Дина ТАҢСӘРІ: Өз ӘЙЕЛІН видеоға түсіріп, БОПСАЛАЙТЫН еркектер бар
қылмыстардан көз ашпай тұр. Жыл сайын 400-ге жуық қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен.
2023 жылдың басынан бері 18 әйел өз үйінде ажал құшқан. Зорлық-зомбылықтың өршіп кетуіне не себеп? Бұл жайында NEGE тілшісі «Не молчи.KZ» қорының жетекшісі Дина ТАҢСӘРІДЕН сұрап көрді.
– Соңғы жылдары зорлық-зомбылыққа қатысты жантүршігерлік оқиғалар көбейіп кетті. Оған не себеп? Бәлкім, бұл жоқшылықтан, есірткі мен ішімдікке салынудан ғана емес, психологиялық жарақаттан шығар?
– Жеке өзім бұған қатысты қандай да бір зерттеулер жүргізілді ме, жоқ па, нақтысын білмеймін. Естуімше, Ішкі істер министрлігі жүргізген сияқты. Бірақ оған Қазақстанға қатысы жоқ Орталық Азия, Украина сынды мемлекеттің адамдары қатысқан. Сол себептен оның қаншалықты терең жүргізілгені белгісіз.
Д.Таңсәрі. Фото: ғаламтордан
Сол зерттеуді жүргізген адамдар «Қазақстанда заңды қатаңдатудың керегі жоқ, зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызудың себебі жоқ» деген қорытынды шығарған. Әрине, бұл зерттеу нәтижесіне күлкіміз келді. Бірақ біз қоғамдық ұйым ретінде мұндай зерттеумен айналысқан жоқпыз. Себебі, оған уақыт та жоқ. Жедел желі «жанып» тұр. Әр минут сайын шағым түседі. Бәрін тыңдап, жауап қату міндетіміз десек те, кейде түңіліп кетесің. Есесіне, әлгіндей «зерттеушілер» бізде зорлық-зомбылық қалыпты деңгейде деп айтады. Шындық қайда? Әлеуметтік желіге де әр бес минут сайын көмекке зәру жандар хабарласады. Айтуға ауыз бармайтын жайттарды айтады. Кейде сол жаны жаралыларға толыққанды көмектесе алмайтынымызға іштей күйінесің.
– «Не молчи.KZ» қорының көмегіне негізінен кімдер жүгінеді?
– Әрине, көбі – әйел. Бірақ еркектер де шағымданады. Аптасына бір-екі ер азамат біздің көмекке жүгінеді. Жас жігіттер психолог іздейді. Сол арқылы өзінің бойындағы агрессияны басқысы келеді. Дәл сондай төрт жігітке көмектестік. Пихолог тауып бердік. Біз бұрын күніне 15-20 адамның мұңына құлақ асып, көмектессек, соңғы кезде күніне 40-50 адам хабарласады. Бұл өте көп көрсеткіш. Оның жартысы – қылмыстық іс. Оның ішінде зорлау, педофилия, бұзақылық, адам өлімі, зомбылық көрсету деректері баршылық. Бұған дейін әрі қарай не істеу керегін тек кеңес ретінде айтсақ, қазір ахуал мүлде күрделеніп, ауыр қылмыстық іске ұласып кеткен. Бұл бізге де қиын. Басынан бастап, соңына дейін бірге жүру керек. Қайда барып, не істеу керек, заң баптарын қайта қарап, түсіндіру жұмысын жүргізу қажет.
Сенсеңіз, біз физикалық тұрғыдан үлгере алмаймыз. Сізге өтірік, маған шын, біз көріп, танысып, біліп жүрген халықтың жағдайы өте мүшкіл.
Елімізде «Қолдау», «Шанс» сияқты тағы басқа дағдарыс орталығы көп. Бірақ олар қылмыстық істі қолға алғысы келмейді. Тек уақытша пана бола тұру қызметін ұсынады. Ал біз мәселеге қанығып, тергеу амалдары жүргізілгенше жанында боламыз. Қазір жолдасым таңнан кешке дейін арыз, шағым жазудан бас көтермейді. Өзім кеңес беремін. Біз үнемі заң баптарын, актілерін, Жоғарғы соттың пікірлерін әркез парақтап, оқып отырамыз. Мұнымен қоса адвокат, заңгерлерді де тыңдауға тура келеді. Олар да бірдеңе болса «Сендер заңгер емессіңдер ғой» деп шығады. Жарайды, онда неге көмек қолын созбайды? Ақша төлемесең, қолының ұшын да жыбырлатпайды. Ал зәбір көрген адамға көмек дәл қазір керек.
– Кейінгі кезде қоғамды дүр сілкіндерген қайғылы оқиғаның көбі оңтүстік өңірде тіркелуде. Шын мәнінде, статистика не дейді?
– Біз бұған көрсеткіш бола алмаймыз. Бізге хабарласып, көмек сұрайтындарға қарасақ, негізінен Алматы, Астана, Алматы облысы, Түркістан облысы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысынан екен. Қазір барлық өңірден хабарласады. Түркістан облысында халық көп әрі тығыз қоныстанған соң, мұндай оқиғалар тез тарайтын шығар. Халықтың көбі өз құқығын білмейді. Бізден сұрайды, кеңес береміз. Себебі, оларға құқық қорғау органдары ештеңе айтпайды, түсіндірмейді. Қарапайым экспертиза не үшін жүргізіледі, ол қанша уақытқа созылады, соны білмейді. Сұраса, дұрыс жауап бермейді. Сосын не істерін білмей абдырап, бізге келеді.
– Қазір жасөспірімдер боқтық сөйлеп, бір-бірін аяусыз соққыға жығып, жезөкшелікке мәжбүрлеуі жиілеп барады. Оған кеше ғана желіде шарлаған өрімдей қыздардың әрекеті дәлел. Біздің қоғам үшін бұл қорқынышты түс емес пе?
– Біздің телеграм каналға Жансая деген қыздың жағдайы туралы түрлі ақпарат келіп жатыр. Оны Айка бастаған топ жезөкшелікке мәжбүрлегені айтылды. Әкесі Шымкентте полковник екен, қызының бұзақылық әрекетін үнемі жауып отырған. Кейін қылмыстық іске ұрынған соң Алматы облысына кеткен.
Ал Жансая деген қыздың сынып жетекшісі оның мектеп кезінен сондай екенін айтты. Бұлардан қыздар ғана емес, ұлдардың өзі қорқатын болған. Кейін Алматыда бастары қосылып отыр ғой. Бір-бірін «Арбаттан» тауып алған.
Міне, осындай сан түрлі ақпаратты қорыта алмай жатырмыз. Қыздар бұзылып барады. Бірін бірі жезөкшелік жолға түсуге мәжбүрлеген. Біздің қоғам азып-тозып кетті.
Алматы қаласында жасөспірім қызды зорлаған оқиға тіркелді. Ішімдік себепкер болған деді. Осылайша, істі жылы жауып қоюы да мүмкін. Қалай көмектесетінімді де білмеймін. Ал біздің полицейлер, тергеу органдары «күл болмасаң, бүл бол» саясатын ұстанады.
– Жаман нәрсені айтқан сайын балалайтындай көрінеді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде негізінен сондай дүниелердің жарияланып, талқыға салынуы қоғамға кері әсерін тигізбей ме?
– Жағдай өзі солай болып тұр. Болып жатқан фактіні қалайша жауып-жасырамыз? Жақсы дүние болса, жазар еді ғой. Неге педофилия, суицид, бұзақылық, зорлық-зомбылық оқиғасы көбейіп кетті? Бұған мемлекет зерттеу жасап, кешенді шара қабылдауы керек. Денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер саласы мамандары бәріне немқұрайлы қарайды. Адам құқын қорғауға келгенде неге селқоспыз? Содан кейін де қоғамнан әлгіндей Айка, Жансая деген қыздар шығады. Бұған дейін олар үшін мұғалімдер, полиция араша түсіп келді. Егер жәбірленуші балконнан секірмегенде бұл топ әлі қаншама адамның өмірін құртатын еді. Бірақ соған қарамастан бұлар әлеуметтік желіде «бізге бәрібір» дейтін көрінеді.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын қылмыстық баптарға жаңа түзетулер енгізілді. Бұл отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін шешуге септігін тигізе ме? Әлде, Қылмыстық кодексте жеке бап болуы керек пе?
– Жаңа түзетулер ешқандай да көмек бере алмайды. Қылмыстық жаза қатаң болуы керек. Бір рет ұрды ма қылмыстық іс ретінде тіркелуі тиіс. Ал бізде екінші, үшінші, төртінші рет болса да, басбұзар еркекке кешірім береді. Мемлекет өзі осындайлардың одан әрі «құтыруына» жәрдем жасап отыр. Тіпті болмаса, «Жарайды, жиырма күн жатып шықшы» дейді. Тағы келсе, тағы да соншама күн «қонып» шығады. Бұл не сонда? Кемінде екі жыл жатса, алдыңғы әрекетін қайталамас еді.
ІІМ қабылдаған заң нормалары адамның құқығын қорғамайды, керісінше таптайды. Ішкі істер министрлігіне шілде айына дейін 636 қоңырау түссе, оның 200-і расталмаған дейді. Қалай сонда? 200 адам ерігіп, жалған қоңырау шалып отыр ма? Меніңше, тағы да өзара ымыраға келуге шақырған. «Ал қалған адам жауапкершілікке тартылды» дейді. Қалай және қайда?
Президент пен ІІМ екі бөлек бізде. Себебі, мемлекет басшысының тапсырмасын министрлік орындамайды. Неге десеңіз, президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды қатаңдату керек» деп бір емес, сегіз рет айтты. Бірақ ІІМ-не бәрібір. Заңды қатаңдатқан болады, оның еш нәтижесі жоқ. Бұл президентке, халыққа деген құрметі жоқтығын көрсетеді.
Олардың ойыншық реформалары кімге керек? Президенттің өзі сотты, әкімдерді, министрлерді тағайындайды. Ал соттың бәрі жемқорлыққа батқан. Халыққа жаны ашымайды. Бізде бір билік жоқ, әркім өзінше басшы. Министрлік өзінше, әкімдер, соттар да өз білгенімен жүреді. Тіпті, кішкентай ауыл әкімі бәрін уысында ұстағысы келеді. Халықты жеке «мүлкі» сияқты көреді. Бізге хабарласатындардың көбі ауылдан. Өркениет пен мәдениет ілгері қадам басып жатса да, ауылда тұралап қалған. Егер әкім ішімдікке, есірткіге құмарларды, жұмыссыздарды қадағалап, қолына алса мұндай бассыздық әрекеттер болмас еді. Біздегі әкімдердің өзі тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасырады. Мұнымен біз қайда барамыз?
– Жыл басынан бері отбасылық зорлық-зомбылық салдарынан 700-ге жуық қылмыс жасалып, отбасында зорлық көрсеткендерге 35 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылыпты. Бұл мәлімет шындыққа жанаса ма?
– Статистика негізінен қылмыстық істер бойынша жасалады. Бір қызығы, бізде қылмыстық іс аз тіркеледі. Әкімшілік іс бойынша 35 мың дегені де жалған. Себебі, әйелдердің көбі «сот ымыраға келуді талап етеді» дейді. Неге? Не үшін? Ол әйел әрі қарай зорлық-зомбылыққа шыдап жүруі керек пе? Содан кейін де әйелдер полицияға, заңға сенбейді. Соны білетін еркектер мүлдем құтырып кеткен. Үйінде жатып алып, есірткі қолданып, ішімдік ішеді. Алимент төлемейді. Әйелін несие алуға мәжбүрлейді.
Тіпті, қазір секспен айналысып жатқанын видеоға түсіріп, бопсалайтын зомбылықтың түрі шығыпты. Маған кейбіреулер «мұндай әрекет қазақтардан шықпайды» деп жазады. Соны істеп жүргендердің көбі – қазақтар. Осындай сұмдықты ауылдағылар да істеп жатыр.
– Бұл бассыздық пен заңсыздық Сарыағаштағы 5 жасар қызды зорлап, өлтіру дерегінен көрінген жоқ па?
– Бірінші, заңды түбегейлі өзгерту керек. Заң актілерін де қатаңдату керек. Мәселен,106-бап шартты түрде бостандыққа шығуды қамтамасыз етеді. Егер адам қылмысты екінші рет жасаса, мұның не керегі бар? Заңды мойындайтын, бұзбайтын, түрмеден шығып түзелген адамдарға арналса бірсәрі. Ал мына жағдайда сот қайта жалғасып, күдікті рецидивист ретінде алдыртылуы керек. Екінші рет қылмысқа тартылған адам үшін шартты, жеңілдетілген жаза болмауы тиіс. Ондай адамды біржола қамау керек. Сорақысы сол, біздің судьялар осындай адамның қоғамға қауіпті екенін көрмейді немесе көргісі келмейді. Біздің елде бірінші орында адам емес, экономика, ақша мәселесі тұр.
– Мұны тоқтату үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Заңды қатаңдату керек. Мәселен, Грузияда шамалы дауыс көтерсе, полиция сол мезетте келеді. Егер еркек айқай шығарып, ыдыс сындырып, тағы басқа әрекетке барса, 30 күнге жауып тастайды. Заңды өрескел бұзса, екі жылға қамалады. Бұрын оларда да жағдай біздікіндей болған. Қазір олардың еркектері аяқ тартады. Әйел алдымен өзін сыйлау керек. Зорлық-зомбылықтың 7 түрі бойынша заңды қатаңдатты. Заңсыз ештеңе істей алмаймыз.
Менталитет заңмен бірге өзгереді. Грузия осыған келді. Бүгінде халқы заңды біледі, құрметтейді. Біз де осылай жасауымыз керек. Егер дәл бүгін қолға алмасақ, алдағы жағдай өте қорқынышты болмақ.
Жастардың өзі деградацияға ұшырап жатыр. Осының бәріне кінәлі – үкімет. Халық кедейшілікте өмір сүреді, жұмыссыздық белең алған, бір миллион бала жоқшылықты бастан кешіруде. Адамдар әбден күйінген.
– Сіздің өз өміріңіз туралы «Подвал» атты кітап жазғаныңызды білеміз. 27 жыл бойы бүккен шындықты ашық жазу қаншалықты қиын болды?
– Бұл кітап – менің өмірім. Маған да жас кезімде өзім танитын бір топ жігіт зорлық жасады. Өмірден түңілдім, қиналдым. Жаныма жара салған ауыр жағдай қаншама жыл жанымнан қалмады. Бұл ауыртпалықты 27 жыл көтеріп жүрдім. Шын мәнінде, 20 жыл бойы психологтың көмегіне жүгініп келдім. Психологтың арқасында зорлау әрекетінің ең ауыр жарақат екенін түсініп, ол туралы үндемей қалмау керектігіне көз жеткіздім. Себебі, бұл жан жарақаты кейінгі өміріме әсер ететінін білдім. Бұл жара ешқашан ұмытылмайды, әйтеуір бір жерден шығып тұратыны анық. Жанға түскен жарақатты емдемесе, негатив болып жинала береді.
2016 жылы зорлық-зомбылыққа қарсы қор ашып, «Не молчи» қозғалысын құруға бел будым. Сол жылы украиндық белсенділер «Айтудан қорықпаймын» деген флешмоб өткізді. Соған қатысып, бар шынымды жазып едім, зорланған мыңдаған әйелден толассыз хат келді.
«Зорлық-зомбылық маған қалай әсер етті?», «Біздің отбасыға қандай соққы болып тиді?», «Осы тығырықтан қалай шықтым?», басымнан өткен жайттың бәрін кітапта тәптіштеп жаздым. Қолжазбаны өзіме жақын деген адамдарға жіберіп едім, «мұны кітап етіп шығару керек» деп қолқа салды. Бұл пікір маған үлкен қолдау болып, кітапты 2018 жылы жарыққа шығардым.