Әбдіқадыр СЕРІКБАЙҰЛЫ: Баян Өлгейде 5-сыныптан бастап қазақ тілінде оқыту қысқартылды

Алматыға Моңғолиядан келген білім саласының бір топ маманы көп тілде оқытатын мектептерді аралап, тәжірбие алмасып жүр. Себебі, мұнда 5-сыныптан бастап оқушылар тек моңғол тілінде ғана білім алады екен.
NEGE тілшісі Баян-Өлгей аймағының Алтанцөгц сум ауылдық мектебінің директоры Әбдіқадыр СЕРІКБАЙҰЛЫМЕН әңгімелесті.
– Баян Өлгий аймағының Алтанцөгц сум ауылдық жердегі орта мектеп директорымын. Алматы қаласына білім саласы бойынша тәжірибе алмасуға делегациямен 40 шақты оқытуша келдік. Оның ішінде Ұлан Батырдан 7 өкіл, қалған 33 маман Баян-Өлгей аймағынан.
Баян-Өлгей аймағында тұратын халық саны – 91 мың 470, халқының 93 пайызы – қазақтар, қалғаны моңғолдың ұраңқай ұсақ руы мен тыва ұлтының өкілдері. Бұл аймақта білім ұялары қазақ және тыва тілінде сабақ береді. Соның бірі – өзім басшылық ететін мектеп.
– Қандастардың қазақ тілінде білім алуына шектеу жасалып жатыр ма? Алматыдағы көп тілде білім беретін мектеппен салыстырғанда айырмашылық көп пе?
– Баян Өлгей аймағында 44 мектеп бар. Оның төртеуі таза моңғолша, қалғаны қазақ тілінде білім береді. Әрине, салыстырмалы түрде айырмашылық көп.
Біз әуелі А.Розыбақиев атындағы №153 мектеп-гимназияға табан тіредік. Бұл ұйғыр тілінде білім беретін бірден-бір мектеп екен. Одан кейін №175 Жаңа ғасыр мектебіне келдік. Бір қуанғаным, мұндағы мектептер жаңа үлгідегі құралдармен жабдықталыпты. Балалардың білім алуына толыққанды жағдай жасалған. Оқушылардың білім алуға деген құлшынысы, көкжиегі ерекше.
Біздің мектеп моңғол, қазақ тілінде сабақ береді. Соңғы жылдары орыс тілі мен ағылшын тілі енгізілді. Орыс тілі жоғары сынып оқушыларына қосымша пән ретінде оқытылады. Бірақ қазақ тілін дамытуға айтарлықтай шектеу жоқ.
Тек соңғы екі жылда өзгеріс енгізіліп, қазақ балалары 1-сыныптан 5-сыныпқа дейін ғана ана тілінде оқи алатын болды. Ал 2-сыныптан моңғол тілі жеке пән ретінде жүрсе, орта сыныптан барлық пән моңғолша өтеді. Яғни, 6-сыныптан бастап өтетін пәндер бұрын моңғол тілінде болса, енді моңғол және қазақ тілінде оқыту үшін жаңа әдісті қолға алайын деп отырмыз. Қазақ балалары өз ана тілін сақтай отырып, мемлекеттік тіл – моңғол тілін үйренуге талпынады. Біздің келудегі мақсатымыз да Қазақстандағы ұлт мектептерінің көп тілде білім беру жүйесімен танысу, тәжірибе алмасу.
– Моңғолия мемлекетінің бұл шешімі ертеңгі күні ұрпағыңыздың болашағына кері әсерін тигізбей ме?
– Қазақстанға ертеде 1991 жылдары туыстарым, ағайындарым келді. Қазір де қоныс аударуға мүмкіндік бар. Елге оралғымыз келеді. Бірге туған жанашырларым осында. Бірақ сонда өсіп-өніп, қызмет атқарып жатқандықтан келе алмадық. Ал енді біз өзімізді емес, балаларымызды, олардың ұрпағын қазірден ойлап, алаңдап отырмыз. Екі жылдан бері 5-сыныптан бастап моңғол тілінде оқыту қолға алынды.
Үш балам бар. Атамекенге келсек, ұрпағым осында білім алса, сіңісіп кетсе деп ойлаймын. Жоғары сыныптағы балаларымды Қазақстанда оқытсам деген арманым бар. Ертең олар ана тілін ұмытып қалмауы керек.
Әрине, «Өз үйіңде, ортаңда қазақша сөйлейсің, ал сабақты моңғолша оқисың» деген талапты теріске шығармаймыз. Десе де, кейінгі ұрпақтың қамын ойласам, түн ұйқым төрт бөлінеді. Өз тілінде сөйлемеген бала өзге тілді меңгеруі мүмкін емес. Бұған дейін өзім ғана келіп-кетіп жүрмін. Алла сәтін салып, жолын берсе, жазда бала-шағамды атамекенге алып кеп, аралатсам деймін.
– Жергілікті қандастардың әлеуметтік тұрмысы қалай? Өзіңіз мектеп директоры ретінде қанша еңбекақы аласыз?
– Халықтың әлеуметтік жағдайы бұрынғыдай емес, жақсарып келеді. Көбі егін, мал шаруашылығымен, жеке кәсіппен айналысады. Біздің жалақы мұнда ештеңеге жетпейді екен. Есептеп көрсем, мектеп директоры ретінде алатыным 138 мың теңге ғана. Бұл өзімізге жетіп тұр. Бірақ бұл ақша Қазақстанда дым болмай қалады. Ал сіздерде мұғалімнің өзі 500 мың теңгеге жуық жалақы алады. Соған қарағанда бізде ақша құнды боп тұр ғой...
– Сұхбатыңызға рақмет!