6 Ақпан 06:38
...

Даниал Ахметов неге жалақысын жасырады?

Фото:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттің тиімсіз шығындарын қысқарту туралы үкіметке тапсырма беріп, Премьер-министр Асқар Мамин әкімдер мен министрлерге осы жөнінде ұсыныс дайындауға бір апта мерзім белгілегенде облыс әкімдерінің бәріне және Алматы, Астана, Шымкент қалаларының басшыларына Nege.kz порталы бірнеше сауал жолдаған.

Ең алғашқы болып Түркістан облысы әкімдігінен жауап келді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қанша жалақы алатынын, президенттің тапсырмасы бойынша өңірде қанша қаржы үнемдегенін ашық айтты.

4 ақпан күні Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен және ШҚО әкімдігінен жауаптар іркес-тіркес жетті. Алайда жауаптардың салмағы әртүрлі. ШҚО әкімінің орынбасары А.Мархабат көп нәрсені бүгіп қалғандай көрінді. Облыс әкімінің білдей бір орынбасары жағдайдан хабарсыз деуге келмес, бәлкім, себеп басқада болар...

Қош, сонымен облыс әкімінің орынбасары не дейді? «Бюджеттің тиімсіз шығындарынан қанша қаржы қысқарту жоспарда бар және ол қандай салаларға қатысты?» деген нақты сұраққа А.Мархабат мырзаның берген сырғытпа жауабы мынадай болды: «Қаражатты тиімді және ұтымды жұмсауды қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік жоспарлау әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде, бюджет қаражатын халықтың әлеуметтік мұқтаждарына бағыттау басымдығымен жүзеге асырылады...»

«Халықтың әлеуметтік мұқтаждарына бағыттау» дегені қай бағыттау? «Әлеуметтік мұқтаждары» деген кімдер? Онысын мұқтаж жандар деп түсінсек, қай саладан тиімсіз шығындар үнемделгені, қанша қаржы бағытталғаны белгісіз.

Шенеуніктің сөзіне қарағанда, «Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ концерт залына экран және проектор сатып алуға 18,3 млн теңге, бағдарламалық қамтамасыз етуге 1,9 млн теңге жұмсалмақ. Облыстық әкімдікті жөндеуге, әкім аппараты үшін автокөлік, жиһаз және кеңсе тауарларын сатып алуға шығын қарастырылмаған.

Биыл Шығыста ұлан-асыр той көп. Айталық, ҚР Конституциясының 25 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы ұйымдастырылмақ. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, «мәдени-бұқаралық іс-шаралар айтарлықтай бюджет шығындарын талап етпейтін идеологиялық және ағартушылық сипатқа ие». Байқасаңыз, тағы да нақты жауап жоқ.

ШҚО әкімдігі өткен жылы жалақы қорынан 6,2 млн теңге үнемдеген. «...Ол республикалық бюджет кірісіне қайтаруға жатады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыс әкімі аппаратының еңбекақы төлеу қорының қаражатынан үнемдеу жоқ» дейді А.Мархабат.

«Облыс әкімі мен оның орынбасарларының жалақысы қанша?» деген соңғы сұраққа не себепті жауап бермегені алдыңғы сұрақтың жауабынан белгілі болды. Өйткені облыс әкімі аппаратының еңбекақы төлеу қорынан ешқандай қаржы үнемделмеген. Әкімдердің жалақысы «Үкімет қаулысына сәйкес, Бірыңғай тарифтік кесте бойынша, жұмыс өтілі мен базалық лауазымдық жалақыға коеффициентерді ескере отырып есептелетінін» білеміз.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің «ескінің көзі», «ескі гвардияның мүшесі» екені белгілі. Ендеше, айына 900 мың теңгеден кем алмайтынына бәс тігеміз. Тек мұның несі құпия екенін түсіне алмадық.

Қазір көп нәрсе құпия емес. ШҚО әкімі Д.Ахметов пен оның орынбасары А.Мархабаттың айтқысы келмеген нәрселерін Nege.kz тілшісі ашық һәм жабық ақпарат көздерінен іздеп көретін болады.         

Тегтер: