Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында мораторий жарияланады
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік аппаратты қысқартуға қатысты жұмыс жоспарымен бөлісті.
Алматы, NEGE. «Мемлекеттік аппаратты қысқарту жайлы айтар болсам, біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаумен қатар істі ойлы түрде жүргізіп, бірде-бір адам жұмыссыз қалмайтындай әрекет етуіміз керек. Бұл бағытта Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің амалы мынадай: біз биыл мемлекеттік қызметшілердің 10 пайызын, ал 2021 жылы 15 пайызын қысқартамыз. Ең алдымен бұл жұмысты вакансия есебінен жүргіземіз. Сонымен қатар мемлекеттік аппаратты қысқартумен қатар босаған қызметкерге басқа жұмысты ұсынамыз», – деді Анар Жайылғанова Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен елордадағы кездесу барысында.
Агенттік төрағасы бұл ретте мынадай мысал келтірді. «Мәселен әкімдіктер босап қалған қызметкеріне ведомствоаралық ұйымдар мен квазисектордағы ұйымдардан жұмыс ұсына алады. Әлбетте квазисектор да қысқарады. Алайда оған енді Ұлттық экономика министрлігі жауапты. Біз қазір әрекет ету алгоритмін әзірлеудеміз. Оның негізінде мемлекеттік қызметкерлерді алып қалу мәселесі жатыр. Қысқарту жұмыстарын ешбір азамат жұмыссыз қалмайтындай жүргізуіміз керек. Ал егер ұсынылған қызмет босап қалған мемлекеттік қызметшінің көңілінен шықпаса оған заңға сәйкес төрт айлық көлемінде өтемақы береміз. Ары қарай оның өзі жұмыс іздейді», – деді ол. Оның мәліметінше шаралардың тағы бірі – мемлекеттік аппараттағы вакансияға мораторий жариялау болмақ. «Біз мораторий жарияламақпыз. Мәселе зерттеліп, мақұлдау сатысында тұр. Белгілі бір уақыт ішінде ешкімді мемлекеттік қызметке қабылдау конкурстарына моратоий жарияламақпыз. 2020 жылдың соңына дейін, 2021 жылда да солай болатын секілді. Себебі қысқарту туралы айтумен қатар жұмысқа азаматтарды алу дұрыс емес», – деп түйді Анар Жайылғанова.