30 Наурыз 15:16

Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты: Халық қаласа, Мәжілісте 98 АҚЫН отыруы да мүмкін...

Фото:

Дүркіреп өткен Мәжіліс және мәслихат сайлауының дақпырты әлі басылған жоқ. Сайлауда сүрінгендер қайта өткізуді талап етіп жатыр. Оппозиция өкілдері бас қосып, саяси ұйым құруға талпыну да – осы сайлаудың әсері.

Десе де, су жаңа депутаттар ант беріп, жұмсақ креслоға жайғасып та үлгерді. Осы саяси науқан және одан кейінгі үдерістер жөнінде депутаттардың өздері не дейді? NEGE көпшіліктің көкейіндегі сауалдарды Мәжіліс депутаты Айдос САРЫМҒА қойып, төмендегідей жауап алды.

– «Кейбір азаматтар сайлау әділ өтпеді» деп жатыр. Өзіңіз бұл сайлауға қандай баға берер едіңіз?

– Бұрынғыға қарағанда ілгерілеу бар. ЕҚЫҰ-ның өзі мойындап жатыр. Процедурасы, ашықтығы және бас да қырларынан өзгерістердің оң нәтижесі болғанын көріп отырмыз.

Бізге сайлаудың жаңа мәдениеті мен дәстүрі қажет. Алдағы сайлаулар бұдан да жақсы өтетін болса, болашақта жеңілгендер жеңілісін ашық мойындауы керек. Мәселен, жеңген адамды құттықтап, «келесі сайлауға дайындала берейік» дегенді айта алуы тиіс.

– Бұл саяси мәдениеттің қалыптаспағаны ма?

– Көптеген саяси процестер қатар жүруде. Әлі де бізге біраз дүниелер жетпей жатыр.

Ең бастысы, ел өзгерді, елдің бағыты демократияға қарай бет түзеді. Бұл – анық нәрсе. 

Елімізде қаржысы бар ықпалды топтар жеткілікті. Сайлауды бұрмалау туралы жер-жерде салынып жатқан бейнежазбалар шын мәнінде  Мәжіліс емес, мәслихат сайлауына қатысты кілтипан болар деп жобалап отырмын. Қаржысы, мүмкіндігі бар адамдар неше түрлі қара технологияларды пайдаланып кетіп жатыр. Жалпы, өзгерістерге қарсы топтар да аз емес. Осының бәрін ескерген жөн.

Тәжірибелі депутатсыз. Жаңа мәжілістің құрамына қатысты айтылып жатқан сындарға не айтар едіңіз?   

– Көңілім толады. Блогерлер бар екен деп айтудың өзі де қиянат. Өйткені, шешім қабылдайтын – халық. Халық сол адамдарға дауыс береді. Партиялар солардың әлеуетін пайдаланады. Халық қаласа, Мәжілісте 98 ақын отыруы да мүмкін. Немесе 98 заңгер отыруы мүмкін.

Мәжіліс те – бүгінгі қоғамның айнасы. Әлеуметтік желіде миллиондап оқырман жинап жатқандар – солар.

– Парламент – мемлекеттегі заң шығаратын жоғарғы орган. Мұндай жағдай заңдардың сапасына әсер етіп жүрмей ме?

– Әсер етпейді. Қазіргі құрамда жақсы теңгерім бар. Екі-үш шақырылымға қатысқан тәжірибелі депутаттар да аз емес. Заң шығару тек қана заңгерлердің жұмысы дегенмен өз басым тағы да келіспеймін.

Қоғамдық парламенттің екі функциясы бар. Біріншісі – өкілеттілік мәселесі. Екіншісі – заң шығару мәселесі. Меніңше, екеуін де қатар алып жүрген дұрыс. Өйткені, қоғам осы адамдар арқылы пікірін жеткізгісі келеді. Соларға сенеді. Бұл адамдар заңгер болмаса да, есесіне, мықты, шыншыл азамат болар.

Заң жұмысына көмек беретін Мәжілістің аппараты бар. Арнайы парламентаризм институты бар. Министрліктердің, үкіметтің заңгерлері бар. Басты мәселе – халықтың мүддесін көздеп жұмыс жасау, халықтың сөзін айту, халыққа қызмет ету. 

Бізге пікірталасқа, дебатқа дайындықтың үлгісін көрсететін парламент керек.

– Десе де, халық қалаулылары арасынан ойын жеткізе алмайтын азаматтарды да көріп қалдық. Кейбір сарапшылар жаңа депутаттардың арасында «үнсіз» депутаттардың аз болмайтынын болжап отыр...

– Партиялық тізіммен барғандардың бәрін әккі саясаткер деп атауға болады. Ішінде үндеместер жоқ. 29 адам бір мандатты округтардан келді. Бұл – халықтың таңдауы. Бұған не дау айтасыз?

Әлі-ақ ысылады. Тәжірибе жинайды. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығады. Екінің бірі туа салып, депутат болмайды.

Бізде біраз саяси реформалар жарияланды. Реферундум өтіп, конституциялық өзгерістер жасалды. Осыған байланысты көп заңнама өзгеруге тиіс. Бұл депутаттардың осыншама жұмысты бір деммен атқаруға шамасы жете ме?

– Қауқары да, мүмкіндігі де жетеді. Кеше Мәжілістің регламентін тағы да өзгерттік. Өйткені, жаңа келіп жатқан партияларға фракция құру мүмкіндігі аз болатын. Және жеке округтардан сайланған депутаттар үшін кез келген фракцияға қосылуға мүмкіндік беретін өзгерістер қабылданды. Бұл да – кезінде жасалған реформаны жалғастырудың бір көрінісі.

Негізгі саяси реформалардың легі жасалды. Бізге ендігі керегі – өзін-өзі басқару мәселесі. Бұған қатысты негізгі заңдарды қабылдау қажет. Аудан, қала әкімдерін сайлау, олардың арасындағы қарым-қатынасты реттеу, қайшылықтарға жол бермейтіндей, жоқ жерден жанжал туғызбайтындай өзгерістер керек.

Екінші кезекте әлеуметтік, экономикалық заңдар тұр. Ол – бюджет және салық кодекстері. Осы екеуін парламент қабылдауы тиіс. Мұның аясында көп дау болатыны да мәлім.

Салық кодексін алып қарайық. Ол 1995 жылы қабылданыпты. Содан бері оған 1400-ден аса өзгеріс енгізілген. Шикізат өндіруші алпауыт компаниялар өздеріне жеңілдіктерді ақырындап енгізе берген. Енді соны орнына келтіру қажет. Бюджетке түсетін салықтың санын еселеп арттыру керек. Сол арқылы экономикалық реформа жасалып, инфрақұрылымдар жаңарады. Мемлекет осылайша әлеуметтік міндеттерін атқарады. Бұл – екіжақты үдеріс деген сөз. Әрине, Президент айтып жүрген ашықтық және цифрландыру қажет.

Бюджеттік саладағы олқылықтар жойылуы тиіс. Бұл үшін мемлекеттік сатып алу туралы заңды қайта қарастыру ләзім. Осы заң кәсіпкерлерге тиімді әрі түсінікті болуы шарт. Мемлекетпен аппарат пен шенеуніктердің барынша аз араласуын көздеу қажет.

Тегтер: