«Сары» басылымдар жалған мен ақиқатты ажыратпайды

Журналистика дамыған сайын өзінің дербес мәртебесін бекітті. Сонымен қатар, маңызды әлеуметтік міндеттерді – ақпаратты жинақтау, сақтау және тарату, аудиторияның санасы мен мінез-құлқына әсер ететін әлеуметтік бақылау функциясын орындауға, идеологиялық іс-әрекеттерді жүзеге асыруға кірісті. Оның ішінде журналистиканың көңіл-көтеруге бағытталған функциясы да дами түсті. Қазіргі қоғамда журналистиканың маңызы зор. Сол себепті қоғамға қандай журналистика керек деген заңды сауал туындайды.
Алматы, NEGE. Қазіргі таңда адамдар жеңіл-желпі оқылатын ақпараттарға, біреудің жеке өміріне қатысты мәліметтерге қатты қызығады. Пайдалы ақпараттарға қарағанда біреудің жеке басына қатысты мәселе сөз болған мақаланы оқы әлдеқайда қызық. Сол себепті журналистика «сары» басылымға оп-оңай айнала салды. Өйткені, «сары» басылымның рейтингі рекордтық деңгейде тұр. Бұл дегеніміз ақшаны күреп табуға бастайтын жол. «Сары» басылымдардың негізгі мақсаты да – ақша табу болып отыр. Көпшіліктің назарын аударту, аудиторияны жинау – «сары» басылымның журналистері үшін түк те емес. Бұл жағдайда журналист этикасы туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ. Олардың әрекетін моральдық принциптер емес, ақша анықтайды.
Олардың адалдығы туралы мәселе көтерілсе, олар сөз бостадығын айтып шыға келеді. Бірақ «сары» басылымның сөз бостандығы сапалы газеттердің сөз бостандығын бұзады. Өйткені, сары басылымдар адамның күнделікті конституциялық құқықтарын бұзады. Мұндай басылымдаардың белсенділігі барған сайын артып келеді. Жылтыр сөзбен көмкерілген таблоидтар қоғамдық сананы жаулап алып жатыр. Олармен күресу мүмкін емес. Үлкен аудиториядан түсетін мол пайда оған жол бермейді. Алайда, неғұрлым қатаң жазалар қолданылса – жоғары айыппұлдар, жалған ақпарат басылғаннан кейін газеттерді жабу сияқты шаралар дереу қолданылса сары басылымдардың қатары айтарлықтай азаятын еді.
Журналистикада осындай төмен дәрежелі басылымдардың саны артып кеткен. Олар жалған ақпарат таратумен қоғамды дүрліктіріп, табыс табумен айналысады. Сол себепті бүкіл журналистика сондай деген пікір қалыптасады. Негізінде, барлығы бірдей ондай емес. Нақты фактымен жазатын сапалы журналистика да қоғамда бар. Ал сапалы газеттер мен телеарналардың тілшілері жемқорлық фактілерін ашып, немқұрайлылықты әшкерелеп, адамдардың қауіп-қатерге көзін ашады, қылмыскерлерді құрықтауға көмектеседі, кейбіреулер жасырғысы келетін шындықты хабарлайды. Бұның барлығы сапалы журналистиканың жұмысы.
Әрине, сапасыз газеттерді жасаушылардың бәрі жабайы нарықты кінәлауға шығады. Лас ақпаратты қажет ететін оқырманды кінәлау да оп-оңай. Әйтсе де, «сары» басылым оқуды да, ойлануды да білмейтін тұтынушыларға бағытталады. Ал парақтап қарап шығуға, шындыққа көз жеткізуге қабілетті оқырмандар оны керек те етпейді. Сары басылымдар жазатын жаңалыққа уақыттарын да кетірмейді.
Бүгінгі күні беделді бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары «сары» басылымдарды қалағанынша айыптайды. Өйткені олардың жасап отырған тірлігі айыптауға лайықты болып отыр. Сары басылымдар танымал адамдардың жеке өміріне араласып, тілшілері ұятты ысырып қойып, шулы мәселелерді шын-өтірігіне қарамастан халыққа таратумен айналысады. Десек те, дәстүрлі газеттердің «сары» басылымдармен бәсекеге түсуі күн өткен сайын қиындап бара жатқанын мойындамау мүмкін емес. Өсек пен төсекке арналған сары басылымдар үлкен тиражбен таралады. Сонымен қатар мұндай басылымдар ешкімге ұнамайды, бірақ оларды өте көп адамдар оқитынын естен шығармау керек. Мұндай түсініксіз құбылыстың себебі неде? «Сары» басылым мен сапалы БАҚ-тан айырмашылығы неде?
Сапалы басылымдардың, әдетте, өз аудиториясы болады. Сонымен қатар, олар аудиториясы туралы нақты түсінікке ие. Ал сары басылымдардың нақты аудиториясы жоқ. Олар «барлығы үшін» жаза береді. Белгілі бір тақырыпты қаузамайды, өсекке жақын материалдарды таратумен айналысады.
«Сары» басылым ақпараттың үш түріне ерекше көңіл бөледі.
Біріншіден, «сары» басылымдар қоғамның назарында болған адамдардың – актерлердің, әншілердің, тележүргізушілердің, саясаткерлердің, бизнесмендердің жеке өміріне шамадан тыс қызығушылық танытады. Әлбетте, мұндай ақпаратқа назар аудару кез келген ақпарат құралына тән. Бірақ сапалы баспасөзде жеке өмірге қол сұғу этикалық шекаралармен шектелсе, «сары» басылымдар бұл шекараларды батыл бұзып кете береді. Мұндай жағдайларда көпшіліктің құқығы мен жеке адамның жеке өміріне қол сұғылмаушылық пен қауіпсіздік құқығы арасында қайшылық жиі болады.
«Сары» баспасөздің жеке өмірге араласуының екі деңгейі бар. Олар: «жеңіл» және «ауыр» болып екіге бөлінеді. «Жеңіл» араласудың мысалдарына атақты адамдардың өміріндегі болып жатқан елеулі жағдайлар жатады. Мысалы, үйлену тойлары, ажырасулары, балаларының өмірге келуі және т.б. Бұл тәжірибеде «жеңіл» деп аталады. Өйткені мұндай оқиғалар туралы ақпарат әдетте жабық емес. Оларды танымал адамдардың өздері ресми түрде баспасөзге хабарлайды немесе әлеуметтік желілерінде жариялайды. Жеке өмірге араласудың «ауыр» түрі бейресми, интимдік қарым-қатынастар саласына, денсаулық саласына терең ену болып табылады. Оның барлығы танымал тұлғалардың өмірінде болып жатқан жабық, құпия мәліметтер.
Екіншіден, «сары» басылымдр өлім тақырыбын, әсіресе ол әдеттен тыс немесе төтенше жағдайларға байланысты болса жарыса жазуға тырысады. Қоғамда орын алған қылмысты оқиғаларға сары басылымдар сенсациялық материалдар береді. Олар біреудің өлімі арқылы өз пайдаларын көздейді. Трагедияға деген немқұрайлы қарайды.
Үшіншіден, бұл интимдік қарым-қатынасқа қызығушылық. Жалаңаш жұлдыздардың фотосуреттері «сары» басылымның рейтингін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтереді, ал қарапайым оқырман суреттің шынайылығы мен жұлдыздардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарының бұзылып жатқаны туралы ойланбайды.
Осыған сүйене отырып, «сары» журналистика үшін ең бастысы шындықтың көрінісі емес, аудиторияның ақпаратқа реакциясы маңызды. Олар үшін жалған фактілерді тарату қате емес, әдеттегі тәжірибе екені белгілі. Олар шындық үшін күреспейді.