дерт, қатерлі диагнозды естігенде ата-ана үшін дүниенің астан-кестеңі шығып кетпей ме?
«Әрине, оңай емес. Анасына қарап біздің де жүрегіміз ауырады. Кейде жаны ауырып, күйзеліске түскен аналарды жеке шақырып алып, ақыл-кеңесімді айтуға тырысамын. Әсіресе, баладан бұрын аналарына психологиялық көмек көп керек. Диагнозын естігенде-ақ қорқыныш сезіміне бой алдырады, жылайды, іштей күйінеді. Кейде кімнен өшін аларын білмей, балаларына ұрсып жатады. Иә, ананы да түсінуге болады. Ешкім баласының қатерлі дертке шалдыққанын қаламайды. Соларға қосылып, біз де жылаймыз, артынан жұбатамыз. Бірте-бірте мойынсұнып, баласының дертін бірге көтеріп, қалай бар солай қабылдайтын болады», – дейді тәрбиеші.
– Мұндағы балалардың туған күні атаусыз қалмайды. Карантинге байланысты көп шара қысқартылды. Бірақ та балалар ойнайтын кабинетті безендіріп, қолымыздан келгенше көңілін көтереміз. Менің мінезім ашық. Қандай адам болсын, жаным ашып тұратыны бар.
Мамандығым – мұғалім. Қалаға көшіп келгеннен кейін тәрбиешілік жұмыс істегім келді. Оған дейін де үнемі балалар арасында жүргендіктен маған қиын болмады. Осы орталыққа жұмысқа тұрмастан бұрын-ақ қай жерге келгенімді, қандай балалармен жұмыс істейтінімді білдім. Қалай да балалар дертінен жазылып кетсе екен деп тілеймін. Кейбір бала палатасында жатып алып, шықпайды. Олардың тілін тауып, ортаға шығаруға атсалысамын.
Кейін өздерінің қызығушылығы оянып, «сабақ қашан болады?» деп сұрап жатады. Шынымды айтсам, сол балаларға қолымда барды, бойымда бар жылуды бергім кеп тұрады.
Қазір, әсіресе, жасөспірімдермен қарым-қатынас жасау, тілін табу қиын. Интернеттен небір сұмдық оқиғаларды көріп, сол жолды таңдауға бел буатындары да жоқ емес. Оларға қалай көмектесуге болады? Бұл тұрғыда тәрбиеші Гүлжан Ыдырысова: «Осындай ойдың шырмауына түсіп алатындар кездеседі. Әркез жамандық шақыратын ойдан аулақ болу керегін айтамыз, ескертеміз. Әлі-ақ жазылып кететініне сенуге шақырамыз. Дерті ерте анықталған балалар сауығып кетеді. Сол себептен ата-анасы асқындырып алмауға тырысса екен деймін. Ең бірінші адамда сенім мен үміт сәулесі сөнбеу керек, – деді мойымауға шақырып.
Кейбір әкелерде түсінік аз
«Басында жылап қалатын, кешке үйге бүкіл мұңды арқалап қайтатын кездер көп болды. Себебі, жүрегім жұмсақ. «Адам баласы үш күннен кейін көрге де үйренеді» демекші, бұған да үйрендім. Бара-бара жүрек те қатаяды екен. Жылай берсең, өзің ауру боласың».
Қатерлі ісікпен ауыратын балаларға қолөнер бұйымдарын үйретумен айналысатын ерікті тәрбиеші Гүлжан Сәбденқызы әңгімесін осылай жалғастырды. Оның пікірінше, науқас баласы бар отбасында ауыр жүктің бәрі анаға түсіп жатады.
«Кейде жағымсыз жаңалықты естіген әкенің тастап кететін кездері де жоқ емес. Мұндай отбасылар да бар. Солай десек те, түсінігі мол әкелерді де кезіктірдім. Оларға алғысым шексіз. Дегенмен, олар көп емес. Кейбір әкелер ауруханада баласымен жатқан әйеліне хабарласып, небір ауыз сөздер айтады. Тіпті, баласының қатерлі дертпен ауыратынында шаруасы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, түсінігі таяз, мәселенің байыбына терең үңілмейді. Сосын аналары жылайды, артынан баласына ұрсады. Айналайын-ау, баланың не кінәсі бар? Әрбірден соң баланың солай өмірге келгеніне ана да, әке де себепкер емес пе? Бұл жерде бәрінен де қымбат – баланың денсаулығы, оның дертінен тезірек сауығып кетуі. Өкінішке қарай, бар ауыртпалықты анасына артып кететін әкелер жайында естісем, күйінемін. Түптің түбінде сондай отбасының көбі ажырасып тынады.
Сондай кезде аналарға: «Күйеуің түсінбей ме? Онда бір жерім ауырып тұр, қаралып алайын» деп, бір аптаға баланың жанына әкесін қалдырып көрші» деймін.
Содан кейін баласы ауруханада қалай қиналатынын, анасының асты-үстіне түсіп құрақ ұшып қарайтынын өз басынан өткізеді. «Әйелімді білместікпен кінәлаған екенмін. Баламыздың жанына өзің жатып, қарашы. Менің жүрегім ауырады...» деп, түйсігіне, сана-сезіміне бірдеңе барады көп әкенің. Шынында да, химиятерапия емін алғанда балалар қатты қиналады. Ондай кезде аналар жанын шүберекке түйіп жүреді.
Ал әкелер болса, баласының қиналғанына шыдай алмайды, яғни көрмеуге тырысады», – деген тәрбиеші біраз ой түйерлік пікірін ортаға салды.
Гүлжан Сәбденқызы әрбір жазылып шыққан бала мен анасының қуанышты жүзін көргенде, шүкір ететін айтады.
«Бәріне бауыр басып қалсақ та, отбасына ертерек оралғанын тілеумен жүремін. Баланың балалық шағы мұңсыз өтуі керек. Бала – өмірді ертегідей елестетеді, армандайды, қиялға қанат бітіреді. Сондықтан әр бала ата-анасымен бақытты болса, дертінен құлан-таза айығып, қабағын кірбің шалмаса екен» деп әр бала үшін дұға жасаймын», – дейді жүрегі кең, көңілі ақ, пейілі дарқан тәрбиеші. Алла қайырымды, ізгі ниетті адамдардың тілегін қабыл еткей.