12 Мамыр 12:58
...

Мұхтар Әблязов журналистке сес көрсетті

Фото:

Кеше журналист Асқар Жалдинов Фейсбуктегі парақшасында Мұхтар Әблязов туралы пост жазған. Жалдиновтың жазбасына Әблязов шамданып қалды.

Алматы, NEGE. Журналист былай деп жазды: «Түрлі деректерге қарағанда, Мұхтар Әблязов Қазақстаннан БТА банк арқылы 10 млрд доллар жымқырып әкеткен. Мұхтар Қабылұлы «өз ақшасын» алғанын бірнеше мәрте мәлімдеді. «Өзінікі» деген не? Банктің есепшотында тек «парижаниннің» ақшасы ғана емес, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік ұйымдардың, жеке бизнестің қаржысы болған. Бүгінгі бағаммен есептесек, бұл – 4,2 трлн теңге. Төтенше жағдай кезінде Қазақстанға осыншама қаражат қажет болды. Қабылұлы бәрімізді қалай ауызға ұрып кеткенін енді түсінген боларсыз? Ал көпшілік оның әлеуметтік желідегі сандырағына сеніп отыр...».

Журналистің бұл жазбасы желіде түрлі пікір тудырды. Жалдиновты жақтағандар да, Әблязовты мақтағандар да бар. Ең қызығы, бұған Парижден Мұхтар Әблязовтың өзі де пікір білдірді.

«Сіз айтқандай, егер мен өз ақшамды ғана алдым деп бірнеше мәрте мәлімдесем, сол мәлімдеменің сілтемесін жіберіңізші. Видео, жазба мәтін, сұхбат, кез келген түрде. Таппайтыныңызға сенімдімін», – деген Әблязов журналисті «болтун», «нұрбот», «нұрзомби», «нұрврун» деп айыптап, былай деді:

«Есіңізде болсын! Мен бұл жазбаның көшірмесін жасап алдым. Жуық арада осы үшін жауап беруге тура келеді».

Өзін демократ ретінде көрсетуге тырысатын Мұхтар Әблязов журналистке осылай сес көрсетті. Енді ол қандай әрекет жасауы мүмкін? Журналисті Франция сотына бере ме, әлде...

Тегтер: