11 Тамыз 10:16
...

Досым Сәтбаев: Тихановская Қосанов емес

Фото:
Лукашенко тағы да жеңді. Сайлауда

80,23% дауыс жинады. Басты қарсыласы Светлана Тихановская 9,9%-дан аса алмады. Десе де, ол сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлім етті. Дауыс ұрлады деп айыптады. Ә дегенде-ақ ресми экзит-полдың жариялаған мәліметтері ешкімді таңдандырған жоқ еді. Лукашкенкоға 79,7 пайыз, Тихановскаяға 6,8 пайыз дауыс берілді деп ескерткен. Қалған кандидаттарға тек 4 пайыздан тиген.  

Қытай мен Қазақстанның мемлекет басшылары Беларусь әріптесін жеңісімен құттықтап та үлгерді. ТМД елдерінің бақылаушылары сайлаудан «мін» таба алмаған. Бірақ «мінсіз» өткен сайлау Беларусь халқының көңілінен шықпаған секілді. Наразылық акциялары елдің ірі қалаларында толастар емес. Минск орталығындағы алаңда Виктор Цойдың «Требуем перемен» деген әні жаңғырып тұрған. Түнде наразылар мен полиция арасында қақтығыс болды. Қазір 3000 адамның тұтқындалғаны анықталып отыр. Полиция адам шығыны жоқ десе де, жұрт қақтығыс кезінде бір адамның қаза болғанын айтады.  

Енді не болмақ? Александр Лукашенко алдымен бала тәрбиесіне мықтап кірісетін секілді. Жастардың «бейбастақ» болып кеткені қытығына тиіпті.  Лукашкенконың тілімен айтқанда, «сыра сіміріп, демократия туралы гөйітіп» жүрген жастарға сайлау қорытындысы ұнамай, көшеге шығып, полициямен қақтығысып, әлек сап жүр. Оларды тарату үшін ұр-тоқпақтан өзге, дыбысы зор гранаталар да қолданылған.

Бұл сайлау өзге сайлауларға қарағанда өзгерек. Лукашкенкоға қарсы Беларусь тарихында алғаш рет ел оппозициясы бірлесе қарсы тұрған. Басты қарсыласы Светлана Тихановская – тұтқындалған блогер Сергей Тихановскийдің жары. Минск көшелері құдды соғыс уақытын еске түсіреді. Әскер мен әскери техникаларға лық толы. «Заң бұзсаңдар – жауап бересіңдер» деген Лукашенко қатаң шараларға баратынын жасырып та жатпады.

Бұл жай қоқан-лоққы емес. Сөзден іске баяғыда-ақ кірісіп кеткен. Мәселен, Тихановскаяның штабындағы тоғыз адам тұтқындалып үлгерді. Таң атқанға дейін. Тіпті, оппозициялық қайраткерлердің бірсыпырасы репрессияға түсеміз деп секемденіп, шетелге кетуге мәжбүр болған. Оның ішінде Вероника Цепкало да бар. Светлана Тихановская елден кетпейтінін мәлімдеді. Десе де, Лукашенко үшін бұл жеңістің салмағы ауыр болатын түрі бар. Кейбір сарапшылар мұны «Пирр жеңісіне» теңеп отыр.

Досым Сәтбаев, Халықаралық қауіп-қатерді бағалау тобының директоры:  

– Беларусьте өткен бұл сайлау былтырғы біздегі өткен президент сайлауын еске түсіреді. Берілген дауыстар мен ресми қорытынды мүлде сәйкес келмейді. Өйткені, Беларусьте де, Қазақстанда да бұрын саясатта болмаған жастар бой көрсетіп, оппозициялық саясаткерлерге белсенді түрде қолдау көрсетті. Бірінші кезекте, бақылаушы болып қызмет атқарды. Беларусьте де Қазақстандағыдай тәуелсіз экзит-полдарға тыйым салынды. Тек билікпен жең ұшымен жалғасқан ресмилері ғана қалды. Олар Лукашенко 79 пайыз, Тихановская 6 пайыздан сәл жоғары дауыс жинады деп жария етті.

Біздегі сайлаудан өзгешелігі, Светлана Тихановская фейк-оппозиционер болған жоқ. Өзіне дауыс берген сайлаушыларды, азаматтарды жарым жолда лақтырып кеткен Қосановтың баламасы емес, Беларусь қоғамының шынайы оппозициясының өкілі. Басты айырмашылық осы.

Беларусь пен Қазақстанның автократиялық режимдері сайлауларда өздерін нағыз егіздер ретінде көрсетіп отыр. Екі елде де ескі оппозиция бөлшектеніп, саясат сахнасынан кетті. Беларусьте жаңа опозициялық қайраткерлер шықты. Светлана Тихановская – бұрын оппозиционер емес, блогердің, технарьдың әйелі еді. Күйеуі президент сайлауына түскісі келетін амбициясы үшін қамалып отыр. Бізде де вакуумнан кейін «Оян, Қазақстан» секілді жастар қозғалысы пайда болды. Біріктіруші күш жоқ болған соң, жаңа қозғалыстар өмірге келді.

Қазір бұл елде Лукашкенко режимін құлататындай біртұтас, мықты оппозиция жоқ. Десе де, олар осы сайлауда біріге алатынын көрсетті. Бірақ сайлаудан кейін саяси қызметін жалғастыра ала ма? Бұл Лукашенконың репрессия жасауына түркі бола ма? Басты сұрақ – осы. Кейбір оппозиция өкілдері үрейленіп, Беларусьтен кетіп жатыр. Наразылық шерулері кезінде бірнеше мың адам тұтқындалды. Арасында журналистер де бар. Тіпті, шетелдік журналистерді елден қуып шықты. Қазақстанда да билік сайлаудан кейін бәрін бақылауда ұстауға ұмтылды. Лукашенко сайлаудан кейін «түрлі-түсті төңкеріс жасамақ болды» дегенді алға тарта бастайды.

Әлем қазір қатты өзгерген. «Ескі көз» басшылардың риторикасы, әлемге деген көзқарасы ескіргені соншалық, қазіргі буынның көзқарасына мүлде сай келмейді. Бұл сайлаудың дау-дамайы көп болғалы тұр. Лукашенко «Пирр жеңісіне» қол жеткізгенімен, көп беларусьтің алдында лигитимділігін жоғалтып алды. Өйткені, бәрі адал жеңіске жетпегенін көріп отыр. Халқы одан қатты шаршады. 26 жыл – аз уақыт емес. Беларусь халқы, әсіресе, жастары Зеленский секілді адамдарды көргісі келеді. Жаңа саясаткерлерді көргісі келеді.

Вагнердің 33 жауынгерінің ұсталғаны – нақты дерек. Мұны Ресейдің өзі жоққа шығарған жоқ. Бұл – өзін жалдамалы жендеттер ретінде көрсеткен, Ресейдің басқа елдер аумағына жіберіп, пайдаланып отырған әскери құрылымы. Бұл – Қазақстан үшін де қауіпті белгі. Демек, азулы елдердің билігімен жымдасып жатқан осы немесе басқа да әскери құрылымдар, күзет агенттіктері Қазақстанда да пайда болуы ықтимал. Олар саяси сәттерде елге келіп, қандай да бір «бесінші колоннаны» қолдап, жағдайды ушықтыруы бек мүмкін. Әсіресе, Қазақстанда елдің ішкі немесе сыртқы саясаты өзгеріп, ол Ресейге ұнамайтын болса...

Бұл содырлардың дені Украинаның шығысында, сепаратистер жағында әскери қимылдарға қатысқан. Содырлар Ыстамбұлға немесе Ливияға бара жатыр дейді. Мұның өзі Ресейдің жалдамалы жендеттерді геосаяси мақсатта пайдаланатынын көрсетеді.

Лукашенко бұл әскери жасақты елде бүлік шығаруға келді дегенді айтты. Бірақ Путин мұны білмеген деп жақауратады. Бұл жерде Лукашенко өз сөзін өзі жоққа шығарып отыр. Вагнер құрылымы Беларусь аумағына жоғарғы басшылықтың рұқсатынсыз кіре алмайтыны түсінікті.

Лукашенко екі оттың ортасында қалып отыр. Бір жағынан ол Ресеймен жаға жыртыса алмайды. Шын мәнінде Ресейге барынша тәуелді. Путинмен кетісудің аса қауіпті екенін де жақсы түсінеді. Оның үстіне, Батыспен қатынасы өте нашар. Осы сайлаудан кейін одан әрі нашарлай түседі. Ол Ресейді әскерін кіргізді деп ашық айыптай алмай отыр. Өйткені, барынша тәуелді. Ол сайлаудан кейін Ресеймен қатынасын жақсартуға ұмтылып бағады. Лукашенко біртіндеп Еуропамен жақындасуға қадам жасағандай болып көрінген. Жақында ғана Беларуське АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы келді. Бұл Батыс саясаткерлерінің ұзақ жылдардан бергі бірінші рет табан тірегені еді. Бұл – Лукашенконың «иілу ойынына» көшкенін көрсетеді.

Тегтер: