12 Желтоқсан 17:20
...

«САЯСИ белсенді болу – ҰРПАҒЫҢ үшін қажет» – Ұлықбек ТҰМАШИНОВ

Фото:
2023 жыл елімізде бірқатар маңызды саяси науқандардың

өтуімен есте қалды. Жыл басынан бері Парламенттің жоғарғы және төменгі палаталары депутаттарының және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Тұңғыш рет облыстық маңызы бар қалалар мен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі пилоттық режимде өткізілді.

Биылғы сайлаулар қалай өткені жөнінде біз Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Шабданұлы ТҰМАШИНОВТАН сұхбат алған едік.

Жыл аяқталуға таяп қалды. Биылғы жылы бірқатар сайлау науқандарының өтуімен есте қалды десек болады. Парламент депутаттарын сайлаудан бастап, мәслихат сайлауы, қала берді, облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайладық. Биылғы сайлаулар қалай өтті? Сайлау науқандарына қандай баға бересіз?

– Бір мандатты округтен өткен адамдар мәжілісті қалай жандандырып жіберді?! Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бапи, Мұқаш Ескендіров, Абзал Құспан, Болатбек Нәжметдинұлы, Руслан Қожасбаев, тағы басқа әріптестермен Мәжіліс күшейе түсті. Мәжілісте қазір айтылмайтын, көтерілмейтін тақырып жоқ. Еділ Жаңбыршинның өзі – бір төбе!

Фото: ғаламтордан

Сондықтан келесі сайлауда мажоритарлы жүйе арқылы жасақталған депутаттардың санын 50 пайызға дейін көтеруге болады. Сонда Мәжілістің жұмысы демократиялық жүйеде дамиды, өзекті мәселелер талқыланып, заңдар өте дұрыс қабылданады. Өйткені Мәжіліс төрінде өз саласының мамандары болғаны дұрыс. Сонда ғана қабылдаған заңдар жұмыс істейді, оны қоғам қабылдайды, көп мәселелер шешілдеді.

Облыстық маңызы бар қалалар мен ауыл әкімдерін сайлау жүйесі елімізде тұңғыш рет пилоттық режимде өткізілді. Алдағы жылдары осы үрдіс жалғасады деп күтіп отырмыз. Сіздің пікіріңізше, әкімдер сайлауының ерекшелігі неде?

– Иә, биыл аудан әкімдерін сайлау жүйесі пилоттық режимде өтті. Мен оны өте дұрыс жұмыс деп ойлаймын. Өздеріңіз көріп отырғандай, сайланған әкімдер елдің алдына шығып, уәделерін берді. Бұл ортақ, жалпы уәде емес, бұл «Amanat» партиясының немесе жалпы қандай да бір партияның уәдесі де емес. Бұл – әкімнің өзі қалай жұмыс істейтінін, ертең қалай ауданды көтеріп, дамытатыны туралы уәде. Сондықтан, ел оны тыңдады. Егер ертең ол әкім айтқан ісін істей алмаса, онда халық әкімге сенім білдірмейді. Сондықтан әкімдерді сайлау жүйесі – дұрыс үрдіс.

Тек аудан әкімдерін ғана емес, кейін облыс әкімдерін де сайлауымыз керек. Өйткені, әрбір жерде сол жердің экономикасын білетін, жерінің ыңғайын білетін және сол жердің тұрғындарын танитын басшылар болса, онда олар бірден ауылды ары қарай дамытуға кірісіп кете алады.

Егер әкімді сол жердің халқы сайлаған болса, елдің алдына шығып, өз уәдесін берген болса, онда ол әкім жауапкершілік дегеннің не екенін сезінетін болады. Жауапкершілік болған жерде – жұмыс та болады. Мен мұны президентіміздің өте үлкен дұрыс саясаты деп түсінемін.

Менің ойымша, ауыл мен аудан әкімдерін, енді алда облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайласақ, ол біздің осы 32 жылда істеген ең басты жұмыстарымыздың бірі болады. Себебі, сонда ғана халық бізді түсініп, халық пен әкімдер бірігіп жұмыс істейді және елдің экономикасы дамиды деп ойлаймын. Өйткен себебі, жергілікті жерден сайланған әкім сол жердің бүкіл проблемасын біледі, сол өңірдің дамуына, экономикасының өсуіне, салықтың түсуіне жұмыс істей бастайды. Өйткені, үкіметтен қанша ақша түседі және облыстан қанша ақша түседі деп қарап отырған дұрыс емес. Әрбір аудан, әрбір ауыл немесе округ әкімі өзінің бюджетін өзі табуы керек, сонда ғана біз даму жолына түсеміз. Ал «даяр асқа тік қасық» болып отырғаннан бізге ешқандай пайда жоқ. Отбасында шығыныңды жоспарлаған сияқты, әр ауылға, ауданға және қалаға өз қаражатын өзі тауып, өз бюджетін өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік беру керек. Сондықтан әкімдер сайлауы жүйесін қолдаймын.

Фото: ғаламтордан

Әкімдер сайлауының тағы қандай пайдасы бар?

– «Көш – жүре түзеледі» дегендей, бұл үрдіс қолдау тауып кетсе, еліміздің дамуына оң ықпал етеді деп ойлаймын. Тағайындалған әкім – ол тағайындалған, ал сайланған әкімнің жөні бөлек. Алдын ала халықтың алдына шығып көрінгеннен кейін, ол ұяты бар, намысы бар азамат болса, уәдесінде тұруға тырысады. Мұндай жүйеде коррупция да, жақын туыстарын тарту да жайына қалады. «Жалғыздың шаңы шықпас» деген сөз бар, ел сайлаған әкім жұмысы нәтижелі болуы үшін маңайына жұмыс істей алатын адамдарды жинайды. Егер тамыр-танысын немесе туған-туысын қызметке отырғызатын болса, ондай әкімнің жұмысынан ешқандай нәтиже шықпайды. Ал сайлау деген – нәтиже.

Қазір біздің халық та бұрынғыдай емес, белсенді. Әлеуметтік желіде отырып, барлығын талқылайды. Тіпті бір жерде бір жұмыс дұрыс жүрмей жатса, жол жөнделмей жатса, халық өзінің наразылығын білдіреді. Біз бір-бірімізді қадағаламасақ, онда ортақ жұмыс болмайды. Жұмыстың нәтижесін тек қадағалау арқылы ғана көруге болады. Егер халық та, құқық қорғау органдары да қадағалап отырса, онда жұмыс нәтижелі болады. Маған сеніңіздер, халық ақымақ емес! Олар қолынан іс келетін адамдарды сайлайды. Сол кезде ғана біздің ел алға жылжиды.

Сонымен қатар елімізде референдум жүйесін де қолға алып жатқан жайымыз бар. Былтыр ата заңға бірқатар өзгеріс енгізуге қатысты бүкілхалықтық референдум өтіп, жаңа тәжірибе өз нәтижесін көрсеткен. Енді АЭС салу қажет пе, жоқ па деген мәселеге байланысты да референдум өткізу туралы айтылып жүр. Оған Орталық сайлау комиссиясы «референдум өткізуге дайынбыз» деп мәлімдеген. Референдум өткізу жүйесі қаншалықты тиімді? Қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «елімізде туындаған өзекті мәселелерді референдум арқылы шешеміз»  деді. Ол халыққа да, депутаттарға да өте ұнады. Бұл – дұрыс шешім! Бір адамның шешімі емес, көпшіліктің ұйғарымы болуы керек. Бізге қазір электр энергиясы жетпей жатыр.

Осыдан бір жұма бұрын Франция мемлекетімен меморандумды ратификацияладық. Олар 1000 гигаватт жел электр станциясын саламыз деп жатыр. Бұл – өте үлкен көлем. Егер біз ертең дамитын ел боламыз, өндірісімізді дамытамыз десек, бізге электр қуаты әлі де көп қажет болады.

Әрбір мемлекеттің ең негізгі арқауы ол – электр желісі, яғни энергетика, одан кейін, су жүйесі. Ондай үлкен мега-жобаларды халықпен ақылдасып шешпесек болмайды. Сондықтан президентіміздің айтқан сөзі өте дұрыс. Егер ол керек болып жатқан жағдайда халықпен талқылауға ортаға салу қажет және қай жерге салатынын да ел-жұртпен ақылдасып шешкен дұрыс. Өйткені біз бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Ал болашақтың қамын бүгін ойлау керек. Атом электр станциясын салуға ондаған жыл керек болады. Оның пайдасын балаларымыз, немерелеріміз көруі қажет.

Фото: ғаламтордан

Жалпы елімізде халықтың саяси белсенділігін қалай бағалайсыз? Қазақстанның қай аймағы сайлауда көбірек белсенді?

– Халықтың саяси белсенділігі қазір өте жоғары. Әрине, саяси белсенді болу үшін білім қажет. Көп адамның білімі жетпей жататын кездер болады, оған ренжімесін. Кей мәселенің түп тамырын сезбей жатады.

Мысалы, кеше «Біздің мақсат» деген токшоуда болып қайттым. Ол жерде трансшекаралық өзендердің мәселесі, су тапшылығы сияқты өзекті мәселелер қаралды. Алдағы 10-20 жылдан кейін халық саны өседі. Тіпті мына Астана қаламыздың өзінде халық саны 1 млн 300 мың адам болса, енді 10 жылдан кейін, 3 млн-ға барып қалмасына кім кепіл? Ал су тапшылығы қазірдің өзінде байқалады. Біз Арқаның ортасында отырмыз, бізге су «Қаныш Сәтпаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналымен» келеді. Ертең біз 3 млн болсақ, су жетпейді ғой. Соны ойлауымыз керек.

Біз өзекті мәселелерді халыққа түсіндіріп айтуымыз керек, алдын ала болжауымыз қажет. Оны түсінген кезде ғана ел саяси белсенді болады. Саяси белсенді болу үшін адам кітап оқып, білім алуы тиіс. Саяси белсенділік – адамның өзінен басталады. Саясаткерлер өмір-бақи оқып, ізденеді. Саяси белсенділіктің артында саяси білім жатады. Саяси белсенділікті саясаткерлер түсіндіруі керек.

Қазір жақсы-жақсы саяси идеологтар шығып келе жатыр. Қазір Мәжіліс депутаттарының арасынан да жақсы саясаткерлер шығып келеді. Олар: Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Еділ Жаңбыршиндар деуге болады. Олардың артынан ілесіп келе жатқан жас саясаткерлер бар. Мысалы: Ринат Заитов, Мақсат Толықбай мен Дәулет Мұқаев, Нартай Аралбайұлы сияқты жас буын келе жатыр. Осы жас саясаткерлер бүгінгі күннен бастап, біздің еліміздің саяси идеологиясын алға қойып, қалай жүруіміз керек екенін асықпай-аптықпай зерделеулері тиіс.

Одан кейін ауыл, аудан мен қала әкімдерін сайлау қажет. Сонда ғана халықтың саяси белсенділігі артады. Халықтың дамуы өзіне ғана байланысты екенін түсінуі қажет. Қазір сайлау болса, халықтың жартысы келмей қояды. Саяси белсенділік сенің өзің үшін емес, артыңнан өсіп келе жатқан бала-шағаң, немерелерің үшін қажет.

Менің пікірімше, біз әлі де өсеміз, өсіп келе жатқан халықпыз ғой. Біздің болашағымыз әлі алда. Азат елдің азаматы болу үшін саяси белсенді, сауатты болуымыз қажет.

Тегтер: