10 Қыркүйек 18:22
...

Діни басқармадағы дау: Бас мүфти араб тілін білмей ме?

Фото:

Соңғы кезде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпеновке қатысты сыни пікірлерді жиі көз шалып жүр. Бірнеше тілді жетік меңгерген дінтанушы Асқар Сабдин «Фейсбуктегі» жазбасында Бас мүфтидің арабшасының нашар екенін, тіпті Құранды да қате оқитынына нақты дәлел келтіріпті.

Діни басқарманың жарғысында (6.3) мүфтиге қойылатын талаптардың ішінде «мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгерген болу керек» деп жазылғаны белгілі. Алайда, дінтанушы ғалымның айтуынша, бас мүфти Египетте әл-Фарабиге арналған халықаралық конференцияда жетпіс тілді жетік меңгерген әл-Фарабидей бабамыздың ғылымға қосқан үлесі үшін берілген лақап атын қате айтыпты.

Тіпті, Наурызбай қажының түркі әлеміне ортақ ұлы ұстазға арналған ауқымды шараны ұйымдастырушы мекеме басшысының лауазымына да тілі келмей, пұшайман халге түскен көрінеді.

«Египетте өткен халықаралық конференцияның репортажынан біздің ең жоғары діни лауазымдағы тұлғаларымыздың деңгейін байқауға болады. Әл-Фараби «тағлим сәни» еңбектеріне байланысты «Мұғалім сәни» атанған, «Ұстаз сәни» емес (Бабамызға арналған осы халықаралық шараға дайындалғанда лақап атып дұрыс жазып алуға болатын еді ғой?!). Ахмад Таййибтің лауазымы «Шейх әл-Әкбәр Әзһәр Шәриф» емес, дұрысы «әл-Имам әл-әкбәр Шейх әл-Әзһәр әш-шәриф» (шараға ортақ болған мекеме басшысының лауазымын жазып алуға да болатын еді ғой). Қазақстанда әл-Фарабидің ондаған еңбегін арабшадан аударып зерттеген шынайы ғалымдар бар ғой, соларды неге жібермеді екен?

Мынандай деңгейдегі «ислам ғұламасы» – исламтану докторы, құрметті профессор, «Құрмет орденінің» иегері, «мүфти» деген атақтарымен не істейді? Кімді алдамақшы? Сондықтан діни ең жоғары лауазымдағы тұлғадан сарапшылар алдында Құран, фиқһ, ақида пәндері бойынша бірнеше классикалық кітаптарды оқуын сұраймын! Басқа елдердің ғұламалары «Іштерінен 70 тіл білген, Бағдатта арабтарға мантықтан дәріс оқыған Әл-Фараби шыққан қазақ елінің қазіргі «дін ғұламалары» осындай болса, қалғандардың деңгейі нашар шығар», – деп айтпаса болды. Имиджімізге нұқсан!», – деген жазбасында.   

Ал «Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайынов «Бас мүфти арабшасы нашар ма?» деген мақаласында «Наурызбай Өтпенов араб тілін шала-жансар меңгергенін жұртқа білдірмеу үшін араб елдерінің елшісімен кездескенде арнайы тілмәш арқылы сөйлесіп жүргені де мәлім болды. Мысыр елшісі Қазақстан Бас мүфтиінің арабша білмейтініне қайран қалып, басын шайқаған. Ал оның шатып-пұтып сөйлеген арабшасын естіген Сирияның Қазақстандағы бұрынғы құрметті консулы Семр Дерех мырза «Өкінішке қарай, Бас мүфтидің арабшасы өте нашар» деген пікір білдірген» депті.

Автордың айтуынша, Бас мүфти Каирдегі конференция кезінде журналистерге берген сұхбатында да өрескел қателік жіберген. «Сұхбатты тыңдаған араб тілінің маманы жағасын ұстады. Себебі, ол «Біз қуаныштымыз» деген сөзді «Нахну масрурун» деген. Мұны аударсақ, «Біз қуанышты» деген түсініксіз сөз шығады. Мұның дұрысы – «Нахну масрурна».

Одан әрі «Мысыр халқына» деген сөзді «...лишағбил мистриюн» деп қойып қалған. Дұрысы – «лишшағбил мисри» болуы тиіс. Бұдан Бас мүфтидің арабшасы ақсап тұрғанын байқауға болады. Араб тілін білмейтінін жасырып, әупіріммен амалдап жүрген Наурызбай қажының білімінің таяздығы әшкере болып, әбден масқарасы шықты» деген дінтанушы бұдан да өзге қатесін жіпке тізіпті.

Ол бүгінде Өтпеновтен де әлдеқайда сауатты имамдардың бар екенін, тіпті түкпірдегі ауыл молдалары Құранды қатесіз жақсы оқып, арабша таза сөйлеп, қатесіз сөйлем құрай алатынын баса айтып, әділ сайлау өткізіп білікті әрі білімді адамды Бас мүфтилікке сайлаған жөн деп санайды.

Наурызбай қажы Тағанұлы: Бас мүфти:

Орынды сынды қабылдаймын

Көп ұзамай Бас мүфти Наурызбай қажы өзінің атына айтылған сыни пікірмен келісетінін және дінтанушы Асқар Сабдинмен кездесіп, ұсынысын тыңдағысы келетінін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Діни саладағы тәжірибелі сарапшы ретінде орынды мәселе көтеріп, ой білдіріпсіз. Жанашырлық ниетпен жеткізген ой-пікіріңіз үшін алғысымды білдіремін. Дәрігерлердің жеке бақылауында болып, тиісті ем алып жатқан күндері жазбаңызға дер кезінде жауап бере алмадым...

Мен жауапты қызметіме және жеке басыма қатысты орынды айтылған сынды дұрыс қабылдаймын. «Жігітті сын шыңдайды» дегендей, діни мәселеге байланысты кез-келген тұлғамен ашық әңгімелескенді жақсы көремін. Діни саладағы сарапшылармен жиі сұхбаттасып, олардың объективті пікірін тыңдау күнделікті қалыпты жұмысымның біріне айналды. Сізбен де кездесіп, ортақ мәселені талқылап, ұсыныс-пікіріңізді тыңдауға және тиісті шешім қабылдауға дайынмын. Тіпті, осыған дейін өз бастамам бойынша бірнеше рет Сізбен кездесуге тырыстым. Алайда алдын ала жоспарланып, өзіңізбен келіскен кездесу Сіздің шешіміңізге байланысты өтпей қалды. Мен ашық диалогқа әрқашан дайын екенімді тағы да жеткіземін. Көп уақыт созбай жақын күндері Сізбен кездесіп, көрсетілген мәселелерді талқылауға шақырамын», – депті.

Айтпақшы, дінтанушы Асқар Сабдиннің жазбасын іліп әкеткен Өзбекстанның діни сайттары «Қазақстанның Бас мүфтиі Ислам әлеміне күлкіге қалды» деп жарыса жазып жатыр. Қырғыз сайттары да үнсіз қалмапты. Бәрі Бас мүфтидің арабшаны жетік білмейтінін айтып, ащы мысқылмен түйреп қалуға тырысқан. Бұған ҚМДБ не дейді?

Тілшіміз ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлына хабарласып, дінтанушы ғалымның сыни жазбасына қатысты пікір беруін сұрадық. Жауабы төмендегідей болды:

«Мысыр астанасы Каирде өткен әл-Фараби бабамызға арналған халықаралық конференцияда мен де болдым. Автордың: «Мысыр елшісі Қазақстан Бас мүфтиінің арабша білмейтініне қайран қалып, басын шайқаған» деген дәйектемесі шындыққа жанаспайды. Мысырдың Уақып министрі мен әл-Азһар шейхы Бас мүфти бастаған қазақстандық делегацияны жоғары деңгейде қабылдап, жылы пікірі мен ізгі ниетін білдірді. Кездесу нәтижесінде қазақстандық студенттерге қосымша грант бөлуге келісім жасалды. Кездесу араб тілінде өтті. Тараптар еркін пікір алмасты. Халықаралық конференциядан кейін жергілікті журналистер Бас мүфтиден сұхбат алды. Бұл оқиғаны мәселеге айналдырудың қажеті жоқ деп есептеймін».

Nege.kz тілшісі дінтанушы-ғалым Асқар Сабдинге де хабарласып, мән-жайды өз аузынан естіді.

Асқар Сабдин, дінтанушы:

Бас мүфти атанып жүрген адам араб тілін білуі – міндет

– Асқар Кәлімжанұлы, сіздің Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновке қатысты сыни жазбаңызды оқыдық. Оған Бас мүфти «орынды сынды қабылдауға қарсы емеспін, ашық диалогқа дайынмын» деп кездесуге шақырса, бармапсыз. Неге?

– Бүгін кешке тағы да жазба дайындап жатырмын. Оны Фейсбукке жариялаймын. Нақты жауапты сонда жазамын. Бас мүфтимен кездесуге бармағанымның белгілі бір себебі бар. Барамын, кездесемін. Одан бұрын да кездесуге дайын едім, сәті түспеді. Екі рет алдын ала жоспарланған сапарда, шарада болдым. Оған бола мені кінәлаудың қажеті жоқ.

– Маған жазбаңыздың қысқаша мазмұнын айтып берсеңіз...

Бұл саяси астары бар мәселе ғой, болмайды. Сол үшін, Құдай қаласа, кешке күтіңіз.

– Жарайды, жазбаңызды күтеміз. Бірақ мына сауалдарға жауап беріңізші. Сіз Бас мүфтидің Каирдегі халықаралық шарада қате сөйлегенін өз құлағыңызбен естідіңіз бе?

– Бейнежазбада бәрі тұр. Бас мүфтидің әр сөзін, сөйлемін өзім талдадым. Ол жерде қате өте көп.

– Кейбір дінтанушылар «ұлты қазақ Бас мүфтидің араб тілін 100 пайыз жетік білуі міндетті емес» дейді.

– Біріншіден, Діни басқарманың жарғысында «Мемлекеттік тіл мен араб тілін жетік меңгеруі тиіс» деп жазылған. Бас мүфти атанып жүрген адам араб тілін білуі шариғат тұрғысынан алғанда – міндет.

Сіздіңше, Бас мүфтидің араб тілінен мүдіруі еліміздегі басқа дін өкілдерінің айнасы іспетті сезілді ме?

– Олай деп айта алмаймын. Бұл жерде негізгі мәселе – «Жарғының талабына сәйкес пе, жоқ па?» деген сұрақ қана.

– Бәлкім, Бас мүфтидің орны басқа біреуге керек болып жатқан шығар? Бұл «ақпараттық соғыс» емес пе?

– Ол жағын білмеймін. Менде ондай ниет жоқ. Сізге айтайын, бұл сынды соңғы күндері ғана айтып келе жатқан жоқпын. Осы діни сауатты арттыру жөніндегі тақырыпты 2019 жылдан бері жазып, айтып келемін, бірқатар басылымға сұхбат та бердім. Яғни, пікірімді бүгін ғана айтып жүргем жоқ. Бұған дейінгі мүфтилерге қатысты сыни көзқарасым бар. Ешқандай да ақпараттық соғыс емес. Осы саланың маманы болған соң заңды талабымды қоюға қақым бар деп ойлаймын. Қазір тіпті, үкіметке де «Неге бүйттіңдер?!» деп талап қойып жатыр ғой. Бұл – қоғамдық мәселе. Жеке өміріне, жеке шаруасына араласып жатқан жоқпын.

Руслан Мамутов, дінтанушы-заңгер:

30 мың АҚШ доллар берсеңіз имам боласыз

– Негізі Паймғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Қиямет жақындаған кезде Алла тағала адамдардан білімді алып қояды» деп жазылған. «Ол қалай?» десе, сол халықтың ішінен ғалымдарды алып кетеді» деген ғой.

Арамызда қандай да бір ғалым (математик, физик, дінтанушы- ред) қайтыс болса, онымен бірге жарты білім кетеді, үміттің келешегі қоса кетеді. Сондай кезде білімсіз, надан адамдарды өздеріне басшы қойып, солардың қателігімен бірге қателесіп кете береді» деген. Осы хадисті білгеннен кейін, талап бойынша ондай орындарға білімі бар, тілді білетін, түсінетін жақсы маманды қою керек. Бас мүфти ауқымды шарада грамматикадан қателескен болса, түсінуге болады. Ал шын мәнінде, нақты тілді білмей, тақырыптан тыс басқа нәрсе айтып кетсе әңгіме басқа. Сондықтан кішкентай нәрсені іліп алып, яғни «түймедейді түйедей» етіп көрсетудің қажеті жоқ.

Сонда Бас мүфтидің араб тілін 100 пайыз сауатты білмеуі кемшілік емес дейсіз ғой...

– Иә, дәл солай. Қазақта «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген бар ғой. Ашаршылық кезінде халық аштықтан секірсе, қазір бәрі тоқтықтан секіріп жатыр. «Өзім білем немесе «өйтпеу керек, бүйту керек»» деген ортаға түсіп алып, іріткі салып жүрген адамдардың кесірінен арамыздағы ауызбіршілік жоғалып барады. Содан кейін де мемлекетіміздің берекесі кетіп жатыр.

– Өзбекстанның сайттары да Бас мүфтиді сынап, отқа май құйып жатқан көрінеді...

– Біз діни мемлекет емеспіз. Зайырлы, демократиялық елміз. Сондықтан бұл жерде мемлекеттің заңына қайшы келмейтін нәрсені жаза беретін болды. Заңдық тұрғыдан алсақ, Бас мүфти мұны жеке басының ар-ожданына нұқсан келтірді деп қабылдап, сотқа шағымданатын болса, сол кезде ол кісіні тоқтатуға болады. Ал үшінші тұлға ретінде біз сөгуге ғана бара аламыз.

– Соңғы кезде Наурызбай қажының атына сын көп айтылып жүр. Не себепті деп ойлайсыз?

– Шындығын айтсам, мүфтияттың іші жемқорлыққа, яғни ақша түсетін «құдыққа» айналып кеткеніне біраз болды. Оны жасыратын ештеңесі жоқ. Мысалы, 30 мың АҚШ долларын берсеңіз, Алматыдағы «Тастақ» шағын ауданының имамы боласыз. Сосын сізге 7-8 жыл ешкім тиіспейді. Қандай қателік жіберсеңіз де, шешіліп қойған. Ал енді Бас мүфтидің орны – расында майлы жер ғой. Сол үшін бұл лауазымды қызметке қызығатын, таласатын адам көп екені таңқалатын нәрсе емес.

– Nege.kz сайтында «ҚМДБ өңірдегі имамдар туралы мәлімет жинағанда жүзі мен руын да анықтап жатыр» деген ақпарат шыққан еді. Бұған не дейсіз?

– Мұны естіген жоқпын. Бірақ бәрібір онда кландық түсінік бар. «Имамның бәрі белгілі бір рудан шығады. Қалған рудың өкілдері имам болуға лайық емес» деген пікір жоқ. Ондайды естімедім.

 Бас мүфтидің, имамдардың сауаты, біліктілігі қандай деңгейде?

Соңғы бес жылда имамдардың діни сауаты әлдеқайда артты. 7-8 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда білім сапасы да көтерілді. Ауылды аймақтарда сауаты төмен имамдар бар шығар. Оның үстіне қазір имамдарға қойылатын негізгі талап – «Нұр-Мүбәрак» университетін бітіріп, дипломын алу. Мұның өзі жақсы жағына қарай келе жатқанымызды көрсетеді.

P.S. Дінтанушы А.Сабдин бүгін «тағы біраз нәрсені жазатынын» айтып, жұрттың құлағын көтеріп қойды. Соған қарағанда бұл дау жуық арада басылмайтын сыңайлы. Қалай десек те, Діни басқарма  мен Бас мүфти төңірегіндегі әңгіме ешкімге абырой әкелмесі анық.

Динара Мыңжасарқызы, Алматы.

Тегтер: