4 Желтоқсан 11:59

БЕЙНЕТАҚЫ қоры

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

«Бейнетіңнің зейнетін көр» деген жалпыұлттық тілек бар. Өте жақсы тілек. Бірақ оның орындалуы көп жағдайда адамның өзіне, оның еңбекқорлығы мен басқа да қабілеттеріне емес, өкіметтің саясатына тікелей байланысты боп жатады.

Әрине, зейнетақыға қарамай, тұрақты жеке бизнесі мен жиған-терген дәулеті бар байлардың жөні бөлек. Мен болсам, өмір бойы бюджеттік мекемеде немесе біреудің қоластында жұмыс істеп, тиісті зейнетақы қорына қаржы жинап, қартайғанда соған қарап қалатын дүйім жұрт туралы айтып отырмын.

Сөз жоқ, тәуелсіз Қазақстандағы зейнетақы реформасының тар жол, тайғақ кешуі туралы әңгіме өз алдына бөлек. Халықты зейнетақымен қамтамасыз етудің кешегі советтік жүйесінен капиталистік жолға түсу, әрине, оңай болған жоқ.

Әңгіме – зейнетақы жүйесінің бүгінгі жағдайында.

Әлеуметтік аксиома мынадай: тұрақты әрі жария жұмыс орны болмай, ондағы жалақыдан төленуі тиіс салық пен зейнетақы қорына төлем болмайды!

19 миллион халқы бар Қазақстанда ресми деректерге салсақ, 9 миллионнан астам еңбекке жарамды ағайын бар екен. 2020 жылғы үкімет таратқан ақпарат бойынша, БЖЗҚ-да 9,9 миллион есеп-шот тіркелген. Сол адамның 84 процентінің жинаған қаржысы 2 миллион теңгеден аспайды екен. Мұның өзі сол адамдардың жалақысының қаншалықты төмен екенінен хабар берсе керек. БЖЗҚ-ға ресми түрде тіркелсе, ешбір түсімсіз, «өлі» түрде күн кешіп жатқан, аты бар да, заты жоқ шоттар қаншама?!

Бұған нақты жұмыссыздық пен қолма-кол, конвертте жалақы алатын жұртты қосып қойыңыз. Мәселен, былтыр үкіметтің өзі «100 мың кәсіпкер өз қол астындағы жұмыскерлердің зейнетақы төлемін төлемейді» деп мойындады. Ол санаттағы ағайынның санын білу үшін 100 мыңды қаншаға көбейту керек?

БЖЗҚ қаржысының инвестициялық табысы туралы сөз қозғамай-ақ қоялық.

БЖЗҚ-ның сондай қиын жағдайына қарамастан, 2019 жылы президент Тоқаев азаматтардың зейнетақы есеп-шотындағы ақшаның белгілі бір мөлшерін тұрғын үй сатып алуға және басқа мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдаған болатын.

Фото: akorda.kz

Шынымды айтсам, өз басым сол шешімді аса құптай қойған жоқпын, зейнетақы қорын банкротқа ұшыратуы ықтимал, біртүрлі популистік дәмі бар қадам боп көрінді маған. Бірақ, барша жұрттың күнкөрісі қиындаған әрі болашағына сенімі жоқ (ертең кім бар, кім жоқ) жағдайда мұндай шешім қоғамда өз қолдауын тапқаны да рас. Көп адам үйлі-күйлі болды, ипотекалық қарызын жапты. Басқасын айтпағанда, тісін жөндеп алды.

Енді, міне, мәссаған безгелдек! Үкімет кеше ғана бекіткен өз шешімін қайта қарап, зейнетақыны пайдаланудың шекті мөлшерін күрт (екі есеге жуық!) жоғарылатып жіберді!

Бұл шешім елді дүліктіріп, дүрбелеңге салып, жұрттың бұрын-соңды болмаған ашу-ызасын тудырды.

Әрине, жұрттың сынын естіген үкімет ақ безер де, көк безер боп, өз уәжін айтуда. Нілдей бұзылып, бір жылғы шешімінен неге айнып қалғанын түсіндіріп, ақталып жатыр. Яғни, шектелген соманың ұлғаюы «тиісті есеп-қисапқа негізделген, олар болса, белгілі бір әлеуметтік көрсеткіштерге тәуелді» екен-мыс.

Осы жайтқа қатысты бірнеше сауал туындайды.

Біріншіден, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» үкіметтің стратегиялық жоспарлау институттары ай қарап отыр ма?! Неге олар бұл қадамның қаржылық салдарын, шек мөлшерін қайта қаруға әкеп соқтыратынын, ол болса, жұрттың түсінбеушілігі мен ашу-ызасын туғызатынын алдын-ала болжай алмады?! Аяғында президенттің өзі мұрындық болған тым жақсы бастаманың арты сиырқұйымшақтанып, пәтер алуға ниеттенген қаншама адамның арманы бір күнде-ақ күйреп, быт-шыт болды. Өз басым мұндай қарекетті «халықпен ойнау» деп санаймын. Ал халықпен ойнау – отпен ойнаудан да ауыр әрі қауіпті нәрсе!

Фото: sputnik.kz

Керек десеңіз, мұндай антиәлеуметтік шешімдер онсыз да билікті атарға оқ таба алмай отырған, шыдамы әбден шегіне жеткен халықтың зығырданын одан сайын қайнатып, әділеттік іздеп, оқыс мінез көрсетіп, бұрқ ете қалуына бірден-бір себеп болуы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, биліктің өзі оппозициялық көңіл-күйді жандандырып, революциялық ахуал қалыптастырып отыр!

Қаншама адам жиған-тергенін санап, оны БЖЗҚ-дан алатын ақшаға қосып, алдағы уақытта пәтер алуға жұмсауды жоспарлап қойды. Енді не болмақ? Жаңа жылға 27 күн ғана қалды ғой. «Шуылдақтың көкесін зейнетақы қорынан ақша алғанда көрерсіңнің» кері бола ма?

Екіншіден, сол «әлеуметтік көрсеткіштердің» зейнетақы қорындағы қаржыны алуға тәуелділігін кім негіздеп бере алады? Қисынға салсақ, бір жылдың ішінде қаржылық жағдай екі есеге өзгере қойған жоқ қой. Олай болса, бұл әсіре шектеу, асыра сілтеу қайдан, неден туып отыр?

Меніңше, мұндай шектеуді үкімет БЖЗҚ-дағы қаржының күрт азаюы мен болашақта зейнетақы төлеуге жетпей қалуы мүмкін болғандықтан, амалсыздан енгізіп отыр. Экономикаға, бизнеске, жұмыспен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп, зейнетақы қорына түсуге тиіс қаржыны азайтып отырған дағдарыс пен пандемияның да әсері болса керек.

БЖЗҚ-дағы қаржының тиімді сақталуы мен игерілуіне қатысты да сұрақтар аз емес. Кейбір БАҚ ақпаратына сүйенсек, ондағы қаржы кейде қайтарымы жоқ, даңғаза, имидждік, таза саяси астары бар жобаларға жұмсалып жатыр екен. Сол мәліметтерге сәйкес, зейнетақымыздың біраз бөлігі «Бәйтерек» холдингінің құзырында екен, яғни  БЖЗҚ 36,7 миллиард теңгені осы холдингтің облигацияларын сатып алуға жұмсапты (осы операциядан 11,3 процент үстеме табыс табу жоспарланыпты).

«Бәйтерек» болса, Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» және Ақтаудағы «Риксос» қонақүйі секілді жобаларды қаржыландырған көрінеді. Желге ұшқан қайран қаржы-ай!

Жалпы БЖЗҚ-дағы халықтың қаржысы қалай игеріліп жатыр, осы туралы қоғамдық-парламенттік комиссия құрып, мәселені май шаммен бір қарап шықса, артық болмас еді.

Фото: parlam.kz

Үшіншіден, мұндай оқыс шешімнің бір моральдық-психологиялық һәм экономикалық салдары тағы бар. Үкіметтің осындай ұятсыздығын, дәйексіздігін көрген әрі ойы онға, санасы санға бөлінген жұрт ендігі жерде БЖЗҚ-дағы бар ақшасын толайым сыпырып алады! Кім: «Балтам барда тақта жоқ, қалтам барда ақша жоқ» деп жүргісі келеді? Бұрын «зейнетке шыққанда қажетіме жарар» деп, ақшасын сол қорда сақтағысы кеп жүргендер де солай істейтіні шүбәсіз. Ол дегеніңіз, Қазақстан зейнетақы жүйесінің ақыры болуы мүмкін!

Тақырыптың саяси-технологиялық астарына келсек, бұл дегеніңіз, президент Тоқаевтың екі жыл бұрынғы бастамасының түпкі мақсатын, мән-мазмұнын бұрмалу, бір сөзін екі етіп, жоққа шығару, барып тұрған саботаж! Мұндай қадам президенттің беделі мен абыройына орасан зор нұқсан келтіреді деп ойлаймын.

Бірақ, шындығын айтсақ, сол кісінің имиджі мен рейтингін кім ойлап жатыр: үкіметтің күнделікті тірлігіне қарасаң, ол жақта антитоқаевшыл көңіл-күй басым сияқты...

P.S. «Естуге құштар» мемлекет миллиондаған адамға қатысы бар мұндай маңызды шешімді өз халқымен ақылдасып қабылдауы керек еді деген әбден жауыр болған ойды мен мына жерде айтпай-ақ қояйыншы...

Тегтер: